Валюта бағамы
  • USD -

    482.7
  • EUR -

    535.5
  • RUB -

    5.37
ТҮРКІЛЕР ТҮГЕНДЕЛІП КЕЛЕДІ
17 қазан 2019
ТҮРКІЛЕР ТҮГЕНДЕЛІП КЕЛЕДІ

Әзербайжанның астанасы Бакуде өткен Түркі Кеңесіне мүше елдер басшыларының VII саммиті түркі бірлігі тарихында жаңа бет болып жазылды. Себебі, бұл басқосуда ұйымға Өзбекстан ресми түрде мүше болса, Будапештте Түркі Кеңесінің өкілдігі ашылғаны мағлұм болды.

Баку саммитінде түркілік интеграция жаңа бір деңгейге көтеріліп, жаңа дәуірге қадам басты. Бауырлас елдер басшыларының басқоуына Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары    Пурли Агамурадов пен Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты. Бір күн бұрын түркі ұйымдары жетекшілерінің де қатысуымен Кеңеске мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің басқосуы өтіп, біраз құжаттарға қол қойлған болатын. Жалпы түбі бір туыстықтың жылы лебі жиын барысында есіп тұрды: риясыз құшақтар, ашық-жарқын әңгіме мен әдемі әзілдер жарасымын тапты. Туыс елдің лидерлері бір-бірлерімен екіжақты кездесулер де өткізді. Бұл саммиттің тағы бір ерекшелігі — тарихи Нахчыван декларациясының қабылданғанына он жыл толуымен тұспа-тұс келді. Біраз жыл бойы кібіртіктеп келген түркі интеграциясы Әзербайжанның Нахчыван қаласында Түркі Кеңесін құру туралы құжатқа қол қойып, нақты ортақ институт құрылған соң жандана бастады. Бұл тұрғыдан, Әзербайжан елі түркілік бірліктің символына айналғандай.

Жемісті өткен жиын соңында үй иелері Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев пен бірінші ханым Мехрибан Әлиева мәртебелі меймандарға ақ дастархандарынан  дәм берді.

Әзербайжан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Фархад Мамадов тарихи жиынға қатысты «Бұл геосаяси көзқарас тұрғысынан өте қызықты бірігу. Себебі, олардың арасында НАТО және Еуропалық Одақтың кедендік кеңістігінің мүшелері (Түркия, Венгрия) және Еуразиялық Экономикалық Одақ пен ҰҚШҰ мүшелері (Қазақстан, Қырғызстан), сонымен қатар блокқа кірмейтін мемлекеттер (Әзербайжан, Өзбекстан) бар. Басымдық гуманитарлық әріптестікке, экономикалық кооперацияға, транспорттық жүйлерді үйлестіру мен парламентаралық әріптестікке беріледі, тіпті арнайы қызметтердің үнемі өтетін жиындары бар. Ірі державалардың бір-бірімен бәсекелестігі артқан қазіргідей турбуленттік әлемде ядролық қаруы жоқ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі емес шағын елдер үшін ынтымақтастыққа арналған осындай платформа құрып, өзарабайланыс пен әріптестікті дамыту өте маңызды»,— деген көзқарасын білдірді.

Бірақ, ең маңыздысы— бұл туыстыққа, түркілікке негізделген мәңгілік интеграция. Жыл өткен сайын қуаты артып келеді. Ұзағынан сүйіндірсін!

  

 

Суреттер president.az сайтынан алынды.

RELATED NEWS
Түркі Кеңесі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша министрлерінің үшінші кездесуі басталды
31 қаңтар 2019
Түркі Кеңесі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша министрлерінің үшінші кездесуі басталды

Алматы қаласында Түркі Кеңесі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша министрлерінің үшінші кездесуі басталды. Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Əміреевтің төрағылығымен өтіп жатқан жиынға ҚР Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дәурен Абаев,   Түркияның қатынас жəне инфрақұрылым министрі Мехмет Турхан, Қырғыз Республикасы Ақпараттық технологиялар жəне байланыс мемлекеттік комитетінің төрағасы Бақыт Шəршембиев, Əзербайжан Республикасының көлік, байланыс пен жоғары технологиялар министрінің орынбасары Эльмир Велизада, сонымен қатар Мажарстаннның инфокомуникация, инновация мен технологиялар министрлігінің мемлекеттік хатшысының орынбасары Кароли Солимар қатысуда. 
Тараптар киберқауіпсіздік, е-үкімет, TASIM жобасы мен ғарыш қызметтері саласындағы ынтымақтастықтыққа қатысты мәселелерді талқылауда. Қазақстанның ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дәурен Абаев саладағы əлеуетті толық пайдалана алмай отырғанымызды айтты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ  БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
15 қазан 2019
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Бакуде өтіп жатқан түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің 7-ші отырысына қатысып жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі мемлекеттерінің президенттерімен кездесті.   

elbasy.kz сайтының таратқан ақпараты бойынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанмен кездескен. Кездесу барысында тараптар түркі әлемі елдері интеграциялық үдерісінің қазіргі жағдайы мен алдағы перспективаларын талқылаған. Сонымен қатар, олар аймақтық қауіпсіздікті және Еуразия құрлығы мемлекеттерінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасқан. Ал  

Елбасы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен қол жеткізілген Өзбекстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелеріне тоқталған. Сосын ол «Қазақстан мен Өзбекстан өте жақын және маңызды серіктес. Өзара тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. Бұған дейін мұндай көрсеткіштер болған емес. Бұл жақсы перспективаларға жол ашып отыр», – деп атап өткен. Ал өз кезегінде Шавкат Мирзиёев болса, екі елдің табысты ынтымақтастығына көбіне Қазақстанның Тұңғыш Президентінің салиқалы саясатының арқасында қол жеткізілгенін айтқан. Сондай-ақ, Ш.Мирзиёев Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында өтіп жатқан іс-шаралардың орындалу барысына тоқталған. Ал Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесуі барысында  Елбасы екі ел қатынастарының дамуындағы оң динамиканы атап өткен.

– Бұл менің Қазақстанның Тұңғыш Президенті мәртебесінде сіздерге алғаш келуім. Елімізде экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру және тәуелсіздікті нығайту жұмыстары жалғасуда. Біздің қарым-қатынасымыз қарқынды дамып жатыр. Қазір бізде ынтымақтастықты кеңейту үшін біраз мүмкіндік бар. Сауда көлемін арттыру маңызды. Біз тиісті логистиканы құрдық. Ертең Түркі кеңесінің отырысы өтеді. Мен Құрметті Төраға мәртебесін қуана қабылдадым, өйткені мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуды жалғастырғым келеді, – деген Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев Елбасына Түркі кеңесінің отырысына келгені үшін алғыс білдірді және оның екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

–  Қазақстанның Тұңғыш Президентін Әзербайжан жерінде қарсы алу біз үшін зор мәртебе. Сіз Әзербайжанның үлкен досысыз. Көптеген халықаралық мәселелер бойынша әрқашан біздің елімізді қолдадыңыз. Сіздің түркі тілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы үлесіңіз орасан. Мерейтойлық саммиттің Бакуде өтіп жатқанына біз өте қуаныштымыз, – деді Әзербайжан Республикасының Президенті. Сонымен қатар, Ильхам Әлиев Қазақстан астанасының салынуы Баку қаласының дамуына үлгі болғанын айтты.

– Мен Қазақстан астанасының тез өзгергенін байқадым. ЭКСПО көрмесін тамашалаған кезде құрылыстың ауқымы мен сәулеттік шеберлігіне риза болдым. Қазақстанның барлық жетістіктері Сіздің атыңызбен байланысты, – деді Әзербайжан Республикасының Президенті.

Ал Елбасы Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездескен кезде түркі интеграциясын одан әрі тереңдетудің ерекше маңыздылығы аталып өтті.

– Қазақстан түркі әлемінің барлық елдерімен серіктес. Мен Кеңестің көптеген институттарын құруға бастамашы болдым. Ең маңыздысы – елдеріміз арасындағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, – деді Елбасы.

Ал өз кезегінде Сооронбай Жээнбеков Қазақстанның Тұңғыш Президентінің түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Елбасының Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің құрметті төрағасы мәртебесіне ие болуымен құттықтаған.

 

Суреттер elbasy.kz  сайтынан алынды.

 

«ТҮРКІ КЕҢЕСІНІҢ» АТАУЫ «ТҮРКІТЕКТЕС МЕМЛЕКЕТТЕР ҰЙЫМЫ» БОЛЫП ӨЗГЕРУІ МҮМКІН
15 қазан 2019
«ТҮРКІ КЕҢЕСІНІҢ» АТАУЫ «ТҮРКІТЕКТЕС МЕМЛЕКЕТТЕР ҰЙЫМЫ» БОЛЫП ӨЗГЕРУІ МҮМКІН

 

Бүгін Әзербайжанның астанасы Бакуде Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесіне (Түрік Кеңесі) мүше елдер басшыларының VII саммиті болып өтті

Жиынға Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев,  Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары    Пурли Агамурадов пен Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты.

Алдымен саммитке қатысушылар бірге естелік суретке түсті. Сосын Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев саммитті салтанатты түрде ашып, алқалы басқосуға келгендерге өз разылығын білдірді. Одан соң сөз алған Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Түркі Кеңесінің төрағалығы Әзербайжанға өтетінін хабарлады. Іле-шала Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы, «Түркі Кеңесінің Құрметті Төрағасы» Нұрсұлтан Назарбаевқа «Түркі әлемінің жоғары орденін» тапсырды. Одан кейін Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев,  Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Пурли Агамурадов пен Түркі Кеңесінің Бас хатшысы  Бағдад Әміреев сөз сөйледі. Бұдан кейін келесі саммитті Түркия Респубикасында өткізу туралы шешім қабылданды. Ары қарай құжаттарға қол қою рәсімдері жасалды. Соңында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Түркі Кеңесіне мүше елдер басшыларының VII саммитін қорытындылады. Айта кетерлігі, бұл жолы  Түркі Кеңесіне Өзбекстан республикасы  толыққанды мүше болды. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев «Кеңестің құрамына Өзбекстанның мүше болуы – бүкіл түркі тілдес қауымдастық үшін тарихи әрі көптен күткен оқиға. Будапештте Түркі кеңесінің өкілдігін ашу - ынтымақтастықтың Еуропа векторын дамытуда ерекше маңызды»,-деді. Сосын ол «болашақта Кеңесіміздің атауын қайта қарауды ұсынамын. Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін Ұйым деңгейіне дейін көтеруге болады деп санаймын. Осылайша, біздің құрылымды «Түркітектес мемлекеттер ұйымы» деп атауға болады», – деп ойын түйіндеді.

Суреттер president.az сайтынан алынды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.