Валюта бағамы
  • USD -

    513.1
  • EUR -

    577
  • RUB -

    6.35
ТҮРКИЯДАҒЫ СОҢҒЫ 100 ЖЫЛДАҒЫ АЛАПАТ  ЖЕР СІЛКІНІСІ
17 ақпан 2023
ТҮРКИЯДАҒЫ СОҢҒЫ 100 ЖЫЛДАҒЫ АЛАПАТ ЖЕР СІЛКІНІСІ

6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясы маңында магнитудасы 7,8 балдық қуатты жер сілкінісі болды. Екі аптадан бері әлемнің түкпір-түкпірінен келген құтқару топтары осында жұмыс істеп жатыр. Дегенмен біраз уақыт өтіп кеткеннен кейін адамдарды аман алып қалу мүмкіндігі азаюда.

Соңғы мәлімет бойынша Түркияда зілзала салдарынан қаза тапқандар саны 36 мыңнан асты. Зардап шеккен адамдар саны100 мыңнан асып кетті. Бұл жер сілкінісінің ауқымды болғаны соншалық, тербеліс тек Түркияда ғана емес, алыс-жақын мемлекеттерде де сезілді.

Қазіргі таңда Түркияда 20 елден 40-тан астам іздеу-құтқару тобы жұмыс істеп жатыр.

Алапат жер сілкінісінен Түркия Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу 10 қаланың зардап шеккенін айтты. Олардың қатарында Газиантеп, Кахраманмарас, Хатай, Османие, Адияман, Малатия, Шанлыурфа, Адана, Диярбақыр және Килис шаһарлары бар. Аталған аймақтарда кем дегенде 1710 ғимарат қираған немесе зақымдалған. Жарамсыз болып қалғандары одан да көп болуы мүмкін. Апаттан келген шығын көлемін толық есептеу әзірге мүмкін болмай тұр.

Қазақстаннан көмек

Қазақстан түркі бауырларға алғаш болып көмек қолын созған елдердің бір. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанға телефон соғып, қолдау мен көмек болатынын айтты.
Жер сілкінісі болған күнінің ертеңінде қазақстандық құтқарушылар Түркияның Газиантеп қаласына аттанды.

ҚР Үкіметі жер сілкінісі салдарын жоюға Түркия мемлекетіне 1 млн доллар қаражат бөлді. Сонымен қоса қазақстандық құтқарушылар Түркияның жер сілкінісі болған аймақтарында құтқару жұмыстарын қазіргі дейін жүргізіп жатыр.

Тек қазақстандықтар Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 3,6 млн доллардан астам қаражат жинап берді.

«Жер сілкінісінен зардап шеккендерге арналған көмек шотына бүгін Қазақстанда жиналған 216 мың АҚШ доллары AFAD-тың (Түркияның төтенше жағдайлар басқармасы – ред.) ресми шотына аударылды. Осылайша, қайырымдылықтың жалпы көлемі 3 млн 616 мың АҚШ долларын құрады», - деді Түркия Елшілігі.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бүгін таңертең Түркияға қосымша гуманитарлық жүк жөнелтілді. Жүктің ішінде жойқын зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған шатырлар, жылытқыштар, жылы киімдер және басқа да қажетті заттар бар. Гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 55 тоннаны құрайды.

Сонымен қатар қазақстандық танымал суретші Ерболат Төлепбай «Ұмай ана» картинасын сатудан түскен 10 млн теңгені Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге аударды. 

Қазақ жұрты табиғат апатынан қатты зардап шеккен Түркия халқына 100-ге жуық киіз үй жібереді.

Ал Түркияда тұратын қазақстандықтар жойқын зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 25 млн теңгеден астам қаражат жинады.

Түркияға әлем елдері де көмектесіп жатыр

Еуропалық одақ Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек беріп жатыр.

ЕО қазірдің өзінде азаматтық қорғау механизмі арқылы Түркияға айтарлықтай қолдау көрсетті: ЕО-ға мүше 21 мемлекет және ЕО-ның азаматтық қорғау механизміне (UCPM) қатысушы үш мемлекет 1651 адамнан және 106 іздестіру-құтқару иттерінен тұратын 38 әрекет ету тобын жіберді. ЕО-ға мүше он екі мемлекет паналау заттарын ұсынды (50 мың отбасылық қысқы шатыр, 100 мың көрпе және 50 мың жылытқыш).

Еуропалық комиссияның төтенше жағдайларды жою жөніндегі үйлестіру орталығы RescEU резервінен 500 тұрғын үй ұйымдастырылды, сондай-ақ Румыния 2 мың шатыр мен 8 мың төсек-орын орналастырды.

Ал Бельгия Түркиядағы жаралыларға арнап далалық аурухана ұйымдастырады.

Жалпы Түркияның жер сілкінісі болған өлкелеріне 36 мемлекет 4 мыңнан астам құтқарушы жіберді. Бұл тізім күн сайын өзгеріп отырды.

Азия елдері де көмектен құралақан қалмады. Азияның алпауыттары Қытай, Жапания, Оңтүстік Корея елдері де қалыс қалмады. Оңтүстік Корея Түркияға гуманитарлық көмек ретінде 5 миллион доллар аударатынын жеткізді. Ал

Қытай Түркияға 5,9 миллион доллар көлемінде жедел көмек болатынын хабарлады.

100 жылдағы ең ауыр апаттың зардаптары

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған жойқын зілзаладан зардап шеккен 10 провинцияда 3 айға төтенше жағдай режимін енгізді.

 «Біз Түркия тарихындағы ғана емес, тұтас аймақ пен әлемдегі ең үлкен апаттардың біріне тап болдық. Апат аймағында жұмыс істеу үшін барлық мемлекеттік құрылымдар, қызметкерлер мен техникалар жұмылдырылды. Бірінші кезеңде апат аймағының тұрғындарына шұғыл көмек көрсетуге 100 млрд лира бөлінді», - деді Р. Ердоған.

Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи елдің оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісі 13,5 миллионға жуық адам тұратын аумақты қамтығанын айтты.

Зілзаладан зардап шеккен аймақта құламаған немесе жарық түспеген үйлер мен ғимараттар өте аз. Жалпы аймақтағы жарамсыз болып қалған ғимараттар есептеліп жатыр. Әзірге нақты қанша екенін есептеу мүмкін емес.

Мәселен тек Газиантеп провинциясындағы Нұрдағы қаласы толығымен сүрілетін болды.

Жер сілкінісіне ұшыраған провинциялардағы ғимараттарды салған және қабылдап алған жауапты адамдарға қатысты тергеу басталды. Бұл жайында Түркияның Әділет министрі Бекир Боздағ мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты 8 адам қамауға алынды, деп хабарлайды Habertürk телеарнасы.

Бұдан бөлек жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Газиантептің Нұрдағы қаласы 100 пайыз сүріліп, қайтадан салынады.

Жалпы апаттан келген шығынды толық есептеу әзірге мүмкін болмай тұр. Тек айтатын дүние 1999 жылғы Түркияның Измит қаласында болған жер сілкінісі ел экономикасын күйретіп кетті.

Осы табиғат апатынан соң Түркияның 1999-2000 жылдардағы ұлттық бюджетінде қаржы тапшылығы шамамен 3 миллиард долларды құрады. Ал жер сілкінісі келтірген шығын, алғашқы есептеулер бойынша, 25 миллиард доллардан асқан, бірақ кейінірек бұл сомаға тағы 5-7 миллиард доллар қосылғаны хабарланған-ды. Сонда келген шығын көлемі 30 млрд доллардан асып жығылады. Кейін аталған жер сілкінісінің салдарын еңсеру үшін Түркия Халықаралық валюта қорынан (ХВҚ) 500 миллион доллардан астам қаржы сұраған болатын.

Ал соңғы апат Измиттегі зілзаланы салыстыру өте қиын. Осыдан 24 жыл бұрын, яғни 1999 жылы тамыздың 16-сынан 17-не қараған түні Мәрмәр теңізінің жағалауында 7,7 балдық жер сілкінісі болды.Зәлзала өнеркәсіп өндірісі жақсы дамыған Измит қаласына жақын жерде болған еді. Бір қала қатты қирады, 17 мығнан аса адам көз жұмды.

Ал кеше ғана болған Түркияның Сирияға жақын шекарасында болған зілзаладан елдің 10 қаласы зардап шекті. 11-12 млннан асатын аумақ үйінді астында қалды десе де болады. Қазіргі кезде қалаларды су алып кету қаупі тағы да туындауда. Өйткені апаттан қалалардағы су дамбаларына жарық  түскен.

1999 жылғы апаттан кейін құрылыс нормаларына талап күшейтілді бірақ одан сабақ алмады

Түркияда жер сілкінісінің алдын алу және оның салдарын жоюға қатысты ережелер қатаң емес. Мамандардың сөзінше, Түркия 1939 жылғы тағы бір жойқын жер сілкінісінен кейін құрылыс саласындағы заңнаманы күшейткенімен, алайда заңнамада норма бар деген оның міндетті түрде орындалатынын білдірмейді. Кейбір сарапшылардың айтуынша, оқшауланған аймақтарда тұратындар мен үкімет мойындамаған қызметпен айналысатын халықтың осал топтары заңнамада қамтылмаған.

Кейбір сарапшылар зілзала кезінде құлаған ғимараттардың басым бөлігі ұзақмерзімді тәуекелдерді ескермей тұрғызылғанын айтып жатыр.

Жалпы Түркия мемлекеті жер сілкінісі жиі болатын аймақта орналасқан.

 

 

RELATED NEWS
Түркияда тағы мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін екені айтылуда
15 мамыр 2024
Түркияда тағы мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін екені айтылуда

Түркияда мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін. Осыған байланысты ел президенті Режеп Тайып Ердоған Түркияның барлау және Әділет министрлігінің басшыларымен шұғыл отырыс өткізді, деп хабарлайды Ulys түркиялық басылымдарға сілтеме жасап.

Түрік ұлтшылдарының жетекшісі Девлет Бахчели2016 жылдың шілдесінде елді дүрліктірген мемлекеттік төңкеріс қайталануы мүмкін екенін ескертті.

Бір күн бұрын Анкара Бас прокуратурасы "Айхан Бора Каплан" қылмыстық ұйымына қатысы бар деген күдікпен  үш полицейге қатысты тергеу бастады. Олардың үйлерінде тінту жүргізілді.

Türkiye газеті өз кезегінде "Айхан Бора Каплан" ұйымымен байланыста болды деп айыпталған Анкара қауіпсіздік басқармасында бірқатар полиция қызметкерлерінің жұмыстан шығарылуына байланысты Түркияда үлкен қарсылық көрсетілгенін жазады. Олардың үйлерінде цифрлық материалдарды алу мақсатында тінту жүргізілді.

"Президент Ердоған Әділет министрі Йылмаз Тунджмен және Ұлттық барлау ұйымының басшысы Ибрагим Калынмен Бахчелидің мәлімдемесінен кейін Мемлекет басшысының резиденциясында шұғыл түнгі отырыс өткізді", — деп жазады Türkiye.

Ердоған ел Парламентінде сөз сөйлейді деп күтілуде.

АҚШ Түркияға қарсы заң қабылдамақ
10 наурыз 2025
АҚШ Түркияға қарсы заң қабылдамақ

АҚШ-тың Өкілдер палатасы Түркияның демократиялық статусын қайта қарауға және оны Еуропаның емес, Таяу Шығыстың елі деп тануға бағытталған арнайы заң жобасын қарауға алды. Бұл туралы Fox News хабарлады.

Заң Түркияны Еуропа мен Еуразия істері жөніндегі бюросының құзырынан алып тастап, оны Таяу Шығыс істері жөніндегі бюроға ауыстыруды қарастырады.

Fox News хабарлауынша, мұндағы мақсат "АҚШ-тың жауы саналатын елдермен байланыс жасайтын Түркияны тосқауылдап ұстауға талаптану". Вашингтон Анкараны "АҚШ пен НАТО одақтастарынан алыстап бара жатқан мемлекет" деп есептейді.

"Бұл Үкімет ХАМАС содырларын жасырып отыр. Экономикалық одақтастық арқылы Путиннің әскери машинасына қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, Батыс одақтасынан артықшылық талап етуін жалғастыра отырып, НАТО-ның бірлігіне кедергі келтіреді. Америкалық дипломатия көзбояушылық жасауын доғарып, Түркияны бұрынғыдай Еуропаның бір бөлігі деп санауын қоюы керек", – деді жобаны Конгресс қарауына енгізген топты басқаратын конгрессмен Брэд Шнайдер.

Бұл ұстанымға Түркия Үкіметі наразылығын білдірді және түріктің сыртқы саясаты мен еуропалық бағдарын Конгресс мүшелерінің дұрыс түсінбей отырғанына нұсқады.

Айта кетсек, Түркия – НАТО-ның АҚШ-тан кейінгі ең қуатты мүшесі. 

Түркияда теракт болып, 5 адам көз жұмды
24 қазан 2024
Түркияда теракт болып, 5 адам көз жұмды

Кеше кешкісін Түркия Анкарадағы TUSAŞ аэроғарыш компаниясы штаб-пәтерінің маңында қатты жарылыс болған. Бұл туралы Анадолы агенттігі хабарлады. 

Түркия ІІМ жарылыстан қаза тапқандар мен жараланғандар барын айтады. Ал ел билігі оқиғаны "теракт" деп атады. 

Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая хабарлауынша,  теракт салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы 22 адам жарақат алғаны айтылған.

Шабуылды жасаған екі лаңкес өлтірілді. Лаңкестердің бірі әйел.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.