Валюта бағамы
  • USD -

    496.9
  • EUR -

    525
  • RUB -

    5.03
Семей орманын қалпына келтіру қалай жүргізіліп жатыр
Фото: Үкімет 26 шілде 2024
Семей орманын қалпына келтіру қалай жүргізіліп жатыр

Премьер-Министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары аясында «Семей орманы» табиғи резерваты аумағын әуеден тексеріп, Мемлекет басшысының өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру және өрттің алдын алу, орман шаруашылығындағы мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бүгінгі таңда былтырғы маусым айында орын алған, 66 мың гектарға жуық орман қоры зардап шеккен ірі орман өртінің салдарын жою мақсатында ағаштарды көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Үкімет басшысы табиғи резерват аумағындағы орман тәлімбағы кешені мен ағаш тұқымы стансасын аралап көрді, онда заманауи швед жабдықтары арқылы жеделдетілген технология бойынша жабық тамыр жүйесі бар қарағай көшеттері өсіріледі. Бір жылда мамандар екі рет: жалпы 3 млн көшетке дейін алады. Жабық тамыр жүйесі бар көшеттердің сапасы дәстүрлі әдіспен өсірілетіндерден жоғары, бұл орман дақылдарының жоғары деңгейде жерсінуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ резерват аумағында Ертіс өңірінің таспа қарағайын өсіру және қалпына келтіру жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Семей орманы» резерватының аумағына 70 мыңнан астам көшет отырғызылды.

Сонымен қатар сау көшеттерді дің зиянкестерінің таралуынан және қурап жатқан орманның жаңа ошақтарының пайда болуынан сақтау және қорғау мақсатында өртенген сүрекдіңдер кесіледі. Күйген ағаштарды кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін өңірде дайын өнім – ЛАБТ, АЖТ, ББТ, отын брикеттерін шығаратын ағаш өңдеу кешенін салуға 7,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда Семей қаласының индустриалды аймағындағы 55 га жер телімін тіркеу рәсімі жүргізілуде. Бұл ретте өткен жылы табиғи резерват аумағында өз күшімен 38,3 мың текше метр жұмыр ағаш дайындалды. Жоба аясында 530 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы «Семей орманы» аумағында құқықтық тәртіптің сақталуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті. Бүгінде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтады.

«Өткен жылы алапат өрт орын алды – біз 66 мың га орман қорын жоғалттық. Бұл бүкіл “Семей орманы” алқабының оннан бір бөлігі, сондықтан орман өрттерінің алдын алу өте маңызды міндет. Біз Президенттің тапсырмасы бойынша биыл бірінші болып соққы қабылдайтын ТЖМ және орман шаруашылығы құрылымдарын техникамен жабдықтау бағдарламасын қолға алдық. Аталған бағдарламаны жалғастырып, сіздерді заманауи техникамен қамтамасыз етеміз. Айтқым келген тағы бір маңызды мәселе – заңсыз ағаш кесумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы. Олармен күресу керек. Сіздер олардың бар екенін менен жақсы білесіздер. Мен тіпті жекелеген қызметкерлерге заңсыз ағаш кесуге кедергі келтірмеу қаупі төніп тұрғанын білемін. Міне, мұнымен күресу керек. Бұл жерде Ішкі істер министрлігі өте мұқият назар аударуы қажет. Орман – біздің ұлттық байлығымыз. Заңсыз ағаш кесумен айналысатындар – мемлекеттің жауы. Мұнда бүкіл мемлекет күш салып, түбегейлі соққы беруі керек. Бұл сіздердің және құқық қорғау органдарының міндеті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-Министр материалды-техникалық базаны жаңарту, орман шаруашылығы қызметкерлерін қолдау шаралары мәселелерін көтерді. Мәселен, 2023-2027 жылдарға арналған «Семей орманы» резерваты үшін материалдық техникалық жарақтандыруды кезең-кезеңімен нығайту жөніндегі кешенді жоспар шеңберінде былтыр жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге 37 бірлік арнайы техника, оның ішінде өрт сөндіру машиналары, шағын орман өрт кешендері, трактор, патрульдік автокөлік сатып алынды. Жұмыс жалғасуда.

Президенттің тапсырмасы бойынша орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлерін қолдау мақсатында өткен жылы мемлекеттік орман күзетінің 12 876 қызметкерінің жалақысы 100%-ға көтерілді. Биыл Үкімет қаулысымен 1 шілдеден бастап еліміздегі орман және табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлері лауазымдық жалақыларына үстемеақы ала бастады. Орман өрт сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, табиғатты қорғау және орман орналастыру ұйымдары қызметкерлерінің лауазымдық жалақысына 100%-ға дейін үстемеақы алады. Барлығы 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақымен қамтылды. Аталған мақсаттар үшін 2024-2027 жылдарға республикалық бюджеттен 8,4 млрд теңге қарастырылған.

Үкімет басшысы өрт қауіпсіздігінің маңыздылығына тоқталып, «Семей орманы» резерватының, облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдікке өртке қарсы қызметтердің күштері мен құралдарының тұрақты әзірлігін қамтамасыз етуді тапсырды. 

«Орман алқаптарын сақтау мәселесі және өртке қарсы шараларды қабылдау біздің ерекше назарымызда болады. Мұндай апаттардың қайталануына жол беруге болмайды. Апаттың алдын алу шараларын қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде толықтай жүзеге асыру маңызды. Ол үшін біз резерватты жарақтандыруды жалғастырамыз, оның ішінде орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнатамыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар министрлігіне Абай облысының әкімдігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Семей орманын» материалдық-техникалық жарақтандыру және орман алқабын молайту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ күйген ағаштарды кәдеге асыру жөніндегі жобаны іске асыруға қолдау көрсету тапсырылды.

Анықтама: Бүгінгі таңда Абай облысында табиғи өрттердің алдын алу және дер кезінде әрекет ету мақсатында 132 адамнан тұратын 32 мобилді топ құрылды. «Қазавиақұтқару» тікұшағы кезекшілікте және аумақты патрульдеу жүргізіледі. 404 рейдтік іс-шара өткізілді, 109 тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

RELATED NEWS
Қазақстан су инфрақұрылымына Ислам банкінен қаржы тартуы мүмкін
30 сәуір 2024
Қазақстан су инфрақұрылымына Ислам банкінен қаржы тартуы мүмкін

Тасқынның шығыны 200 млрд теңгеден асатыны туралы болжамдар ел ішінде берік бекіп алды. Бірақ бұл халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты нысандарды қалпына келтіруге, үйіндегі тұрмыстық техникасы мен мал-мүлігін бүтіндеп беруге бағытталатын қаражат көлемі болса керек.

Өйткені тасқын салдарын жоюға бюджеттен бөлінген қаражат пен қалталы топтардың бөлгені ақшасының өзі 330 млрд теңгеге жетті.

Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов 24 сәуірде БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде тасқынмен күреске қазірдің өзінде бюджеттен 140 млрд теңге бөлінгенін айтқан болатын. Сол күнгі ресми мәлімет бойынша, елдегі ең ірі кәсіпкерлер мен алпауыт компаниялар тасқын салдарын жоюға бөлген қаражаттың жалпы сомасы 190 млрд теңге болған.

Мұнша қаражаттың өзі тасқын салдарын біржола жойып, келешектегі қатердің алдын алуға жетпейтін сияқты. Олай дейтініміз, өткен аптада Үкіметтің бірнеше мүшесі Сауд Арабиясына барған болатын. Бұл елдер бірнеше ірі халықаралық жиын өтіп жатыр. Соның аясында Қазақстан өкілдері ислам әлеміндегі ірі қаржы институттарының, холдингтердің басшыларымен кездесіп үлгерген.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Acwa Power» компаниясының төрағасы Мұхаммед Абунаянмен кездесіп, елдегі тасқын салдарын жоюға қолдау көрсететіні туралы уәде алды.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ислам даму банкі тобының президенті кездесті.

Үкіметтің ресми сайты жазған мәліметке сүйенсек, вице-премьер мен Мұхаммед Әл-Джассер арасындағы кездесудің басты тақырыбы Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру мәселесі болған. 

«Еліміздің су-ресурстық әлеуетін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді салу әрі реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу шаралары көзделіп отыр.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ИДБ тобының ауқымды инвестицияларын ҚР су саласының жобаларына бағыттау, сондай-ақ жобалардың техникалық құрамдас бөлігін дайындауға гранттар бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алғашқы транштар биыл аударылады», - делінген ресми ақпаратта.

Тасқын Үкіметтің алдағы жоспарын айтарлықтай өзгертіп кетті деуге болады. Апатпен күреске ақша табу үшін бұған дейін қабылданып кеткен ұлттық жобалар мен бағдарламалардың, халықаралық шаралардың шығыны қайта қаралып, бірнеше ведомствоның бекітілген бюджеті қысқарды.

Жалпы елде тасқын болмай тұрған кездің өзінде Су ресурстары және ирригация министрлігі елде 20 жаңа су қоймасын салу жоспарын жалпыға жария етіп үлгерген болатын. Нұрлан Байбазаров Ислам даму банкі басшысымен өткізген келіссөзде осы нысандарды қаржыландыру мәселесі сөз болған.

Аталған 20 су қоймасының ортақ сыйымдылығы 2,5 миллиард текше метрге дейін су жинауға қауқарлы. Осы 20 нысанның алғашқы болып Кеңсай-Қосқорған-2 қоймасы Түркістан облысында салынып бітті. Одан кейінгі кезекте Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарындағы 9 нысан тұр.

Атап айтсақ, Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталды. Ал Төле би ауданында Қарақуыс су қоймасының құрылысы жобаланып жатыр.

Сондай-ақ, Ақмола облысындағы Есіл контрреттегішінің, Алматы облысындағы Покатилов су қоймасының, БҚО Жалпақтал кенті мен Сексенбай ауылындағы су қоймаларының, Жамбыл облысындағы Ырғайты, Қалғұты және Ақмола су қоймаларының, Қызылорда облысындағы Қараөзек каналындағы су қоймасының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Бұл жаңа жыл сайын қайталанатын тасқындардың алдын алып, қуаңшылықпен күресуге, Қазақстанның көрші елдерден кіретін су ресурстарына тәуелділігін 25%  төмендетуге септігін тигізеді деген үміт бар. Осының арқасында елдегі суармалы алқап көлемін 250 мың гектарға ұлғайтып,  137 мың тұрғыны бар 70 елді мекенді тасқын қаупінен қорғауға мүмкін туындауы керек.

Сондай-ақ, келешекте жалпы сыйымдылығы 1,9 млрд текше метр болатын 15 су қоймасын күрделі жөндеу көзделген. Биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана қаласындағы алты нысанда жұмыс бастау жоспарланған. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың Ислам даму банкімен жүргізген келіссөзі нәтиже берсе, осы жобаларға араб әлемінен ақша тартылуы мүмкін деген сөз.

Айта кету керек, Қазақстан  1995 жылдан бері Ислам даму банкінің мүшесі болып есептеледі. Содан бері бұл институт Қазақстандағы 67 жобаға 1,8 млрд доллар бөлген.

Қазақ әуелден қоршаған ортаны өзінің бір бөлшегі санаған – эколог
18 сәуір 2024
Қазақ әуелден қоршаған ортаны өзінің бір бөлшегі санаған – эколог

Көктем шыға еліміздің барлық қалалары мен елді мекендерінде тазалық акциялары өткізіліп, көшелер, аулалар, саябақтар мен өзен-көл жағалаулары қоқыстан бір тазартылып қалатын. Бұған дейін бұл акция бірреттік қана сипатта болса, биылдан бастап «Таза Қазақстан» жобасы арқылы әр сенбі күндері өткізіле бастады. Бірақ, халықтың сана-сезімінде қоршаған ортаға сүйіспеншілік, табиғатқа қамқорлық, жалпы экологиялық мәдениет қалыптаспай бәрі бекершілік болмақ. Мұндай пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Райхан Бейсенова да алға тартады.

«Жалпы өз басым алған білімім мен атқарар қызметім эколог болғандықтан ғана емес, сонынмен қатар еліміздің қарапайым азаматы ретінде де әр уақытта экологиялық тұрғыдан дұрыс шаралар, іс-әрекеттер жасауға тырысамын. Қоршаған ортаға жанашырлық әркімнің бойынан табыла білуі тиіс. Адам табиғаттың бір бөлшегі. Адам қашан да табиғат әсемдігіне, сұлулығына тамсанған, таңдаған, қуанып, оған қамқорлық жасаған. Қазіргі таңда табиғат аясына демалуға шығып, бір күндерін отбасына арнауды әдетке айналдырған. Осындай сәттерде әттеген-ай деген жағдайлар, яғни, көпшіліктің айналасына, қоршаған ортаға деген немқұрайдылығы жиі байқалды. Елімізде экологиялық таза қоршаған ортаны барынша сақтап қалуға бағыттылған шетелдердегідей көптеген шара мемлекет тарапынан жасалмағандықтан да болар, бүгінде ел тұрғындарының көпшілігі экологиялық ахуалға көңіл бөле бермейді. Дәл осы жайт мені қатты қынжылтады. Қазақстанда адамдар қандай да бір іс-әрекет мемлекет не заң тарапынан күштеп енгізілмесе, онда оны «менің міндетім емес» деп ойлайды. Шетелде өте көп болдым. Әсіресе Еуропа, АҚШ-та жергілікті халық экологиялық іс-әрекетті жеке өз басын сыйлағандықтан, яғни өмір сүріп жатқан қоршаған ортаны өзінің бір бөлігі деп есептегендіктен жасайды. Ондай сана бізде көпшілікке топырақ шашпай-ақ қояйын, бірақ біраз адамда жоқтың қасы», - деді эколог.

Оның айтуынша, еліміздің Астана, Алматы және Шымкент сынды республикалық маңызы бар үлкен қалаларында тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін арнайы контейнерлер орнатылған. Демек, жергілікті тұрғындар үйден шығатын тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, арнайы контейнерге тастауы тиіс. Бірақ, дәл осы игі бастама әлі күнге дейін жемісін беріп отырған жоқ. Ал ол нәтижесі болуы үшін барлығы да әр азаматтың асханасынан басталуы қажет.

«Жоғарыда атап өткен қалалардың тұрғындары үйден шығатын тұрмыстық қалдықты бөліп жинауды білмейді. «Бәрібір оны бір жерге апарады», «бір машинаға тиейді ғой», «бізде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жолға қойылмаған» деген сынды болмашы себептерге сілтей салады. Тағы бір мәселе, жазғұтырым қар кеткенде қалалар тұрмақ бүкіл дала пластик бөтелкелер мен пакеттерден көрінбей қалады. Ал шетелде бұндай көріністі байқамайсың. Тұрғындар сол бөтелкелер  мен пакеттердің бірнеше ондаған жылдар бойы шірімей, экологияға зор зиянын тигізетіндігін сезінбейді. Таза ауаға - өзен-көл жағалауына барған адамдарда артынан қалған мұндай тұрмыстық қалдықтарды жинап кетуі мәдениеті қалыптаспаған. Бізде тек өз үйін ғана таза күтіп-ұстау дағдысы бар. Ал қоршаған ортаны да «дәл солай күту керек» деген сана жоқ», - деді Райхан Бейсенова.

Оның айтуынша, еліміздің Астана, Алматы және Шымкент сынды республикалық маңызы бар үлкен қалаларында тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін арнайы контейнерлер орнатылған. Демек, жергілікті тұрғындар үйден шығатын тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, арнайы контейнерге тастауы тиіс. Бірақ, дәл осы игі бастама әлі күнге дейін жемісін беріп отырған жоқ. Ал ол нәтижесі болуы үшін барлығы да әр азаматтың асханасынан басталуы қажет.

«Жоғарыда атап өткен қалалардың тұрғындары үйден шығатын тұрмыстық қалдықты бөліп жинауды білмейді. «Бәрібір оны бір жерге апарады», «бір машинаға тиейді ғой», «бізде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жолға қойылмаған» деген сынды болмашы себептерге сілтей салады. Тағы бір мәселе, жазғұтырым қар кеткенде қалалар тұрмақ бүкіл дала пластик бөтелкелер мен пакеттерден көрінбей қалады. Ал шетелде бұндай көріністі байқамайсың. Тұрғындар сол бөтелкелер  мен пакеттердің бірнеше ондаған жылдар бойы шірімей, экологияға зор зиянын тигізетіндігін сезінбейді. Таза ауаға - өзен-көл жағалауына барған адамдарда артынан қалған мұндай тұрмыстық қалдықтарды жинап кетуі мәдениеті қалыптаспаған. Бізде тек өз үйін ғана таза күтіп-ұстау дағдысы бар. Ал қоршаған ортаны да «дәл солай күту керек» деген сана жоқ», - деді Райхан Бейсенова.

Ғалымның пікірінше, бұрынғы уақытта ата-бабаларымыз қоршаған ортаны қадір тұтып, табиғатты аялап, өмір сүруге жайлы, денсаулыққа жағымды таза орта жасау ұстанымын жоғары бағалаған. Қазіргі кезде адамдар тек жеке басы мен тұрғылықты жерін ғана ойлап, онан тыс жатқан қоршаған орта да барлық денсаулық кепілі екенін ұмыт қалдырады.

«Ең алдымен жердің саулығы, ортаның тазалығы өзіміздің жасаған іс-қимылдарымыздың нәтижесі екенін түсініп, сол бағытта санамызды өзгертуіміз қажет. Әрине, мемлекет тарапынан да өте көп жұмыс істелуі қажет. Сонымен қатар, әр адамның экологиялық тұрғыда дұрыс өмірлік ұстанымы сол мемлекеттің іс-әрекетінен әлде қайда мол нәтиже беретінін ұмытпау керек. Шындығына келгенде, егер жергілікті халық саналы түрде ат салыспаса, онда мемлекеттің жасап жатқан іс-шаралары жүзеге аспайды. Әр азамат бәрін өзінен бастауы тиіс. Суды үнемді жұмсау, қалдықтарды азайту және оларды жинау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптай білу, қала ішінде жеңіл көлікті аз қолдану, пластик затарға қарағанда тез ыдырайтын заттарды көбірек кәдеге жарату, ауа, жер, суға зиянды заттарды шығаруды тарынша төмендету – бұл іс-шараның барлығы әр адамның жеке басының шешімі. Ал оған салғырт, немқұрайлы қарау қоршаған ортамызды бүлдіріп, экологиямыздың жай-күйін нашарлата түсетіндігін еш уақытта қаперден шығармауға тиіспіз», - деді Райхан Рымбайқызы.

Райхан жалпы қазақ ұлтының экологиялық мә­дениет­тің қалыптасуы таби­ғат заңдылықтарына тікелей қа­тыс­ты. Мәдениет тү­сінігінің шығу тегіне сүйенер болсақ, адамның табиғатқа қатынасы үнемі мәдениетпен байланысты отырды.

«Адамзат әуелден та­би­ғатты өзінің қажеттіліктерін қана­ғаттандырудың негізгі тəсілі ретінде қабылдады. Табиғат пен адам арасындағы байланыс ешқашан үзілмейтінін жақсы түсінді, сондықтан табиғатпен байланыс күшейді. Себебі табиғатсыз адамның өмірі болмайды. Әсіресе көшпелі ұлттар табиғатты өмірінің негізгі бөлігімен байланыстырды. Сондықтан да олар табиғат ананы аялауды, оның «ашуына тимеуді» маңызды міндет деп санап келді. «Судың да сұрауы бар», «бір тал кессең, он тал ек», «бұ­лақ көрсең көзін аш», «көк­ті жұл­ма» деген сияқты түсініктер осыны айғақтайды. Қазақ ешқашан жасыл желекті, көкті таптамаған, құмырсқа илеуін бүлдірмеген, құс ұясын бұзбаған, жас балапандар мен хайуан төлдеріне тиіспеген, өсіп тұрған талды, ағашты жұлмаған. Бір сөзбен айтқанда қазақ әуелден табиғатты аялау түсінігі мол болды. Осыдан келіп жалпылама алғанда «экологиялық мәдениет» деген ұғым қалыптасты. Ерте заманда адамдар табиғатпен тікелей байланысқа түсіп, бар қажетін сол арқылы қанағаттандырып отырса, ал қазіргі индустриалды қоғамда бұл байланыс түрі жаңа деңгейге шықты, трансформациялық өз­геріс­тер орын алды. Алға­шын­да пайда болған экологиялық мәде­ниет көрінісін қазіргі заман­ның экологиялық мәдениетімен салыстыруға келмейді. Мұны эко­ло­гиялық мәдениеттегі «дағда­рыс» деп түсіндіруге болады. Адам­дар­дың қаншалықты озық технология, заманауи құрылғылар ойлап тапқанымен, бәрібір табиғаттан алшақ кете алмайды. Бұл аксиома», - дейді ғалым.

Каспийде итбалықтар қырылып жатыр: Тексерудің алдын ала себебі айтылды
05 қараша 2024
Каспийде итбалықтар қырылып жатыр: Тексерудің алдын ала себебі айтылды

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Каспий жағалауынан 300-ге жуық итбалық өлексесі табылған жерде судың құрамы тексерілгенін хабарлады. Бұл туралы Kazinform хабарлады.

«Түпқараған ауданы аумағының теңізі жағалауынан 289 итбалық өлексесі табылды. Жергілікті атқарушы органның көмегімен жинастырғаннан кейін, полигонға тасымалданды. «Гидробиология және экология институты» мекемесімен бірлесе сол жерден табылған итбалықтар бойынша токсикологиялық және гистологиялық бағытта зерттеулер жасалады. Бұл ретте 112 итбалықтан сынамалар алынды», - делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство ақпаратына қарағанда, Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары итбалық өлекселері табылған Каспий теңізінің жағалауынан су сынамаларын алды. Оның қортындысы бойынша нормадан тыс ауытқулар анықталмады.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.