Әлемге танымал атақты актер Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы айтты
Атақты голливуд актері Мадс Миккельсен Астанадағы ComicCon фестивалінің арнайы қонағы болды. «Ганнибал» және «Доктор Стрэндж» жұлдызы Қазақстанның астанасына тәнті болды, ол сондай-ақ алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бір бөлшегі болғысы келетінін айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Мадс Миккельсен Астананы жақсы білмесе де, оған қала қатты ұнағанын айтты.
«Мен Астананы жақсы білемін деп айта алмаймын, өйткені мұнда небәрі 30 сағат қана болдым. Бірақ қала өте әдемі деп сенімді түрде айта аламын. Тағамдарыңыз ерекше ұнады, өте дәмді. Мен көп ет жедім, оны қанша жегенімді де айта алмаймын, бұл керемет.
Біз Даниядан болғандықтан, Астананы велоспорт командасы арқылы білеміз. Біз Тур де Франсқа барған кезде сіздердің вело командаларыңыз танымал болды. Олардың велосипед жарысын көру керемет болар еді.
Мен көшпенділер ойындарын көріп қана қойғым келмейді. Олардың бір бөлшегі болып, құс ұстап, атқа мінгім келеді», – деді актер.
Мадс Миккельсен – Голливуд актері, ол «Ганнибал» және «Доктор Стрэндж» сияқты фильмдердегі рөлдері арқылы бүкіл әлемге танымал болды.
Көшпенділер ойындарындағы бәйгеге шабатын аттар белгілі болды
Алматыда бәйгеден қала кубогі өтіп, ат жарыс аясында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеудің екінші кезеңі болды.
«Осы ат жарыс аясында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы – Кұнан бәйге, Топ бәйге, Жорға жарыс және Аламан бәйгеге үздік жылқыларды іріктеп алдық», - деді Республикалық «Бәйге» федерациясының атқарушы директоры Алтай Бимен.
Құнан байге бойынша І орынды Сұңқар атты тұлпар, шабандозы Абзал Тұрғанбек иеленді. II келген Бақторы, шабандоз - Ділнұр Нұрмұқаш. Сениорита есімді жылқы үшінші келді. Шабандозы – Абзал Тұрмыс.
Топ бәйгеде топ жарған жылқы Зымыран,шабандоз Арнат Мұратхан. II орында Маймақ, шабандоз - Абзал Тұрмыс. Үшінші орын – Ертұран, шабандоз – Исламнұр Еркөс.
Жорға жарыс қорытындысы бойынша I орынды Аквамарин, шабандоз - Евгений Чибисов. II орын - Триумф, шабандоз - Әлия Тоқтасынова. III орын Профессор, шабандоз – Ерұлан Тілеуғалиұлы.
Ал Аламан бәйгені алған Виза есімді жүйрік, шабандоз - Алихан Бақытханұлы. Екінші келген Күрең ат, шабандоз - Арнат Мұратхан. Үшінші орын – Әлқисса атты тұлпар, шабандоз – Мәди Жолшыбек.
Еске сала кетейік, Республикалық бәйге федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.
Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі - ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі - Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары салтанатты ашылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Республикасының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған, сондай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі инвестициялық қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Орталық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының Туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Австралиядан спортшылар келді.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді.
Президент көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.
– Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек, – деді Президент.
Төрткүл дүниені жайлаған көшпенділер өркениетінің бай мәдениеті мен тағылымды тарихын, салт-дәстүрін паш етіп, адамзат баласын ортақ үйіміз – Жер ананы сақтауға үндеген ашылу салтанаты бірнеше эпизодқа ұласты.
Сонымен қатар салтанатты жиында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған сөз сөйледі.
Павлодарда жүлде қоры 24 млн теңге болатын бәйге жарысы өтеді
Биылғы қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 3 тамызда Павлодарда бәйге жарысынан қатысушалардың бірінші іріктеуі өтеді, деп хабарлайды Ulys.
Жүлде қоры 24 900 000 теңгені құрайтын жарыс құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге мен жорға жарыс сияқты 4 түр бойынша өтеді. Шара серіктестері Бәйге федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігі, Палодар облысының әкімдігі, Ұлттық спорт қауымдастығы.
«Қазір бәйгеден Қазақстан командасын жасақтау процесі жүріп жатыр. 3 және 11 тамызда Павлодар мен Алматы қалаларында іріктеу өтеді. Солардың нәтижесі бойынша 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бәйге жарысына Қазақстаннан қатысатын жылқылар анықталады. Астанадағы Көшпенділер ойындарының бәйге жарысына шамамен 10 елдің өкілдері қатысады деп күтіліп отыр. Олардың қатарында Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Ресей Федерациясы мен басқалар бар», - деді «Бәйге федерациясы» РҚБ вице-президенті Жомарт Сайболатов.
Еске салсақ, республикалық бәйге федерациясы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар Қауымдастық құрамында көкпар, аударыспақ, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» және т.б. федерациялар бар. Қауымдастықты белгілі кәсіпкер, меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.