Валюта бағамы
  • USD -

    514.1
  • EUR -

    594.5
  • RUB -

    6.47
Қазақстандағы АЭС: сарапшылар не дейді?
Фото: ашық көзден 04 қазан 2024
Қазақстандағы АЭС: сарапшылар не дейді?

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы сарапшылар, саясаткерлер мен жұртшылық арасында қызу пікірталастың туындауына сеп болғаны мәлім. Таза қуат көзін игеру мақсатында  атом энергетикасын дамыту  Қазақстанның  жыл сайын өсіп келе жатқан электр қуатына деген қажеттілігін өзекті ете түседі. 

АЭС жобасын іске асыруды қолдайтын тарап атом электр станциясының құрылысына қатысты бірнеше басымдық пен дәйекті дәлелдерді көрсетеді. Атом энергиясы елдің энергия балансын әртараптандырудың маңызды шешімі бола алады. Қазақстан әлемдегі уранның ірі өндірушісі ретінде  атом саласын дамыту бағытында зор әлеуетке ие. Уран сынды энергетикалық табиғи ресурстар елдің көмір мен газ сияқты қазба отындарына тәуелділігін  және парниктік газдар сынды зиянды  қалдықтар мөлшерін  азайтуға ықпал етеді,  сәйкесінше  экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
"3-Энергоорталық" АҚ бас директоры Қайрош Оңғарбаев Қазақстандағы АЭС құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін әртараптандыруға айтарлықтай ықпал етуі мүмкін деп есептейді. 

- Атом электр станциясы — тұрақты және сенімді энергия көзі, бұл мұнай мен газ сияқты дәстүрлі көмірсутек ресурстарына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ су және көмір қорларын ұтымды пайдалануға ықпал ете отырып, өзге табиғи ресурстарға жүктемені азайтуы мүмкін. Бұл ретте атом электр станцияларының басқа энергия көздерімен үйлесімді жұмыс істеуі, сол арқылы икемді және тұрақты энергетикалық жүйені құруы маңызды, - дейді Қайрош Оңғарбаев.    

Қазақстанда стратегиялық нысан құрылысын қолдайтын тарап  атом станцияларының электр қуатын тұрақты өндіретінін айтады. Табиғи құбылыстарға тәуелді күн және жел қуаты сынды жаңартылатын көздерден атом станцияларының басты басымдығы — энергияның үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Өнеркәсіптік өндірістің өсімі мен энергия тұтынудың артуы  тұрақты және сенімді қуат көздерінің маңызын айқындай түседі. 
Ал қарсы тарап  атом станциясын салу мен пайдалану құны аса жоғары екенін алға тартады. АЭС жобасына құйылатын бастапқы қаржы    миллиардтаған долларды құрауы мүмкін, бұл айтарлықтай бюджеттік шығындарды және шетелдік инвесторларды тартуды талап етеді. Ағымдағы экономикалық сын-қатерлерді ескере келе бұл елдің экономикасына  қосымша жүктеме екенін ескеру қажет. Кейбір сарапшылар Қазақстанға бұл қаражатты экологиялық және қаржылық тәуекелдері аз күн мен жел сияқты жаңартылатын энергия көздерін дамытуға инвестициялау тиімдірек болатынын атап өтті.
- АЭС жыл бойы жұмыс істейді, ал жаңартылатын энергетика объектілері (ЖЭК) ауа-райы мен тәулік уақытына өте тәуелді. Мысалы, АЭС – тің белгіленген қуатын пайдалану коэффициенті – 90% - дан астам, ЖЭК-те-25-35% - дан аспайды. Осылайша, атом электр энергиясын өндірудің тұрақты қабілеті тиімділік пен сенімділікті көрсетеді. Бұл ретте АЭС энергетика саласындағы барлық мәселелердің жалғыз шешімі ретінде қарастырылмайды. Бірақ атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады,-дейді  атом энергетикасы бойынша сарапшы, "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС департаментінің директоры Тельман Шуриев. 
Кейбір сарапшылар  атом электр станциясын пайдалануға қатысты  бірқатар мәселелер мен тәуекелдер турасында пікір білдірді. Негізгі аргументтердің бірі — ядролық апаттар қауіпі, ол қазіргі заманғы атом электр станцияларының жоғары қауіпсіздік стандарттарына қарамастан, олардың қауіпі сақталып отыр. Бұған Чернобыль мен Фукусимадағы апаттар салдары қоршаған орта және адамдардың денсаулығына тигізген залалы мысал ретінде айтылады. Бұрынғы Семей ядролық полигонымен байланысты экологиялық мәселелерді зерделесек,  Қазақстанға мұндай тәуекелдерді ескеру аса маңызды. 
Ядролық энергетиканың ықтимал қауіпі жөнінде  физика-математика ғылымдарының докторы Федор Пенков пікір білдірді. 


-  Қазақстанның санитарлық нормалары бойынша кез келген өнеркәсіптік радиациялық қауіпті қондырғының тиімді дозасы жылына 1 миллизиверттен аспауы тиіс.  Бұл саладағы қызметкерлер үшін бұл доза жылына 20 миллизивертті құрайды. Ал   компьютерлік томография сеансы 20 миллизиверт береді. Тауға шығу  бір тәулікте  1 миллизиверт береді, ал ұшақпен ұшу 3 миллизивертке дейін жетеді. АЭС-тің штаттық жұмыс режимі кезінде радиацияның дозалық жүктемесі өте аз, - дейді Федор Пенков. 

Ал кей сарапшылар ядролық қалдықтарды кәдеге жарату мәселелері де маңызды рөл атқаратынын айтады. АЭС ұзақ және қауіпсіз сақтауды қажет ететін  радиоактивті қалдықтарды шығарады. Қазақстан үшін бұл елеулі сын-тегеурін болуы мүмкін, өйткені мұндай қалдықтарды сақтау және қайта өңдеу үшін инфрақұрылым құру қомақты инвестицияларды және қауіпсіздікті қатаң бақылауды талап етеді.
Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты  бірқатар маңызды шешім қабылдануы тиіс.Энергетикалық мәселелерді шешу үшін атом энергетикасын дамытумен қоса,  ықтимал тәуекелдерді болдырмай, жаңартылатын энергия көздеріне де иек арту өз маңызын жоймайды . АЭС салу бойынша түпкілікті шешім  6 қазанға жоспарланған референдумда қабылданады, саяси іс-шарада кәмелетке толған әрбір қазақстандық өз пікірін білдіре алады.


– Мен ешкімді үгіттегім келмейді. Ғалым ретінде айтарым: Қазақстанда қазірдің өзінде электр энергиясын өндіру тапшылығы байқалады-шамамен 1,3 гигаватт. Ал одан әрі, ҚР Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2029 жылға қарай тапшылық үш гигаваттан асады. Сонымен қатар, электромобильдер санының өсімі және  өнеркәсіпті дамыту үшін  сыртқы инвестицияларға қолайлы база құру маңызы бар. Бізде гидравликалық ресурстар аз, электр энергиясын өндіру шектеулі. Көмір станциялары қоршаған ортаға күкірт, мышьяк, тіпті уран қалдықтарын бөледі.  Сонымен қатар, әлемдік  қауымдастық  СО2 қалдықтары үшін қомақты айыппұлдар салатынын ескерген жөн, сондықтан көмір станциялары өндірген электр қуатының бірлігінің бағасы ең арзан деген жел станцияларындағы электр энергиясының құнынан асып түсуі мүмкін. Қазіргі уақытта газ жылу станциялары өте қымбат электр энергиясын өндіреді. Сонымен, бүгінгі таңда газдың бағасы кВт/сағ үшін 3,6 центті құрайды. Жылу станцияларының тиімділігін және электр энергиясын өндірудегі газ құнының 1 кВт/сағ үлесін ескере отырып, қазірдің өзінде 15,4 цент тұрады.  Күн және жел  қуатын пайдалану  энергетика кешенінің қызметінде қиындықтар туғызады әрі   соншалықты қымбат,  басқа салалардан да субсидияларды талап етеді, – дейді физика-математика ғылымдарының докторы Федор Пеньков.

RELATED NEWS
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
29 қыркүйек 2024
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
Францияда 56 АЭС бар. Бұл туралы блогер Дамир Аспан желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulys.
"Астанадағы Қызылорда облысы өнімдерінің жәрмеңкесі қызып тұр-ау. Сапалы өнімдері де, алар жұрт та, ақылдасатын дүние де көп екен. Мысалы, Сыр өңірінің соңғы жылдары электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалады. Аймақта тұрғын үйлер, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың көптеп ашылуымен байланысты әрине. Бірақ, желідегі ток қуатының шамамен 20% төмендеуіне әкелгені де бар. Қолданыстағы жылу-электр орталықтарымен (тэц) салыстырғанда әлдеқайда артық болатын атом электр станциясы мәселені шеше алар еді. Бірақ, біраз жұрт айқын пікірді қабылдағысы келмейді ғой, мойындамай. АЭС-тен бас тартқан Германияны алға тартып жағадан алады)) Ок, жақсы делік, ал басқа елдер ше? Дәл қазір әлемнің 40 елінде 200-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Энергияны ураннан алатын АҚШ, Франция, Қытай, Швейцария, Бельгия ақымақ емес шығар? Франция демекші, "жеріміз байтақ, біздің елге 5 Франция сыяды" деп жайшылықта кеуде соғатындар да осы өздерің емес пе?! Тағы бір мысал, Өскемен, Теміртау қалаларында болдыңыздар ма осы? Үйреніскен халқы болмаса, сырттан келген адамға ауасымен тыныстаудың өзі қиын. Елімізде осындай 10-ға жуық қаланың ауасы лас екен, бұл жақтардағы зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның кесірінен жергілікті жұрт түрлі ауруларға ұшырайды. Атырауда да осы жағдай байқалады. Жас аналар ше, келер ұрпаққа бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайсыз ба? АЭС әлі салынбады, онда бұл мәселелер қайдан келіп жатыр, кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз? Бұл жағын қарастырдыңыздар ма? Қысқасы, референдумға барып дұрыс таңдау жасаңыз, ол 6 қазан күні, ал оған дейін күріш алуға жәрмеңкеге келіңіз", - дейді Дамир Аспан.
АЭС құрылысы:  Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде
27 желтоқсан 2024
АЭС құрылысы: Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде

ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында  елімізде салынатын АЭС құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulys.

Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүк­теледі.

Жуырда мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.