Валюта бағамы
  • USD -

    519.7
  • EUR -

    539.5
  • RUB -

    5.31
Тоқаев жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құруды тапсырды
Фото: Ақорда 11 желтоқсан 2024
Тоқаев жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құруды тапсырды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты ойымен бөлісіп, Қазақстанның ІТ сектордағы әлеуеті зор екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

— Білім мен инновацияға негізделген экономика құру қажет. Технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін, ең алдымен, адам капиталы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға баса мән беру маңызды. Қазіргі заманда онсыз болмайды. Себебі қазір күллі әлем жұртшылығы цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр деуге болады. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет, — деді Президент.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру туралы бастама көтергенін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл идеяны одан әрі өрістетуді, яғни Орталыққа халықаралық мәртебе беріп, оны аймақтағы жасанды интеллектті дамытатын басты институтқа айналдыруды ұсынды.

— Alemai халықаралық орталығы жасанды интеллект қозғалысының темірқазығына және Қазақстанның цифрлық трансформациясының символына айналуға тиіс. Бұл алаң еліміздегі ең мықты мамандардың басын қосып, әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды жинайды. Мұнда ғылыми және тәжірибелік-конструкторлық зертханалар, бағдарламалау мектебі және халықаралық технологиялық компаниялардың кеңселері орналасады. Astana Hub пен Alemai нағыз инновациялар фабрикасына айналуға тиіс. Ол үшін халықаралық серіктестерді тартқан жөн. Ғылыми зерттеулерге қолдау білдіріп, экономиканың басты бағыттарына, білім беру және әлеуметтік салаларға арналған шешімдер ойлап табу қажет, — деді Президент.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев институционалдық орта қалыптастыру маңызды деп санайды.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы бойынша Үкімет Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдағанын айтты.

— Құрамына жетекші халықаралық сарапшылар кіретін Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құруды тапсырамын. Бұл қадам біздің институционалдық ортаны үздік әлемдік стандарттармен үйлестіруге мүмкіндік береді. Парламент депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасына бастамашы болғаны мәлім. Заңды әзірлеу жұмысына мұқият қараған жөн. Нейрожелілер үлкен мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймайды, сондай-ақ оның қауіп-қатері де бар. Мәселен, қазір жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін ақ-қарасын ажырату қиын фейктер жиі жасалады. Сондықтан жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдану қағидаттарын, этикалық аспектілерін заң жүзінде бекіту керек. Сондай-ақ оның дамуы мен қолданылуы барысында ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету қажет, — деді Президент.

Мемлекет басшысы саланың инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде сөз қозғады. Өйткені ЖИ технологияларына заманауи есептеу қуаты керек.

— Бүгінде әлемдік нарықта есептеу ресурстарының тапшылығы сезіледі. Алдағы уақытта оған қажеттілік арта түспек. Сондықтан Үкіметке дата-орталықтар салу үшін ірі халықаралық компанияларды тартуға, сондай-ақ киберқауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған тиісті жағдай жасауды тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

RELATED NEWS
Big data
19 желтоқсан 2018
Big data

Big Data-ның таңқаларлық өсуі

Бәрі Дижитал дәуір басталғалы бері адамзат жинаған мәліметтер жарылысынан басталады. Бұл әрине, компьютерлер санының көбеюімен, Интернетпен және біз өмір сүріп отырған әлемнен мәліметтер жинайтын технологиялардың пайда болуына байланысты. Мәліметтер өздері жаңадан ойлап табылған жоқ.  Компьютер дәуірі мен мәліметтер базасынан бұрынғы қағаз жазбалар, архивтегі материалдар мәліметке жатады.  Компьютерлер, электрондық кестелер, мәліметтер базасы сол мәліметтерді үлкен ауқымда сақтау мен ретке келтірудің әдісін берді. Аяқ астынан сізге мәліметтер «тышқанды» шырт еткізу қалуы арқылы қолжетімді бола қалды.

Дегенмен алғашқы кестелер мен мәліметтер базасынан бері ұзақ жол жүрілді. Мысалы бүгін, екі күнде жасалып жинақталатын мәліметтер адамзаттың 2000 жылдарға дейін жасалған, жиналған мәліметтерімен бірдей екен. Иә, иә әрбір екі күнде. 2020 жылдарда дижитал мәліметтер  шамамен 5 ZB-дан (зетабайт) 50 ZB-қа ұлғаяды екен. 1 ZB = 1000000000000 GB.

Бүгін, біздің әрбір жасаған қадамымыз «дижитал із» қалдырады. тіпті дүкеннен бір зат алсаңыз, мұның бәрі мәлімет ретінде сақталып, қатталып қалады.

Яғни, біздің әрбір дижитал ісіміз «дижитал із» қалдырады, және олар автоматты түрде сізге білінбей жасалып көбейе береді.  Интернетке шыққан сайын, GPS-ы бар смартфонмен жүрген кезде, әлеуметтік желіде достарыңызбен байланыста немесе чатта болғанда және сіз кімсіз, қайдансыз, қай салада, қандай компанияда  жұмыс істейсіз, қай дүкеннен қандай зат аласыз, қай жеріңіздің ауырады, кіммен қарым-қатынастасыз, қандай сайттарға кіресіз, смартфоныңызда қандай қосымша бағдарламалар (apps) қолданасыз, отбасыңыз, мінез-құлқыңыз т.б. бәрін тізіліп, талданып сақтала береді. Интернеттің барлық беттеріндегі мәліметтер де «Big data». Олар Google-дің, Facebook-тің және тағы басқа алыптардың серверлерінде тұр, оған арнайы органдардың қолы жететіндігіне күмән жоқ. Сіз әртүрлі әлеуметтік желілер, қосымша бағдарламалардағы анкеталарды толтыру арқылы ол мәліметтерді жинауға өзіңіз көмектесіп жатырсыз. Google-ден бір сөзге іздеу салсаңыз, соның жарнамасы келесі бетте тұратынын байқаған шығарсыз. Содан-ақ сізді не қызықтыратынын біледі. «Big data»-дағы мәліметтер жиынтығы тек қана Лауһул Махфузға жетпейтін шығар.

Сонымен қатар, адамның емес ақылды құрлығы, машиналар да мәліметтердің көбеюіне үлес қосады. Олар бір-бірімен немесе үйдегі серверлер арқылы мәлімет алмасады. Үлкен зауыттардағы өндірістегі жабдықтардың көпшілігіне сенсорлар орнатылған, олар да бір-біріне мәліметтер жіберіп тұрады.

«Big Data» термині осы барлық мәліметтерді жинауға және соны адамзаттың өз мүддесіне әртүрлі салаларда қолдану қабілеттілігіне қатысты айтылады.

«Big Data» қалай жұмыс істейді?

«Big Data» мынадай принциптермен жұмыс істейді: бір мәселе, не бір жағдай туралы неғұрлым көп білсеңіз, соғұрлым сіз сенімді идеялар таба аласыз, әрі қарай не болатынын болжай аласыз.

Көп мөлшердегі мәліметтерді салыстыру, бұрын белгісіз болып келген жайттарды анықтауға, соңынан салмақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді.  Көбінесе бұл жинақталған мәліметтердің негізінде жасалған моделдеу арқылы іске асырылады. Сол модель арқылы жағдайды имитациялап, берілген процесстердің шамаларын реттеу арқылы оңтайлы нәтижелерді көздейді. Бұндай процесстер автоматтандырылған.

Бұл орасан зор мәліметтерді жинау, анықтау, сұрыптау, саралау және өңдеу оңай шаруа емес, ол жасанды интеллекті мен машинамен оқыту арқылы іске асады. Жалпы «мәліметтерге» фотосуреттер, видео, аудиожазбалар, мәтіндер, мәліметтер базасы, сенсорлардың түскен көрсетілімдер және т.б. жатады.

Big data қалай қолданылады?

Толассыз өсіп жатқан осы мәліметтер ағынын қазір біз осыдан біраз жыл бұрын ғана мүмкін болмаған әдістер арқылы өз қажетімізге жарата аламыз.  Бұл әртүрлі саладағы бизнес әлеміне төңкеріс әкеледі, компаниялар өздерінің клиенттерінің қай сегментте, қандай тауарға сұраныс болатынын өте үлкен дәлдікпен болжай алады. Big Data сонымен қатар компанияларға өздерінің іс-қимылдарын әлдеқайда тиімді жасауға мүмкіндік береді.

Бизнестен тыс Big Data біздің өмірімізді әртүрлі жолдармен өзгертуге көмектеседі:

Медицинада өте үлкен дәрігерлік жазбаларды сараптау мен моделдеу арқылы ауруларды бастапқы кезеңінде анықтап және жаңа дәрілердің түрін жасауға мүмкіндік береді. Әртүрлі сенсорлардан келетін мәліметтерді жинап, саралау арқылы табиғи және техногендік аппатарды, жер сілкінуін алдын – ала болжап, дер кезінде шара қолдануға жағдай жасайды. Сонымен қатар соғыс жайындағы босқындарды бақылап, қорғауға, полиция күштерінің стратегиясын жасауға, күштерді дұрыс қолдануға, сол арқылы қылмыстардың алдын алуға көмектеседі.

Big Data туғызатын мәселелер

Big Data бізге бұрын түске де кірмеген идеялар мен мүмкіндер силай отырып, шешуін іздейтін мәселелерді де  жүктейді:

 

Мәліметтердің конфиденциалдылығы. Жасалынып жатқан Big Data-ның ішінде біздің жеке өміріміз жайлы ақпараттар өте көп және олардың негізгі бөлігінің конфиденциалдылығын сақтауға біздің құқығымыз бар. Біз ыңғайлылық үшін персоналдық мәліметтерді ашамыз. Дегенмен, персоналдық мәліметтерді ашу мен ыңғайлылықтың балансын табуымыз керек. Мәліметтерді қорғау. Мысалы біз банкілерге онлайн банкинг қолдану үшін өзіміз жайында ақпарттарды береміз, бірақ олар қаншалықты қауіпсіз жағдайларда сақталады?

Егер мәліметтер кездейсоқ ашылып қалса, сол арқылы біреулердің ықпалына түсіп, дискриминацияға түсіп қалу қауіпі де жоқ емес.

Болашаққа қарасақ

Өмірімізді адам танымастай өзгеркен Big Data бүгін осындай болса, ертең не болмақшы? Мәліметтер көбейе береді, сараптау жүйелері технологиясы әрі қарай дами береді.

Бизнестің Big Data-ны қолдану қабілеті өте жоғары болуы шарт. Оны өздерінің стратегиялық активі ретінде қарастырған бизнестер ғана қалып, алдыға дамиды.

Қазақстанда электрон цифрлық қолтаңба форматы өзгерді
30 сәуір 2024
Қазақстанда электрон цифрлық қолтаңба форматы өзгерді

30 сәуірде Қазақстан криптографиялық стандартқа көшеді, оған сәйкес электрон цифрлық қолтаңба форматы өзгереді, деп хабарлайды Ulys ҚР Ұлттық куәландырушы орталығына сілтеме жасап.

Өзгерістер бойынша, ЭЦҚ-ның бір кілтіне көшу, яғни жеке және заңды тұлғаларға ҚР СТ МЕМСТ Р 34.10 – 2015 (МЕМСТ 2015) алгоритмінде ЭЦҚ-ның бір кілті беріледі, ол аутентификация үшін де, қол қою үшін де пайдаланылады.

Заңды тұлғалардың пайдалануына арналған ЭЦҚ кілттерінің мынадай талап етілмеген түрлерін қолжетімді тізімнен алып тастау жоспарланған:

"Қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар қызметкер";

"Кадр бөлімінің қызметкері".

"Жаңа МЕМСТ 2015 алгоритмін қолдау жаңартылған NCALayer арқылы қамтамасыз етіледі. Жаңа нұсқа шыққаннан кейін, қолданба автоматты түрде пайдаланушыға NCALayer жаңартуды ұсынады", - делінген хабарламада.

Қазақстан Корея мен Түркияның технологиясы негізінде дрондар құрастырмақ
14 мамыр 2024
Қазақстан Корея мен Түркияның технологиясы негізінде дрондар құрастырмақ

Мұндай келісімге Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі делегациясының Оңтүстік Кореяға сапары барысында қол жеткізілді, деп хабарлайды Ulys 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

Делегация мүшелері 3 күн ішінде Корея үкіметінің мүшелерімен, ірі компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізіп, Джей және Шинхан университеттерінде болды. Онда олар дәріске қатысып, дрондарды жасау үшін инженерлерді оқыту үдерісімен танысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, әзірге Қазақстанда екі университетте ғана дрондар кафедрасы бар. Енді Джей университетінің көмегімен тағы бір факультет ашылмақ. Кореялық профессорлар Қазақстанда дрон саласына қажетті мамандар даярлайтын болады.  

«Джей академиясында жоғарғы сынып оқушыларынан бастап нақты өндірісте жұмыс істейтін адамдарға дейін арнайы соларға мамандырылған бағдарламалар бар. Соларды қолдана отырып, мамандарды дайындайтын боламыз. Алдағы уақытта Джей университеті Қазақстанға келіп, біздің университеттерімізді аралап, техникалық университеттерімізді, олардың ішінен өздеріне әріптес тандайтын болады. Нақты технологияларды бізге беруге компетенцияны бізге беруге дайын»- деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков. 

Сондай-ақ түркиялық тараптың да дрон технологиясы бойынша Қазақстанға көмектесетіні белгілі болды. 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.