Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлік саласында әйелдердің үлес салмағы артып келеді, Мысалы, бұдан 10 жыл бұрын кәсіптегі нәзік жандылардың үлесі 38% болса, бүгінде ол 45%-ке жуықтаған. Елімізде іскер әйелдерді қолдау шарасы әрмен қарай да жалғаса береді. Атап айтқанда, өткен жылдары «сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы бойынша 66 мыңға жуық кәсіпкерлік жобасы қолдау тапса, оның 6 мыңы әйелдердің үлесінде. Ал жалпы жұмыс істейтін әйелдер үлесі бойынша Қазақстан әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында екен. Яғни, еліміздегі еңбек күшінің едәуір бөлігі арулардың еншісінде. Бұдан бөлек елде гендерлік теңгерімнің рөлі ең жоғары деңгейде бағаланған, нақты міндеттер мен көрсеткіштер Қазақстан дамуының 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында белгіленген. Аталған құжат бағыттарының бірі – кәсіпкерлік қызметке қажетті ресурстардың барлық түрлеріне ерлер мен әйелдердің бірдей қол жеткiзуiн қамтамасыз ету. Бұл шаралар гендерлік аспектіде мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігінің талдауы мен шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау, әйелдер кәсіпкерлігіндегі әкімшілік кедергілерді қысқартуды қамтиды. Сондай-ақ «Атамекен» кеңес беруші органдардың арасынан бірінші болып өз алаңында Іскер әйелдер кеңесін құрды. Бұл да нәзік жандардың «бір қолымен бесік, екінші қолымен кәсіп тербеуіне» мүмкіндік. Сондай іскер әйелдердің бірі Балжан Құрманова. Ол "Honey Soul" ішкі киімдер салонының иесі, "Honey Soul" үй киімдері брендінің және тігін цехының негізін қалаушы, IТ саласындағы 16 жылдан астам еңбек өтілінің 10 жылында басшылық қызметтер атқарып келе жатқан іскер де білікті басшы.
- Балжан Ақанқызы, еліміздегі ірі-ірі «Юнит», «Самұрық-Қазына» сынды компанияларда басшылық қызметтер атқарып, бүгінде «Казатомөнеркәсіп» компанияларының бірінде департамент директоры қызметін атқарып жүрген сіздің жеке кәсіпкерлікке келуіңізге не себеп болды?
- Мен жеке кәсіпкерлікке ұзақ ойланып-толғанып жүріп келдім десем болады. 2018-2019 жылдары жұмысыма берілгенім соншалықты, бар уақытымның бәрі қызмет орнымда өтіп жатты. Сол кездері өзімнің әйелдік болмысымнан айырылып, еркек мінезді болып бара жатқанымды байқадым. Үлкен жауапкершілікті арқалап, іргелі жоспарларды іске асыру үшін жүйелілік, реттілік, қаталдық, тәртіптің болуы заңдылық. Ер азаматтардан қалыспай осындай басшылық қызметтерді атқарамын деп жүріп өзімнің нәзік жаратылыс иесі екенімді де ұмытып бара жатқандай болдым. Жалпы адам өз табиғатынан алыстаса, өмірде үлкен қателікке бой алдырады. Содан дереу әйелдік энергиямды көтеріп, нәзіктігімді сақтау үшін көптеген семинарлар мен тренингтерге қатысып, өзімнің нәзік жаратылысыма айрықша мән бере бастадым. Сол кездері қосымша бір кәсіп ашу туралы да ойланып жүргенмін. Бірақ, қандай бизнес түрімен, немен айналысатынымды білмей ұзақ ойландым. Кейін әйелдердің ішкі киімдерін сататын дүкен ашып, оларға ерекше жайлылық жасасам деген ой келді. Әйелдер шопинг жасағанда ерекше бір тынығып қалады ғой. Содан 2019 жылдан бастап нарықты зерттеп, еліміздегі сол саладағы компаниялармен жақын танысып, келіссөздер жүргізе бастадым. 2020 жылдың қаңтарында дүкенімді ашуды жоспарлағаныммен, белгілі бір техникалық жағдайларға байланысты кейінге қалды. Сөйтіп, сол жылдың маусым айында еуропалық ішкі киімдер сататын "Honey Soul" салонымды аштым. Мұндай дүкен ашуымның басты философиясы – әйелдер, қыз-келіншектер әдемі де бағалы ішкі киімдері арқылы өздерінің сенімділіктері мен белсенділіктерін арттырып, бойларындағы нәзіктіктерін сақтап қалса екен деген ой. Қазіргідей материалды әлемде өмір сүріп жатқан нәзік жандылар бәрінен де бұрын ең алдымен өздерінің сұлулықтары мен нәзіктіктерін ұмытпаса екен, өз жаратылыстарынан алыстап кетпей, сақтап қалса екен деген ізгі ниет.
- "Honey Soul" салоныңыздың басты ерекшелігіне тоқтала кетсеңіз?
Үлкен сауда орталықтарынан ішкі киім сатып алу ұяң қазақ қыздары үшін қиындау болатынын жақсы білемін. Өйткені, өзім де кезінде ондай салондарға кіре алмайтынмын. Сондай ыңғайсыздықты болдырмас үшін арнайы ғимараттан дүкен аштым. Онда келген тұтынушыларға ерекше қызмет түрлері көрсетіледі. Әйелдері немесе қыздары ішкі киім киіп көріп жатқанда еріп жүргендер оны асықтырмас үшін, түрлі сусындар ішіп, тынығып күтіп отыратын жайлы орын жайғастырылған. Сонымен қатар дүкеніміз тек қана пайда табатын орталық ғана емес, түрлі жиындар, семинарлар, тренингтер өткізетін мекенге айналса екен деп те армандаған едім. Қазіргі таңда дүкенімізде астролог, номеролог сынды түрлі мамандар шақырылып, үнемі басқосулар ұйымдастырылып тұрады.
- Тігін цехыңыз қай жылдан бері жұмыс істеп келеді?
- Тігін цехымды 2023 жылдың шілде айында аштым. Оны ашудағы негізгі мақсатым – "Honey Soul" атты қазақстандық үй киімдері брендін жасау еді. Үй киімдеріне деген сұраныстың барын көргеннен кейін маған осындай идея келді. Оны жүзеге асыру үшін ұзақ ізденіс үстінде жүріп, көптеген еңбектің арқасында цех ашылды. Қарамағымда біраз тігіншілерім бар. Біз өз брендімізді тігіп қана қоймай, арнайы заказдар қабылдап та жұмыс жасаймыз.
- Бірнеше кәсіптің тізгінін қатар ұстауға уақытыңызды қалай үйлестіресіз?
- Кәсіп те өзіңнің ішіңнен шыққан балаң іспетті. Ұзақ ойланып-толғанып жүріп негізін қалаған бизнесің алғашында тәй-тәй басқан бала секілді аяғын тік баса алмай тәлтіректеп қиналады. Ондайда ештеңеге қарамастан, дұрыстап аяғынан тік тұрып қалыптасып кетуіне барынша күш салуың керек. Бизнес болған соң, оның өзіндік қиындығы да, қызығы да қатар келіп жатады. Бизнесмендердің «алғашқы үш жылында сен бизнеске еңбек етесің, одан кейін бизнес саған еңбек етеді» дейтіні рас. Алғашқы жылдарында біраз қиындықтар болады, адам оған төзе де, шығар жолын таба да білуі керек. Әрине, ол үшін өзіңнің бизнесіңді жаныңдай жақсы көруің маңызды.
Уақытқа келер болсақ, егер адам өзінің уақытын дұрыс үйлестіре білсе бәріне де үлгереді. Тайм-менеджментті дұрыс қалыптастыра білу де үлкен өнер. Мен шамам келгенінше бәріне үлгеруге тырысамын. Бос уақытымды да жоспарлап, түскі ас пен жұмыстан кейінгі уақытымды, сосын демалыс күндерімді көбіне жеке кәсібіме арнаймын. Адам болған соң жеке өміріңе де мән беруің керек, оған да көңіл бөлемін. Аллаға шүкір, қазіргі таңда бәрін үлгеріп, ештеңеден қалыс қалып жатқаным жоқ.
- «Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының» мүшесі ретінде айтыңызшы, сіздіңше бизнесте жүрген қазіргі қазақ әйелінің образы қандай болуы керек?
- Менің қазіргі таңдағы қазақтың іскер әйелдерінің аяқ алысына, жалпы болмысына қарап көңілім марқаяды. Отбасындағы әйелдік, аналық міндеттерін атқара жүріп, қоғамдық жұмыстарынан қалыс қалмай, белсенділік танытып, жеке кәсіптерін дөңгелетіп жүргендерін көргенде риза боламын. Қазіргі қазақ әйелдерінің нақты образдары міне, осылар. Жаһандану дәуіріндегі ғаламтордың құдіретінің арқасында барлық адамдардың күнде немен айналысып жүргенін, қайда не істеп жатқанын қолымыздағы телефоннан-ақ көріп отыратын деңгейге жеттік ғой. Барлық жеке кәсіпкерлердің еңбегі жеке парақшаларында айқын да анық көрініп тұр. Мен қазақ әйелдерінің қазіргідей сегіз қырлы, бір сырлы болмысына ризамын. Біздің қазақ әйелдері, тарих қойнауына үңілер болсақ, қай кезде де заманына тез икемделе білген. «Ұлтты тәрбиелейтін - әйел» деп бекер айтылмаса керек. Осындай ұлы әйелдердің тәрбиесін көрген ұрпағымыз қазіргі таңда шет елдерден білім алып, өзге орталарда өздерінің іргелі істерімен, жақсы болмыстарымен танылып жатыр. Көптеген қыз-келіншектер мансапты нөлден жасайды. Олардың әңгімесі мен өмірбаяны мотивация береді. Басқа адамдардың тағдырымен танысу табысқа жету жолы қандай болатынын және сізді қандай кедергілер күтіп тұрғанын жақсы түсінуге көмектеседі.
- Жеңімпаз жан өзінің жүріп өткен жолына өзі сыни көзбен қарай білуі керек дейді...
- Осы күнге дейінгі өзімнің шыққан биігіме өзім көз салар болсам, әрине, қол жеткізген жетістіктерім көңілімнен шығады. Десек те, болдым-толдым деп тоқмейілсуге болмайды. Олай десе, адам тоқырауға ұшырайды, дамуы шектеледі. Адам бір орында тұрып қалады деген ұғым жоқ, шындығы - не өседі, не өшеді. Сондықтан да менің әлі де қолым жетпеген жетістіктерім мен шыңдарым бар. Әлі де өскім, жеке кәсібімді өркендеткім келеді. Жалпы мен перфексионистпін, кәсібімді әлі де дамытып, кеңейтіп, өзім айти саласында еңбек ететіндіктен, оған автоматизация жасағым келеді.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?
- Жоғарыда айтып бастағанымдай алда жасар жоспарларым әлі де көп. Алдағы уақытта үй киімдерімен қатар қазақстандық ішкі киімдер брендін жасап, шет елдерде танымал етсем бе деген ойым бар. Оның бәрі енді уақыттың еншісіндегі дүниелер. Біздікі тек қана алға ұмтылу.
- Жеке кәсіп ашқысы келіп, қорқақтап жүрген қазақ әйелдері мен қыз-келіншектеріне қандай кеңес берер едіңіз?
- Жаңадан жеке кәсіп ашқысы келіп жүргендерге ештеңеден қорықпаңыздар, армандарыңызға еш қорықпастан қадам басыңыздар, сенімділікті серік етсеңіздер, ешқашан орта жолда қалып қоймайсыздар. Әр бизнестің өз қиындығы болады, соның бәріне төзімділікпен, сабырлылықпен қарай біліңіздер. Уақыт өте келе бәрі бірқалыпқа түседі. Қазақ әйелдерінің қолынан келмейтін іс жоқ, тек бастай білсе болғаны дегім келеді. Бұдан бөлек әйелдер үшін ең үлкен мәселе – жұмыс пен отбасылық өмір арасындағы тепе-теңдік. Әдетте қыздар табысқа жетуге тырысқанда бала босанатын жаста болады. Сол үшін тепе-теңдікті сақтаудың ең жақсы жолы – ата-аналарға қолайлы әлеуметтік саясатты ұсынатын компанияны табу. Оның ішінде икемді жұмыс уақыты және қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі дер едім. Сіз өзіңізді қалай сезінсеңіз, адамдар сізді де солай қабылдайды. Әйел сенімділік танытқанда, ол басқаларға беріледі. Бұл жағдайда сіз өзіңізге сенімді болуыңыз керек. Бизнестегі әйелдерге қатысты ең тұрақты стереотиптердің бірі – олардың әлсіз және эмоционал екені. Бұл стереотиптерді жеңудің ең жақсы жолы – оларды жоққа шығару. Табиғатынан қыздарға тән қасиеттерді дамыту: табандылық, ұзақ уақыт бойы бір тапсырмаға назар аудара білу, адалдық та маңызды дер едім. Менің осы бизнесте жүріп түйген тағы бір құндылығым ол қандай бір жағдайға жоспар құру. Табыс – ұзақ мерзімді жоспарлау мен күнделікті әрекеттің нәтижесі. Дұрыс жоспар құру-уақытыңызды бақылауға көмектеседі. Сондықтан үнемі мақсат қойыңыз. Күнде атқарылатын істер тізімін жасаңыз. Басқа тапсырманы бастамас бұрын бір тапсырманы аяқтаңыз. Көп тапсырма шамадан тыс бағаланады деген дұрыс емес. Бұл жұмыста үлкен қателіктерге әкеледі.
- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Авторы: Мара Келес