Валюта бағамы
  • USD -

    511.7
  • EUR -

    581
  • RUB -

    6.45
Алматыда «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтар бірлігі»: атты халықаралық конференция өтті
04 сәуір 2025
Алматыда «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтар бірлігі»: атты халықаралық конференция өтті

Алматы қаласындағы Достық үйінде Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен халықтар бірлігі» атты Қазақстан-Ресей конференциясы өтті.

Конференция жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Абзал Нүкенов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Президентінің шет елдермен аймақаралық және мәдени байланыстар жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Антон Рыбаков, Ресей Федерациясының Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігі басшысы Григорий Гуров, екі елдің ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ белсенді жастар қатысты.

Конференция мерейтойлық датаға арналған Қазақстан мен Ресейдің бірлескен іс-шараларының бастауы болды.

Жиында Аида Балаева қатысушыларды келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірді.

«Қазақстан адамзаттың ортақ жеңісіне, жер бетінде әділдік пен бостандықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосты. Аға буынның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерлігі мен еңбегі өскелең ұрпақ үшін қайсарлықтың, жанқиярлықтың және отаншылдықтың озық үлгісі болып қалатыны сөзсіз. Бүгінде біз ұлтымыздың қаһарман ұл-қыздарының арқасында алаңсыз еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, жарқын болашаққа қадам басып келеміз. Сол үшін оларға мәңгі қарыздармыз. Ешкім де ешқашан ұмытылмайды!» – деген еді Президент.

Аида Балаева қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесіне кеңінен тоқталып, соғысқа республикадағы әрбір бесіншісі тұрғын қатысқанын айтты.

Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Леонид Беда, Рахымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Сергей Луганский есімдері Жеңіс тарихына алтын әріптермен жазылды. Кеңес Одағының Батыры атағына 528 адам ие болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақстандық жауынгерлер партизан қозғалыстарына қатысты. Қазақстан тылда да ерен ерлік көрсетті.

Ұлы Отан соғысы қазақ мәдениетінің дамуына да серпін берді, оның қуаты халықты жұмылдыру мен кеңес жауынгерінің рухын көтеруге бағытталды.

«Жеңіс жолында барлығы – болат құюшыдан бастап есепшіге дейін, етікшіден мұғалімге дейін үлкен-кіші түгел талмай еңбек етті. Мәдениет саласы да ерекше рөл атқарды. Соғыс ауыртпалығы мен тапшылығы кезінде өнерге орын жоқтай көрінуі мүмкін ед». Бірақ олай болмады! Мемлекет тек қолдап қоймай, мәдениетті халық арасына таратуды мақсатты түрде жүргізді, оның пассионарлық қуатын Ұлы Жеңіске жетелейтін құрал ретінде шебер пайдаланды», – деді Аида Балаева.

Кейінірек есептелгендей, соғыс жылдары қазақстандық концерттік ұйымдар майданда, майдан шебінде, госпитальдерде 36 525 рет өнер көрсеткен. Бұл кезде республикаға эвакуацияланған киностудиялардың базасында отандық кинематография дамып жатты. Осы жылдары қалыптасқан қазақстандық мамандар кейін қазақ киносының негізін қалады.

«Айта кетерлігі, 1943 жылы «Қазақфильм» киностудиясында режиссер Ефим Аронның «Белая роза» фильмі түсірілді, онда жаралы офицердің рөлін Шәкен Айманов сомдады. Бүгінде «Қазақфильм» осы аңызға айналған актер әрі режиссер есімін иеленіп отыр. Ресей мен Қазақстан кинематографистерінің шығармашылық процеске бірігіп жұмыс істеуі ұлттық киноиндустриямыздың негізін қалады», – деп атап өтті А. Балаева.

Ол жылдары тек кинематографияда ғана емес, басқа салаларда да көптеген туындылар дүниеге келді. Соғыс поэзиясының жауһары – қазақ ақыны Жамбылдың қоршаудағы Ленинградқа арнаған хаты – «Ленинградтық өренім!» атты өлеңі.

Отандастарымыздың ерлігі қазақ мәдениет қайраткерлеріне шабыт берді. Дәл осы соғыс жылдары, 1944 жылы композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди Қазақ КСР-інің алғашқы Мемлекеттік гимнін жазды. Сонымен қатар, соғыс жылдары қазақтың дәстүрлі фольклорлық жанры – айтыс қайта жаңғырды.

Конференция бағдарламасы «Жеңістің естелігі: ұрпақтар мен мәдениеттер арасындағы көпір», «Жеңіс естелігін сақтауға арналған жастар қозғалыстары» және «Ортақ тарихты нығайтуға бағытталған заманауи жобалар» үш панельдік сессиядан тұрды.

Мерейтой қарсаңында тараптар акциялар, форумдар, мәдени шаралар секілді бірқатар бірлескен жобаларды жоспарлап отыр.

Конференция аясында 2025 жылға арналған Қазақстан-Ресей гуманитарлық ынтымақтастығы саласындағы іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

RELATED NEWS
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді
18 қыркүйек 2024
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді

 Euronews-ке эксклюзивті сұхбат берген Димаш Құдайберген классикалық музыка, қазақтың халық күйі мен заманауи әуен астасып жатқан бірегей шығармашылығы жайлы айтып берді. Kazinform аталған сұхбаттың бейресми аудармасын жариялады.

Қазақ музыканты Димаш Құдайберген жай ғана әнші, ән авторы әрі мультиинструменталист қана емес, ол миссиясы бар адам. Ол жанрда баламасы жоқ виртуоз вокалымен және музыкасымен әлемдік аудиторияға Қазақстанның бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жеткізуге ниетті. Әлемдік турнеден кейін Отанына оралған Димаш Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойының жабылуын екі күндік концертімен айшықтай түсті.

Димаш Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатында мансап жолына, музыка стилінің дамуына және ойынның (Дүниежүзілік көшпенділер ойыны) Қазақстан мұрасын паш етуде бірегей алаң болғанына қатысты ойымен бөлісті.

– Сіз классикалық білім алдыңыз әрі «Астана-Операдан» орын да ұсынылды. Бірақ классикалық элементтерді дәстүрлі қазақ және поп-музыкамен үйлестіре отырып, заманауи музыкант мансабын таңдадыңыз. Осынау бірегей қоспаны қалай жасай алдыңыз?

– Астанадағы опера директоры мені өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырғаны есімде. Бірақ барынша әртүрлі музыкалық жанрда өнер көрсеткенді қалайтынымды білетінмін. Енді мен опера айтқым келсе, оны концерттерімде де айта аламын. Менде сондай еркіндік бар. Мен «Астана-Операға» үлкен құрметпен қараймын. Бірнеше ай бұрын ғана ұстазым Пласидо Доминго мені Еуропада өзімен бірге өнер көрсетуге шақырған кезде арманым орындалды. Ол маған: «бұл арияға дайындалу үшін екі күнің ғана бар», - деді. Мен бас тарта алмадым.

5 жасымда, үйімізде Пласидо Доминго мен Паваротти өнері таспаланған видеокассета болатын. Сол концерттер менің әнші болуға деген құштарлығымды оятты. Домингоға оның арқасында әнші болғанымды айттым. Оған ұқсағым келді. Вокальдық тұрғыда олар мықты.

– Ата-анаңыз 5 жасыңызда керемет дауысыңыз бар екенін түсінді. Ал өзіңіз кәсіби әнші болғыңыз келетіндігін қай уақытта түсіндіңіз?

– Бес жасымда әжем аяғының ауыратына қарамастан мені күн сайын музыка мектебіне апаратын. Жетістікке жетіп, танымал болып, ақша таба бастасам да мұның бәрі отбасымның – ата-анамның, ата-әжемнің және достарымның арқасында екенін есімнен шығармаймын. Олардың қолдауынан асқан дүние жоқ. Менің жетістігіме өзімнен гөрі әжем лайық.

– Қазақстан өмірінде мәдениет пен музыка неліктен соншалықты маңызды?

– Дәстүрлі музыкамызға жете үңілген, зер салған адамдар біздің бүкіл тарихымызды танып-біле алады. Атам төрт-бес жасымда ұлттық аспабымыз – домбыраны шертуді үйретті. Егер сіз өзіңізді нағыз қазақпен деп есептесеңіз, онда алдымен домбыра шертуді үйренуіңіз керек. Қазір әлемді біздің мәдениетімізбен таныстыратын уақыт келді. Қазақстан – жас ел, егемендігіне небәрі – 33 жыл. Бұл – мұрамызды әлемдік аудиториямен бөлісудің бірегей уақыты.

– Әндеріңізді қалай сипаттар едіңіз?

– Бұрынырақ оны неоклассикалық деп атайтынмын, бірақ қазір мен барлық жанрды біріктіруге тырысамын. Әлі де болса неоклассикалық әншімін. Алайда, басқа стильдерді зерттегенді ұнатамын — поп, рок, кейде тіпті рэп. Бұл мен үшін аса маңызды емес. Мен бәрін сынап көргім келеді.

– Сіз қазақ мұрасын әрдайым мақтан тұтасыз әрі еліңізді музыкалық бейнебаяндарыңызда декорация ретінде жиі қолданасыз. Бұл сіз үшін неліктен маңызды?

– Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Менің миссиям – әлемді еліміздің мәдениетімен, әнімен, дәстүрлі музыкасымен таныстыру. Бүкіл әлемде, Нью-Йоркте, Еуропа мен Азияда 20-30 мың адам аудиторияның алдында өнер көрсеттім және бұл менің нағыз тыңдармандарымның арқасында ғана мүмкін болды.

– Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Бұл оқиға неліктен соншалықты маңызды?

– Осыдан 6 ай бұрын Үкімет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырды. Бірден келістім. Өйткені бұл ойынның еліміз бен мәдениетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Бұл – біздің салт-дәстүрімізді ғана емес, сонымен қатар спорттағы, ат спорты ойындарындағы таланттарымызды көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Аздап қобалжу болса да жеке концертімнің өткеніне өте қуаныштымын. Басқа елде өнер көрсету оңайырақ, бірақ Қазақстанда кеш өткізген бір бөлек. Емтихан тапсырғанмен тең.  Өйткені елімізде өткен концертте менің вокалдан сабақ берген ұстаздарым мен білікті музыка майталмандары қатысады. 

– Егер сіз өткен шаққа оралар болсаңыз, 5 жастағы Димашқа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

– Көбірек жаттығу керек. Мен 25 жыл білім алдым, қазір 30 жасымда да PhD дәрежесін алу үшін оқуымды жалғастырып жатырмын. Егер спортта чемпион болғыңыз келсе, онда тынбай жаттығуыңыз қажет. Музыкада да солай – үздік болу үшін көп жұмыс істеу, еңбектену, жаттығу керек. 

НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ
01 сәуір 2025
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ

Биыл қазақ музыкасының жарық жұлдызы, ұлы композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Бұл мерейтой – қазақ мәдениеті үшін айрықша маңызға ие оқиға. Қазақ музыкасының абызы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің қазақ руханиятына қосқан сүбелі үлесі зор.

Өмір жолы мен шығармашылық бастауы
Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. Домбыра тартуды әкесінен үйренген ол, кейіннен Ахмет Жұбановтың назарына ілігіп, музыка әлеміне қадам басты. Ахмет Жұбанов жас Нұрғисаны музыка мектебінде, кейіннен консерваторияда білім алуға бағыттады.

Соғыс жылдары
Жас Нұрғиса 1943 жылы өз еркімен майданға аттанып, Курск шайқасынан Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысқан. Соғыстағы ерлігі үшін "Ерлігі үшін", "Берлинді алғаны үшін" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдарымен марапатталған.

Музыкалық мұра

Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ музыкасының алтын қорына енген. Ол 500-ден астам музыкалық туындының авторы, олардың ішінде:

«Аққу» күйі – нәзіктік пен тазалықтың символы;
«Көш керуені» – халықтың көшпелі өмірін бейнелейтін шығарма;
«Саржайлау» – туған жерге деген сағынышты жеткізетін ән.
Сонымен қатар, композитор «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдеріне музыка жазып, қазақ киносының дамуына үлес қосты.

«Отырар сазы» оркестрі 

1981 жылы Нұрғиса Тілендиевтің бастамасымен құрылған "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрі қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттауда үлкен рөл атқарды. Оркестрдің репертуарында халық күйлерімен қатар, композитордың өз шығармалары да орындалды.

Жеке өмірі 

Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікелінімен бірге өмір сүріп, отбасылық өмірінде де өнегелі тұлға болған. Олардың махаббаты мен сыйластығы көптеген шығармаларына шабыт берген.

Мұрасы және еске алу

Нұрғиса Тілендиевтің есімі қазақ музыкасының символына айналды. Оның құрметіне Алматы қаласында мемориалды музей ашылып, шығармашылық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.

Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді
08 сәуір 2025
Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді

Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес өзінің Up All Night әлемдік турнесі аясында осы жазда Қазақстанның астанасында өнер көрсетеді. Бұл туралы турдың ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Ulys.

Әлемдік жұлдыз Қазақстанда алғаш рет концерт береді, ол 1 тамызда елордалық «Астана Арена» спорт кешенінің сахнасында өтеді.

"Осы жазда бірнеше таңдаулы шоуда өнер көрсетемін. Сахнаға қайта оралып, бәріңізбен жүздесуді асыға күтемін. Тым көп уақыт өтті. Бұл керемет жаз болады", - деп жазды әнші 7 сәуірде.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.