Валюта бағамы
  • USD -

    475.1
  • EUR -

    517
  • RUB -

    5.47
Құлсары қаласынан 12 мың адам көшірілді: Атырауды да су басуы мүмкін
06 сәуір 2024
Құлсары қаласынан 12 мың адам көшірілді: Атырауды да су басуы мүмкін

Атырау облысы әкімінің орынбасары  Жасұлан Бисембай Құлсарыда болып жатқан ахуал өте күрделі екенін айтты.

Оның айтуынша Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайыққа жіберілген су Қазақстан аумағында Батыс Қазақстан облысы арқылы Атырауға облыстың Индер, Махамбет аудандарының аумағымен ағып келеді.

Индер ауданы бойынша жаға бекіту жұмыстарына 54 арнайы техника, 408 қызметкер жұмылдырылған. Қазір ауданда Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті аумақтарға жалпы ұзындығы 10 км бөгет соғылды. Ол жұмыстарға 37950 дана қапшық пайдаланылды. Тасқынға қарсы күрес жұмыстары жалғасуда.Махамбет ауданы бойынша елді мекендердің судан қорғану бөгеттерінің жалпы ұзындығы – 80 километр. Жайық өзені бойында орналасқан 17 елді мекеннің ішінде 9 қорғану бөгеті осал. 

Бұдан бөлек Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланып, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. 

«Құлсары қаласынан 12 мыңнан астам адам қауіпсіз орынға көшірілді. Эвакуацияланған адамдардың 5 мыңы – балалар. Тұрғындар Атырау қаласына, Жылыой ауданында орналасқан «Теңіз кен орнындағы вахталық қалашыққа және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына эвакуацияланды», - деп хабарлады облыстық штабтан.

Бүгін Президент Атырау облысының әкімімен телефон арқылы сөйлесті. Облыс әкімі Серік Шәпкеновпен  сөйлесу барысында Президент ешқандай отбасы, бірде бір тұрғын мемлекеттің назарынан тыс қалмайтынын мәлімдеді және оларға өзінің жылы лебізін білдіріп, әрдайым қолдайтынын жеткізуді тапсырды.

Президент облыстағы су тасқыны жағдайын бақылауда ұстап отыр. Су басу қаупін сейілту үшін барлық шара қабылданып жатыр және бұл жұмыстар одан әрі күшейтіледі.

Үкімет қарғын судан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді, сондай-ақ материалдық шығындар өтеледі.

Фото видеодан алынған скрин

RELATED NEWS
Климаттың өзгеруіне сай әрекет етуді үйрену қажет – су маманы
03 сәуір 2024
Климаттың өзгеруіне сай әрекет етуді үйрену қажет – су маманы

Елімізде жыл сайын көктем келе салысымен су тасқынымен күрес жұмыстары басталады. Су шаруашылығының маманы, гидротехник Аманбек Рамазанов мұндайға жол бермеу үшін ерте қам жасап, арналар мен қоймалардың дұрыс жөнделу жауапкершілігін заңнама арқылы меншік иесіне жүктеу қажеттігін айтады.

«Су тасқынына дайындықты ауыл шаруашылығында суару маусымы аяқталғаннан кейін бірден бастаған жөн болды», - деді су маманы.

Оның айтуынша, бұрын әр облыста су шаруашылығы басқармасы және ірі шаруа қожалықтары болды. Мұнан бөлек, жылжымалы механикаландырылған лектер қызмет көрсетті. Олар каналдардың арнасын тазарту, су тығыздағыштарды, бөгеттерді жөндеу жұмыстарын күзде, тіпті жаздың соңында бастап кететін. Қазір осы тәртіпті қолға алу қажет.

«Әкімдіктер жылыту маусымы аяқтала салысымен келесі жылыту маусымына дайындықты бірден бастап кетеді. Яғни, олар келесі жылыту маусымына дайындықты күзде емес көктемде, ағымдағы жылдың жылыту маусымы аяқталғаннан кейін бірден қолға алады. Дәл солай су тасқынына дайындықты суару маусымынан кейін бірден бастау керек. Әрине, мұны айту оңай, ал жасау  өте қиын екені түсінікті», - деді Аманбек Рамазанов.

Осы орайда гидротехник мұндай жағдайда каналдар мен гидротехникалық жабдықтарды кім ретке келтіруі тиістігіне тоқталды.

«Меніңше, мұны мемлекеттік немесе жеке меншікте болғанына қарамастан құрылыс нысандарының иелері істеуі керек. Бұл міндеттер заңмен белгіленуі тиіс. Қазір қолданыстағы заңдарда мұндай міндеттер көзделмеген, жоқ. Ал ол жұмыстарды ұйымдастыру жауапкершілігі заң жүзінде Су ресурстар министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға жүктелуі қажет. Сонымен қатар мұндай міндеттерді бассейндік кеңестерге де жүктеуге болады. солай болған жағдайда аталған кеңестердің рөлі мен құрамы заңмен күшейтілуі керек. Осы шаралар қолға алынған жағдайда жұртшылық шешім қабылдауға қатысуға және осы жұмыстардың орындалуын бақылауға мүмкіндік алады. Бұл көптеген дамыған елдерде бар тәжірибе», - деді ол.

Су маманы соңғы жылдары климат өзгеріп, ауа температурасы жылып келе жатқандығына назар аудартып, соның салдарынан туындайтын қиындықтарға қарсы тұруды үйрену қажеттігін баса айтады.

«Ол үшін «Азаматтық қорғау туралы» Заңда қазіргідей төтенше жағдайлар мен оның салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауды ғана емес, олардың алдын алуды да көздеу қажет. Сонымен қатар, бұл жоспарлауға тек Төтенше жағдайлар министрлігі мен өзге де мүдделі мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар ғылыми қызметкерлер, Қазгидромет қатысуы тиіс»,-  деді гидротехник.

Су тасқыны: Ел тұрғындары зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауда
01 сәуір 2024
Су тасқыны: Ел тұрғындары зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауда

Ауа райының күрт жылынуы салдарынан қар жылдам еріп, еліміздің бірқатар өңірін қарғын су басқаны белгілі. Осыған орай Су ресурстары және ирригация министрлігі қауіп-қатерге жедел ден қою үшін үнемі мониторинг жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта су тасқыны орын алған аймақтарда министрліктің 1000-нан астам маманы мен 280-нен астам техникасы жұмылдырған. Су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Су тасқынына қарсы іс-шараларға арналған қор, оның ішінде құм, қиыршық тас, қапшықтар және басқа да қажетті инертті материалдар дайындалған. Арнайы құрылған жедел штаб та барлық әкімдіктермен тығыз жұмыс істеуде.СуУ тасқыны салдарынан талай ауылдың тұрғындары үй-жайын тастап, қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. Оларға киім-кешек пен азық-түлік қажет екендігі сөзсіз. Сондықтан да еліміздің әр жерінде қайырымы жандар, түрі қоғамдық ұйымдар, қайырымдылық қорлары су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр. олардың бірі - Жақсылық жаса» қайырымдылық қоры.

Қорға қайырымдылық жасаумен соңғы 5 жыл бойы айналысып келе жатқан 7 баланың анасы Жанна Ерденова басшылық етеді және жетім балаларға, асыраушысынан айырылған отбасыларға, көп балалы отбасыларға, жалғызілікті аналарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек береді. Қордың елордада қайырымдылыққа арналған жүктер жинақталатын екі қоймасы бар. Сол жерлерде елорда тұрғындарынан жиналған киім-кешектер мен азық-түліктер жинақталады және мұқтаж жандар оларды тегін алып кетеді.

«Қазіргі уақытта еліміздің түкпін-түкпірінде халық су тасқынан зардап шегіп жатқаны белгілі. Тұрғындардың баспаналары, киім-кешектері су астында қалды. Сондықтан елорда тұрғындарынан гуманитарлық жүк жинауды бастағанымызға үшінші күн болды. Елордалықтар жан-жақтан хабарласып, қоймаларымызға макарон өнімдерін, сұйық май, шай сынды бұзылмайтын азық-түлікпен қатар кішкентай балалардан бастап, үлкен адамдарға арналған киім-кешектер, кір жуатын ұнтақтар, төсек-орындар, көрпе-жастықтар әкеліп жатыр. Жиналған жүкті Қостанай облысының су тасқынынан зардап шеккен Амангелді ауданына жіберіп жатырмыз. Киім-кешек пен азық-түлік жинақталған алғашқы гуманитарлық жүгімізді сенбі күні 5 жүк көлігімен жіберген едік. Кеше тұрғындарға табысталды. Тағы 4 гуманитарлық жүк көлік тиелген тағы 4 көлігіміз жолда», - деді Жанна Ерденова.

Үкімет басшысы: Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны
29 наурыз 2024
Үкімет басшысы: Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов ТЖМ-нің Дағдарыстық жағдайларда басқару орталығында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің есебін тыңдады. Аумақтық ТЖД-лар бейне конференц байланыс режимінде қосылды.

ТЖМ деректері бойынша әкімдіктермен бірлесіп, 2,3 млн м3 астам ағын су шығарылып, 162 мыңнан астам құм толтырылған қапшық және 31 587 тонна инертті материал төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына 6 349 адам, 2 192 техника, 689 сорғы құралы және т.б. жұмылдырылды.

«Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады. Мен бұл мәселені Бас Прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр» , — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы сондай-ақ солтүстік өңірлерде де су басу қаупі бар екенін атап өтті. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы су тораптарының жағдайы тексерілген болатын.

ТЖМ басшылығына еліміздің барлық өңірінде бақылауды күшейту тапсырылды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.