Валюта бағамы
  • USD -

    521.9
  • EUR -

    600
  • RUB -

    6.37
Алмас өндірісіне инвестиция құйған мыңдаған маңғыстаулық алданып қалды
Фото: istockphoto.com 14 қараша 2024
Алмас өндірісіне инвестиция құйған мыңдаған маңғыстаулық алданып қалды

Маңғыстау облысында қолындағы қаржысын екі еселеп көбейтемін деп алмас өндірісіне инвестиция құйған мыңдаған тұрғын сан соғып қалды. Жәбірленушілер оңбай алдандық деп Ақтаудағы прокуратура ғимараты маңына жиналды, деп хабарлайды Ulys Алматы арнасына сілтеме жасап.

Көмек сұрағандардың арасында баспанасы мен көлігін сатып, ең соңғы тиын-тебеніне дейін салып жібергендер бар екен. Шағымданушылар алаяқтың жасаған жарнамасына сеніп қалғандарын айтады. Қазір Қаржылық мониторинг агенттігі бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Жиналған жұрт осыдан 5 жыл бұрын бар жиған-тергенін Sax Invest компаниясына құйған екен. Белгілі болғандай, ұйым халықты алмаз өндірісіне ақша салуға үгіттеген. Салған салымнан ай сайын 2 пайыз пайда табасыздар деп сендіріпті. Қолдарына кепілхат та беріп отырған екен. Кейіннен көпшілікпен байланысып отырған әлгі адам ел сыртына шығып кетіп, жұртшылықпен хат та алмаспаған, хабарын да бермеген.

«Біз ол кісіге бала-шағамызға деп жинап отырған бүкіл қаражатымызды салғанбыз. Артынша өзгерістер болып, бізге «ақшаны осындай уақытта қайтарамыз» деп міндеттеме қағазын берді. Сол қағаз біздің қолымызда бар. Содан кейін ол кісі хабарсыз кетті. Тек Анголада жүргенін әлеуметтік желіден ғана бақылаймыз. Соған сеніп осы уақытқа дейін отырдық. Бүгінгі күнде Сәтжаннан ешқандай хабар жоқ. Біздің ақшамызды қайтарсын! Алаяқтық жолмен алдап, ақшамызды қайтармай отыр», - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Гүлшар Бергарина.

Жиналғандардың көбі әлгі кісінің шотына шамамен 10 мың АҚШ долларына дейін салған. Қазір аталмыш компанияға қатысты іс елордада тергеліп жатыр. Бірақ жиналған қауым оның Ақтауда қаралуын сұрайды. Алданған жұрт өңірдің Полиция департаментіне жазған арызымыз қанағаттандырылмай жатыр деп шағымын жеткізді.

«Бұл кісі бізге келіп, өз компаниясын жарнамалап, акцияға инвестиция салыңыздар деп алдады. Оның сөзіне сеніп, көлігімді сатып, 10 мың АҚШ долларын құйдым. Қаражатымызды қайтаратын кепілхатын да берді. Міне, бес жыл бойы табыс таппақ түгілі, өз ақшамызды ала алмай отырмыз. Қаржыны қайтар десек, «Анголада жұмыс істеп жатырмын» деп құрғақ уәдеге сендіріп келді. Енді құзырлы органдар арызымызды қанағаттандырып, істің Маңғыстау облысында «Алаяқтық» бабы бойынша тергелуін сұраймыз», - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Алла Капулер.

Базынасын арқалаған жұртпен өңірдің прокурорлары жеке кездесіп, заңды тұрғыда түсінік жұмысын жүргіздік деп отыр.

«Астана қалалық экономикалық тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Осы іс бойынша аталған органмен күдікті тұлғалар ұсталды. Бұдан басқа тергеу әрекеттері тағы да жалғасуда. Сонымен қатар бүгін Маңғыстау облысы прокуратурасының басшылық құрамы салымшыларды жеке қабылдап, тиісті заңды түсіндірме берді», - деді Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Данияр Төлегенов.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, компания халықтан жалпы 9 миллиард теңгеге жуық қаражат жинаған. Сондай-ақ ведомство осыдан бір ай бұрын «Sax Invest» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеген еді.

RELATED NEWS
Ақмола облысында әжесі немересін өлтіріп, денесін үйдің ауласында көмген
04 наурыз 2025
Ақмола облысында әжесі немересін өлтіріп, денесін үйдің ауласында көмген

Ақмола облысының Щучинск қаласында асырап алынған баланың өліміне байланысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulys.

HALYQSTAN хабарлауынша, бес жылға жуық уақыт бойы жан түршігерлік қылмыстың іздері жасырулы болып келген. Бұл атышулы іс бойынша бала асырап алған анасы мен әжесі сот алдында жауап берді.

Бес жасар баланың денесі үйдің бақшасына жерленген, ал бұл сұмдық оқиға тек өткен көктемде ғана анықталды. Қылмыстың беті күтпеген қателіктің арқасында ашылған.

Асырап алған анасы басқа баласын денесі  көгеріп жүргендіктен ауруханаға алып келген, алайда құжаттарды шатастырып алған. Кейінірек оның төрт жыл бойы қайтыс болған балаға тиесілі туу туралы куәлікті қолданып жүргені анықталды.

Басты күдікті 65 жастағы әжесі бірден қамауға алынса, 29 жастағы асырап алған анасы да уақытша ұстау изоляторына жіберілді.

Сот жабық есік жағдайында өтіп, үкім шықты. Баланың әжесі – 21 жылға, өгей анасы 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қазақстанда 30-ға жуық  «қылмыс әлемінің беделділері» ұсталды
08 қаңтар 2025
Қазақстанда 30-ға жуық «қылмыс әлемінің беделділері» ұсталды

Қазақстанда соңғы екі жылда ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, басқару және оларға қатысу фактілері бойынша 120-дан астам қылмыстық іс тіркелді, соның ішінде 13-і трансұлттық қылмыстық топтарға қатысты, деп хабарлайды Ulys ІІМ сілтеме жасап.

Қылмыстық кодекстің әртүрлі баптары бойынша 600-ден астам қылмыскер жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, халықаралық іздестіруде болған ұйымдасқан қылмыстық топтардың 27 мүшесі, яғни «қылмыс әлемінің беделділері» ұсталды. Жақын шет елдерден келген алты «заңдағы ұрының» Қазақстан аумағында болуының алдын алынды. Бопсалау және басқа да ауыр қылмыстарды жасаған 160 қылмыстық топтың заңсыз әрекеті тоқтатылды. Бопсалау фактілері бойынша барлығы 1300-ден астам қылмыстық іс қозғалды. 400-ден астам адам саудасымен байланысты қылмыстар анықталды.

«Министрлік ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресті жалғастырады және бұл бағытта нақты шаралар қабылданатын болады», – деп атап өтті ІІМ.

 Қазақстандағы дропперлердің 90 пайызы шетелдіктер
09 қаңтар 2025
Қазақстандағы дропперлердің 90 пайызы шетелдіктер

2024 жылы Қазақстандағы «дропперлердің» 90 пайызы резидент емес адамдар. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды Ulys Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін биыл осындай 6,2 мың адамның картасы қолданылған екен.

«Бұл карталар арқылы айналымның жалпы сомасы 24 миллиард теңгеге жетті. Ақшаны заңсыз жылыстатқысы келгендер үшінші тұлғаларға тіркелген байланыс операторларының SIM карталарын пайдаланған. Көбінесе «дроп-карталар» есірткі саудасы, кибералаяқтық, заңсыз құмар ойындар және басқа да қылмыстық әрекеттерге байланысты схемаларда қолданылған», - деп хабарлайды ҚМА.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.