Валюта бағамы
  • USD -

    525.5
  • EUR -

    541
  • RUB -

    5.25
Тоқаев Үкімет басшысына бірқатар тапсырма берді
Фото: Ақорда 17 желтоқсан 2024
Тоқаев Үкімет басшысына бірқатар тапсырма берді

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономикалық өсімді қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндалды.

Олжас Бектеновтің айтуынша, биылғы қаңтар-қараша айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4 пайызды құраған. Экономиканы әртараптандыру аясында ауыл шаруашылығы (13,4 пайыз), құрылыс (10,3 пайыз), сауда (8,2 пайыз), көлік (8,1 пайыз), өңдеу өнеркәсібі (5,3 пайыз), соның ішінде металлургия (7,2 пайыз) және машина жасау (6,9 пайыз), химия өнеркәсібі (8,4 пайыз), сондай-ақ ақпарат және байланыс (5,3 пайыз) салаларында өсім байқалған.

Биыл экономиканың өсіміне мұнайдан тыс салалардың дамуы есебінен қол жеткізілді. Соған қарамастан мұнайды игерудің болжамды көрсеткішінің орындалмауы экономика дамуының жалпы қарқынына әсер етті.

Мемлекет басшысына отандық өндірушілерді қолдау және терең өңдеуді ынталандыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі жөнінде мәлімет берілді. Атап айтқанда, өңделген тауар экспорты 10,2 пайызға өсіп, 23,3 миллиард долларға жеткен. Тауар импортының көрсеткіші 3,3 пайызға кеміген.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,1 пайызға ұлғайған. Бұл орайда шикізаттық емес салаларда айтарлықтай өсім бар.

Президентке іскерлік белсенділікті одан әрі арттыру және аймақтардағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды күшейту жоспары таныстырылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларындағы оң динамиканы сақтау бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ инвестиция тарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, импорт алмастыру және әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің бағасын тұрақтандыруды бақылау бойынша бірқатар тапсырма берді.

RELATED NEWS
Заңсыз активтер есебінен екі өңірде әлеуметтік нысандар салынады
22 қазан 2024
Заңсыз активтер есебінен екі өңірде әлеуметтік нысандар салынады

Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде жұмысын жалғастыруда. Барлық қаражат әлеуметтік пайдалы мақсаттарға одан әрі қайта бөлу үшін Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысының Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңге болатын спорт кешенін және Түркістан облысының Темірлан аулында 890 млн теңге сомаға музыка мектебін салу жөніндегі алғашқы екі әлеуметтік жобаны іске асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.

Бұл бастамалар тұрғындарды білім беру және спорттық қызметтермен қамтуды арттыру үшін ауылдық жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Мәселен, Ақмола облысының Зеренді ауылында ауданы 6 мың м2 асатын, бір ауысымда 80 адамды қабылдайтын спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Нысан белсенді тұрғындарға бос уақытытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді – ауданда 14,5 мыңнан астам адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Жобаға сәйкес, орталықта күрес, бокс, шаңғы тебу сынды спорт түрлерімен айналысу үшін жабдықталады, 2 жаттығу залы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Сондай-ақ кешенде спортшыларды жаттықтыру мен сауықтыру жұмыстарын сапалы әрі тиімді жүзеге асыру үшін қажетті құрал-жабдық және басқа да қосалқы үй-жайлар қарастырылған.

Түркістан облысындағы Темірлан аулында 300 орындық жаңа өнер мектебін салу жоспарланып отыр. 1974 жылы қабырғасы каркастан салынған қазіргі ғимарат заманауи санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес, күрделі жөндеуге жарамайды. Соған қарамастан бүгінгі таңда кешен жұмыс істеп тұр – орталықта 420-ға дейін бала оқиды, бұл оның қазіргі қабылдау мүмкіндігінен 2 есеге артық, 45 мұғалім сабақ береді. Жаңа жоба ауылда өнер саласында қосымша сапалы білім алуға жағдай жасайдыі. Балалар жайлы ортада музыкамен, хореографиямен айналысуға мүмкіндік алады.    

Бүгінгі таңда Арнаулы мемлекеттік қорда 177 млрд теңге жинақталған. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға, басқа да әлеуметтік маңызды мақсаттарға, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт және өзге салалардағы жобаларды іске асыруға бағытталады. 

Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссияны ҚР Премьер-министрі басқарады, жұмыс органы – ҚР Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті.

Үкімет ауыл шаруашылығын қаржыландыруға рекордты көлемде қаржы бөлді
06 желтоқсан 2024
Үкімет ауыл шаруашылығын қаржыландыруға рекордты көлемде қаржы бөлді

Үкімет биыл ауыл шаруашылығын қаржыландыру үшін рекордты көлемде 580 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат егіншілерге тікелей несие беруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге, форвардтық сатып алуға бағытталды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлайды.

Нәтижесінде, егіншілер дәнді дақылдар бойынша рекордтық көлемде өнім жинады: орташа өнімділік гектарына 16,1 центнер болып, 26,7 млн тонна астық бастырылды. 2023 жылы орташа өнімділік 10 ц/га құраған болатын. Сонымен қатар, 3,2 млн тонна майлы дақыл бастырылды, 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.

«Агротехнологияларды дұрыс қолдану, сапалы тұқымдар, минералды тыңайтқыштар және өсімдіктерді тиімді қорғаудың арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізілді.

Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жалғасын табады. Президент тапсырмалары бойынша әзірленген жол картасы аясында 2024-2028 жылдар аралығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндеті қойылды. Жалпы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 2030 жылға қарай бидай өнімділігін гектарына 20 центнерге дейін арттыру жоспарланып отыр. Айта кету керек, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға арналған көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру биылдың өзінде басталып кетті», - делінген хабарламада.

Үкімет су тасқынын болжау үшін 576 млн теңге бөлді
13 қыркүйек 2024
Үкімет су тасқынын болжау үшін 576 млн теңге бөлді

Үкімет су тасқынының алдын алу үшін өзен-сулардағы су деңгейін анықтайтын батиметриялық зерттеулерге 576 млн теңге бөлді, деп хабарлайды Ulys.

Қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойған. Ақшаны су ресурстары және ирригация министрлігі алады.

«Қаржыландырудың негізгі бөлігі жабдықтар мен техникалық жарақтарды сатып алуға, сондай-ақ зерттеулерге бағытталады. Атап айтқанда, осы ақшаны «Қазсушар» компаниясының «Су метрология» филиалына беріп, еліміздің солтүстік, батыс және орталық өңірлердегі су тасқыны қаупі бар учаскелеріне батиметриялық зерттеу жүргізу көзделіп отыр», - деп хабарлайды үкімет. 

Өзен-сулар биыл да, 2025 жылы да зерттелуі керек. Зерттеудің деректері цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясына беріледі.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.