Көктем шыға сала еліміздегі барлық су қоймасына тексеру жүргізіп, оларды күрделі жөндеуден өткізу үшін арнайы жоба әзірлеу қажет. Өйткені, су қоймаларының басым көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдарында салынған. Мұндай пікірді су шаруашылығы саласының ардагері, инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов білдірді.
«Еліміздегі су қоймалары өз орнында тұр. Кезінде олардың бәрі арнайы зерттелген жерлерге орналастырылған. Енді 5-6 күнде олар суға лық толады. Бұл қоймаларға даладағы суды қуып әкеп, құя алмайсың. Ол үшін арық, канал, техника керек. Ал ондай мүмкіндігіміз жоқ. Осыдан келеміз де «неге су басып жатыр?», «неге Үкімет қарамайды?» деп байбалам саламыз. Үкімет қайтып қарайды, жағдайы жоқ. Су ресурстары және ирригация министрлігінің өзін өткен жылы ғана құрдық. Жалпы, еліміздегі су қоймаларының көпшілігі 60-70 жылдары салынған. Сондықтан көбі өте қауіпті. Жөндеу жұмыстары дұрыстап жүргізу қажет», - деді инженер-гидротехник.
Осы орайда ол Тәуелсіздік жылдары ішінде салынған «Көксарай» су қоймасының да жағдайы мүшкіл екендігіне алаңдаушылық танытты.
«Мәселен, «Көксарай» су қоймасын еліміздегі мүмкіндігі мол «Базис» корпорациясы салды. Бірақ оның құрылыс ісіне араласқан су шаруашылығын білетін мамандары болмады. 47 шақырымға созылған қойма 3 млрд текше метр суға арналған. Бұл жобаға қайтадан күрделі жөндеу жүргізу қажет», - деді маман.
Оның атап өтуінше, қазір орын алған қарғын суға Су ресурстары және ирригация министрлігінің кінәсі жоқ.
«Былтыр ғана құрылған министрліктің ешқандай кінәсі жоқ. Өйткені, ол батпандап кірген ауруды бір күнде жұлып тастай алмайды. Мысқалдап, мысқалдап шығады. 5-6 жылдан кейін ғана жөнделеді. Министрлік жақсы жұмыс істеп жатқанымен мамандары жоқ. Үкімет бөлген штаттың өзін толтыра алмай отыр. Су шаруашылығы мамандығы бойынша диплом алғандары бар. Ал бірақ, білікті мамандары жоқ. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет», - деді Әмірхан Кеншімов.