Валюта бағамы
  • USD -

    523.5
  • EUR -

    612.5
  • RUB -

    6.71
5 облыста су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін
12 сәуір 2024
5 облыста су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін

фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта ахуал әлі де өте күрделі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бес аймақта, яғни Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін.

Қалған алты облыста, атап айтқанда, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе, Абай, Павлодар, Ұлытауда жағдай тұрақтала бастаған.

Мемлекет басшысы адамдарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек беру қазіргі басты міндет екеніне назар аударды.

Президент өзінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік материалдық резервтен арнаулы техника және басқа да жабдықтар алуға рұқсат етілгенін айтты.

— Мен шығынды өтеу үшін тиімді тәсілдер қарастыру жөнінде нақты тапсырма бердім. Бұл мақсатқа бюджет қаражатымен қатар «Қазақстан халқына» қоры мен ірі бизнес өкілдері бөлген қаржы жұмсалады. Сондай-ақ тағы бір өте маңызды мәселе. Бұл — су басқан аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажет. Көктемгі егіс науқанына да дайындалу керек. Су астында қалған елді мекендерде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеу қажет. Менің тапсырмаммен Үкімет басшысы және оның орынбасарлары қазір аймақтарда жүр. Олар жағдай тұрақталғанша барлық жұмысты үйлестіреді, елмен бірге болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы табиғи апаттан зардап шеккен аймақтардағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін айрықша бақылауда ұстау және бағаның өсуіне жол бермеу қажет екеніне тағы да назар аударды. 

Сондай-ақ азаматтар үшін әуе және темір жол көліктеріне билеттің қымбаттауына жол беруге болмайтынын ескертті.

— Үкімет пен әкімдіктер зардап шеккен адамдарды орналастыру, оларға қажетті көмек беру мәселелерін тез арада шешуге тиіс. Қазір бұл жұмыстар атқарылып жатыр. Эвакуациялық пункттердегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстау керек. Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру, құқықтық және психологиялық көмек көрсету пункттерін жедел ұйымдастыру қажет. Айтпақшы, жоғалған құжаттар да проблема болады. Адамдар үйлерін асығыс тастап кетті. Құжаттарын қалпына келтіруге көмектесу керек. Жағдай өте күрделі аудандарда қоғамдық штабтар орналастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілсін, — деді Президент.

Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге еліміздегі санитариялық-эпидемиологиялық және эпизоотиялық жағдайға бақылауды күшейтіп, тәулік бойы мониторинг жүргізу, сондай-ақ көппәтерлі үйлерге, әлеуметтік және басқа да нысандарға дезинфекция жасау жөнінде тапсырма берілді.

Су тасқынына байланысты жұқпалы аурулардың таралып жатқаны және эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы әлеуметтік желілерде жарияланған ақпарат расталмады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тұрғын үйлерді, әлеуметтік инфрақұрылымды, коммуналдық шаруашылық нысандарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топ жасақтау жөнінде тапсырма берілді. 

— Су басқан өңірлердің әкімдері қажетті қаржыландыру туралы есепті жедел штабқа тез арада беруі керек. Сондай-ақ аумақты қоқыстан, қираған үйлер мен құрылыстардың үйінділерінен тазартқан жөн. Зардап шеккен өңірлерге Ауыл шаруашылығы, Көлік, Денсаулық сақтау, Су ресурстары, Төтенше жағдайлар, Экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлерін жіберу қажет. Айтпақшы, су тасқынына ұшырамаған өңірлерде менің тапсырмаммен «Таза Қазақстан» науқаны басталды. Мен әкімдердің бәріне бұл бірреттік науқан емес екенін ескерттім. Басқаша айтқанда, сенбілікке шығып, жұмыс істеген сыңай танытып, көзбояушылық жасауға болмайды. Көршілес елдердегі секілді бізге де Қазақстанды көгалдандыру, өңірлер мен қалалардың аумақтарын тазарту жұмыстарын үнемі жүргізу керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы азаматтар үшін тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу жөнінде тапсырма берді.

Сондай-ақ жыл соңына дейін су тасқынына қарсы шараларды басқарудың ұзақмерзімді стратегиясын анықтап, тиісті бағдарламалық құжаттарды қабылдау міндетін жүктеді.

Жиын барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.

RELATED NEWS
Қазақстанның 20-дан астам елді мекенінде су тасқаны болуы мүмкін
05 ақпан 2025
Қазақстанның 20-дан астам елді мекенінде су тасқаны болуы мүмкін

Мәжілістің жалпы отырысының кулуарындаТөтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су тасқыны қаупі бар аймақта 23 елді мекен бар екенін айтты, деп хабарлайды Ulys.

«Бұл статистиканы мамандар береді. Кейбір депутаттар осы өңірдің барлығын су басады деп шошып жатыр екен. Олай болмайды. Белгілі бір жұмыс жүргіземіз. Кейбір өңірден ол қауіптер жойылды. Ал өңірлер бойынша су тасқыны қаупі төніп тұрған ТОП-5 аймақты айтатын болсақ, БҚО, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары болып отыр», - деді Шыңғыс Әрінов

Су тасқынына дайындық:  ел аумағының 71%-ында қар жатыр
11 наурыз 2025
Су тасқынына дайындық: ел аумағының 71%-ында қар жатыр

Үкімет  отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ел аумағының 71%-ында қар жатқанын хабарлады. 

 Ол 11 наурыздағы жағдай бойынша қар астында жатқан аумақ 71%-ды құрайтынын, дегенмен бұл өткен аптаға қарағанда 15%-ға аз екенін атап өтті. Еліміздің оңтүстігінде: Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, батысында: Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр.
«Наурыз айында температура көтеріліп, жауын-шашын көп болса еріген қар суынан тау өзендерінде тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар қалың, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түседі деп күтіліп отыр. Мысалы, Астанада бірінші онкүндіктің өзінде айлық жауын-шашын мөлшері түсті», 
— деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Су тасқынымен күрес: 5 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлады
08 тамыз 2024
Су тасқынымен күрес: 5 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлады

Су тасқынынан зардап шеккен 5 239 отбасыға арнайы салынған және сатып алынған үйлер мен пәтерлер берілді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй салу және сатып алу, сондай-ақ оларға жан-жақты көмек көрсету бойынша өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Қираған баспанасының орнына 4769 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерде 2568 жаңа үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, тұрғындарға кілттер табысталды.

Солтүстік Қазақстан облысында құрылысы аяқталған 285 үй, Қостанай облысында 57, Батыс Қазақстан облысында 80, Ақтөбе облысында 43 және Павлодар облысында 5 үй пайдалануға берілді.

Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары 100% аяқталды. Жалпы сомасы 49,3 млрд теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алды.

34 216 отбасыға 12,6 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Сондай-ақ жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша төлемдер берілуде. Бүгінгі таңда 9,9 млрд теңгеге 21 869 отбасы осындай көмек алды.

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары жалғасуда. Өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 7,9 млрд теңгеге ШОБ субъектілерінің 455 өтінімін қарап, мақұлдады.

Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.