Валюта бағамы
  • USD -

    520.9
  • EUR -

    543
  • RUB -

    5.33
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жыл сайын 1 млн-нан астам адам келіп, зиярат етеді
14 наурыз 2024
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жыл сайын 1 млн-нан астам адам келіп, зиярат етеді

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, Мемлекет басшысының сәулет өнерінің жарқын үлгісі әрі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдениеттің бірегей мұрасын сақтау ісі жөніндегі тапсырмасының орындалу барысымен танысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның сәулет-тарихи кешенінің бірі, оған жыл сайын 1 млн-нан астам адам келіп, зиярат етеді. Кесененің тиісті жай-күйін сақтау жөніндегі жұмыстар табиғи жағдайлардың әсеріне байланысты және бірегей сәулет ескерткіші мен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысанының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамыз айынан бастап жүргізіліп келеді. Бүгінде кесенеде сыртқы орта мен климаттық факторлардың әсерін өлшейтін датчиктер орнатылған.

Ғылыми-реставрациялық жөндеу жұмыстары жалғасуда.Үкімет басшысы мәдени ескерткішті сақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды екенін атап өтті.

«Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тек қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасы. Мемлекет басшысы кесененің тарихи келбетін сақтауға қатысты тапсырма берді. Бұл – біздің ортақ міндетіміз. Кесененің жай-күйін ерекше бақылауда ұстау қажет», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға барлық қолдау шаралары көрсетілетінін атап өтті.

RELATED NEWS
Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы: Ұлы жазушының мұрасы
29 ақпан 2024
Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы: Ұлы жазушының мұрасы

Атақты жазушы, ақын, қазақ әдебиетінің қалыптасуына зор үлесін қосқан Бейімбет Майлиннің туғанына биыл 130 жыл толады. Оның шығармашылық жолы жарқын оқиғалар, терең әлеуметтік идеялар және әлі күнге дейін оқырмандар мен зерттеушілерді шабыттандыратын мәңгілік шындыққа толы.

Жастайынан жетім қалғанына қарамастан, Бейімбет Майлин өз сауатын ашып, Троицк және Уфа қалаларында білім алды. Мектепте мұғалім ретінде сабақ беріп, шығармашылық жолын қазақ халқының сауатсыздықпен күресіне арнады. «Қазақ» газетінде және «Садақ», «Айқап» журналдарында мақала жазумен айналысып, «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет еткен. 

Бейімбет Майлин әр түрлі әдеби жанрларды жетік меңгеріп, өзін әмбебап жазушы ретінде көрсетті. Оннан астам өлеңдердің, көптеген әңгімелердің, очерктердің, фельетондардың авторы болды. Оның шығармалары өзекті әлеуметтік бағыттылығымен және терең психологиялық талдауымен ерекшеленді.

«Бейімбет Майлин әңгімелерінде терең шыншылдық бар, адам бейнесі, қарым-қатынастары әрдайым нанымды болып шығады. Бұл шығармалардың түр үлгісінде дөңгелек келген тұтастық айқын аңғарылады» – деп жазған Мұқтар Әуезов. Жазушы әңгімелерінде өз заманының шындығын мәлімдеп, қоғам тіршілігінің көрінісін реалистік тұрғыда көрсеткен дара тұлға. Шығармалары мен өлеңдерінің кейіпкерлері арқылы халықтың мұңын, өмірін суреттеп қана қоймай, өз терең ойлары мен ұстанымдарын жеткізе алған.

Майлин қазақ әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырды. Оның «Шұғаның белгісі» повесі, «Азамат Азаматович» романы, «Байдың қызы», «Мырқымбай» поэмалары сияқты шығармалары оқырмандар мен жазушылардың жаңа буындарын қуантып, шабыттандырып келеді.

Осыдан 130 жыл бұрын есімі қазақ әдебиеті тарихының алтын беттерінде мәңгілік қалатын жазушы дүниеге келді. Бейімбет Майлин – тек жазушы ғана емес, әдебиеттегі шындық, әділдік, адамгершілік үшін күрестің символы. Оның еңбегін ұрпақтарымызға даналық, өнеге ретінде ұлықтап, қазақ елі үшін жасалған құрбанын бағалайық.

Автор: Ақбота Қабдолла

ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ
13 желтоқсан 2018
ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢДЕ

Антропогенез (адамзаттың тегін зерттейтін ғылым) тұжырымы бойынша, Орал-Алтай тілдері 13-12 мың жыл бұрын бөлінген. Түркілік мәдениеттің бастау басы осы кезеңнен тасталады. Ал түркілік мәдениеттің қалыптасу кезеңі б.з.б. ІІІ-І мың жылдар аралығы. Б.з.б. І мың жылдық пен б.з. І мың жылдағы түркі мәдениетінің нығаю кезеңі. Көшпелілердің немесе арғы Сино-кавказдықтардың кезеңінде алғаш сызу өнері пайда болғанын Моңғол Алтайдағы Хойт-Цэнхэр үңгір суретінен көре аламыз. Алғашқы таңбалар да осы дәуірге тән.

Түрколог Қаржаубай Сартқожаұлының соңғы 30 жыл жүргізген зерттеуінің нәтижесінде көшпелілер (түркілер мен моңғолдар) төрт даму кезеңнің бастан кешіргенін анықтап берген.

  1. Фразограмма – адамзаттың алғашқы жазуы. Ол бейне суреттен және таңбалардан тұрады. Бұл кезеңнің мұралары Моңғолиядағы Хойт-Цэнхэр үңгір суреттері мен таңбалары (бұдан 20-15 мың жыл бұрынғы құндылық), Чандман Хар-үзүр, Ишгэн-толғой, Кіші-Ойғыр.
  2. Логограммалық жазудың тілі – таңба. Таңба кескіндері жеке-жеке сөздің мәнін береді. Тұжырып айтсақ, сөйлеу әрекетіндегі сөздің жеке-дара семантикалық бірлігі. Бұл кескіннің түркілік деректері «belgu» (елтаңба-герб, геролдина), «tamγa-möhör-mör» (мөр-печать), «tuγraγ» (таңба, клеймо, метка).
  3. Силлабограммалық (буындық) жазу. Түркілердің буындық жазуының ерекшелігі: Сөздің мағыналық бөлшегін білдіретін екі дауыссыздардың қосындысын таңбалайтын кескіндер.

Буындық жазудан кейін ежелгі түрік бітіг фонограммалық сипатқа көшіп, өзінің даму үрдісін алға жылжытты. Бұл кезеңдегі түрік бітігтің ерекшелігі ешқандай ережесіз, ағымдық түрде әріп кескіндерін (графика) жуан және жіңішке айтылымына қарамай тізіп жазып кете берген. Бұл үрдіс б.з. ІІ – б.з. VІ ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Ол дәуірдің тарихи нақты мұралары Сюнну жазулары.

Түркілік дүниетаным негізінде түркілік әліпби жүйесін (система) жасаған. Еуразия құрлығын мекендеуші түркі этносы Көк Түркі қағанаты орнағанға дейін өзінің ұлттық Бөгү (Тәңірілік) дінін қолданып келген. Басқа діндермен рухани болмысы ластанбаған. Осы Бөгү (Тәңірілік) діннің дүниетанымының негізінде жасалған әліпби жүйесі бүкіл-бүтін этносты бір тудың астына жинап, бір идеологияға бағындыруға ілкімді құрал болған.

Түріктердің шығысы Сарөзеннен, батысы Дунайға дейін 10000 км, оңтүстігі Тәңіртаудан солтүстігі Сібірге дейін 5000 км аралықта әр түрлі диалектіде сөйлеген. Осы алып Еуразия құрлығын мекен еткен әр түрлі диалектіде сөйлейтін түркі халықтарының тілдік негізгі сипатын, ерекшелігін, тілдік спецификасын байырғы түркі әліпбиіне сіңіріп бере алған.

Байырғы түрік бітіг алфавиті түріктердің, түркі тектілердің бір ғана жазуы болғандықтан, осы құдретті қару арқылы бүкіл түркілердің рухани бірлігін, дүниетанымдық бірлігін қалыптастыруды мұрат тұтып, әрбір кескіндерінен бастап бір жүйеге келтірген.

 

Жантегін ҚАРЖАУБАЙҰЛЫ, түрколог

 

 

 

ҚОЛА ДӘУІРІНДЕГІ ПИРАМИДА ТАБЫЛДЫ
08 тамыз 2023
ҚОЛА ДӘУІРІНДЕГІ ПИРАМИДА ТАБЫЛДЫ

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (ЕҰУ) археолог-ғалымдары Еуразия даласында кездеспейтін қола дәуірінің ірі көлемдегі дала пирамидасын тапты. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлайды.

Қазба жұмыстары Абай облысында жүргізілуде. 2014 жылдан бастап ЕҰУ тарих факультеті археология және этнология кафедрасының ғалымдары Абай облысы, Абай ауданы Тоқтамыс елді мекенінің жанындағы Қырықүңгір кешенді ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Оған университет студенттері мен магистранттары атсалысады. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Еуразия даласында кездеспейтін біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың басы, яғни осыдан төрт мың жыл бұрынғы қола дәуірінің ірі көлемдегі дала пирамидасы табылды, - делінген министрлік ақпаратында.

Тарихшы ғалым, ЕҰУ археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиевтің айтуынша, табылған пирамиданың қабырғаларында жануарлар бейнеленген.

Дала пирамидасы өте дәлдікпен салынған, алты қырлы. Әрбір қырының арасы он үш метр және сегіз қатар таспен қаланған. Ортасында бірнеше шеңбері бар. Бұл – өте күрделі кешенді құрылыс. Сол кешендегі құрылыстың сыртындағы қабырғаларында әртүрлі жануарлардың, әсіресе жылқының суреттері басым бейнеленген. Сонымен бірге түйенің де бейнелері бар. Қазбадан табылған мәліметтер, қыш ыдыстар, әйел адамның алтын сырғасы және тағы басқа әшекей бұйымдар осы қола дәуірінің үлкен көне дәуірде мәдениеті, ошағы болғандығын көрсетеді. Бұл, яғни, сол кезеңнің өзінде жылқы культінің өте жоғары болғандығын сол тас құрылыстың айналасында жылқы сүйектерінің табылуы дәлелдеп отыр, - дейді Ұлан Үмітқалиев.

Мәлім етілгендей, қазіргі уақытта зерттеулер шетелдік ғалымдармен бірлесіп жүргізіліп жатыр.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.