Валюта бағамы
  • USD -

    516.5
  • EUR -

    608
  • RUB -

    6.53
7 мыңнан астам жас қазақстандық баспаналы болды
Фото: ашық көзден 26 ақпан 2025
7 мыңнан астам жас қазақстандық баспаналы болды

«Қазақстанның болашағы – отаншыл, білімді, еңбекқор азаматтардың, яғни жастардың қолында. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін!» – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

2024 жылы қазақстандық жастармен жұмыс істеудің басты бағыты «Адал азамат» тұжырымдамасы болды. Бұл бағытты Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айқындап берді. Тұжырымдама адалдық, әділдік және еңбекқорлық секілді құндылықтарды насихаттауға негізделген.

Мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту мәселесі. 2024 жылы 400 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды.

Еліміздің бірнеше өңірінде оқыту және жұмысқа орналастыру бағдарламалары жүзеге асты. Атап айтсақ, Астанада – «Jol Tap» (3,9 мың адам оқудан өтті), Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында – «Jumys Tap» (10 мың адам жұмыспен қамтылды) бағдарламалары. Сондай-ақ Алматыда «Jobfair365» платформасы жұмыс істейді, оның көмегімен 2,5 мың жас маман жұмысқа орналасты.

Астанада «Jol Tap» жобасы аясында 19,5 мың азамат мемлекеттік қолдау шараларының  52 түрі бойынша кеңес алды. Олардың ішінде 3,9 мың адам 10 түрлі мамандық бойынша оқытылды (тігінші, бариста, сатушы-кассир, электргазбен дәнекерлеуші, бухгалтерлік есептің негіздері, аяқ киім жөндеу және кілт жасау, корпустық жиһаз жасау негіздері, май және дөңгелек ауыстыру жөніндегі авто-маман, Kaspi дүкеніндегі сауда негіздері және т.б.)

Жастар ресурстық орталықтары 2024 жылы кәсіптік бағдар беру мақсатында 500-ден астам бос жұмыс орын жәрмеңкесін ұйымдастырып, 1 миллионнан астам кеңес беріп үлгерді (заңгерлік, психологиялық, кәсіптік бағдар, мемлекеттік бағдарламалар, волонтерлік, жұмыспен қамту және т.б.).

NEET санатындағы жастарға да ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта бұл санатқа жататын 160 мыңнан астам жас бар. Олар – білімі мен жұмысы жоқ қазақстандық жастар. NEET жастарының бастамаларын қолдау мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Zhas project» аясында 280 грант бөлді (әр гранттың мөлшері – 1 миллион теңге).

Сонымен қатар 20 жылдан астам уақыт бойы елдің әр өңірінде жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған «Жасыл ел» жобасы жүзеге асып келеді. Соңғы 3 жылда 100 мыңнан астам жас қамтылса, оның 30 мыңнан астамы – ауыл жастары.

Мемлекет жастарға тұрғын үй мәселесін шешу бойынша жүйелі қолдау көрсетіп келеді. 2017 жылдан бастап, мемлекеттік бағдарламалар аясында 7 200-ден астам жас қазақстандық баспанаға ие болды.

Бүгінде «Отбасы банк» және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, елдің 16 өңірінде жұмыс істейтін жастарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар да іске қосылды. Шарттарын атап айтатын болсақ, 10% бастапқы жарна төленіп, пайыздық мөлшерлемесі 5%-дан басталады, 19 жылға дейін несие беріледі.

Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады, бірақ отбасылы болған жағдайда ерлі-зайыптының біреуі ғана  өтініш бере алады.

Сондай-ақ жастар үшін арнайы квоталар қарастырылған республикалық тұрғын үй бағдарламалары да бар.  Атап айтсақ, «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары. 2024 жылы осы бағдарламалар аясында 3 923 жас азаматқа жалпы сомасы 103,4 млрд теңге несие берілді. «Отау» бағдарламасы бойынша 1 450 жас азамат жалпы сомасы 31,7 млрд теңге көлемінде несие алды.

Жастар саясатының басты бағыттарының бірі – кадрлық әлеуетті арттыру.«Президенттік жастар кадрлық резерві» – Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдан бастап іске асып келе жатқан жоба. Қазіргі уақытта 315 резервтегі жас  мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға тағайындалды.

Жобаға қызығушылық жыл сайын артып келеді (2019 жылы – 13 мың адам, 2021 жылы – 22 мың адам, 2023 жылы – 31 мың адам). Үш іріктеудің нәтижесі бойынша 400 адам Резервке қабылданды (2019 жылы – 300 адам, 2021 және 2023 жылдары – 50 адам).

Олар саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусына, сондай-ақ «Б» корпусындағы басшылық қызметтерге тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.

2024 жылы алғаш рет барлық өңірде аймақтық кадрлық резервке іріктеу өтті. Оған республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдары қатысты. 505 адам екі жыл мерзімге резервке қабылданып, мемлекеттік органдардың келісімімен «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар, Мәжіліс пен мәслихат сайлауында жастарға арналған арнайы квоталар енгізілді, бұл бастама органдардың жұмысына жаңа серпін берді.

Бұдан бөлек мемлекет гранттар мен сыйақылар арқылы жастарға қолдау көрсетіп келеді. 2024 жылы 90 млн. теңгеге «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 30 жасқа табысталды. Жоба алты бағыт бойынша грант бөлді. Атап айтсақ, ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес, волонтерлік секілді тақырыптар қамтылды.  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының мөлшері 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Биыл жастарға арналған арнайы гранттық жобалар 6 бағыт бойынша (лудомания мен нашақорлықтың алдын алу, жастардың қаржылық және құқықтық сауатын арттыру және т.б.) бөлінеді. Жобаның жалпы сомасы шамамен – 720 млн теңге (2025-2027 ж. ж. кезең үшін).

Стартаптар мен инновациялық бастамаларды қолдау жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың өсуінк ықпал етеді.

Кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жастардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттырады.

Жалпы, көпвекторлы жастар саясаты жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, олардың азаматтық жауапкершілік деңгейінің артуына ықпал етеді.

RELATED NEWS
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті
05 қаңтар 2025
1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы көлемі өсті

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрінің мөлшері  6,5 пайызға, ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға көтерілді, - деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65 пайызынан 70 пайызға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңге болып, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110 пайызға дейін арттырылып, 50 851 теңге болады.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққан 69 жастағы зейнеткердің 2024 жылы бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері 156 856 теңге болды, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 45 578 теңге, ынтымақты зейнетақы – 111 278 теңге. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өсімді ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 171 588 теңгеге дейін ұлғайды, оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге болды. Аталған сомаларға БЖЗҚ-дағы төлемдер кірмейтінін атап өту маңызды.

 

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайды:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 140 296 теңгеден 149 416 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы – 232 596 теңгеден 247 716 теңгеге дейін ұлғайды;
  • мөлшері балалар санына байланысты берілетін көпбалалы отбасыларға арналған  жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 59 183 теңгеден 63 030 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 147 680 теңгеден 157 280 теңгеге дейін артты;
  • I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 95 496 теңгеден 101 702 теңгеге дейін, II топ – 76 397 теңгеден 81 362 теңгеге дейін, III топ – 52 089 теңгеден 55 474 теңгеге дейін өсті.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері 6,5 пайызғңа артты. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке санаттарға және мыналарға байланысты болады:

  • соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс;
  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері;
  • асырауындағы адамдар саны;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі
27 желтоқсан 2024
Жаңа жылдан бастап елімізде кедейлік шегі басқаша есептеледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Ulys.

2025 жылдан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі жаңаша есептеледі. 

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кедейлік шегі медианалық табыстың 35 пайызын құрайды. Бірақ оның мөлшері өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болмауға тиіс.

Айта кетері, қазір кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде айқындалады.

Бұйрық 6 қаңтарда күшіне енеді.

ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
08 сәуір 2019
ЭМОЦИОНАЛДЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Эмоционалдық интеллект (ағыл. emotional intelligence) – заман талабы ма, әлде сәнді тренд пе? Жалпы төртінші өнеркәсіптік революциядан не күтуге болады? Жаһандану үрдісі аждаһа ма, әлде қазіргі қоғамның мүмкіндігі мен дамуының ұйытқысы ма? Бұған байланысты көптеген зерттеулер мен тәжірибелік өлшемдер жасалуда.

Дамыған тұлғаның психологиялық денсаулығының басты көрсеткіші - осы эмоционалдық интеллект феномені. Жалпы жан мен ойдың тоғысу мәселесіне тарихи көз жүгіртер болсақ ежелгі грек, шығыс философтарының еңбектерінен кездестіруге болады. Қазіргі заманғы ғылымда, XX ғасырдың 90-шы жылдары американдық Питер Соловей және Джон Майер  атты зерттеушілер эмоционалдық интеллект ұғымын енгізді. Сол кездерден бастап тұлғаның осы қасиеттін дамыту үшін көптеген тренингтік бағдарламалар, тесттер жеке коучингтік және психологиялық кеңес кешендері ойлап табылды. Себебі, эмоционалдық интеллектісі дамыған қызметкерлердің жұмыс тиімділігі артық, ұжымдағы психологиялық ахуал  жағымды екендігін американдықтар тез түсінді.

2015 жылғы Бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының есебінде, 2020 жылы өзекті болатын 10 машықты анықтаған болатын. Солардың қатарында эмоционалдық интеллект те бар. Бұл интеллектінің (парасаттың) түрі туралы соңғы жылдары әсіресе, осы экономикалық форумнан кейін, естімеген адам кемде кем. Бірақ, көбісі интелектінің бұл түрі туралы толыққанды түсініктен алшақ. Сондықтан, эмоционалдық интеллект туралы сөз қозғауды жөн көрдік. 20 ғасырдың 90-шы жылдары жарық көрген, Майер-Саловей-Карузо моделінде эмоционалдық (әлеуметтік) интеллект 4 құрама бөліктен тұрады:

  1. Басқа адамдар мен өзінің эмоцияларын, сырт бейнеге қарап, ым-ишара мен жүріс-тұрысқа ден қоя отырып тани білуі - эмоцияларды қабылдай білу қабілеті деп аталады.

Біздің ойымызша бұған сәйкес келетін  қазақтың мақалы, - «Көз бен қол - көңілдің жалшысы».

 

  1. Эмоцияның – көбіне санамен реттелмейтін, ұйытқы (мотивациялық) факторы бола отырып, шығармашылық пен ойлау қабілеттеріне тигізетін оң әсерін - шабыт десе де болады.  Мұқағали Мақатаевтың мына жолдары соған дәлел іспетті:

Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт!

Жүруші ең кейбір жерде ойран салып,

Жүруші ең кейбір жерде сайран салып,

Шау тартып қалыпсың-ау қайран шабыт!

………………………………………………….

Шау тартып барасың-ау, шарық-құсым,

Тояттап әлде жемге қарықпысың?

Бар, ұшшы!

Босатайын тұғырыңнан,

Шау тартпа!

Шынымен сен шабытпысың!?

 

  1. Эмоциялардың арасындағы байланысты анықтау, ой мен сезім арасындағы байланысты түсіну, терең күрделі (екіұшты, амбивалентті) эмоцияларды ажырату - эмоцияларды тани білу қабілеті деп аталады.

Бұған сәйкес мақал, - «Ымды білеген дымды білмейді».

 

  1. Қойылған мақсатқа сәйкес, ырықты түрде  өз эмоцияларын тудырып, реттеп, бағыттай білу қабілетін -  эмоцияларды басқару, деп атайды.

Бұған сәйкес қазақтың мақалы- «Сабыр түбі сары алты», «сарғайған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа», десек те болатын сияқты.

 

 

Эмоционалдық интеллектінің жоғарыда суреттелген моделі қазіргі кездегі әлемдегі ең танымал концепция. Себебі, түсінуге де оңай, ең бастысы тәжірибелік пайдасы ұшан-теңіз. Көптеген зерттеулердің нәтижесінде анықталғандай қоғам үшін бұл фактордың экономикалық (миллиардтаған шығын әкелуі) және әлеуметтік (ажырасу, суицидтің белең алуы) мәні зор! Халық, қазіргі таңда өзінің эмоционалдық парасатын дамытуға ден қоймаса, психологиялық даму мәдениетін қолға алмаса болашақ бұлыңғыр, көңіл пәс. Сондықтан, заманауи қазақ қоғамында да әсіресе, жаңа қалыптасып келе жатқан тұлғаның (бозбала мен жасөспірімдерде) әлеуметтену деңгейіне жаһандану үрдісінің өнімдері кері әсерін тигізуде.

Олар: деструктивті ақпараттың қолжетімдігі және тікелей әсері; тұлғааралық қарым-қатынастың онлайн форматқа ауысуы; әртүрлі өмірге қажетті табиғи тәжірибенің азаюы; ата-ана тарапынан жалпы қауіптердің күшеюі әсерінен гипербақылаудың күшеюі және басқа өзекті мәселелер. Осы жайттардың тікелей және жанама әсерлерінің негізінде жас тұлғаның эмоционалдық интеллектісінің дамуына кері әсер белең алуда. Тіпті, ересек адамдарда бұл қабілеттердің дамуының кенже қалуы - стресстік жағдайларға төтеп бере алмауына, өмірлік қиын-қыстау жағдайларға психологиялық регрессиямен (кері дамумен) жауап беруіне, деструктивті дағдылардың пайда болуы мен психикалық және психологиялық күйзелістерге жиі ұшырауына әкеліп соғуда.

Қазіргі таңда эмоционалдық интеллектінің маңыздылығы күн санап артуда. Сондықтан біздің қоғамдағы эмоционалдық интеллектіні дамытудың ұлттық кешенді бағдарламаларын жасау, ал адамдардың оқып-тануға, білікті психологтардың кеңесі мен тренингтері арқылы дамуына бет бұруы маңызды.

 

 

 

Ерлан МҰСТАФА, Бизнес-тренер, психолог

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.