Валюта бағамы
  • USD -

    518.5
  • EUR -

    586.5
  • RUB -

    6.23
Алматыдағы биыл 1 133 млрд теңге инвестиция тартылған
Фото: Ақорда 16 қазан 2024
Алматыдағы биыл 1 133 млрд теңге инвестиция тартылған

Президент Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласының биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы баяндалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ерболат Досаевтың айтуынша, есепті кезеңде қысқамерзімді экономикалық индикатор 104,1 пайызды құрады. 2024 жылы Алматының өңірлік жалпы өнімі 5,5 пайыз деңгейіне жетіп, келесі жылы 6,4 пайызға дейін өседі деп болжанып отыр.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 1 133 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 8,1 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін 2 триллион теңге инвестиция тартылады.

Президентке жергілікті бюджет кірістері 27,2 пайызға артқаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл Алматы қаласын 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары аясында басымдық берілген жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жыл басынан бері қала бюджеті 204,5 миллиард теңгеге артып, 1828,5 миллиард теңгені құрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнесті өркендетуге ден қоя отырып, экономиканы әртараптандыру жұмыстары жалғасады. Кәсіпкерлік субъектілер саны 6,2 пайызға өсіп, 361,1 мыңға жетті. Жыл қорытындысы бойынша Алматының өңірлік жалпы өнім көрсеткішіндегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 60 пайызға дейін артады.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында қаланың дамуын сапалы қамтамасыз етуге және тиімді бақылауға арналған Қала құрылысы регламенті, Құрылыс жүргізу ережесі және Тұрғын үйді реновациялау бағдарламасының жаңа жобасы әзірленді. Өзгерістер жыл соңына дейін қалалық мәслихаттың сессиясында бекітіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған бюджет 2,5 есе өсіп, 26,3 миллиард теңгеге жеткені туралы есеп берілді. Тамыз айында еліміздегі алғашқы Ерте араласу орталығы ашылды. Бұл мекеме ведомствоаралық іс-қимылды үйлестіріп, балалар арасындағы мүгедектікті төмендетумен шұғылданады.

Әкімнің айтуынша, басым бағыттың бірі – инженерлік инфрақұрылымды жаңарту. Есепті кезеңде 219 шақырым сумен жабдықтау және су тарту желілері салынып, қолданыстағы 27,3 шақырым желі жаңартылды. Бұдан бөлек, 66 шақырым электрмен жабдықтау желісі реконструкцияланды.

Мемлекет басшысына Алматының жасыл желегін көбейту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы баяндалды. Оған күтім жасау үшін 110 шақырым тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Жыл соңына дейін саябақтардың ауданы 996 гектарға дейін кеңейеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында қала экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесін арттыру, транспорт құрылымын дамыту және қоғамдық көліктерді экологиялық талаптарға сәйкестендіру, сондай-ақ инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды сапалы жаңғырту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

RELATED NEWS
ҚҚС көтеру: Үкімет Мәжіліске 20 ақпанға дейін ұсыныс енгізеді
06 ақпан 2025
ҚҚС көтеру: Үкімет Мәжіліске 20 ақпанға дейін ұсыныс енгізеді

Бүгін Сенат қабырғасында вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығын көбейту туралы ұсынысты Мәжіліске 20 ақпанға дейін енгізетінін айтты, деп хабарлайды Ulys

Жобаны 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізуіміз керек. Қазір Мәжілісте Салық кодексіне толықтырулар енгізу туралы заң жобасы жатыр. Соған қосымша ретінде біздің түзетулер енеді, - деп мәлім етті ол.

Азық-түлік дүкендері қосылған құн салғынан босатылмақ
09 сәуір 2025
Азық-түлік дүкендері қосылған құн салғынан босатылмақ

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қандай қызметтер мен тауарлар қосылған құн салығынан босатылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulys.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология қосылған құн салығын төлеуден босатылады.

«Әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектің әлеуметтік тізімін айқындайды. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 10% болады. Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады. Ал банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Олардың қымбаттауына жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп қазіргі бағалардың дұрыстығына талдау жүргізеді», - деді Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар, арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі. Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі.

Жұманғарин ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бәрі өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Яғни, 70% жеңілдік қалады. Ал өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20% мөлшерлемесі бойынша салық салынады.

Президент жастар мемлекетке масыл болмау керек деді
28 қаңтар 2025
Президент жастар мемлекетке масыл болмау керек деді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жалпы отырысында әлеуметтік көмекті нақты иесіне жеткізу жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес», - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президенттің айтуынша, Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр.

«Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет. Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек», - деді Тоқаев.

Президент былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке (19 млн. шаршы метр) қол жеткізілгенін айтты.  

«Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн», - деді ол.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.