Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов биыл жыл басында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық кірісі неге төмендегенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, биыл бірінші тоқсанында зейнетақы салымшылары өз шоттарында инвестициялық табыстың төмендегенін байқаған.
«Алайда бұл жағдай уақытша сипатқа ие, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Төмендеу үрдісі зейнетақы активтері қайта бағаланғандықтан болды. Атап айтқанда, теріс инвестициялық табыстың негізгі себептерінің бірі – инфляция мен инфляциялық болжамдардың өсуі аясында мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің артуы. Бұл өз кезегінде олардың нарықтағы құнын төмендетті. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі тарапынан осы бағалы қағаздар көп ұсынылғандықтан, ол да нарықтағы бағаға әсер етті», - дейді Тұрсынханов Ұлттық банкте өткен брифингте.
Инвестициялық табысқа АҚШ долларына қатысты теңге бағамның құбылмалығы да әсер еткен.
«2025 жылдың басында доллар бағамы 525,11 теңге болса, наурызда 504,44 теңге болды. Бұл жерде маңыздысы: теңге нығайған кезде шетел валютасындағы активтердің теңгемен есептегендегі құны уақытша төмендейді. Бұл есептеулерде теңгемен көрсетілген мәнде шығын ретінде көрініс табады. Жыл басынан бері тіркелген теріс инвестициялық табыс – есеп түріндегі ғана мәлімет, яғни түбегейлі шығын болып саналмайды. Бұл – активтер құнының уақытша құбылуына байланысты қалыптасқан көрсеткіш. Қаржы нарығындағы жағдай тұрақталған сайын, бұл активтердің құны қайта қалпына келеді», - дейді департамент директоры.


