Елімізде жыл сайын көктем келе салысымен су тасқынымен күрес жұмыстары басталады. Су шаруашылығының маманы, гидротехник Аманбек Рамазанов мұндайға жол бермеу үшін ерте қам жасап, арналар мен қоймалардың дұрыс жөнделу жауапкершілігін заңнама арқылы меншік иесіне жүктеу қажеттігін айтады.
«Су тасқынына дайындықты ауыл шаруашылығында суару маусымы аяқталғаннан кейін бірден бастаған жөн болды», - деді су маманы.
Оның айтуынша, бұрын әр облыста су шаруашылығы басқармасы және ірі шаруа қожалықтары болды. Мұнан бөлек, жылжымалы механикаландырылған лектер қызмет көрсетті. Олар каналдардың арнасын тазарту, су тығыздағыштарды, бөгеттерді жөндеу жұмыстарын күзде, тіпті жаздың соңында бастап кететін. Қазір осы тәртіпті қолға алу қажет.
«Әкімдіктер жылыту маусымы аяқтала салысымен келесі жылыту маусымына дайындықты бірден бастап кетеді. Яғни, олар келесі жылыту маусымына дайындықты күзде емес көктемде, ағымдағы жылдың жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден қолға алады. Дәл солай су тасқынына дайындықты суару маусымынан кейін бірден бастау керек. Әрине, мұны айту оңай, ал жасау өте қиын екені түсінікті», - деді Аманбек Рамазанов.
Осы орайда гидротехник мұндай жағдайда каналдар мен гидротехникалық жабдықтарды кім ретке келтіруі тиістігіне тоқталды.
«Меніңше, мұны мемлекеттік немесе жеке меншікте болғанына қарамастан құрылыс нысандарының иелері істеуі керек. Бұл міндеттер заңмен белгіленуі тиіс. Қазір қолданыстағы заңдарда мұндай міндеттер көзделмеген, жоқ. Ал ол жұмыстарды ұйымдастыру жауапкершілігі заң жүзінде Су ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға жүктелуі қажет. Сонымен қатар мұндай міндеттерді бассейндік кеңестерге де жүктеуге болады. солай болған жағдайда аталған кеңестердің рөлі мен құрамы заңмен күшейтілуі керек. Осы шаралар қолға алынған жағдайда жұртшылық шешім қабылдауға қатысуға және осы жұмыстардың орындалуын бақылауға мүмкіндік алады. Бұл көптеген дамыған елдерде бар тәжірибе», - деді ол.
Су маманы соңғы жылдары климат өзгеріп, ауа температурасы жылып келе жатқандығына назар аудартып, соның салдарынан туындайтын қиындықтарға қарсы тұруды үйрену қажеттігін баса айтады.
«Ол үшін «Азаматтық қорғау туралы» Заңда қазіргідей төтенше жағдайлар мен оның салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауды ғана емес, олардың алдын алуды да көздеу қажет. Сонымен қатар, бұл жоспарлауға тек Төтенше жағдайлар министрлігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар ғылыми қызметкерлер, Қазгидромет қатысуы тиіс»,- деді гидротехник.