Валюта бағамы
  • USD -

    497.7
  • EUR -

    525
  • RUB -

    5.03
Қазақстанда кездескен Әзербайжан-Армения министрлері келіссөзді жалғастыруға келісті
11 мамыр 2024
Қазақстанда кездескен Әзербайжан-Армения министрлері келіссөзді жалғастыруға келісті

Алматыда Әзербайжан мен Армения республикасының сыртқы істер министрлері Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян арасындағы келіссөз аяқталды. Екі тарап ашық мәселелер бойынша келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты. Бұл туралы Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрліктері мәлім етті, деп хабарлайды Ulys.

Дипломаттар Алматы Достық үйінде өткен келіссөз екі мемлекет арасында бейбітшілік орнату туралы екіжақты келісім жобасын талқылауға көмектескенін атап өтті.

«Министрлер мен олардың делегациялары Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастарды орнату туралы екіжақты келісім жобасының ережелерін талқылады. Тараптар әлі де келісілмеген мәселелер бойынша келіссөзді жалғастыруға келісті», - делінген Әзербайжан СІМ мәлімдемесінде.

Министрлер делимитация бойынша ілгерілеуді, сондай-ақ осы бағытта қол жеткізілген келісімдерді құптады.

Екі мемлекеттің сыртқы істер ведомстволарының басшылары Джейхун Байрамов пен Арарат Мирзоян келіссөз алаңын ұсынған Қазақстанға алғыс білдірді.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан мен Армения арасындағы Алматыда өтетін келіссөздер процесіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.

RELATED NEWS
Бүгін Түркішілдік күні
03 мамыр 2020
Бүгін Түркішілдік күні

Түркішілдік күні Түркия, Әзербайжан және басқа да түркі елдерінде атап өтіледі.

Бұл мерекені негізінен пантүркизм идеологиясын - түркі халықтарының нығаюын насихаттайтын мәдени және саяси ағымды ұстанушылар атап өтеді.

Түркілер деп Азия мен Шығыс Еуропада кеңінен таралған түркі тілінде сөйлейтін халық өкілдерін айтылады. Әзербайжан, Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан сияқты тәуелсіз елдер түркітілдес елдерге кіреді. Олардың ішінде төрт мемлекет (Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия) 2009 жылы Түркі кеңесін құрды.

 

Дереккөз: ҚазАқпарат

Мажарстанда жылқыны қолға үйрету тарихына арналған көрме ашылды
18 ақпан 2022
Мажарстанда жылқыны қолға үйрету тарихына арналған көрме ашылды

Будапештте Мажарстан Жаратылыстану тарихы мұражайы мен «Мажар-Тұран» ХҚ ұйымдастыруымен жылқыны қолға үйрету тарихы мен эволюциясына арналған көрме ашылды. Шараға ҚР Мажарстандағы елшісі Жәнібек Әбдірашов, сала мамандары мен ғалымдар, дипломаттар қатысты.

Көрменің ашылу салтанатында жылқыны қолға үйрету, оның аймақтық сипатына қарай түрлері, көшпенділер өркениетіндегі жылқының орны мен оның мажарлардың ежелгі мәдениетімен байланысы туралы айтылды. Алғаш рет жылқыны қолға үйреткен аймақ ретінде әлемге әйгілі болған Қазақстан аймағындағы Ботай мәдениетіне ерекше орын берілген. Келушілерге Орта Азия мен Шығыс Еуропа даласындағы ат мәдениеті таныстырылды. Қазіргі Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі Ботай мәдениетінде қолға үйретілген Пржевальск жылқысының мүсіні (зоолог Имре Исактың жұмысы) көрменің негізгі элементі саналады. Сонымен қатар қолға үйретілген жылқының таралу аймағы туралы Еуразия даласының басқа бөлігіне қатысты соңғы археологиялық генетикалық зерттеулер ұсынылды. Көрмеге арнайы тігілген киіз үй мен ғұн дәуіріндегі салт атты жауынгер мүсіні келушілерге көшпенділер өмірінің негізгі жәдігерлерін танытты. Көрменің келесі маңызды бөлігі ерте орта ғасырлардағы ат әбзелдеріне арналған. Онда ғұндардың жаулап алу дәуіріне жататын ер-тұрман, үзеңгі, ауыздық реконструкциялары қойылды. Сондай-ақ көрме барысында «Мажар-Тұран» ХҚ президенті, антрополог Андраш Биро жылқының мажар халқының шарушылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие екеніне тоқталды. Оның сөзінше, жылқыға деген сүйіспеншілікті оятып, оны өскелең ұрпаққа жеткізуде кәсіби спортшылардан бөлек, ғалымдар мен дәстүршілер де маңызды рөл атқарады. Көрме фотосуретші Фанни Бачскаидың ақалтеке жылқысын бейнелейтін фотосуреттер сериясымен толықты.

Атап өтейік, антрополог Андраш Биро – Еуразия даласының тарихын зерттеуші. Көші-қон процестерін биологиялық модельдеу және түрлі тарихи дәуірде өмір сүрген халықтар популяциясына генетикалық талдау жасап, тарихи экпедициялар ұйымдастырған.

«Мажар-Тұран» халықаралық қорының негізгі мақсаты – ерте түркі-ғұн мәдениетін жаңғыртуға ғылыми ортаны тарту, сол саладағы ғылыми зерттеулер арқылы көпшілікке тарихи тамырластықты таныту.


 

 

Қазақстанның  сенаторлары Татарстан Президентімен кездесті
11 желтоқсан 2019
Қазақстанның сенаторлары Татарстан Президентімен кездесті

Парламент Сенаты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров және бір топ сенаторлар Қазан Кремлінде Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның тең төрағасы Ильяс Умаханов, Татарстан Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Фарид Мұхаметшин, сенаторлар Мұхтар Құл-Мұхаммед, Ольга Перепечина, Талғат Мұсабаев, Владимир Волков та қатысты.

Татарстан Президенті кездесуді аша отырып екі ел арасындағы ынтымақтастықты парламентаралық деңгейде дамыту өте маңызды екенін атап өтті.

А.Шәкіров өз кезегінде Қазақстан Ресей Федерациясының жетекші әрі экономикалық дамыған субъектілерінің бірі болып табылатын Татарстан Республикасымен ынтымақтастықты қарқынды дамытуға мүдделі екенін атап өтті. «Біздің халықтарымызды тарихи және мәдени тамырластық байланыстырады. Бүгінде Қазақстанның Татарстанмен қарым-қатынасы барлық салада жоғары деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді», - деді төраға орынбасары.

Кездесу барысында тоқтап қалған Нұр-Сұлтан-Қазан тікелей әуе бағытын ашу, екі жақты тауар айналымын одан әрі дамыту, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Бүгінде Татарстанның жоғары оқу орындарында 1300-ден астам қазақстандық студенттер білім алуда.

 

Суреттер parlam.kz сайтынан алынды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.