28 қыркүйек — Атом өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай түбектің төл арнасында еліміздегі АЭС құрылысына қатысты арнайы бағдарлама көрерменге жол тартты. Бағдарлама қонақтары — ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаров және БН-350 РҚ радиациялық қауіпсіздік бөлімінің инженері Азамат Құлбеков елімізде АЭС құрылысы жайлы өзара әңгіме өрбітті. Баршаға мәлім, Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары лауазымында өңірдегі стратегиялық нысанның жұымысына жетекшілік етті. Сенатордың айтуынша қазіргі таңда еліміз бойынша атом саласында 10-15 мың шамасында адам жұмыс істейді. Сондай-ақ реакторлық қондырғылардың қыр-сырына қанық 600-ге жуық білікті кадр бар екенін мәлімдеді.
- Елімізде ядролық физика институты және ұлттық ядролық орталық бар. Одан кейін Маңғышлақ атом энергетикасы комбинаты жанында БН -350 реакторы тұр. Онда 350-дей адам жұмыс істейді. Ұлттық ядролық орталықта 200-250-дей адам жұмыс істейтін болса, институттың өзінде 600-дей адам жұмыс істейді, бұл дегеніміз шамамен 1000-нан астам қызметкер реактор қондырығысында қызмет атқаруда. Әрине бұнымен бір орында тоқтамайды ғой. Дүниежүзіндегі физика мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарында ядролық технология және атом саласында біздің болашақ жас мамандарымыз оқып жатыр. Яғни Америка Құрама штаттарында, Венгрияда, Чехия мемлекетінде оқып жатқан азаматтар бар. Атом энергетикалық станциясы бүгін-ертең салына қоятын нәрсе емес, оның құрылысы 10-15 жылға созылады. Біздің де мамандарымыз сол уақытқа дайын тұрады. Сондай-ақ, бізде Кеңес одағынан қалған мамандар әлі де бар екенін айта кету керек. Маман жоқ деп ойламаңыздар, мамандар бар, бәрі де қызмет атқарып жатыр,-дейді Бекбол Орынбасаров.
Спикердің айтуынша ядролық физика мамандарын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде және Қ.И Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық зерттеу университетінде дайындайды.
«МАЭК» БН 350 қондырғысының радиациялық қауіпсіздік бөлімінің инженері Азамат Құлбеков жас мамандар оқу-орнын бітіргеннен кейін бірінші тәжірибеден өтетіндігін айтты.
- Мен Астанада ядролық физика мамандығын Еуразия Ұлттық университетінде тәмамдадым. Ал тәжірибеден өту үшін Алматы қаласындағы ядролық физика институына жіберді. Яғни дипломдық жұмыс, ғылыми жобаларды сол жерде қорғадық. Одан кейін Маңғыстау энергетика комбинатында қызметімді бастап, әлі де жалғастырып келемін. Қазіргі кезде радиациялық қауіпсіздік бөлімінің инженерімін,-дейді Азамат Құлбеков.