Цифрлық дәуір келді. Бірақ онымен бірге қауіп те келді. Енді білім ордалары – тек оқу емес, ақпарат соғысының да майданы. Кибершабуылдар, фишинг, деректердің ұрлануы, жалған мәлімет тарату – осының бәрі мектеп пен университет қабырғасынан бастап төніп тұрған қауіп. Ал екінші жағынан, жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары білім беру саласына тың серпін беріп, оқыту мен бағалау үрдісін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік беріп отыр. Яғни, білім беру екі әлемнің тоғысында тұр – қауіп пен мүмкіндік.
Бүгінгі оқушылар мен студенттер – цифрлық тумалар. Олардың оқу кеңістігі – Google, YouTube, ChatGPT, TikTok араласқан аралас орта. Бірақ осы құралдармен жұмыс істеу мәдениеті мен қауіпсіздік әлі толық қалыптаса қойған жоқ. Қазақстанда 2023 жылы кибершабуылдардың 22%-ы білім беру мекемелеріне бағытталған деген дерек бар. Бұл – банктер мен мемлекеттік құрылымдардан кейінгі үшінші орын. Себебі білім беру ұйымдары – үлкен деректер базасы. Оқушылардың жеке мәліметтері, ата-ана деректері, ішкі академиялық жүйелер – бәрі шабуыл нысанасына айналады. Мәселен, 2022 жылы Алматыдағы бір жоғары оқу орнының ішкі серверіне хакерлер шабуыл жасап, 5 мыңнан астам студенттің деректері желіге тараған.
Киберқауіпсіздік тек хакерлік шабуылдан қорғану емес. Ол – фишингтен бастап әлеуметтік инженерия, deepfake, жалған сілтемелер, зиянды қосымшалар, гаджеттер арқылы тыңшылық, т.б. қауіп түрлерін қамтитын кешен. Оқушыға жалған олимпиадаға қатысу туралы хат келуі, мұғалімнің телефонына вирус жұғуы – бәрі киберқауіптің қарапайым көрінісі. Ал мұндай шабуылдарға қарсы тұру үшін тек техникалық қорғаныс емес, цифрлық гигиена мен медиасауаттылық керек. Бұл екі түсінік әлі де кең тарала қойған жоқ.
Халықаралық тәжірибеде киберқауіпсіздік білім берудің ажырамас бөлігіне айналған. Мысалы, Эстонияда 6-сыныптан бастап кибергигиена пәні оқытылады. Финляндияда медиасауат мектеп бағдарламасына енген. АҚШ-та K-12 жүйесінде әр сыныпқа бейімделген киберқауіпсіздік модульдері бар. Ал Қазақстанда бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып жатыр. «Цифрлық сауаттылық» факультативтік сабақ ретінде енгізілсе де, оның ауқымы мен тереңдігі жеткіліксіз. Мектептер мен колледждерге нақты қауіп жағдайында әрекет етуді үйрету, фишингті тану, қауіпсіз пароль құрастыру, қоғамдық Wi-Fi-да жұмыс істеу тәртібі секілді базалық машықтар жүйелі түрде оқытылуы тиіс.
2023 жылы Қазақстанда «Киберқауіпсіз Қазақстан» тұжырымдамасы қабылданып, оған білім беру мекемелеріндегі деректер қауіпсіздігі де енгізілді. Онда мектептер мен ЖОО-лардың ақпараттық жүйелерін тексеру, ішкі IT инфрақұрылымды жаңғырту, оқушылар мен мұғалімдерді оқыту көзделген. Сонымен қатар, «KZ-CERT» қызметі арқылы білім мекемелеріне шабуыл тіркелген жағдайда тез әрекет ету жүйесі құрылуда. Бұл – оң қадам. Бірақ әзірге техникалық қорғаныс құралдарының барлығы қолжетімді емес. Кейбір ауыл мектептері Wi-Fi роутерін де ата-аналардың көмегімен алған. Ондай жағдайда киберқауіпсіздік қайдан болсын?
Енді екінші тарап – жасанды интеллект. ChatGPT, Grammarly, Khanmigo, Scribe, Google Gemini, Copilot сынды ЖИ құралдары білім беру жүйесіне белсенді енуде. АҚШ-та мұғалімдердің 47%-ы күнделікті сабақ жоспарлауда ЖИ қолданады. Ұлыбританияда ЖИ арқылы жеке білім беру траекториясы құрастырылуда. Үндістанда NEP 2020 реформасы аясында әр оқушының прогресін ЖИ арқылы бақылайтын жүйе енгізіліп жатыр. Қазақстанда да кейбір жеке мектептер ChatGPT-ті эссе тексеру мен тіл үйретуде қолданып үлгерді.
ЖИ құралдарының артықшылығы – жекелеу, бейімдеу және масштабтау. Яғни, бір сыныпта 30 оқушы болса да, әрқайсысына жеке тапсырма, жеке кеңес беру – бұрын тек мұғалімнің арманы еді. Енді бұл ЖИ арқылы мүмкін болып отыр. Сонымен қатар, қате жіберу үлгісін тану, оқушының миға қонбайтын тақырыптарға оралып отыруы, мазмұнды визуалдау – осының бәрі ЖИ-дің көмегімен жеңілдейді. Google-дың жаңа Project Tailwind моделі оқушының жазған конспектісін автоматты түрде қорытындылап, тест жасай алады. Grammarly немесе Scribe сияқты құралдар жазу машығын жетілдіруге көмектеседі.
Дегенмен, ЖИ-дің білімге әсері тек оң бола бермейді. Тексерілмеген дерек, жалған ақпарат, оқушының ойлау қабілетінің азаюы, эссе мен есептерді түгел ЖИ-ге жаздыру – бұл да қауіп. Сонымен қатар, жеке деректердің сақталуы, ЖИ құралдарының оқушы мінез-құлқына әсері секілді моральдық сұрақтар туындайды. Сондықтан ЖИ-мен жұмыс істеу мәдениетін де қалыптастыру қажет. Мұғалім – бағыттаушы, ЖИ – көмекші. Бұл ара-жігін ажырату өте маңызды.
Қазіргі таңда кейбір елдер мектептер мен ЖОО-ларда ЖИ қолдануға қатысты нақты ереже бекітіп үлгерді. Мысалы, Францияда ChatGPT мектептерде қолданылмайды, бірақ ЖОО-ларда бақылауда рұқсат. АҚШ-та ЖИ құралдарын пайдалану оқу саясатына енгізілген: кей колледждерде тапсырмада ЖИ пайдаланылғаны міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Қазақстанда әзірге бұл – сұр аймақ. Яғни, ЖИ қолданған-Қолданбағанын тексерудің жолы жоқ. Бұл – болашақта плагиат пен білімнің сапасына қатысты мәселелерге әкелуі мүмкін.
Білім беру жүйесінде ЖИ мен киберқауіпсіздік қатар дамуы тиіс. Бірі – тиімділік пен дербестікке жетелейді, екіншісі – қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұл екеуінсіз қазіргі білім беру – әлсіз әрі болашағы бұлыңғыр жүйе. Сол себепті ЖИ құралдарын пайдалану мәдениеті мен цифрлық қауіпсіздік – мектеп партасынан басталуы қажет.
Қорытқанда, оқушының браузеріндегі іздеу жолы – енді жай ақпарат теретін терезе емес. Ол арқылы шабуыл да, шабыт та келуі мүмкін. Қайсысын таңдайтынымыз – жүйе мен ұстазға байланысты.