Валюта бағамы
  • USD -

    524.1
  • EUR -

    616.5
  • RUB -

    6.57
Уақыттың 1 сағатқа шегерілуі ағзаға айтарлықтай көп өзгеріс әкелмейді - дәрігер
Фото: Kazinform 19 шілде 2024
Уақыттың 1 сағатқа шегерілуі ағзаға айтарлықтай көп өзгеріс әкелмейді - дәрігер

Биыл 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне өткен еді. Жаңа уақытқа қарсы шыққан тұрғындар петиция жариялап, қажетті 50 мың қолды жинады. Жаңа уақыт белдеуі шынымен ағзаға зиян ба? Бұл сұраққа Астана Медицина университетінің Профилактикалық медицина ҒЗИ ғылыми қызметкері, петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Жанна Нұрберген жауап беріп, Kazinform тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

− Жанна Нұрбергенқызы, осы күнге дейін уақыт белдеуіне қатысты түрлі ғалымдарды тыңдап келдік. Енді сіз дәрігер тұрғысынан айтыңызшы, уақыт белдеуін ауыстыру шешімі дұрыс болды ма? Бұл қазақстандықтардың ағзасына қалай әсер етті?

 Жалпы уақыттың бір сағатқа шегерілуі ағзаға айтарлықтай көп өзгеріс әкелмейді. Бірақ қазір петиция жарияланып, кей тұрғындар уақытты кері қайтаруды талап етіп отыр. Олар түрлі дәрігерлер мен ғалымдардың сөздерін алға тартып, жаңа уақыттың адам ағзасына зиян екенін дәлелдегісі келеді. Мұндағы мәселе – халқымыздың басым бөлігі ерте жатып, ерте тұруға үйренбеген. Сол себепті оларға таңның ерте атқаны қолайсыз. Сағат 22-де ұйықтап, 5-те тұратын кез келген адамнан жаңа уақыттың қалай әсер етіп жатқанын сұрасаңыз, еш әсер байқамағанын айтады. Өйткені оларда биологиялық режим қалыпты жүріп жатыр. Қалыпты ұйқы үшін адам сағат 22.00-де ұйықтап қалуы керек. Бізде түнгі жүріс көп, сағат 2-ге дейін отырады да, ұйықтайын десе таң атып жатады.

Расымен де астаналықтар қазір ерте жатып, ерте тұруды үйренді. Мысалы өзім көпбалалы анамын, жер үйде тұрамыз. Бұрын түнгі 10-11-ге дейін дала жарық боп тұратын, балаларды үйге кіргізе алмайтынбыз. Ал қазір 9-да қараңғы түседі, балалар үйде отырады, уақытында ұйқыға жатады, бұл қай жағынан алып қарасаң да ыңғайлы.

− Бұл жерде Шығыс Қазақстан халқы көп шағым айтып жатыр ғой. Сағат 2-де таң ағарып ата бастайды, ұйқыны ашып жібереді деген уәж бар. Бұған не дейсіз?

 Иә, уақтылы ұйықтау мәселесі Шығыс Қазақстан халқына да қатысты. Егер адам кешкі 10-да ұйқыға жатса, таң 2-де атты ма, 3-те атты ма – азға оны сезбейді. Өйткені терең ұйқыда жатқанда азғада мелатонин гормоны бөлінеді. Сол мелатонин ағзамызға жеткілікті көлемде жиналған соң, оның орнына стресс гормоны кортизол бөлінеді. Кортизол бізді ұйқыдан оятады.

Қазір 2-де жарық басталса, бұрын 3-те таң атып келген, айырмашылық 1 сағат қана. Бұрын оянбаған адамдар неге қазір оянады? Мұндағы басты себеп – адамдардың кеш ұйықтауы. Кешкі 9-10-да адам ағзасы ұйқыға дайын тұрады. Бұрын сағат жоқ замандарда адамдар күннің атуы мен батуына сай өмір сүрді. Ал біз қазір қараңғы батса да, ұйқыға асықпаймыз, адамдар көшеде қыдырып жүреді, смартфон секілді девайстарға назар ауып кетеді. Сондықтан ағза жұмысын бірқалыпты ұстау қиындады.

часы
Фото: pixabay.com

− Ел тұрғындарында жаңа уақытқа бейімделу қалай өтіп жатыр? Петиция жазушылар соңғы 4 айда созылмалы аурулар, диабет көбейгенін айтады... 

 Ондай статистика жоқ. Керісінше қазіргі таңда аурулардың азаюы байқалады, әсіресе стационарға қаралу азайған. Негізі салауатты өмір салтын ұстанбаған, дұрыс ұйқы режимі болмаған адамдарда бейімделу қиындау өтеді. Уақытында ұйықтап, түнімен телефон қарамай, теледидар көрмей, дұрыс режимде ұйықтаса еш мәселе болмайды.

Жалпы ұйқы – кез келген адам үшін ем. Дәрігер ретінде ұйқының маңыздылығын бұрыннан айтып келе жатырмын. Күні бойы түрлі эмоцияны бастан кешеміз, ашуланамыз, шаршаймыз. Ал ұйықтағанда ағзамыз қалпына келеді, қайта жаңарады. Тіпті семіздік, дәрумен жетіспеушілігі байқалса да, бірінші ұйқыны реттеу керек.

Петицияның бір жақсы тұсы – адам денсаулығына баса мән беріліп жатыр. Петиция болмаса, адамдар дұрыс режимді қолға алмай, «уақыттың ауысқаны зиян болды-ау» деп ойлап жүре берер еді. Қазір керісінше халыққа денсаулықты күту туралы дұрыс ақпаратты жеткізе алатын мүмкіндік туды.

− Сағат белдеуін ауыстырарда «Циркадтық ырғақ» ұғымын көп естідік. Мұны оқырманға қарапайым тілмен қалай түсіндірсек болады?

 Түнгі уақытта, қараңғы түскенде ағзамызда мелатонин гормоны бөліне бастайды. Ондайда адам есінеп, ағза ұйқыға дайын екенін білдіреді. Менің үнемі айтып жүретін қағидам – мелатонин бөлініп жатқанда адам бар шаруасын тастап, ұйқыға жатуы керек. Түнгі 12-ден кейін терең ұйқы фазасы басталады, мелатонин мейлінше көп бөлініп, ағзамыз қалпына келеді.

Мысалы, жас босанған әйелдерді алып қарайықшы, бала күтімінен ұйқысы қанбай, күні мен түні ауысып кетеді. Түнгі ұйқы бұзылған, мелатонин дұрыс бөлінбеген, салдарынан ағзада кортизол өте көп болады. Сол үшін көптеген жас аналарда гормоналды бұзылыс, артық салмақ, стресс, босанудан кейінгі депрессия байқалады. Бәрі сол кортизол гормонының әсерінен, циркадтық ырғақтың бұзылуынан.

Мелатонин гормоны барлық жастағы адам үшін өте маңызды. Петиция жариялағандар ішінде бір әйел мелатонинді биологиялық белсенді қоспа түрінде ішуге болатынын алға тартты. Әрине, қосымша қабылдауға болады, бірақ синтетикалық мелатонинге тәуелділік өте қауіпті. Ол стресске, жүйке жүйесінің бұзылуына, ұйқысыздыққа әкелуі мүмкін. Оның орнына дұрыс ұйықтап, табиғаттың өзі берген дайын мелатонинді неге алмасқа?

Мэри Карскадон
Фото: видеодан алынған кадр

− Ал жақында америкалық хронобиолог Мэри Карскадон қазақстандықтар уақыт белдеуі ауысқаннан бері «jet lag жағдайында жүр» деп пікір білдірді...

 Мен олай айтпас едім. Өйткені адамның биологиялық сағаты ауыспайды – кеш батқанда біздің ағза ұйқыға дайындалады, таң атқанда оянамыз. Үнемі солай болған. Біздің ағзамызды ештеңе өзгерте алмайды. Басында сағат белдеуін ауыстырарда оның денсаулыққа әсері зерттелді. Қазақстанның батысына барып-келіп жүрген адамдардың денсаулығында еш айырмашылық болмайтын.

Негізі М. Карскадон көп нәрсені дұрыс айтады. Бірақ оның айтқан фактілері бұрмаланғанын байқап отырмыз. Ол уақыттың бір сағатқа кейін шегерілуі ерте тұратын адамдарға ғана тиімді, ал көбіне ыңғайсыз деп айтқан. Иә, расымен де америкалық ғалым денсаулыққа зиян деп тұрған жоқ, тек ерте жатып, ерте тұратын адамдарға ғана тиімді деп отыр. Онда проблема неде? Денсаулық дұрысталсын десек, кез келген аурудың профилактикасы – дұрыс ұйқы, дұрыс тамақ, спорт емес пе? Тіпті уақытты қайтадан бұрынғы қалпына келтірсек те, адамдар бәрібір түнімен ұйықтамаса, пайдасы болмайды. Бұл жерде уақыттың бір сағатқа шегерілуі денсаулыққа еш әсерін тигізбейді. Тек қана адамдар денсаулығын күтуді бастап, режимді дұрыстауы керек.

− Петиция авторларының сағат белдеуі ауысса, күн көзін көрмейміз, Д3 витамині дефициті көбейеді деген уәжі бар. Мұны қалай шешеміз?

 Мен Д витаминін өте көп зерттеген нутрицолог-маманмын. Нақты Д3 дәрумені ағзаға екі жолмен түседі. Біріншісі – күн сәулесіндегі ультрафиолет терімен жанасып, эпидермиске барып синтезделеді. Екінші жолы – тұтынған тағам арқылы түседі. Осы күн сәулесінен түскен Д2 мен тағамнан алған Д витамині қосылып, ағзада Д3 дәруменін түзеді. Демек, адам таңнан кешке дейін күннің астында жатса да, Д3 дәрумені оңайлықпен пайда болмайды. Д3 дәрумені сіңу үшін пайдалы майлар, үйдің жұмыртқасы, балық, сары май секілді дәруменге бай тағамдар жеу керек және 15 минут далада серуендесе жеткілікті.

Тағы бір қызықты дерек, тіпті күні ыстық Африканың өзінде халықтың 80 пайызында Д3 дәрумені тапшы. Өйткені ол жақта тамақтануға қатысты проблема бар. Дұрыс тамақтану болмаса, кез келген биологиялық қоспа, дәрумен көмектеспейді. Күн сәулесінің бір сағатқа азаюы да Д3 дәруменінің тапшылығына әкелмейді. Мұндағы басты назар – тамақтануда болуы керек.

жұмыс тобы
Фото: Ж. Нұрбергеннің жеке мұрағатынан

− Қазір дәрумендер жарнамасы қаптады, оны өз бетінше іше беретіндер туралы айтып өтейікші, дәрумен таңдаудың дұрыс жолы қандай? 

 Қазір биологиялық белсенді қоспалардың кең тараған уақыты. Көптеген қоспаның арасынан синтетикалық емес, табиғи түрлерін мұқият таңдау керек. Мысалы минерал, теңіз балдырлары немесе шөптен жасалған, жеміс-жидек пен көкөністерден жасалғандары бар. С витамині цитрустан алынуы керек, бұл қымбат әрі ұзақ процесс болғандықтан, аскорбин қышқылы секілді 200-300 теңге тұрмайды.

Қазір көптеген дәрігерлер кеңестік жүйемен кез келген биологиялық қоспаны құрамын тексерместен жазып береді. Тіпті, емханада инфекциялық аурумен ауырған балаға аскорбин қышқылын жазып береді. Аскорбин қышқылы – синтетикалық өнім, яғни табиғатта кездеспейтін, химиялық қоспалардан жасалған нәрсе. Бұл біздің ағзамызға қайшы, оған тек табиғи өнімдер ғана сіңімді. Сондықтан, білікті мамандардың көмегіне жүгініп, табиғи қоспаларды ғана алу керек.

Бірінші кезекте – сынама тапсырып, дефицитті анықтап алу керек. Мысалы С дәруменін, Д3, темір ішу керек болса, оның қанша көлемде қажеттігін де білу керек. Ал егер анализ тапсырмай, қолға түскен дәруменді кішкентай дозада іше берсеңіз, еш пайдасын тигізбейді, керісінше зиян болуы мүмкін.

− Біраз өзекті сұраққа жауап алдық. Сұхбат соңында оқырманға салауатты өмір сүру жолдарын айтып өтсеңіз...

 Профилактикалық медицинамен айналысатын дәрігер ретінде айтарым – болашақта ден сау болуы үшін, аурудың алдын алу үшін, әдемі қартаю үшін ең бірінші дұрыс тамақтану керек. Ауызға салған асқа мән беру керек. Екіншіден, дұрыс ұйқы режимі маңызды. Одан кейін әрине спорт, физикалық жүктеме болуы керек. Адам көбірек қозғалуы керек, күніне 10 мың қадам жүруі керек. Өйткені адамның ас қорыту-ішек жүйесі 10-12 метрге дейін созылып жатыр. Салыстырып қарасақ, адамның тұтас бойының өзі екі метрге жетпейді. Сол 12 метрден тамақ дұрыс қорытылуы үшін, токсин, шлак болмауы үшін қимыл-қозғалыс өте маңызды.

Жалпы қазір ас қорыту, бауыр, өт, жүрек-қан-тамыр, диабет аурулары жасарып келеді. Бұрын үлкен кісілерде ғана кездесетін аурулар қазір жасөспірімдерде, мектеп жасындағы балаларда белең алып барады. Бәрінің себебі тамақтануға келіп тіреледі. Дүкендерде химияға толы тағам өте көп. Шырын, фаст-фуд, жаңа туған нәрестеге беретін пюрелер, тәттілер – трансмайларға, канцерогенді заттарға толы. Мектеп жасындағы балалар да көше тағамына әуестеніп, ауруға шалдығып жатыр. Бұл болашақта адамдардың өмір жасының қысқаруына да әкеп соғады.

Мемлекет тамақ қауіпсіздігі үшін іс-шаралар жүргізеді. Ең өзекті мәселе – энергетикалық сусындар еді, біздің ұсынысымызбен 21 жасқа дейінгі жастарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынды. Жақында вейптің де сатылмауы жөнінде заң қабылданды. Тағамдар құрамына түрлі химиялық заттар ДСҰ бекіткен норма бойынша тәуліктік рұқсат етілген мөлшерде қосылады. Мәселен, қантсыз кока-колаға аспартам қант алмастырғышын қосады, бұл – Еуропа елдерінде тыйым салынған өте химиялық канцерогенді зат. Оны рұқсат етілген мөлшерде аз ғана қосады. Бірақ адам күніне 0,5 л коланы місе тұта ма? Күніне 4-5 банка энергетикалық сусын ішетін тәуелді адамдарды білемін. Сондықтан адам өз денсаулығын өзі қолға алып, дұрыс тамақтанса, дұрыс ұйықтаса, қимыл-қозғалыс жасаса, ағзаға артық ештеңе керек емес.

RELATED NEWS
Үміттің ұтысы: шымкенттік күзетші Әлібектің 54 миллион теңгелік жеңісі
29 қазан 2025
Үміттің ұтысы: шымкенттік күзетші Әлібектің 54 миллион теңгелік жеңісі

Үміттің ұтысы: шымкенттік күзетші Әлібектің 54 миллион теңгелік жеңісі

 

Шымкенттің қарапайым көшесі. Аспан көкшіл тартып, күн баяу ғана батып барады. Сол сәтте бір адам жұмыстан қайтып бара жатыр. Күн сайын күзет орнында отырған сол жігіттің жүрегі бүгін ерекше дүрсілдеп тұр. Ол — Әлібек.

Кеше бәрі бірқалыпты еді, бүгін өмірі басқа арнаға бұрылды. Себебі ол — 54 000 000 теңге ұтып алған адам.

 

— Саламатсыз ба, Әлібек?
— Саламатсыз ба.
— Ұтысыңыз құтты болсын.
— Рахмет.
— Сіз LOTO 6/49-да 54 миллион теңге ұтып алдыңыз.
— Дұрыс па?
— Дәл солай, — деді Әлібек, сенім мен күдік арасындағы күйде.

Ол — Шымкент қаласының тумасы. Қаланың шетінде орналасқан шағын мекемеде күзетші болып еңбек етеді. «Күнделікті жұмыс қалай?» десеңіз, ол сабырмен жауап береді:түнде күзет, күндіз тыныштық.
Бірақ дәл осы қарапайым адамның өмірінде үлкен өзгеріс басталды.

— Ұтыс туралы қалай білдіңіз? — деп сұрадық.
— Маған хабарласып, ұтып алғанымды айтты. Әуелде сенген жоқпын. Кейін бәрін тексеріп, расталған соң ғана қуандым, — дейді ол.

Қатыса бастағанына шамамен бір жарым – екі жылдай болған екен.
— Бұған дейін ұсақ соммаларды ұтқанмын. Сол жеңістер маған сенім берді, — дейді.

Билетті екі жолмен алады: жұмыста отырғанда онлайн, демалыс кезінде қағаз билет.

— Көбінесе өзім сандарды таңдаймын. Сүйікті сандарым бар, бірақ ол құпия, — дейді Әлібек күлімдеп.

 

Шымкент пен сәттілік: лотерея жеңімпаздарының мекені

Шымкент соңғы жылдары «жолы болған жандар» шыққан өңірлердің бірі.

Бұған дейін тағы бір шымкенттік тұрғын TeleBingo-да пәтер ұтқан, ал тағы бірі 5/36лотереясында 12 миллион теңге ұтып алған еді.

Ал кейде жолы болғандармен қатар, жолдан жаңылғандар да табылды. Бір тұрғын Instagram-да «жалған лотерея» ұйымдастырып, 96 миллион теңге заңсыз табыс тапқан. Тағы бір блогер заңсыз ұтыс ойнатып, сот үкімімен айыппұл төлеген.

Бұл — лотереяға қатысты үміт пен сенімнің шынайы бет-бейнесі ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік пен заң тұрғысынан сабақ болар жайт.

 

Қарапайым адамның үлкен арманы

Әлібектің жеңісі — жай ғана ақша емес, сенімнің жеңісі.
Күзет орнында отырған талай түнінде ол ойға шомып, «бір мүмкіндік болса ғой» деп іштей тілеген болар. Сол мүмкіндік бүгін есік қақты.

Бұл ұтыс — тағдырдың тосын сыйы емес, үмітін үзбегеннің сыбағасы.

Жолы болмай жүрген адамның жолы ашылуы үшін алдымен сенімі ашылу керек.

Әлібектің сенімі ашылды — соңы жеңіске ұласты.

Жеңіс жайлы хабар келгенде, оның көңіл-күйі күрт өзгерген.

— Алғаш естігенде сеніңкіремедім. Бірақ бәрі расталған соң ғана қуандым, — дейді ол.

Күмән мен қуаныштың арасындағы сол сәт — әр адам бастан кешетін ішкі арпалыстың айнасы сияқты.

Бүгін Әлібек — сабырлы. Отбасына бұл жаңалықты әлі айтпаған.
— Уақыты келгенде бөлісемін, — дейді.

Бұл сөздің артында да үлкен парасат жатыр. Өйткені, қуаныштың да өз уақыты, өз сабыры болады.

 

Жеңіс — жолдың соңы емес

Көп адам ұтысты өмірдің шарықтау шегі деп қабылдайды. Ал шын мәнінде — ол жаңа бағыттың басы. Әлібек те соны түсініп отыр.

— Бұл жеңіс өмірімді жеңілдетсе де, жауапкершілікті арттырады, — дейді ол.

Қарапайым күзетшіден үлкен жеңімпазға айналған ол — «сәті түскеннің» емес, «сенгеннің» үлгісі.
Оның хикаясы әр қазаққа ой саларлық:
еңбек пен үміт қатар жүрсе, нәтижесі міндетті түрде болады.

 

«Жүз ұтыс, бір көлік: LOTO 6/49-да алтын күзі»

Күз — тек жапырақтың сарғаюы мен аспанның сұрлануы емес. Бұл жолы ол — алтын мүмкіндік пен жаңа үміттің маусымы.
LOTO 6/49 лотереясы осы қарашаны нағыз халықтық мерекеге айналдырып отыр: 20 000 000 теңге көлеміндегі 100 ақшалай сыйлық пен жаңа кроссовер — осы маусымның басты олжасы!

Бұл жолғы науқан халық арасында жай ғана көңіл көтеру ғана емес, үміт пен әділдіктің мерекесіне айналмақ.

 

 

 

 

Қатысу қиын емес — бар болғаны 5 000 теңгелік билет алу жеткілікті. Билетіңіз онлайн да, қағаз түрінде де жарайды.
Сосын YouTube-арнадағы тікелей эфирде ұтыстың әр сәтін өз көзіңізбен көресіз.

Бірінші ұтыс — 31 қазан күні, сағат 22:00-де.
Ол күні 33 адам 200 000 теңгеден иеленеді.
Қатысу үшін 24 қазан 10:00 мен 31 қазан 21:45 аралығында билет алу қажет.

Екінші кезең — 7 қараша күні, сағат 22:00-де.
Тағы да 33 жеңімпаз өз сыйлығын алады.
Бұл жолы 31 қазан мен 7 қараша аралығында алынған билеттер қатысады.

Үшінші ұтыс — 14 қараша күні, сағат 22:00-де.
Соңғы кезеңде 34 адамға 200 000 теңгеден бұйырады.
Барлығы — 100 адам, және біреуі — жаңа кроссовердің иесі атанады.
Темір тұлпардың кілтін ұстау — кімге де болса арман емес пе?

 

Лотереяның артындағы үлкен миссия

LOTO 6/49 тек ұтыс емес — қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.Ұйымдастырушылар әлеуметтік жауапкершілікті басты қағида етіп отыр. Әр ұтыстан түскен операциялық табыстың 10% — ел спортының дамуына, тағы 10% — «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорына және 3% «Креативті индустрияны дамыту қоры» ұйымына бағытталады.

Демек, әр билет — тек үміт емес, елге пайда әкелетін үлес.
Бұл — ойыннан асып, қоғамға қызмет етудің жаңа формасы.

 

LOTO 6/49 — бүгінде кездейсоқтықтың емес, үміттің брендіне айналды. Әлібектің жеңісі соның айғағы. Алда тағы жүздеген мүмкіндік тұр. Кім біледі, келесі жолы дәл сіздің билет нөміріңіз жеңімпаздар қатарынан табылар. Ел ішінде жиі айтылатын бір сөз бар:«Жолы болмаған адам жоқ, тек өзіне сенбеген адам бар.»

Сол сенім бар жерде ұтыс — ертегі емес, өмірдің өз көрінісі.
Ендеше, алтын күзді құр тамашалап қана қоймай, өз сәтіңізді сынап көріңіз.

Өйткені, LOTO 6/49 — бұл жай ғана лотерея емес,
үміт пен жауапкершіліктің ұтқыр символы.

 

Қорытынды орнына

Біз ulys.kz оқырмандарына осы оқиғадан бір ғана ой түйеміз:
үміт бар жерде мүмкіндік бар. Сенім бар жерде нәтиже бар.
Күнделікті тіршіліктің арасында адамды ұстап тұратын бір-ақ нәрсе — үміт.
Сол үміт сөнбесе, жеңіс кешікпейді.

Әлібек сияқты адамдар — өмірдің нағыз батыры.
Ал тағдыр кейде дәл сондайларға тосыннан бақыт ұсынады.

Жеңіс — соңғы аялдама емес. Ол — жаңа сапардың бастамасы.
Сондықтан, біз де Әлібекке табыс, береке және ақ жол тілейміз.
Ал сіз, қадірлі оқырман, есіңізде сақтаңыз:

Үміт үзілген күні ғана жеңіс алыстайды.

«Жыраулардың киесін тірілту – біздің мақсатымыз»
30 қыркүйек 2024
«Жыраулардың киесін тірілту – біздің мақсатымыз»

 ҚР еңбек сіңірген қайраткері, талантты жыршы   Елмұра  Жаңабергенмен сұхбат

 - Елмұра Манасқызы, өнер сүйер қауым сіздің қазақ сахнасын 35 жылдай дәстүрлі әніңізбен қатар жыршылық өнеріңізбен де тербеп келе жатқаныңызды біледі. Әңгіме басында айта кетіңізші, адами құндылықтар өзгеріске ұшырап жатқан қазіргі жаһандану дәуірінде жыршылық өнерге деген халықтың ықыласы қалай?

-  Кезінде ата-бабаларымыз қандай ауыр заман, қандай қиын саяси төңкерістер болып жатқанның өзінде жыраулық өнердің мәртебесін биік қойған. Қазіргі таңда өзін қазақпын дейтін әрбір азамат бұл өнерді жоғары бағалап, ерекше ықылас-ниеттерін білдіріп жатады. Десек те, қазіргі жаһандану дәуірінде өскелең ұрпақтың талғамы өзгеріп жатқанын бәріміз де көріп-біліп жүрміз. Осы ұрпаққа ұлттық құндылығымыз саналатын дәстүрлі жыршылық өнерінің мәртебесінің қашанда биік екенін саналарына сіңіру үшін біраз насихаттың керегі рас. Мен телеарналардан жыршы, термешілерге арналған арнайы бағдарламалар ашылса екен деймін. Көптеген концерттер ұйымдастырылып, байқаулар да жиі өткізіліп тұрғанын қалар едім. Бүгінде өткізіліп жүрген жыршы-термешілерге арналған байқаулардың жүлделері мардымсыз. Шумақ-шумақ жырлар жаттап жырлайтын оларға көлік, үй тіксе де көп болмас еді. Жыраулардың киесін тірілту – біздің негізгі мақсатымыз болуы керек.       

- Осы мақсатта нақты қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

Шамамыздың келгенінше жасап жатқан істеріміз көп ғой. Соның біріне тоқтала кетейін. Елордадағы Ұлттық өнер университетінде дәстүрлі ән кафедрасының ішінде жыраулық дәстүр мамандығы бар. Мен ұзақ жылдан бері осында ұстаздық етіп келемін. Негізі жыраулық өнер өз алдына жеке кафедра болатындай мүмкіндігі бар. Ректорымыз биыл осыны қолдап, министрлікке ұсыныс жасады. Алдағы уақытта ол оң шешімін тауып, дәстүрлі жыр мамандығы өз алдына үлкен бір кафедра болып қалар деген үмітіміз бар. Негізі елімізде жыраулық академия ашылса да артық болмас еді.

- 2015 жылы Астана қаласындағы "Қазақстан" концерт залында «Аралым айдын шалқарым» атты ән-жыр кешіңіз өте жоғары деңгейде өткен еді. Өткен жылы да шығармашылығыңыздың 35 жылдығына орайы біраз мәдени іс шаралар өткізілді. Осы туралы айта кетсеңіз?  

- Биыл менің сахнада жүргеніме 36 жыл толып отыр. Оны мен 17 жасымнан бастап есептедім. Былтыры шығармашылығымның 35 жылдығына орай Өнер университеті «Ұстаз тағылымы» атты жыр кешімді ұйымдастырып берді. Оған республикамыздың әр өңірінен ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері С.Жанпейісова, А.Қосанова, А.Исатаева, А.Елшібаева, К.Төленбаева, Г.Сарина, А.Балажановалар мен ҚР Мәдениет қайраткерлері Р.Сүлейменова, Ж.Даңылбаевалар сынды өнер иелері шақырылып, әннен шашу шашты. Сонымен қатар, Д.Жолымбетов, А.Тәңірбергенов, М.Сәрсенбаева, А.Ноғайбаева, М.Сүгірбаев сынды жыршы шәкірттерім өз өнерлерін көрсетті. Елімізге белгілі күйші Б. Дүйсенғазиев маған арнаған "Елмұра" күйін тарту етті. Ақиық ақындар С.Тұрғынбеков, Ш.Сариев, Ш.Ділдебаев, Қ.Сарин, С.Досжановалардың шығармашылығыма арналған өлеңдері оқылды. Бұл концерттің бір ерекшелігі төрт сағатқа созылғаны. Соның ішінде Мәулімнияз, Едіге, Орақ Мамай, Сартай дастандарынан үзінділер орындалды. Мен лық толы залдағы көрермендердің төрт сағат бойы қозғалмастан отырып, жыр тыңдағандарына риза болдым. Ел-жұртымның менің әнімді сағынып қалғанын байқадым. Осы «Ұстаз тағылымы» атты жыр кешімді кейін Қызылорда, Ақтау қалаларында өткіздім.

Сонымен қатар осы кеште  "Арал, Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі" тақырыбында жазылған ғылыми монографиям жарық көріп, тұсаукесерін жасадық. Оған жан-жақтан келген академиктер мен ғалымдар қатысты. Академиктер Б.Омаров, О.Жолмұрзаевтар мен А.Шәріп, Ә.Бәрік, Ж.Мәлібеков, А. Алматов, С.Елеменова, Р.Нұртаза сынды өнертанушы ғалымдар болды. Осылай 2023 жылдың 25-мамырында өткен кешіміз өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.  

- Қателеспесем, «Дүрлердің дүбірінен жеткен дауыс» атты шығармашылық концертіңіз де былтыры өткен еді ...

- Дұрыс айтасыз, өткен жыл менің шығармашылығым үшін өте табысты жыл болды.  Ол концертім 2023 жылдың желтоқсанында "Көшпенділері үні" халықаралық фестивалінің аясында өтті. Халықаралық деңгейде өткен "Дүрлердің дүбірінен жеткен дауыс" атты  жеке шығармашылық кешім Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» орталық концерт залында болды. Концертке ұлттық өнер орталығының әртістері, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі және ҚР МКҚ Президент оркестрі, «HASSAK» этно-фольклорлық тобы және шет елдік қонақтар А.Сұлтанбеков (Түркия Республикасы), Ферияль Башель (Түркия Республикасы), Альпер Кырача (Түркия Республикасы), Роза Аманова (Қырғыз Республикасы), Гүлнәр Алламбергенова (Қарақалпақстан Республикасы) және фольклортанушы ғалым, эпик жыршы Берік Жүсіпов, әнші Асқар Мұқият, Салтанат Ерсұлтан сынды өнер майталмандары қатысты. Маған арналған "Елмұра" күйін оркестр, ал дүниеден өткен ата-анама арнаған өзімнің күйімді "Астан сазы" орындады. Мен көптен бері орындалмай келген шығармаларымды айтып, халқыма тарту еттім. Ақын, шайыр, ұстаз Нұртуған Кенжеғұлұлының "Қанекей сөйле, қызыл тіл" шығармасын шет елден келген достарыммен бірге бірігіп орындап, халықты дүр сілкіндіріп, көрермендерді орындарынан тұрғыздық. Әсерлі мұндай концертті еліміздің әр қаласында өткізуге болатындай еді, әттең оған қолдау болмады. Осы концертті өткізуге қолдау көрсеткен сол кездегі Мәдениет министрі А.Райымқұловаға және Роза Бағланова атындағы "Қазақ концерт" ұжымы мен жетекшісі Тайыр Қаратайұлына мың да бір алғысымды білдіремін. Сөздің реті келіп тұрғанда айта кеткенім дұрыс болар, мен Өзбекстанда өткен Халықаралық «Бахшы» жыраулар сайысында екінші орын алдым. Жақында Арал ауданының Құрметті азаматы атандым.

- Қазіргі таңда дәстүрлі жыршылық өнердің насихатталуы қалай?

- Бүгінде жыршылық өнердің насихатталуы керемет немесе нашар деп айта алмаймын. Бірақ, оларға мемлекеттік тұрғыда үнемі қолдау жасалынып, насихатталып тұруы керек. Дәстүрлі жыршылық өнерді дәріптеп, насихаттап жүрген өнер иелері өте азбыз. Осы өнеріміз ертеңгі күні тек қана мұражайларда тұрып қалмаса екен деймін. Алда үлкен технологиялық дамыған қоғам келе жатыр. Осындай қоғамдағы адамдардың рухани ой-өрісі, бойындағы күш-қуатының бәрі робот тектес болып қалмаса екен. Адамзаттың өзінің даму жолында рухани күш-қуаты өз бойында болып, елін-жерін, отанын сүйетін үлкен тұлғалар қалыптасып, қазақылығымыздан айырылып қалмасақ екен деген зарым бар.

Кезінде Тұңғыш президент бізді ұлттық құндылықты дәріптеу мақсатында Алматыдан арнайы шақыртумен алдырған еді. Тәуелсіз еліміздің қалыптасу жолындағы қаншама мәдени іс-шараларда өнер көрсеттік. Өкініштісі, соңғы кездері жыршылық-термешілік өнерге деген немқұрайлылықты байқайтындаймын. Жақында ғана "Көшпенділер ойыны" халықаралық фестивалінің бірде-бір мәдени іс-шарасына біз шақырылмадық. Басқа да мемлекеттік деңгейде өтіп жатқан мәдени шараларға шақыртуларды аз алып жатамыз. Ұлттығымызды ұлықтайтын жыршылық өнердің мәртебесі қашанда биік болып келген. Ол қазақтың қанымен, жанымен біте қайнасып келе жатқан өнер. Ол өмірімізден өше бастаса қазақилығымыздан айырылып, ұлттығымызды жоғалта бастарымыз хақ.

- Бір әңгімеңізде «қазіргі коуч, тренер, психологтардың айтып жүргендерін кезінде жыршылар айтып тастаған» деп едіңіз...

- Біздің ұлттық құндылығымыздың бәрі - жыр-дастандарымызда, терме-толғауларымызда насихат, өсиет, қаншама ақылнама болып тұнып тұр. Оларды жыраулардың шығармаларына үңілсеңіз, кеңінен тауып аласыз. Жыраулардың шығармасы – тұнып тұрған қазақ философиясы. Онда адамды тәрбиелеудің небір ақыл-кеңестері бар. Қазіргі психолог, коуч дегендердің айтып жүргендерінің бәрі, яғни адам тәрбиелеуге қатысты ақыл-кеңестер онда тұнып тұр. Жыршылар қара халық пен ханның арасындағы алтын көпір болды. Қазір әркім ақылшы болып кетті. Әркім ойына келгенді айтатын дана болуда. Болмасын емес, бәрі болсын. Алайда қазіргі айтылып жатқан әңгімелердің бәрі шет елдің және орыс психологтарының жазғандары мен айтқандары. Бізге олардың керегі де жоқ. Көре білген, түсіне білгендерге өзіміздің жырауларымыздың сөздерінің өзі жеткілікті. Мысалы Нұртуған ақын айтады:

Дүние мекен болдың сен кімдерге,

Өмір шат еңбек етсең білгендерге,

Келген соң дүниеге ауа жұтып,

Болады әркім құмар әр өнерге. 

Өмірде білім иесі адамда бар,

Дүниеге риза болып келгеніңе.

Арасы жақсылықтың түрлі-түрлі,

Даурығып жұрт айтқанға сырттай сенбе.

Өмірде жақсы да бар, жаман да бар,

Жұғымсыз жорғалайды кей жермен де, 

Жағымпаз жағынады жарамсақтап,

Жүктейді суайттығын қызыл тілге.

Қойнына жылан салып отырады,

 Сырты қас,  іші жылмаң көз көргенге.

Өсекті өнер-білім пұлсыз тасып,

Жүреді сөз арқалап бірден бірге.

Дос жекжат жаныңнан да жақынырақ

Залым да ең асылдың бәрі өзіңде, - деп насихатты төгіп-төгіп, ақыл-кеңесті айтып келеді де:

Ей адамда, адам болсаң сыпайы бол,

Адамның зіл тұрмасын мінезінде, - дейді. Біздің қазіргі айтып жүрген сөздеріміздің барлығының түйіні осы. «Адамдар, адам бол, сыпайы бол» дейді. Көркем мінез, сабыр, ақыл, жігер, күш еңбектің бәрі – осы екі шумақта жатыр. Осындай жыраулардың әрбір сөзін тыңдасаң күш, энергия, рух аласың. Жүдеп жүрген санаңды, құлазып жүрген көңіліңді жыраулар ғана емдейді. Сондықтан да жырауларға ерекше қолдау жасалынып, оларға кәдуілгідей қорған болу керек.

 - «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, қандай үздік шәкірттеріңіздің өнеріне, талантына тәнті болып отырасыз?   

- Құдайға шүкір, менің талантты шәкірттерім өте көп. Биыл ғана бітіріп кеткен шәкіртім Нұрайым Ерталап сегіз дастанды, қаншама терме-толғауларды және мақамдарды жатқа біледі. Оған біраз дүние үйреттім. Мен әрбір шәкіртіме айтып отырған жыр-термесіндегі адами құндылықтардың бойларынан да табылуын қадағалап айтамын. Әйтпесе, көп адамдар жаттанды түрде ауызы көл, істеген ісі шөл болып жүреді. Жырау өзі жырау болғаннан кейін сол жыршы, термеші деген атқа лайықты болуы керек. Аузынан шыққан сөзі, істеген ісі, киген киіміне дейін үйлесімділікте, сүйкімді, сыпайы, жігерлі, ақылды, үлгі алатындай деңгейде болуы керек. Елді соңынан ерте алатындай болуға тәрбиелеймін. Нұрайымым биыл Астана филармониясына қызметке орналасты. Сонымен қатар, менің Әлихан Дүйсенбай есімді өнерлі шәкіртім «Қазақ концертте» жұмыс жасауда. Айта берсем, талантты шәкірттерім көп. Солардың ішіндегі Элвира Есназарова, Бағдаулат, Арайлым Өмірбекова, Қасемхан Кішкенеев, Абылайхан Бектасов және Айнұр Қонысбаева сынды шәкірттерімнің жетістіктерімен қуанып жүремін. Жоғары оқу орнында да талантты шәкірттерім өсіп келеді. Аллаға шүкір, бабаның мұрасын аманат етіп алып жүрген шәкірттерімнің барына қуанамын.   

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

 Авторы: Мара Келес

 

 

 

 

 

 

Құпия сапар, жасырын қуаныш: Әминаны Алматығажетелеген 15 миллион теңгелік мүмкіндік
27 қараша 2025
Құпия сапар, жасырын қуаныш: Әминаны Алматығажетелеген 15 миллион теңгелік мүмкіндік

Кейде адамның өмірін өзгерту үшін үлкен дайындықтыңқажеті жоқ. Бір сәт қана — тағдырдың тылсымнан тартқанжелі, бір билет, бір қоңырау… Шымкенттің қарапайымқызы Әмина үшін дәл сондай күн 23 қараша болды. TeleBingo-ның тікелей эфирінде ойнатылған 15 миллион теңгелік пәтер дәл соның маңдайына жазылды.

 

Бірақ бұл — құрғақ ұтыс жаңалығы емес. Бұл — қуанышынішіне бүгіп, бар сырын жүрегіне сақтаған жас әйелдің үнсізжеңісі. Тағдырлы күннің ар жағында үлкен толқу, жасырынсапар және өзгеше қуаныш жатыр.

 

«Алғашында өзім де түсінбей қалдым…»

Әмина лотереяға жаңа ғана қызыға бастағандардың бірі. Кейде билет алады, кейде мүлде ойламайды. «Маған да біркүнде үлкен ұтыс бұйырар» деген ой басына келмеген. Бірақәлсіз үміттің артында күшті мүмкіндіктің жасырыныптұратынын адам көбіне кейін түсінеді.

 

Телефон шыр етіп, TeleBingo мамандары пәтер ұтқанынайтқанда, Әмина сасып қалады.

«Алғашында түсінбедім. Не болып жатқанын ұға алмайқалдым. Біртүрлі басым айналып кетті…» — дейді ол солсәтті еске алып.

 

Оқиға болған сәтте ол жұмыста, әріптестерінің ортасындаеді.

– Не болды? Бірдеңе естідің бе? – деп сұрай бастағандарболды.

Бірақ Әмина ешкімге тіс жармай, қуанышын жан дүниесінежасырып үлгерді. Қуаныш үлкен болған сайын, адам оны бірден бөлісуге қимайды.

 

Алматыға баратын сапарды «командировка» деп түсіндірді

Ұтысты рәсімдеу үшін Әмина Алматыға жол тартты. Бірақбұл сапардың шын мәнін ешкімге ашпайды. Үйдегілерге:

«Жұмыс бойынша командировкаға бара жатырмын» — депайтып шығады.

 

Бұл — сақтық. Бұл — қауіпсіздік. Бұл — өз өміріндегі еңүлкен қуанышты әлі ешкіммен бөліспей, жаңа баспанағасенімді түрде қадам басудың тәсілі.

Әмина кездескен мамандарға:

* видеосъемкаға түспейтінін,

* суреттерде өзі көрінбейтінін,

* жеке мәліметтерді жариялағысы келмейтінін

алдын ала ескерткен.

 

Түсінуге де болады: бұл – оның ең алғашқы меншіктіпәтері. Жас, тұрмыс құрмаған, кейтеринг саласындатұрақты жұмыс істейтін қыз үшін бұл қадам — жаңаөмірдің есігі.

 

TeleBingo мен LOTO 6/49: бір билеттің артындағы жаңамүмкіндік

TeleBingo биылдың өзінде 13-рет пәтер ойнатты. Ал бұлжолғы басты жүлде — Әминаға бұйырған 15 миллион теңгелік баспана. Қатысу үшін көп талап жоқ: бар болғаны 3 500 теңгелік ЛотоЖинақ сатып алу жеткілікті.

 

Әмина тек TeleBingo-мен тоқтап қалмай, LOTO 6/49 да қатысады. Лотереяның бұл түрінде де ай сайын автокөлікиесі анықталады. Келесі қосымша ұтыс — 28 қараша күні, сағат 22:00-де Satty Zhuldyz YouTube-арнасында өтеді.

 

Сатып алу да қиын емес: 3 000 теңгелік ЛотоЖинақ — сатунүктелерінде де, sz.kz сайтында да бар.

 

Қазақ «несібесі бардың — несібесі тартады» дейді. Кімгеқандай игілік бұйыратынын тағдырдың өзі біледі. Біреуге – маңдай терден, біреуге – осындай тосыннан келгенмүмкіндік арқылы.

 

«Менің жолым болды. Енді сіздерге де тілеймін»

Әмина алған әсерімен бөлісіп:

«Әлі күнге дейін сенбей жүрмін. Мүмкін емес сияқты. Бірақтағдыр осылай күліп қарады. Барша қатысушыларға сәттіліктілеймін. Менің жолым болғандай, сіздерге де жол болсын», — дейді.

 

Бұл — оның жеке қуанышы ғана емес, мыңдағанқазақстандыққа келген үміттің жаңғыруы. Өйткені біреудіңжолы болып жатса, екіншісінің де жолы ашылатынынасенім артады жұрт.

 

ULYS түйіні

Әмина — жай ғана TeleBingo жеңімпазы емес. Ол — біркүнде өмірін өзгертуге мүмкіндік бар екенін дәлелдегенқарапайым қазақ қызы.

15 миллион теңгелік баспана — оның жаңа бастамасы, жаңатынысы, жаңа белесі.

 

Бір билет — бір мүмкіндік.

Бір қоңырау — бір тағдырдың өзгерісі.

Бір сәт — жаңа өмірдің есігі.

 

Қазақтың әр шаңырағына осындай қуаныш бұйырсын.

Үміт үзілмесін. Несібенің жолы тоқтамасын.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.