Валюта бағамы
  • USD -

    529.3
  • EUR -

    551
  • RUB -

    5.15
Үкіметте экономикасының өсу қарқыны 4,2%-ды құрағаны айтылды
12 наурыз 2024
Үкіметте экономикасының өсу қарқыны 4,2%-ды құрағаны айтылды

Үкімет отырысында 2024 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,2%-ды құрағанын мәлімдеді. Қаңтар айында көрсеткіш 3,9% болған. 

Нақты сектордағы оң динамика 5,1%-ға, қызмет көрсету саласындағы динамика 3,5%-ға жетті. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі ең жақсы өсімді көрсетіп отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7,9%-ды құрады. Олардың көлемі құрылыста 2,7 есеге, білім беруде 56%-ға, көлік пен қоймалауда 47%-ға, ақпарат пен байланыста 45%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 37%-ға, ауыл шаруашылығында 12%-ға өсті.

Алдын ала қорытындылар бойынша 2024 жылғы қаңтарда республиканың сыртқы сауда айналымы $10 млрд-тан асты. Экспорт шамамен $6 млрд-ты құрады, ондағы өңделген тауарлар экспорты $1,6 млрд, ал тауарлар импорты $4 млрд болды. Жалпы ҚР-ның оң сауда балансы $1,7 млрд-қа тең.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 3,2 трлн теңге кіріс түсті – жоспар 102,5%-ға орындалды. Республикалық бюджет 1,9 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 1,3 трлн теңгеге толықтырылды. Есепті кезеңдегі мемлекеттік бюджет шығыстары 96,6%-ға орындалды.

Премьер-Министрдің айтуынша, барлық негізгі макрокөрсеткіш Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өсті. Ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында байқалып отыр.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өңірлерге инвестициялар тарту, құрылыс қарқынын арттыру, ауыл шаруашылығын және басқа да салаларды дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады.

Үкімет басшысы қазіргі таңда өсу қарқыны сақталып отырғанын, дегенмен динамиканы арттыра түсу қажет екенін айтты.

«Министрліктер мен өңірлердің бірінші басшылары Жоспарды сапалы әрі уақытылы іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Үкімет жұмыла жұмыс істеп, экономиканың барлық саласы тиімді үйлестіруі керек», — деді Олжас Бектенов. 

Премьер-Министр әрі қарай инфляциялық қысымды төмендету керектігіне назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр.

«Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Демек бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді», — деді Үкімет басшысы.

Жалпы өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркеліп отыр.

«Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, тиісті шешім қабылдау үшін маған дереу баяндауыңызды сұраймын», — деді Олжас Бектенов. 

Үкімет басшысының айтуынша, осы бағыттағы жұмыста тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісімдер жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керек.

Сонымен қатар импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажет.

«Әкімдер делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыруға тиіс. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындауды тапсырамын», — деді Премьер-Министр. 

Сондай-ақ Олжас Бектенов инвестициялар тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Қазіргі кезде тозу деңгейін азайту үшін электрмен, жылумен және сумен жабдықтау желілерінде белсенді түрде жұмыс жүргізілуде.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жөндеу және реконструкциялау жөніндегі барлық іс-шара сапалы жүзеге асырылып, уақтылы аяқталуға тиіс. Бұл ретте сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдауға барынша басымдық берілуі қажет. Сондай-ақ әзірленіп жатқан Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарда тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін нығайтуға бағытталған жобаларды көздеген жөн», — деді Үкімет басшысы. 

Оның айтуынша, экономикалық саясат басымдықтарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін кезең-кезеңмен қысқарту және баршаға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осы саясатты іске асыру кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға беру арқылы сүйемелденуге тиіс. 

«Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылдың соңына қарай Жалпы ішкі өнімнің 14%-ына дейін қысқартуға тиіспіз. Биыл Кешенді жекешелендіру жоспарын 90%-ға іске асыру қажет», — деді Олжас Бектенов. 

Қорытындылай келе, Премьер-Министр Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру жөніндегі тапсырмасының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Бұл шаралар нарықтық бәсекелестікті дамытуға, жекешелендіруді тиімді жүргізуге және квазимемлекеттік секторды реформалауға бағытталуға тиіс.

RELATED NEWS
Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға ұшатын жаңа бағыттар ашылады
19 ақпан 2024
Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға ұшатын жаңа бағыттар ашылады

Қазақстан мен Оңтүстік Корея елдері арасындағы әуе рейстерінің саны артып, жаңа әуе бағыттары ашылады. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлайды.

ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың Корея Республикасы Жер, инфрақұрылымы және көлік министрінің орынбасары Юн Санг Лимен кездесті. 

Кездесу барысында тараптар Астана мен Сеул арасындағы рейстерді қайта бастау, Алматы – Сеул бағыты бойынша орындалатын рейстерді ұлғайту, сондай-ақ Шымкенттен Сеулге және Пусан мен Қазақстан қалалары арасындағы рейстерді ашу мәселесін талқылап уағдаласты. 

Сонымен қатар Талғат Ластаев T' Way төмен бюджеттік әуе компаниясының және Sirius Airlines жүк әуе компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында кореялық тасымалдаушылар Қазақстанға ұшуға ниетті екенін білдірді.

Мұнайдың әлемдік бағасы күрт төмендеді
09 наурыз 2020
Мұнайдың әлемдік бағасы күрт төмендеді

 Лондондағы ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнай бағасы 2020 жылғы мамыр айындағы жеткізілімдер бойынша 33,4 пайызға құлдырап, барреліне 33,94 доллар болды.

 

Соңғы рет мұнай бағасы 2016 жылғы ақпанда баррелі 34 доллардан төмен болған еді.

Сәуір айында фьючерстер бойынша WTI маркілі мұнай бағасы 27,1 пайызға кеміп, баррелі 32,48 доллар болды.

Мұнай ОПЕК+ елдерінің Венадағы келіссөздер қорытындысында короавирус салдарынан сұраныстың төмендеуіне байланысты мұнай өндіру көлемін қысқартуға келісе алмағандығы белгілі болғаннан кейін күрт төмендеп жатыр.

Мобильді аударымдар қандай жағдайда тексеріледі
09 қаңтар 2024
Мобильді аударымдар қандай жағдайда тексеріледі

Астананың Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқарма басшысының міндетін атқарушы Әнуар Бекжұманов мобильді аударымдар қандай жағдайда тексеруге алынатынын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазіргі уақытта 2022 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитетіне үш ай қатарынан жеке банктік шоттарына әр түрлі 100 тұлғадан түскен аударымдар туралы ақпарат келіп түсті. Бұдан былай банктер тек белгіленген критерийлерге сәйкес келетін тұлғалардың деректерін әр жыл бойынша беріп отырады. Ал мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталып отыр. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғаларды ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі», - деп түсіндірді Әнуар Бекжұманов Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде. 

Оның айтуынша, жеке тұлғалар өздерінің туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек және басқа да өмірлік жағдайлар үшін мобильді аударымдарды жасап, қабылдай алады. Алайда, мұндай аударымдар бір реттік болғандықтан, оны декларациялаудың қажеті жоқ.

«Осы ретте кәсіпкерлерге төлемдерді арнайы бизнес шоттарына қабылдау ұсынылады. Кәсіпкерлер төлем карточкаларымен төлем қабылдаудан бас тартқан жағдайда алғашында әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) айыппұл салынады (ӘҚБтК 194-бабы).

Анықталған бұзушылықтар туралы ақпаратпен хабарламалар жіберіледі. Салық төлеуші бұзушылықтармен келісетін болса, ол жеке кәсіпкерді тіркеуге немесе табыстың декларацияланбаған сомасын көрсететін қосымша декларация ұсынуға тиіс. Ал егер салық төлеуші бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ол бұзушылықтардың жоқтығы туралы түсініктеме және оны растайтын құжаттарды беруге құқылы», - дейді спикер.

Жеке кәсіпкерді тіркеусіз қызмет жасағаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде, ал қайталанған жағдайда – 300% айыппұл салынады. Чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Әнуар Бекжұманов бұл бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтінін жеткізді.

Еске сала кетейік, Салық кодексіне сәйкес, Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді және төрт кезеңде өткізіледі. 

2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайлары декларация тапсыра бастады, онда 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша деректер көрсетіледі. 

2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, 2025 жылдан бастап – азаматтардың қалған санаттары, яғни, елдің барлық ересек тұрғындары декларация тапсырады. 

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда 10 мың АЕК-тен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Қазақстан аумағынан тыс мүлік, бұл жер учаскелері, үйлер, кеңселер, шетелдік банктердегі банктік шоттардағы ақша, Қазақстан аумағынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесі, бағалы қағаздардың болуы туралы мәліметтер, дебиторлық, кредиторлық берешек, мұнда банктерге және банктерге берешекті қоспағанда, құжат нотариалды куәландырылған болуы тиіс.

Қазақстанда тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік, банк шоттары сияқты мәліметтер уәкілетті органдарда бар болғандықтан декларацияда көрсетілмейді. 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.