«Өнеге» Отбасы, Денсаулық және Бақыт Орталығы» ЖШС-ның директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, әлеуметтік жұмыстар PHD докторы Жазира Тұрсынбековамен сұхбат
Әлеуметтік жұмыс жүйесін дамыту
- Жазира Жұмабекқызы, өзіңіз басқарған «Өнеге» қауымдастығы еліміздегі әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру мақсатында әлеуметтік жұмыспен айналысатын 30 мыңнан астам мамандардың басын біріктіре отырып, министрліктің қолдауымен 3 мыңдай маманды оқытты. Осы туралы айта кетсеңіз?
- Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі білікті психологтар, балалардың құқығын қорғау мекеме қызметкерлері, әлеуметтік қызметтерге қатысы бар көптеген өкіметтік емес ұйымдардың басшыларынан құрылған сарапшылармен бас қосып, сонда түрлі қиындықтарға тап болып жататын отбасын қалай қорғап қолдаймыз, қиын жағдайлардан қалай алып шығамыз деген сауалдар төңірегінде мәселе көтеріп талқыладық. Сол басқосуда еліміздегі әлеуметтік қызметтерді дамыту және сол әлеуметтік қызмет көрсететін жүйеде жұмыс істейтін әріптестеріміздің біліктілігін жоғарылату керектігін түсініп, жаңа қауымдастықтың негізін қаладық. Елімізде әлеуметтік жұмыспен айналысатын 30 мыңнан астам маман бар. Оларға денсаулық сақтау саласының мамандары, мейірбикелердің кейбір категориялары, әлеуметтік қызметкерлер, халықты әлеуметтік қорғау жүйесі және халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары, әкімшіліктегі әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімі, білім саласы мамандары, мектептегі әлеуметтік педагогтар және құқық қорғау орталықтарындағы учаскелік полиция қызметкерлері, жасөспірімдер жұмыстары бойынша инспекторлар т.б. көптеген мамандар жатқызылады. Қарап отырсақ, аталмыш маман иелері әр түрлі салада қызмет етіп жатқандарымен, негізгі мақсаттары бір. Олар әр салада өз міндеттерін барынша жақсы атқарып жатқандарымен, еліміздегі халықтың әлеуметтік жағдайы еш өзгеріссіз, қордаланып келе жатқан мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай, баяғы жартас сол жартас күйінде қалуда. Осылардың бәріне зер сала отырып, шет елдік тәжірибелерге сүйене келе, бізге әлеуметтік жұмыстармен айналысатын қауымдастықтың керек екеніне көз жеткіздік. Негізгі мақсатымыз – әлеуметтік қызмет атқаратын әр саладағы мамандардың бастарын біріктіріп, бір шаңырақтың астына жинай отырып, жүйелі түрде бірлесе жұмыстар атқарып, халыққа қызмет көрсету ісін жетілдіру. Құрылғаннан бері министрліктердің қолдауымен республика бойынша 3 мыңға жуық мамандарды оқыттық.
«Елімізге білікті кейс-менеджерлер өте қажет»
- Көптеген дамыған өркениетті елдерде өндірістік тәжірибеден өткен мамансыз, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымсыз. Сізді қай елдің «әлеуметтік жұмыс» жүйесі қайран қалдырды?
- Біздің қоғамда «әлеуметтік жұмыс» дегенде мүлдем басқаша түсінік қалыптасқан. Әлеуметтік жұмыстары кеңінен дамыған, адамға қызмет көрсету сапасы жақсы қалыптасқан мемлекеттердің бәрінде «әлеуметтік жұмыс» жүйесі жақсы дамыған. Мысалы, Скандинавия - сондай елдердің қатарында. Ондай мемлекеттерде әлеуметтік қызметкердің мәртебесі - қалалық прокурордыкімен бірдей. Мәселен, әлеуметтік қызметкер мына үй кешенінің маңайына жаңа құрылым салуға рұқсат етпеймін десе, онымен әкімшілік санасады. Әрине, осындай дәрежеде болу үшін маман – отбасының қажеттіліктерін білетін, оны анықтай алатын, білікті болуы қажет. Біздің елге де осындай білікті мамандар керек.
- Білікті әлеуметтік қызметкерлердің қызмет жүйесі қандай болмақ?
- Олар 2019 жылы министрлік әзірлеген әр азаматтың әлеуметтік жағдайын саралап беретін «Әлеуметтік картадан» ЖНН енгізу арқылы көптеген мағлұматтар алғаннан соң, отбасына барып, көзбе-көз тілдесіп анықтайды. Отбасы мүшелерімен әңгімелесу арқылы мағлұматтарды толықтыра түседі. Ересектер болса, оларды әріптестерінен, көрші-қолаңнан сұрап дегендей жан-жақты зерттейді. Ал балалар болса, олардың әл-ауқатын анықтаудың да өзіндік жеке инструменттері бар. Баланың біліктілігі, денсаулығы, белсенділігі, өзгелермен қарым-қатынасы, тәрбиелілігі, мәдениеті – бәрі-бәрін тексереді. Біз шет елдерде көптен бері жұмыс істеп келе жатқан осы жүйе негізінде мамандарды оқыттық. Осындай әлеуметтік мамандарды кейс-менеджер деп атайды. Елімізге білікті кейс-менеджерлер өте қажет.
- Біздің мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға барынша қолдау көрсететін елдердің қатарына жата ма?
- Әрине, біздің өкімет халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ешқашан қаражат аямаған елдердің бірі. Қарап отырсаңыз, елімізде халықтың денсаулығы, білімі, әлеуметтік жағдайын көтеру сынды мақсаттарға жылына қаншама триллион ақшалар бөлінуде. Германияның өзінде мұндай салаларға осыншама көп қаражат бөлінбейді. Өкініштісі, біздің бұл салалар соған қарамастан әлі күнге дейін жақсы көрсеткіштерге ие бола алмай келеді. Осыған қарап отырып, өкіметке де көмектің керектігін байқайсыз. Қауымдастықты құрғанда сол мақсатты да негізге алғанбыз.
«Тиран» азаматтарымыз неге көбейіп кетті?
- Үстіміздегі жылдың 16-маусымында күшіне енген отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы Заң әлі күнге дейін ел арасында қызу талқылануда. Осы заң қабылданғаннан бері әлеуметтік желілерден отбасында зорлық-зомбылық көріп келген әйелдердің көп екеніне көз жеткізудеміз. Неге мұндай «тиран» ер азаматтарымыз көбейіп кетті?
- Сарапшылар біздер өзара осы заңды талқылау барысында оған өзгерістер енгізу керек деген ойға келдік. Әрине, бес жылдан бері талқыланып келген Заңға жақсы өзгерістер енгізіліп, қабылданғаны дұрыс болды. Отбасылық зорлық-зомбылыққа төзіп келген көптеген әйелдердің көзін ашып, оятты. Құрбан болып жүрген әйелдер мен балаларға жәрдем болды. Бірақ, оның теріс жақтарын ескермей қалғанымыз өкінішті. Сол жағынан Заңға механизмдер енгізуіміз керек. Шынайы статистикаға сүйенер болсақ, қазір мына Заңға қарап қорытынды жасасақ, біздің елдегі отбасылық зорлық-зомбылық 90 пайызды құрап отырғанын көреміз.
Сондай-ақ, Қылмыстық Кодекс «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» деген жаңа баппен толықты. Ондай қылмысқа барғандар 200АЕК дейін айыппұл төлейді, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Оларға келіспесе, 50 тәулікке қамалады. Ал «Ұрып-соғу» бабы бойынша, яғни «тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау» сынды жағдай орын алса да жаза қолданылады. Ондайдың жазасы 80 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 25 тәулікке дейін қамауға алынады. Байқасаңыз, Заң қатал. Ескеретін жайт, бұл жерде көптеген жазықсыз адамдар да қамалып кетуі мүмкін. Біз сол жағын ойламадық. Мысалы, құқық қорғау органдарының сарапшыларын тыңдасаңыз, қазіргі таңда бір құқық қорғау бөлімшесіне күніне 20-40 қоңырау келіп түсуде. 30-40 жыл отасқан азаматтарының атына да арыз түсіріп жатқан әйелдер қаншама. Зорлық-зомбылықты зерттейтін ғалымдардың айтуынша, мұндай жағдайда психикалық зорлық-зомбылық көрсетушілер көбіне ескерілмей қалады.
- Нақты мысалдармен түсіндіре кетсеңіз...
- Біз бірде әріптестерімізбен бірге Шымкенттегі «Қызыл-ай» қоғамы қоғамдық бірлестігінің отбасылық зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдерді орналастыратын орталығындағы 650 әйелге сауалнама жүргіздік. Онда тек қана Шымкент облысының ғана емес, Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Ақтау, Ақтөбе өңірлерінен келген қыз-келіншектер де болды. Араларында теріс діни ағымдарының құрбандары да бар. Сарапшылар жүргізген сауалнаманың қорытындысын шығару барысында, өкінішке қарай, әйелдердің 70-75 пайызы өздерінің жолдастарына психикалық зорлық-зомбылық көрсетіп келгендерін білмейтінін анықтады. Шынайы зорлық-зомбылықтың құрбандары 10 пайыздан аспады. Және басқа да дамыған елдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты статистикасына үңілер болсақ, шынайы 100 жағдайдың 10 пайызы ғана нағыз абьюзерлікті көрсетеді. Ол дегеніміз психикалық ауытқуы бар, өз-өзіне жауап бере алмайтын, қатігездікпен айуандыққа баратын азаматтардың іс-әрекеттері. Қаншама елдердегі зерттеулер қорытындысы осы 10 пайыздан аспай келеді.
Сонда қалай, бізде қалайша абьюзерлік оқиғалар күн санап көбейіп тіркеліп жатыр деген сауал туындайды? Осы жерде біз ойлануымыз керек. Бәлкім, біздегі жағдайлар отбасындағы зорлық-зомбылық емес, отбасындағы ұрыс-керіс болар. Отбасы болғаннан соң «ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды». Әр отбасындағы ұрыс-керісте жаппай ер азаматтың қолын қайырып ұстатып қамата беруге бола ма? Болмайды. Бұл мәселеде де бізге білікті әлеуметтік қызметкерлер керек. Қоңырау түскен бойда учаскелік полиция қызметкерлері оқиға болған орынға барып, жәбірленушінің арызын алады. Сол негізде жолдасын қамауға алады. Егер арызын қайтарып алатын болса, айыппұл төлейді. Учаскелік полиция қызметкері жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізбейді, анкеталық сауалдар қоймайды. Ал әлеуметтік қызметкер өзі заңгер, өзі педагог, өзі дәрігер, өзі адвокат, өзі психолог болған соң алдымен протокол жасайды. Екі тарапқа да түрлі сауалдар қоя отырып, анкета алады. Басқа да мамандар керек болса, шақыртады. Егер де білімдері жеткіліксіз, заңдардан хабары жоқ жас отбасылар болса, оларға заңдарды түсіндіреді. Осылай жан-жақты көмек қолын созады. Өзара дұрыс диалогқа келе алмай жүрген ерлі-зайыптыларға бір-біріне өздерінің талаптарын дипломатиялық түрде жеткізу керектігін айтып ескертеді. Бірінші протоколды осылай толтырып, екіншіде арнайы комиссиямен келіп толтыратындарын айтып түсіндіреді. Кейін бір айдан үш айға дейін бақылау жұмыстарын жасайды. Осы аралықта кімнің физикалық абьюзер, кімнің психикалық абьюзер екендігі белгілі болады. Физикалық абьюзерлердің іс-әрекеті бірден көзге көрініп қалады. Ал психикалық абьюзерлердікі көріне бермейді. Бәлкім әйелі ер азаматын кемсітіп, сөзбен намысына тиетін шығар. Бәлкім, әйелдік міндетін атқармайтын шығар. Осылардың бәріне диагностика жасау арқылы анықтап алуымыз керек. Тек бір учаскелік полиция қызметкерінің мойнына бәрін іліп қоймай, мамандандырылған көзқараспен диагностика жасалынып, шынайы зорлық-зомбылық па, әлде отбасылық ұрыс-керіс пе екені анықталуы керек. Содан кейін ғана шешім шығарылса, дұрыс болмақ.
Биыл үйленген әрбір екінші жұп ажырасуда
- Егер жаңа Заңға өзгертулер енгізбесек, оның тигізер зардабы қандай болмақ?
- Егер Заң осы қалпымен кете беретін болса, ажырасатындардың саны көбейеді. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жыл ажырасқандардың саны екі-үш есеге көбейіп кетті. Өткен жылы үйленген әрбір үшінші жұп ажырасса, биыл үйленген әрбір екінші жұп ажырасуда. Ең қорқыныштысы, некелесу саны екі есе төмендеген. Ол төмендесе не болатынын білесіз бе? Туу көрсеткіші төмендейді. Біз Еуропаның халық санына күліп келдік, он жылдан соң біздің олардың аяғын құшып қалмауымызға кім кепіл?! Шынайы олардың статистикасы бойынша халқының 35 пайыздан астамы 70-тен асқан қарттар. Өзіңіз ойлап көріңізші, әрбір үшінші адам қарт кісі. Ойласаңыз, қандай қорқынышты. Ал біздікі 11 пайыз деп кеудемізді ұрдық, ал туу көрсеткіші төмен болса он жылдан соң не болмақпыз? Ол мемлекетке салмақ болады. Оларды кім асырап бағады? Зейнетақыларын кім төлейді? Кім? Ал қазір Еуропаны құтқарып жатқан Палестина, Иран, Ирактан келіп жатқан босқындар... Бұл бірінші жағдай.
Екіншіден, ер азаматтарымызды жаппай қамата берсек не болмақ? Бас бостандығынан айырылған азаматтардың саны көбейеді. Олардың көбеюі – мемлекетке үлкен салмақ. Оларды асырап, бағу керек. Оларды түрмеден шыққаннан соң, қайтадан әлеуметтендіру керек. Жұмысқа орналастыру қажет. Олар өз отбасыларына қайта барып қосыла ала ма, жоқ па? Өш алу, кек алу сынды жағдайлар да орын алуы мүмкін. Статистика бойынша сондай болжамдар болады. Сондықтан да біздің, яғни әлеуметтанушылардың көзқарасы бойынша бұл заңға механизмдер енгізу керек. Бұлай тисе терекке, тимесе бұтаққа деп заң қабылдауға болмайды.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Авторы: Мара КЕЛЕС