Валюта бағамы
  • USD -

    539.1
  • EUR -

    630
  • RUB -

    6.77
Әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр - Тоқаев
Фото: Ақорда 03 желтоқсан 2024
Әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр - Тоқаев

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының астанасында өтіп жатқан One Water саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы аталған іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Францияға, Сауд Арабиясына және Дүниежүзілік банк тобына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ жиынды Рияд қаласында бірлесіп өткізген Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазизге және Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа алғыс айтты.

Қазақстан Президенті су қауіпсіздігі орнықты дамудың, экономикалық өрлеудің және қоршаған ортаны қорғаудың негізі болып саналатынын атап өтті.

– Әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр, ал 4 миллиардтан астам халық су тапшылығына ұшырады. Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Орайлы сәтті пайдалана отырып, су тапшылығымен бетпе-бет келген елдер мен өңірлердің барлығына көмек көрсету жоспарын жариялағаны үшін Жоғары Мәртебелі Корольге шынайы ризашылығымды білдіремін. Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су таусылмайтын ресурс емес. Мұны өз басымыздан өткерген жағдайдан білеміз. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды.

– Барша адамзат, әсіресе шалғайда тіршілік етіп жатқан тұрғындар мен халықтардың осал тобы санитарлық талаптарға сай келетін таза ауызсуға қол жеткізуге тиіс. Бұл – олардың құқы. Климат пен су инфрақұрылымына арналған мақсатты инвестициялар су көзімен қамтамасыз етіп, орнықты өсімге септігін тигізеді. Осы арқылы тұтас өңірлер өркендейді. Қазақстанның таза ауызсуға жаппай қол жеткізуді көздейтін Freshwater Challenge жаһандық бастамасына қосылуы еліміздің осы мақсатқа жетуге бейіл екенін растайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, су көздерін өнеркәсіптік, химиялық, ауылшаруашылық және тұрмыстық ластанудан қорғау ісінде технологиялық инновациялар мен реттеу тетіктерін қолдану қажет. Судан таршылық көрмеудің маңызды аспектілерінің бірі – су қоймаларының әлеуетін арттыру, мұздықтарды сақтау, суарудың инновациялық жүйесін енгізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.

– Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Олар дүние жүзіндегі 2 миллиардқа жуық адамды сумен қамтамасыз ететін өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан мұздықтардың еруіне жол бермей, тіршілік нәріне мұқтаж өңірлердегі су ресурстарын басқару стратегиясын қолдау үшін бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай су саясатын әзірлеген жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев суға байланысты туындайтын табиғат апаттарының алдын алу су қауіпсіздігінің маңызды бөлігі саналатынына назар аударды. Жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан әлемде 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Әсіресе, бұл шағын аралдар мен жағалауда тұратын халықтың әлсіз топтарына қатты әсер етеді. Президент азаматтарды қорғау және қауіп-қатерді азайту мақсатында ерте сақтандыру жүйесін жетілдіру өте өзекті деп санайды.

Мемлекет басшысы су тапшылығы азық-түлік және энергетика қауіпсіздігіне, өнеркәсіп өсіміне қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығындағы су үнемдеуге және энергияның жаңартылатын көздерін дамытуға салған стратегиялық инвестициялар экономика тұрақтылығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға қысымды төмендетеді.

– Суда шекара болмайды. Ол қоғамдастықтар мен экожүйелерді байланыстырады. Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді. Біздің ойымызша, климаттың өзгеруімен күрестің алдыңғы шебінде жүрген мемлекеттердің диалогты жандандырып, халықаралық ықпалдастықты дамытуы және суға қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін ресурстарын жұмылдыруы өте өзекті. Осы мақсатқа сәйкес, Қазақстан бүгін жаһандық су дағдарысын шешуге мүдделі тараптарды біріктіретін және су ресурстарын басқару ісінде жаңашылдықты жақтайтын One Water Vision коалициясына ерекше ықыласпен қосылды. Еліміз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді, – деді Президент.


Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы жаһандық басымдықтардың бірі су ресурстары екенін еске салды.

– Су қауіпсіздігі – жай ғана техникалық немесе экологиялық мәселе емес, бұл моральдық императив. Су қауіпсіздігі проблемасын шешу One Water қағидаты аясындағы көпжақты диалогты дамытуды талап етеді. Қазақстан су ресурстарын жаһандық ауқымда басқару ісін нығайтуды көздейтін осы ұжымдық әрекетке өз үлесін қосуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммитте Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Сауд, Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Банга, Су ресурстары экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы (GCEW) Йохан Рокстрем, сондай-ақ басқа да елдердің басшылары, халықаралық ұйымдардың, қауымдастықтар мен компаниялардың жетекшілері сөз сөйледі.

 

RELATED NEWS
Қазақстан су инфрақұрылымына Ислам банкінен қаржы тартуы мүмкін
30 сәуір 2024
Қазақстан су инфрақұрылымына Ислам банкінен қаржы тартуы мүмкін

Тасқынның шығыны 200 млрд теңгеден асатыны туралы болжамдар ел ішінде берік бекіп алды. Бірақ бұл халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты нысандарды қалпына келтіруге, үйіндегі тұрмыстық техникасы мен мал-мүлігін бүтіндеп беруге бағытталатын қаражат көлемі болса керек.

Өйткені тасқын салдарын жоюға бюджеттен бөлінген қаражат пен қалталы топтардың бөлгені ақшасының өзі 330 млрд теңгеге жетті.

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов 24 сәуірде БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде тасқынмен күреске қазірдің өзінде бюджеттен 140 млрд теңге бөлінгенін айтқан болатын. Сол күнгі ресми мәлімет бойынша, елдегі ең ірі кәсіпкерлер мен алпауыт компаниялар тасқын салдарын жоюға бөлген қаражаттың жалпы сомасы 190 млрд теңге болған.

Мұнша қаражаттың өзі тасқын салдарын біржола жойып, келешектегі қатердің алдын алуға жетпейтін сияқты. Олай дейтініміз, өткен аптада Үкіметтің бірнеше мүшесі Сауд Арабиясына барған болатын. Бұл елдер бірнеше ірі халықаралық жиын өтіп жатыр. Соның аясында Қазақстан өкілдері ислам әлеміндегі ірі қаржы институттарының, холдингтердің басшыларымен кездесіп үлгерген.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Acwa Power» компаниясының төрағасы Мұхаммед Абунаянмен кездесіп, елдегі тасқын салдарын жоюға қолдау көрсететіні туралы уәде алды.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ислам даму банкі тобының президенті кездесті.

Үкіметтің ресми сайты жазған мәліметке сүйенсек, вице-премьер мен Мұхаммед Әл-Джассер арасындағы кездесудің басты тақырыбы Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру мәселесі болған. 

«Еліміздің су-ресурстық әлеуетін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді салу әрі реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу шаралары көзделіп отыр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ИДБ тобының ауқымды инвестицияларын ҚР су саласының жобаларына бағыттау, сондай-ақ жобалардың техникалық құрамдас бөлігін дайындауға гранттар бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алғашқы транштар биыл аударылады», - делінген ресми ақпаратта.

Тасқын Үкіметтің алдағы жоспарын айтарлықтай өзгертіп кетті деуге болады. Апатпен күреске ақша табу үшін бұған дейін қабылданып кеткен ұлттық жобалар мен бағдарламалардың, халықаралық шаралардың шығыны қайта қаралып, бірнеше ведомствоның бекітілген бюджеті қысқарды.

Жалпы елде тасқын болмай тұрған кездің өзінде Су ресурстары және ирригация министрлігі елде 20 жаңа су қоймасын салу жоспарын жалпыға жария етіп үлгерген болатын. Нұрлан Байбазаров Ислам даму банкі басшысымен өткізген келіссөзде осы нысандарды қаржыландыру мәселесі сөз болған.

Аталған 20 су қоймасының ортақ сыйымдылығы 2,5 миллиард текше метрге дейін су жинауға қауқарлы. Осы 20 нысанның алғашқы болып Кеңсай-Қосқорған-2 қоймасы Түркістан облысында салынып бітті. Одан кейінгі кезекте Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарындағы 9 нысан тұр.

Атап айтсақ, Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталды. Ал Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы жобаланып жатыр.

Сондай-ақ, Ақмола облысындағы Есіл контрреттегішінің, Алматы облысындағы Покатилов су қоймасының, БҚО Жалпақтал кенті мен Сексенбай ауылындағы су қоймаларының, Жамбыл облысындағы Ырғайты, Қалғұты және Ақмола су қоймаларының, Қызылорда облысындағы Қараөзек каналындағы су қоймасының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Бұл жаңа жыл сайын қайталанатын тасқындардың алдын алып, қуаңшылықпен күресуге, Қазақстанның көрші елдерден кіретін су ресурстарына тәуелділігін 25%  төмендетуге септігін тигізеді деген үміт бар. Осының арқасында елдегі суармалы алқап көлемін 250 мың гектарға ұлғайтып,  137 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді тасқын қаупінен қорғауға мүмкін туындауы керек.

Сондай-ақ, келешекте жалпы сыйымдылығы 1,9 млрд текше метр болатын 15 су қоймасын күрделі жөндеу көзделген. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы алты нысанда жұмыс бастау жоспарланған. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың Ислам даму банкімен жүргізген келіссөзі нәтиже берсе, осы жобаларға араб әлемінен ақша тартылуы мүмкін деген сөз.

Айта кету керек, Қазақстан  1995 жылдан бері Ислам даму банкінің мүшесі болып есептеледі. Содан бері бұл институт Қазақстандағы 67 жобаға 1,8 млрд доллар бөлген.

Каспий  жағалауынан 90-ға жуық өлі итбалық табылды
01 мамыр 2025
Каспий жағалауынан 90-ға жуық өлі итбалық табылды

Каспий теңізінің жағалауынан Қызыл кітапқа енген 88 өлі итбалықтың денесі табылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Ulys.

Өлі жануарлардың сүйектерін Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері анықтаған. Оқиға орнына инспекция, жергілікті атқарушы орган және Гидробиология және экология институтының өкілдері шықты. Факт Түпқараған аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

«Казгидромет» мәліметінше, аталған кезеңде өңір акваториясында батыс бағытындағы желдер басым болған. Соның салдарынан итбалықтардың өлі денелері жағаға шығарылған болуы мүмкін.

Комитеттің хабарлауынша, табылған итбалықтардың денесі қатты ыдырау сатысында. Бұл жағдай биологиялық сынамалар алу мен оларды зертханалық жолмен, соның ішінде токсикологиялық және патологоанатомиялық тұрғыдан сараптауды мүмкін етпейді. Сондықтан қазіргі уақытта өлімнің нақты себебін анықтау қиын болып отыр.

Барлық өлі жануар санитарлық талаптарды сақтай отырып, Түпқараған ауданындағы полигонға жеткізіліп, жойылды. Мамандар Каспий теңізінің жағалауын бақылауды жалғастыруда.

Биыл еліміздің қоймаларына рекордты  су жиналды –  министрлік
23 желтоқсан 2024
Биыл еліміздің қоймаларына рекордты су жиналды –  министрлік

Балқаш көліне өткен жылмен салыстырғанда 4 млрд текше метр артық су жіберілді, деп хабарлайды Ulys Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған министрліктің мәліметінше, биыл еліміздің су қоймаларына рекордты – 75 млрд текше метрден астам су жиналды. Оның 12 млрд текше метрден астамы тасқын суы.

Тасқын суын дұрыс бөлу су қоймаларын толтырып қана қоймай, соңғы жылдары құрғауға айналған өзендер мен көлдерге, шабындықтарға, табиғи жайылымдарға және басқа да айдындарға су жіберуге мүмкіндік берді, – деп қосты ведомство.

Жыл басынан бері Балқаш көліне 15,4 млрд текше метр су келді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4 млрд текше метрге артық. Оның ішінде тасқын кезінде 3,3 млрд текше метр су түсті. Жыл басынан бері Каспий теңізіне 17 млрд текше метр су келді. Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толып, 18 млрд текше метрден астам су жинады. Су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысының Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су жіберілді. Ұлытау облысынан Қызылорда облысына 839 млн текше метр су келді. Осының арқасында, бақылау тарихында алғаш рет бұл су Сарысу өзені арқылы Қызылорда облысының көлдер жүйесіне жетті.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.