Валюта бағамы
  • USD -

    492.7
  • EUR -

    566
  • RUB -

    6.23
«Су тасқынымен күрес біртұтас ел екенімізді көрсетті»
kyn.kz 20 маусым 2024
«Су тасқынымен күрес біртұтас ел екенімізді көрсетті»

Биыл Қазақстанның басым өңірлерінде болған көктемгі су тасқыны қазақстандықтарға ауыр тиді. Елдің солтүстігі мен батыс аймақтары қатты зардап шекті, мыңдаған үйлер қирап, мал басы қырылып, жүздеген мың адамдар бас сауғалап, қауіпсіз жерге уақытша көшуге мәжбүр болды. Ол туралы талай айтылды, жазылды. Ел болып қиын күндерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, айтып келмейтін табиғат апатын еңсердік.

Су тасқыны кезінде қазақстандықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өзінің бірлікті ел екенін көрсетті. Еңбектеген баладан, еңкейгенген қарияға дейін апатпен күресті. Мысал ретінде айтсақ, Атырау облысы Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылының 92 жастағы тұрғыны Орынша Қожиева жағаны бекітуге келді. 90-нан асқан қарияның «ерлігі» көпшілікке үлгі болды. Орынша апа тасқын қаупі төнгенде қол қусырып отыра алмаған.

«Мен біраз жасқа келіп қалдым. Сондықтан, менің қолымнан келетіні құм толтыруға қапшықтарды жедел дайындап отыру. Табиғаттың тосын мінезін болжап білу мүмкін емес, осы жасыма дейін мұндайдың талайын көрдік қой. Сондықтан, су тасқынына алдын - ала дайындалу керек»,-деген еді кейуана.

 Қиын сәтте көмекке келгендердің арасында ересектерден бөлек мектеп оқушылары да өз үлестерін қосты. Оқушылар сабақтан кейін, Жайық өзенін бекітуге қолұшын созды.

Кентау қаласында тұратын Гауһар Шаймерден өзі жинап жүрген қаржысын Құлсары қаласының тұрғындарына аударды. Оның қайырымды ісі көпшіліктің жүрегіне ізгілік сыйлады. Әлемде қайырымдылық, ізгілік орнаған кезде кез- келген қиыншылықты жеңуге болатынын паш етті.

50 мыңнан аса еріктілер, мыңдаған белсенділер, құтқарушылар, мемлекеттік қызметкерлер, билік өкілдері күн-түн демей жұмыс жасап, зардап шеккен халыққа қолдан келгенше көмек қолын созды. Әсіресе Атырау қаласын алапат тасқын қаупінен күрес ерекше есте қалды. Халықтың көпшілігі күні-түні жағаны бекітті. Екі-үш аптаның ішінде Атырау қаласы аумағынан 200 шақырымнан асатын бөгет салынды.  

Бұдан бөлек Қазақстанның басқа жағында тұратын тұрғындар зардап шеккен аймақтарға кезең-кезеңмен көмектер жөнелтті. Көптеген ерікті ұйымдар мен белсенді азаматтар, қоғамдық бірлестіктер осындай игі істердің басы-қасында болып, қиын-қыстау кезеңде тағы да ұйымшылдық, бірлігінің мығым екенін танытты. Тек Қазақстан халқы Ассамблеясы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек беру үшін, арнайы Республикалық штаб құрып, одан әрі қарай өңірлерде штабтарды құрып гуманитарлық көмек беру бойынша жұмыстарды үйлестірді. Ассамблея мүшелері судан зардап шеккен облыстарға «Жүректен жүрекке» акциясы аясында 227 тонна гуманитарлық көмек жіберіп, 277 миллион теңге жинап, қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар өңірлерде 10 мыңға жуық еріктілер зардап шеккен азаматтарға, құтқарушыларға, әскери қызметкерлерге, құрылысшыларға өз көмектерін берген.

Мұндай мысалдар жүздеп саналады. Барлығының мақсаты бір болды, ел мен жерді тасқын судан аман алып қалу еді. Мақсатқа халық болып жетіп, апаттың зардабымен бүтін ел болып күресе алдық

Кейін жағдай реттеліп, етек-жеңді жинағаннан кейін Президент Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттады.

«Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды... Алапат су тасқындап келіп қалғанда отандастарымыз табиғат апатымен күресіп жатқан құтқарушыларға көмек қолын созды. Олар су басқан аймақтарда жауапты қызмет мекемелеріне жәрдемдесіп, жанқиярлықпен әрекет етті әрі батылдық танытты. Көбі адамдар мен жануарларды өз көліктерімен қауіпсіз жерге алып шықты. Мыңдаған жанашыр азамат тасқын судан қорғайтын бөген салуға қатысты. Ортақ күш-жігердің арқасында біз жағдайдың ушығып кетуіне жол бермедік», – деді Мемлекет басшысы 19 маусымда өткен салтанатты жиында.

Презденттен алғыс хат алғандар көп болды. Олардың арасында ветеринар Ғабит Мусинде болды. Ғабит Мусин Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданының Якорский ауылдық округінде 35 жылдан бері ветеринарлық фельдшер болып жұмыс істеп келеді. Ол су тасқыны кезінде жоғары кәсібилік пен көрегендік танытқан. Су тасқыны кезінде тәуліктеп жұмыс істеп, өз аумағындағы малдың барлығын аман алып қалған. Оның арқасында ерекше қауіпті аурулардың пайда болуы мен таралуына жол берілмеді.

«Мен өзім мал ауырса тағат таппайтын адаммын. Менің қарамағымда 4 ауылдың малы бар. Оның барлығына уақтылы екпе салып, тексеріп отыру қажет. Ветеринария саласында жұмыс істегеніме 30 жылдан асты. Талай қиын кезеңдерді бастан өткердік. Су тасқыны кезінде жағдай күрделі болды. Алайда жұмыла атқарған жұмыстар нәтижесін беріп жатыр. Еңбегіміз де бағаланып жатыр», - дейді Ғабит Мусин Ulys тілшісіне.

Қорыты айтқанда, жоғарыда Президент айтып кеткендей сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытіп, біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Ырысы ортаймайтын, бірлігі мығым ел ғана кез келген қиыншылыққа төтеп бере алады.

 

RELATED NEWS
Қазақстанның 20-дан астам елді мекенінде су тасқаны болуы мүмкін
05 ақпан 2025
Қазақстанның 20-дан астам елді мекенінде су тасқаны болуы мүмкін

Мәжілістің жалпы отырысының кулуарындаТөтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов су тасқыны қаупі бар аймақта 23 елді мекен бар екенін айтты, деп хабарлайды Ulys.

«Бұл статистиканы мамандар береді. Кейбір депутаттар осы өңірдің барлығын су басады деп шошып жатыр екен. Олай болмайды. Белгілі бір жұмыс жүргіземіз. Кейбір өңірден ол қауіптер жойылды. Ал өңірлер бойынша су тасқыны қаупі төніп тұрған ТОП-5 аймақты айтатын болсақ, БҚО, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары болып отыр», - деді Шыңғыс Әрінов

Су тасқынымен күрес: 5 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлады
08 тамыз 2024
Су тасқынымен күрес: 5 мыңнан аса отбасы қоныс тойын тойлады

Су тасқынынан зардап шеккен 5 239 отбасыға арнайы салынған және сатып алынған үйлер мен пәтерлер берілді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй салу және сатып алу, сондай-ақ оларға жан-жақты көмек көрсету бойынша өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Қираған баспанасының орнына 4769 отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерде 2568 жаңа үйдің құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, оның ішінде 470 нысан бойынша жұмыстар толығымен аяқталып, тұрғындарға кілттер табысталды.

Солтүстік Қазақстан облысында құрылысы аяқталған 285 үй, Қостанай облысында 57, Батыс Қазақстан облысында 80, Ақтөбе облысында 43 және Павлодар облысында 5 үй пайдалануға берілді.

Барлық облыста су басқан тұрғын үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары 100% аяқталды. Жалпы сомасы 49,3 млрд теңгеге 8 853 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге тиісті төлем алды.

34 216 отбасыға 12,6 млрд теңгеге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төленді. Сондай-ақ жоғалған бірінші қажеттіліктегі заттарын сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша төлемдер берілуде. Бүгінгі таңда 9,9 млрд теңгеге 21 869 отбасы осындай көмек алды.

Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмыстары жалғасуда. Өңірлік комиссиялар жалпы сомасы 7,9 млрд теңгеге ШОБ субъектілерінің 455 өтінімін қарап, мақұлдады.

Суға кеткен мал үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Су тасқыны: 8 мыңнан астам үй апатты жағдайда деп танылды
21 маусым 2024
Су тасқыны: 8 мыңнан астам үй апатты жағдайда деп танылды

Парламент палаталарының бірлескен отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов ауқымды су тасқынының салдарын жою жөніндегі қалпына келтіру жұмыстарының барысына түсініктеме берді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет басшысы су тасқыны мыңдаған азаматқа, сондай-ақ инфрақұрылымға, экономикаға және жалпы елімізге айтарлықтай зиян келтіргенін атап өтті.

120 мыңнан астам адам өз үйінен эвакуацияланды. Олардың 67 570-і үйлеріне оралды. Бұл ретте бүгін таңертеңгі мәлімет бойынша 3 952 адам эвакуациялық пункттерде қалып отыр. Барлығы 12 мың тұрғын үй (ЖТҚ) және 26 мың саяжай учаскелері су астында қалды. Су астында қалып отырған үйдің саны — 98.

«Көмек көрсету бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Мемлекет басшысының үндеуіне жауап бере отырып, ірі бизнес елеулі қолдау көрсетті, бюджеттік ресурстар да тартылды. Бүгінгі таңда 33 141 отбасы 100 АЕК көлемінде өтемақы алды. Осы мақсатқа бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді», — деді Олжас Бектенов.   

Оның айтуынша, зардап шеккен 17 982 үй бойынша тексеру жүргізілді, 15 685 үйді бағалау аяқталды. Үйлердің жартысына жуығы жөндеу мен қалпына келтіруді қажет етеді. Осы мақсаттарға орай 5823 отбасы өтемақы алды. Оған 38,6 млрд теңге бөлінді.

8 мыңнан астам үй апатты жағдайда деп танылды. Олар үшін зиянды өтеудің 2 нұсқасы бар:

1. пәтерлерді немесе үйлерді қайталама нарықта сатып алу;

2. үй салу.

«Біз Президенттің тапсырмасына сәйкес зардап шеккен азаматтардың талап-тілегін орындаймыз. Бүгінгі таңда 3155 отбасы жаңа баспана алды. Түрлі өңірлерде 2049 үйдің құрылысы белсенді жүргізіліп жатыр. Жалпы тұрғын үйді қалпына келтіруге және салуға 251 млрд теңге бағытталды», — деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі.

Сонымен қатар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға, жолдар ззиын келді. Атап айтқанда, 2,3 мыңнан астам энергиямен жабдықтау тіректері қирап, 54 км желі үзілді. Бүгінгі таңда 40% қалпына келтірілді, жаз айларында жұмыс белсенді жалғасатын болады.

Республикалық және жергілікті жолдардың 290 учаскесінде автомобиль қатынасы үзілді. Бүгінде Атырау облысында бір учаскені қоспағанда, барлық учаскелер бойынша қозғалыс қалпына келтірілді. Аталған учаскедегі қозғалыс су кеткен кезде ашылады.

Сонымен қатар, 39 білім беру нысаны су астында қалды. Оның 18-і ағымдағы жөндеуді, 11-і күрделі жөндеуді қажет етеді, 9 білім беру нысаны одан әрі пайдалануға мүлдем жарамсыз және жаңадан салынады. Бір білім беру нысанында әлі де тексеру рәсімі жүргізіліп жатыр.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, күн суытқанға дейін барлық азамат жаңа тұрғынүйге қоныстанып, барлық инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілетін болады», — деп түйіндеді Олжас Бектенов.