Ranking.kz сараптама агенттігінің Дүниежүзілік банк деректері негізінде жыл басында жасаған талдауына сәйкес, Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік ЖІӨ-нің 26 пайызын, бизнеспен айналысатын халық республикалық еңбек нарығының 36 пайызын құрайды. Ел азаматтары арасында кәсіпкерлікпен айналысуға деген қызығушылық күн санап артып келе жатқанына қарамастан, халықтың бизнестегі белсенділігі әлемнің дамыған елдеріндегі көрсеткіштермен салыстырғанда әлі де болса төменірек. Қазақстанда кәсіпкерлік субъектілерінің ЖІӨ-ге қосатын үлесінің көптігіне байланысты Астана (46%), БҚО (40%) және Алматы (29%) көш бастап тұр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жасаған отандық кәсіпкердің портреті бизнеске келуге бел байлайтындардың басым бөлігі 25-34 жастағы, сауда, құрылыс не ауыр шаруашылығы саласында жұмыс істейтін, әдетте Ақтөбе, Алматы, болмаса, Астана қаласының тұрғыны (осы қалаларда кәсіпкерлік индексі жоғары) азаматтар екенін айтады. Сондай белсенді кәсіп иелерінің бірі «Наурыз-Пластик» пластикалық ойыншықтар фабрикасының директоры Рабиға Байтемірова.
- Рабиға Сатыбалдықызы, еліміздегі отандық ойыншық өндірушілердің ішіндегі ең танымалы да, тәжірибесі молы да өзіңіз басқарып отырған фабрика. Алғаш кәсіп бастаған жылдары біраз қиындықтарды бастан өткерген боларсыздар?
- Кез келген кәсіпте жетістікке жету үшін қайтпас қайсарлық, асқан батылдық, тынымсыз еңбекқорлық керек. Бизнес үлкен күресін екенін өзіңіз де білесіз. Бизнес-күресінінде өзгелер жүріп жатқан жолмен жүруге де, тыңнан жаңа жол салып та жүруге болады. Тыңнан салынған жолмен жүру бұрыннан салынып тұрған дайын жолмен жүргеннен қарағанда өте қиын болатыны айтпаса да белгілі. Елімізде ойыншықтар жасайтын тұңғыш өндіріс ашу бізге үлкен күш-жігерді, мұқалмас төзімділікті, қажыр-қайратты, тынымсыз еңбекті, үлкен мақсаткерлікті қажет етті. Біз оның жолындағы небір кедергілерге төтеп беріп, жетістікке жету жолында аянбай тер төктік. Басымыздан өткерген небір қиындықтарды тәптіштеп айтып жатудың қажеті де жоқ деп ойлаймын. Алайда қазіргі жетістігіміз – жолдасым Шухрат, балам Наурызбек үшеуіміздің барлық кедергілерге қарсы тұрып, қиындықтарды жеңе білгеніміздің жемісі. Еліміздің игілігі жолындағы еңбегіміздің табысты болып, жылдан жылға дамытып жатқанымызға өзіміз де ризамыз.
- Сіздерге бизнестің басқа да түрлерімен айналыспай ойыншық жасау ісіне ден қоюларыңызға не себеп болды? Бұл кімнің идеясы еді?
- Бізді бұл кәсіпке өмірдің өзі жетелеп әкелді десем артық айтпаған болар едім. Бизнестің қыр-сырын білетіндер «не істесең де өзің білетін іспен айналыс» демей ме?! Ойыншық жасайтын кәсіпорын ашпай тұрып мен, яғни 2005 жылдан бастап Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен ойыншық әкеліп сатумен айналыстым. Шет ел асып тауар тасу отбасылы әйелге оңай шаруа емес. Ойыншық тасып жүргенде мені «өзге елдерде өндіріліп жатқан ойыншықтар неге бізде жасалмайды?» деген ой жиі мазалайтын. Бірақ, дәл осы ойыншықтарды өзім неге шығармаймын деп ойламаған екенмін. Бір күні Қытайда жоғары білім алып жатқан ұлым Наурызбек табанымнан тозып, шет елдерге шығып ойыншық тасып жүрген мені аяса керек, «осы ойыншықтарды өзіміз неге шығармаймыз» деді. Ұлымның ұсынысы мені ойландырып тастады. Осы идея жатсам-тұрсам ойымнан кетпей қойды. Кейін осы төңірегінде отбасымызбен ақылдасып, сан мәрте талқыға сала отырып тәуекелмен кәсіпорын ашуға бел байладық. Сосын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 10,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, оның үстіне өзіміздің бар жиған-тергенімізді қосып, Қытайдан арнайы қондырғылар сатып әкеліп жұмысқа кірісіп кеттік. Осы ретте инновациялық жобамыздың іске асуына көмек көрсеткен облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына алғысымды айта кетейін. Алғашында жаңа қондырғылардың тілін білетін мамандардың тапшылығы біраз қиындықтар тудырды. Осындай кездерде Қытайдың белді бір университетінде ойыншық станоктарындағы компьютер бағдарламасын жетілдіру бойынша білім алып жатқан ұлым Наурызбек келіп көмектесіп тұрды. Кейін сол жақтағы ірі ойыншық зауыттарында жинаған азды-көпті тәжірибесімен телефон арқылы бөлісіп отырды. Сосын әкесі Шухратты осы кәсіптің қыр-сырына қанығу үшін жанына шақырды. Қытайда ойыншық шығаратын алты мыңнан астам кәсіпорын бар. Осыдан-ақ оларда бұл кәсіптің түрі жақсы дамығанын көруге болады. Жолдасым Қытайдың екі қаласында білімін жетілдіріп келді. Сондай кездерде цехқа өзім ие болып қалып жүрдім. Кейде білекті сыбанып жіберіп өзім де ойыншық жасауға кірісіп кетемін. Оның үсіне ойыншық – балалардың өсіп жетілуіне, ақыл – ойының, тілінің дамуында үлкен орын алады. Туғаннан бастап, есту, көру, талпыну, еңбектеу, ең алғашқы уілдеу, алғашқы буындар, тілінің шығуына ары қарай жас ерекшелігіне қарай тілінің дамуында алатын орыны зор және маңызды. Ойыншықтың - ең басты бала өміріндегі, баламен тығыз қарым – қатынаста болатын, жан – жақты дамуға әрекетін ең маңызды құрал. Ойыншық баланың жас ерекшелігіне қарай таңдауға тиіс және баланың өміріне қауіп келтіретін болмауы керек. Менің кәсібімнің де негізі осында жатыр. бала үшін ойын мен ойыншықтың маңызы зор. Себебі, бала топтасып немесе өздігінен ойнау арқылы ойлауын дамытып, көпшіл ортаға үйреніп өзін дамыта түседі. Бұл – бүлдіршіндерде болатын құбылыс. Балдырғандар үшін ойыншықты шашып, оны анда-мында тасып ойнаудың өзіндік ерекшелігі бар. Тіпті, ата-аналар баласымен бірлесе жүріп шашылған ойыншықты жинауға жұмылса, бала да жауапкершілікті сезінеді. Қанша дегенмен, кішкентайлар ересектің ісінен үлгі алып, көргенін істемеуші ме еді? Бұл ретте отбасы мүшелері баламен онымен бір толқында болуға тырысу керек. Бұл әрекет күн сайын қайталанатын болса, өзі шашқан ойыншығын өзі жинауға әрекет етеді. Дегенмен, бөлме толы ойыншығына қарамастан, жаңаға құмартқан балалар қайта сатып әперуін өтінеді. Сол кезде ата-ана баласы үшін қауіпсіз әрі сапалы ойыншықтарды таңдайды.
- Сіз және сөз арасында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы туралы айтып өттіңіз сол туралы толықырақ айтып кетсеңіз. Аталған бағдарлама сізге қаржылық жағынан қандай қолдау болды?
Өзіңіз білетіндей елімізде бизнесті және кәсіпкерлікті қолдаудың түрлі бағдарламалары бар. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасалып жатқан негізгі қолдау тетігі. Жалпы жеңілдетілген несие кәсіпкерлердің кәсібін дөңгелетуге көп мүкіндік деп айтар едім. Жеңілдетілген несие бағдарламасы жақсы көмектесті, себебі ол жерде жоба жазу және қажетті құжаттардың барлығын жинау алып бара жатқан қиын дүние емес. Ақыл таразысына салып, байыптап қарасаңыз, кәсіп істеймін деген адамға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек аз емес. Кәсіп жасаудың қыр-сыры көп. Ең алдымен немен шұғылданатыныңды күні бұрын барлап, өңірдің тыныс-тіршілігін аңдап алуың керек. Шығарған затың өте ме, өтпей ме, халыққа қаншалықты қажеттілігі бар, оны білген дұрыс. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қолдау қаражаты – қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады. тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысы ретінде берілмейді. Әрине кредит алғанда түрлі қиындықтар болады. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының субсидиясы бар, сол кепілдік болады деп ойлайды. Мысалы, мен ғимаратты сатып алу үшін осы ғимаратты кепілдікке қоямын. Оған қоса 20 пайызға дейін алғашқы жарна керек болады. Ғимарат бағасы 100 млн болса, соның 20 млн-ы сіздің қолыңызда болуы керек. Сондықтан кәсіп ашқан кезде бастапқы қаражаттың болуы аса маңызды.
- Қазіргі таңдағы сауда сөрелеріндегі америкалық «МАК» ауыр жүк көліктерінің модельдік ойыншықтары, баланың өзі де отырып айдайтын «Талакар» ойыншық көлігі, құрастырмалы ойыншықтар және құм жинайтын қалыптардың барлығын сіздердің Шымкент қаласындағы «Ордабасы» индустриялдық аймағында орналасқан кәсіпорындарыңызда шығарып жатсыздар. Осы ойыншықтарды отандық өнімдер дегенге біреулер сенсе, енді біреулер сенбей жатады...
- Қаншама жылдар бойы балаларымыз өзге елдерде өндірілген ойыншықтармен ойнап келгендіктен, мұндай көзқарастың болуы орынды. Бізде көбіне, сапасы сын көтермейтін Қытайдың арзан ойыншықтары кеңінен сатылып келді. Алайда қазіргі таңда шет елдiң дәл бiздiкiндей ойыншықтарының Қазақстанда сатылуына тыйым салынған. Себебі, біздің ойыншықтарымыз патенттелген. Осылай біздің өнімдер сырттан кіретін көптеген сапасыз ойыншықтарды ығыстырып үлгерді. Қазіргі таңда кәсіпорнымыздың қызметкерлері ай сайын 10 мыңнан астам тауар шығарып, қалыпты жұмыс істеп келеді. Ойыншықтар түріне келер болсақ, бүгінде ойыншықтың 30-дан астам түрін шығарып жатсақ, келешекте дистанциялық пультпен басқарылатын машиналар мен музыкалық және өзге де балаларға ұнайтын ойыншықтар жасау жоспарымызда бар. Сосын оларды көршiлес мемлекеттерге экспорттау ниеттеміз. Алдағы уақытта ойыншықтарымызды әдемі атауымен әлемдік брендке айналдырсақ ба деген де ойымыз бар.
- Балалар тұтынатын затқа деген жауапкершілік қашанда жоғары екенін білесіз. Көптеген ата-аналарды мазалайтыны – ойыншықтың сапасы. Ойыншықтарды жасайтын шикізат өнімдерін қайдан аласыздар?
- Бiздiң ойыншықтар бала денсаулығына ешқандай қауiп төндiрмейдi. Олар еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық нормаларының барлық талаптарына сай өндірілуде. Өйткенi, экологиялық таза әрi сапалы шикiзаттан жасалған. Ойыншық өндіретін шикізат біздің елімізде де бар болғанымен, олардың сапасы сын көтермейді. Сол себепті ойыншық жасауға қажетті полипропилен мен полиэтиленді Ресейден алдырып отырмыз. Сондықтан да шығар, Өзбекстаннан және Қытайдан әкелетiн сапасы төмен ойыншықтар қазiр дүкен, базарларда азайып қалды. Керiсiнше, отандық тауарға деген сұраныс өсе түскендей. Осыдан-ақ біздің өнімдердің кеңінен танылып үлгергенін көруге болады. Біздің ойыншықтарды еліміздің барлық қалалары тапсырыспен алып отыр.
- Ойыншықтардың сапалы болуымен қатар, қазіргі балалардың талғамынан шығу үшін үнемі оның түрлерін жаңартып отыру керек шығар?
- Әрине, онсыз болмайды ғой. Өзге елдермен салыстырғанда біздің елде ойыншық өндіру жағы кенже дамып келеді. Былай айтқанда, біз енді ғана қолға алып жатырмыз. Жоғарыда Қытайда ойыншық шығаратын алты мыңнан астам кәсіпорын барын айтып өттім ғой. Біздің сол елдерден үйренеріміз өте көп. Дамыған елдердің мұндай кәсіпорындары бала психологиясын, қоғамдағы өзгерістерді жіті қадағалап отырады. Сосын жаңа шыққан қай мультфильм немесе кино кейіпкерлері балалардың қызығушылығын тудырса, оны дереу ойыншық етіп шығара қояды. Солай нарықтағы бәсекелестікке төтеп беріп келеді. Біз де осы жүйе негізінде жұмыс істегіміз келеді. Оның бәрі енді алдағы күндердің еншісіндегі дүние. Амандық болса, соған да қол жеткіземіз деген үміттеміз.
- Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Авторы: Мара Келес