Валюта бағамы
  • USD -

    515.1
  • EUR -

    546
  • RUB -

    5.23
Қазақстан шикізат экспортының тұзағынан қайткенде құтылады
Фото: ken-zhyloi.kz 26 қыркүйек 2024
Қазақстан шикізат экспортының тұзағынан қайткенде құтылады

Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде қосылған құны жоғары өнімдердің үлесі 10 пайызға да жетпейді. Яғни, жоғары технологияның көмегімен жасалатын бұйым мен алынатын өнімнің көбін импорттап отыр деген сөз.  Бұл индустриясы дамыған Сингапур, Германия, Жапония, Швейцария, Жапония, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты елдердің көрсеткішінен мүлде төмен деуге болады. Әлем бойынша қосылған құны жоғары өнімді ең көп ұсынатын елдердің үздік үштігі Германия, Жапония, Оңтүстік Корея болып есептеледі.

Бізде бұл саланың кенже қалуын екі тарихи себеппен байланыстыруға болады. Біріншісі – Мәскеудің өз отарындағы Қазақстанға қатысты ұстанған саясаты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде совет сарбазы атқан он оқтың тоғызы Қазақстан қорғасынынан құйылғаны жиі айтылады. Бұл Қазақстанның соғысқа қосқан үлесін ғана емес, Совет одағының индустриялық саясатын да көрсететін дерек. Мәскеу қазақ жерінің аумағындағы пайдалы қазбаны өзге одақтас елдердің аумағында өңдеп, дайын өнім жасауға құлықты болды. Соның салдарынан Қазақстандағы қала құраушы зауыттың бәрі шикізат өндіруден аса алмады. Бұл тарихи фактор қазірдің өзінде ел экономикасының әртараптануына кесірін тигізіп отыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында Совет одағының өндірістік жүйесі бұзылып, Қазақстан зауыттары өндіретін шикізаттың бәрі жалғыз күнде сұраныссыз қалды. Жеткізудің жаңа тізбегін қалыптастыру үшін сырттан инвестор  тарту қажет еді. Ал инвестор тарту ісі тым асығыс жүргізілді деуге болады. Өйткені зауыттағы жұмысшылардың айлығын қойып зейнеткерлердің зейнетақысын, мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысын тауып беру мұңға айналған болатын. Осылайша Қазақстан билігі сырттан келген инвесторларға шикізатымызды өңдеп қана қоймай, қайта өңдеуді жолға қоюың керек дейтіндей талап қоя алған жоқ.

Кейін шикізат экспортының делдалдығынан да қыруар табыс табуға болатынын көрген қаржылық топтар мен ықпалды адамдар ескі сүрлеумен жүре беруге бой ұсынды. Мұнайға бай Қазақстанның синтетика, пластик, әуе отыны сияқты көмірсутектен алынатын, қосылған құны жоғары өнімнің көбін сырттан экспорттап отырғаны сондықтан.

 Қазақстан мұнай экспортының қызығына енді кірген кезде  Араб түбегіндегі шағын елдер экономикасын әртараптандыра бастаған болатын. Осы тенденциядан қалмау үшін елде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қабылданып, бірнеше бесжылдықтың көлемінде жүздеген зауыт, цех, фабрика, кешен ашылды. Бірақ бұл өңдеу ошақтарының бәрінің ғұмыры тым қысқа болып шықты. Өйткені бағдарламаның ұраны ұтымды болғанымен, жұмсалған қаражаттың қайтарымын талап ету жағы ақсап жатты. Оның үстіне Қазақстанда қолға алынған өндірістің балама нұсқалары іргедегі Қытай мен Ресейде болғандықтан, жұмыс жолға қойылған күннің өзінде зауыттардың өніміне сұраныс болуы екіталай еді. Яғни, өршіл мақсатпен қолға алынған жобалар көршілес нарықтардағы сұраныс пен ұсынысты ескермей әзірленді.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бюджеттен 172,6 млрд теңге жұмсалған. Бұл елдегі жалпы ішкі өнімнің 0,14%-ы деген сөз. Мұндай ауқыммен Қазақстан инновациялық өнімдер арқылы қосылған құны жоғары өндірісті өрістете алатынына сену қиын. Бұл көрсеткішті мемлекет 2029 жылға дейін тым болмағанда бір пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұған дейінгі 30 жылдам астам уақытта да осыған ұқсас межелер талай рет қойылғанын және іске аспағанын ескерсек, ғылыми жетістіктер мен өнертабыстар арқылы қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайту әзірге арман күйінде қала беретін түрі бар. Бірақ бұл Қазақстанның маңдайына қосылған құны төмен өнімдер мен шикізат экспортына ғана арқа сүйеуді жазған деген сөз емес. Металлургия мен мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы саласында қайта өңдеуді тереңдету арқылы құны жоғары өнім алуға мүмкіндік бар.

Қазіргі логистикалық реформалар, Орта дәліз, Транскаспий бағыты, Бір белдеу- бір жол» сияқты жобаларға Қазақстанның белсенді атсалысып жатуы жергілікті өнімнің халықаралық нарықтағы өтімділігіне де оң әсер етуі керек.

Қазақстан алюминиі ТМД мен Еуропаның автоөндірісінде қолданылады. Яғни, бұл металды құйма күйінде емес  машинажасаудың маңызды өнімі ретінде сатуға болады. Осы өндірісті одан да тереңдетіп, тамақ және дәрі-дәрмек қаптамасына қажет фольга шығаруға болады.

Қазақстан энергетика мен құрылыста, телекоммуникацияда кеңінен пайдаланылатын мыс кабельдерін өндірсе, Қытайға экспорттай алатын еді. Бұл өнім ТМД мен Еуропа елдеріне де қажет. Мыс құймасынан жылу және су құбырларын ажыратуға қолданылатын түрлі мыс бөлшектерді, шағын арматураларды өндіруге болады.

Коммуналдық шаруашылықта пластик құбырлардың орнын тот баспайтын, мырышпен тысталған болат құбырлар ығыстырып келеді. Болат құбырлар мұнай өнеркәсібінде де, коммуналдық шаруашылықта да кеңінен қолданылып отыр. Қазақстан бұл өндірісті жолға қойса, Ресей мен Орталық Азияға жеткізе алады.  Жыл сайын қазақ жерінен қазылған 1,5 млн тонна алюминий рудасы сыртқа сатылып жатыр. Осы өнімді өзімізде өңдеп сатсақ, табыс бірнеше есе артатын еді. Болат пен мыс туралы да осылай айтуға болады.

Қазақстан 2022 жылы металл экспортынан 10 млрд теңге табыс тапқаны туралы дерек бар. Елде өндірілетін металлургиялық өнімнің 15-20 пайызы ғана қосылған құны жоғары болып есептеледі. Яғни, металдан өңделген қосылған құны жоғары экспортынан жылына 1,2 млрд доллар табуға болады деген сөз.

Бұған дейін Қазақстан өз мұнайынан өңдейтін өнімдердің ішінде қосылған құны ең жоғары өнім бензин болып келген еді. Атырау облысындағы  Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.  кәсіпорны полипропилен өндірісін сәтті жолға қоя білді.

Imanbek, Димаш Құдайбергенов сияқты өнерпаздардың тұлғасы қазақ музыкасы мен мәдениетіне деген сұранысты арттырып отыр. Ән-күй, клип пен кино туындылары да қосылған құны жоғары өнімге айналып келеді. Осыны ескерген мемлекет креативті индустрияны қолдаудың тың тәсілдеріне ден қоя бастады. Өйткені туризмнің басты жарнамашысы мәдениет екенін уақыт көрсетіп отыр.

Қазақстан заңнамасы қосылған құны жоғары өнім шығаратын инвесторларды 10 жылға корпоративтік табыс салығынан босатады.  Ал өндіріске қажетті қондырғы мен шикізатты сырттан әкелсе, кедендік баж салынбайды. Оның үстіне зауыт салу мен қондырғы сатып алу,   шығындарын 30 пайызға дейін, инфрақұрылым шығындарын мемлекет субсидиялайды.

Жалпы экономикалық теорияларды саралағанда, ресурсы бар мемлекет өз мүмкіндігін пайдаланып шикізатын өндіріп, өңдеп таза өнім шығара алмаса, ол мемлекет ешқашан бай мемлекет бола алмайды.  Қазақстан ресурстық мемлекет. Бізде Менделеев кестесіндегі әрбір элемент бар деуге болады. Қазақстан уран өндірісі бойынша бірінші орында. Сондықтан осы байлық пен мүмкіндікті пайдаланбасақ немесе экономиканы әртараптандырмасақ жағдайымыз қиындай берері шындық. Мәселен, кен өндірісінің экономикамызға бергенінен берері көп, ол үшін жоғарыда аталған дайын өнімді экспортқа шығару қағидатын кен, мұнай-газ өндірісінде де басшылыққа алу қажет. Ол үшін кен, мұнай-газ өндірісінің өнімін сол күйінде экспорттаудан мүлдем бас тарту қажет деп білеміз. Бұл салалардың өнімін өңдеу және қайта өңдеу арқылы неғұрлым дайын өнім деңгейіне жақындатып барып экспортқа шығарса тиімділік әлдеқайда артар еді. Мәселен, мұнайды тек жанар-жағармай деп қарастыру мүлдем қате. Өйткені, мұнайдан 100-ге тарта әртүрлі өнім алына­ды. Осы дайын өнім­дерді экспортқа шығарсақ табыс көбейеді.

 

 

RELATED NEWS
ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫҰЛЫ КІМ: ЧЕКИСТ, СӘЛАФИТ, БИЗНЕСМЕН
13 наурыз 2022
ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫҰЛЫ КІМ: ЧЕКИСТ, СӘЛАФИТ, БИЗНЕСМЕН

Қайрат Сатыбалдыұлы 1970 жылы Алматы қаласында туған. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған ағасы Сатыбалдының ұлы. Сатыбалды 1981 жылы жол апатынан көз жұған.

Қайраттың кіші туған інісі Самат Әбіш көп жылдардан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған. Қаңтар оқиғасынан кейін ол қызметтен кетті.

Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектептің түлегі  Қайрат 2000-шы жылдарға дейін өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «білікті» маманы әрі көпшілікке «беймәлім адам» ретінде ұстап келді.

Ол күштік құрылымдарда, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жауапты қызметтер атқарып, тәжірибе жинақтаған.

Кейін ол күштік құрылдамдардан кетіп «Қазмұнайгаз», «Қазақстан темір жолы» сынды ірі компанияларда жауапты қызметтер атқарды.

«Нұр Отан» партиясының жауапты хатшысы қызметіне тағайындалды. Алайда партия сапында ол БАҚ-тарға көп шыға қойған жоқ. Өзін ірі саяси амбициясы бар адам ретінде көрсеткен емес. Аракідік айтыс өнері туралы пікірлерде аты аталып жүрді.

Қайратты танитындар оны қазақтың «иман жолына түсіп, ислам құндылығын ұлт рухына сіңіруді көксейді» деп жоғары баға беріп келді. Қажылық парызын өтеу үшін Меккеге әлде неше рет барған. Сонымен бірге кейбір танымал ақындар мен журналистердің бір тобын Меккеге қажылық сапармен апарғанын көпшілік біледі.

Кей кездері діни топтар арасындағы дау-шарда Қайрат Сатыбалдыұлының да аты айтылып қалады. Оның есімі экс-депутат Бекболат Тілеухан мен бұрынғы айтыскер Мұхамеджан Тазабаеовпен қатар жүреді. Оны Қазақстанда кең қанат жайған сәлафиттермен жиі байланыстырады.

«Ақ орда» атты қоғамдық қозғалыс құрып, айтыскерлерді қолдау, ұлттық спортты дамыту сияқты шаруалармен айналысқан.

Қайрат Сатыбалдыұлының  есімі Люксембургте тіркелген оффшорлық компаниялардың құжаттары жарияланған LBR реестріндегі деректерде кездеседі.  Ол туралы өткен жылдары қазақстандық БАҚ жарыса жазды.  Оның оффшорлық қаражаты Қазақстандағы байланыс саласының монополисі «Қазақтелекомның» 24,46 пайыз акциясына ие Skyline Investment Company S.A. компаниясымен байланысты.

Сондай-ақ 51 жастағы Қайрат Сатыбалдыұлы Қазақстандағы ең танымал әрі ірі банктердің бірі «Kaspi.kz» АҚ негізгі акционерлерінің және Қазақстандағы ең ықпады адамдардың бірі болған.

Қаңтар қасіретінен кейін Қайраттың елден кетіп қалғаны айтылды. Кейін түрлі БАҚ-тарда оның Қазақстанға қайта келгені туралы алып-қашпа әңгіме де тарады.

13 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуге байланысты және аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлының ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын жариялады.
Оның мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілмек.
Кейбір ресми емес БАҚ құралдары оның Алматыдан жеке ұшақпен шетелге кетейін деп тұрған жерінен ұсталғанын жариялап үлгерді.

Романтикалық патриотизмнен прагматикалық патриотизмге қашан аяқ басамыз
31 шілде 2024
Романтикалық патриотизмнен прагматикалық патриотизмге қашан аяқ басамыз

Азаттыққа қол жеткізіп, үш ғасырдан кейін мемлекеттілігіміз қалпына келген шақта романтикалық патриотизм орынды еді. Сол романтикалық отансүйгіштіктің буымен тағдыршешті шешімдер қабылданып, төл теңгеміз айналымға енді. Шекарамыз шегенделіп, астанамыз арқа төріне ауысты. Жер шарына тарыдай шашыраған исі қазақ атажұртқа ағылды. Елге ең әуелі өршіл рух, қайралған намыс ауадай қажет сол кезеңде спорттық түрлі жетістіктер ұлттық идеологияға ең бір қуатты құрал ретінде қолданылды. Мұның саяси атауы – прагматикалық патриотизм. Прагматикалық патриоттар пікір көшбасшысына айналған кезде азаматтық қоғам да берік ірге тебеді. Бірақ прагматикалық патриотизм азаматтық белсенділікпен шектеліп қалмайды.

Тұрмысқа қажет тауар сатып алғанда, қызмет тұтынғанда, жұмысшы жалдағанда төлеген ақшаң Қазақстанның қаржы айналымында қалуына күш салу – прагматикалық патриотизмнің келесі деңгейі. Мұны шартты түрде экономикалық патриотизм деуге болады.

Бірақ бұл әдетті азаматқа күштеп таңу, құрғақ насихатпен тықпалау әділетсіздік болар еді. Өйткені табан ақы, маңдай терімен тапқан ақшасына сатып алған игіліктің сапалы болуын қалау – заңдылық.

Қазақстанда экономикалық патриотизм неге кенже қалды деген сұрақтың жауабы да осы  жерден шығады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткен қазақ-герман іскерлік кездесуінде ел аумағында 46 трлн доллардың барланбаған табиғи ресурсы бар екенін айтты.  Осынша ен байлықтың көмегімен Қазақстанды технологиясы дамыған елдің қатарына қосу мүмкіндігі 30 жыл бойы ескерусіз қалып келді.

Мұнай мен газды, көмір мен темірді, болат пен мысты, мырыш пен күмісті, бидай мен күрішті шикідей сатқанымызға мақтандық. Экономикасы әртараптанбаған елдің технологиясы жетілмейді. Технологиясы жетілмеген елдің еңбек өнімділігі нашарлайды. Еңбек өнімділігі нашарлаған елдің тұрмысы қиындайды. Әлихан Бөкейханның сөзімен айтсақ, қазақ даласының тасы өңірімізге түйме болып қадалмауынан экономикалық патриотизм кенжелей берді.

Бірақ билік біліксіз болған екен деп бассыз кетуге тағы болмайды. Қалтаңыз сәл қалыңдаса, бала-шағаны шетелге ала жүгірмей, төрт тарабы төрт түрлі климаттың кереметін алдыңыздан тосатын қазақ даласын аралап көріңіз. Сервисі мен жолдың сапасын сылтаурата бермей ішкі туризмнің дамуына үлес қосыңыз.

Смартфонға банк қосымшасын орнатқанда ескі әдетке салып, орыс тілін таңдамай, қазақ тілін алға оздырыңыз. Тіл тұтынушылардың санына қарай банк те саясатын өзгертеді. Қазақ тілі қаржы тіліне айналғанын армандасаңыз, банкпен жасалған әрбір келісімшарттың қазақ тілінде, сапалы жазылғанын талап етіңіз.

Экономикалық патриотизм деген миф сияқты көрінген пафостық ұғымның ар жағында осындай ұсақ-түйек, бірақ маңызды әрекеттер жатыр.

 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ «БАСТЫҚ СИНДРОМЫ»
09 қазан 2019
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ «БАСТЫҚ СИНДРОМЫ»

«Адамның кім екенін білгің келсе, оның қолына билік бер», - дейді халық даналығы. Адамзаттың байырғы  заманнан қазіргі күнге дейінгі даму тарихында «билік» құбылысымен етене жақын өмір сүруде. Оның табиғаты, шығу тегі, оны иеленуші адамның қандай қасиеттерге ие болуы, оны қалай иелену керек және оны қайтсе арттыруға болады сынды сұрақтар түрлі заман ойшылдарын толғандырды. Біз осы сұрақтар төңірегінде және осы «билік» құбылысына мемлекеттік қызмет контексінде сараптама жасаймыз.

Қазір ғылымда билік құбылысының табиғатын түсіндіруде бірнеше  концепциялар қалыптасқан:

  • Телеологиялық концепция бойынша билік субъектінің белгілі бір алдына қойған мақсатына жете білу қабілеті ретінде түсіндіріледі;
  • Жүйелік концепция бойынша билік әлеуметтік жүйеден туындайды. Оның басты функциясы адамдар арасында әлеуметтік қарым-қатынаста туындайтын қақтығыстарды реттеу мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету;
  • Құрылымдық-функционалдық концепция бойынша билік басқару мен орындау функцияларына ие қоғамның әлеуметтік өзін-өзі реттеуші құрал ретінде түсіндіріледі;
  • Реляционисттік концепцияда билік екі әріптес, яғни субъекті мен объекті арасындағы қарым-қатынас және сол қарым-қатынаста субъектінің объектіні белгілі бір құралдармен бақылауда ұстайтындығын дәлелдейді;
  • Бихевиористтік концепция билікті біреуі басқарып, екіншісі бағыныштылықта болатын ерекше мінез-құлықтың түрі ретінде сипаттайды. Мұнда адамның билікке деген субъективті мотивациясына мән беріледі;
  • Психологиялық концепция  адамның санасы және бейсанасынан және субъективті мотивациясынан биліктің бастауын табады.

Әрбір концепция билік құбылысына жан-жақты талдау жасайды. Осыған байланысты биліктің қоғамдағы атқаратын фунциясына сәйкес оны екі топқа бөлуге болады.

Бірінші топ биліктің қоғам өміріндегі әлеуметтік реттеуші фунциясын атқаратындығын дәлелдейді. Бұл биліктің объективті функциясы. Ал биліктің субъективті функциясы билікті иеленуші субъектінің оны жүзеге асырудағы мақсаты, оның жеке мотивіне тәуелді. Билікті иеленуші тұлға жеке мүддесін немесе қоғам мен мемлекет мүддесін басшылыққа алуы мүмкін. Міне, дәл осы мәселенің көңілге қонымсыз жауабы мемлекеттік қызметтегі «бастық синдромының» пайда болуына алып келді.

2012 жылы 14 желтоқсанда Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жариялады. Онда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсаты қойылып, мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты-өктем көзқарастардан арылу міндеті қойылды. Аталған міндетке сәйкес «бастық синдромының» анықтамасы анықталды. Автордың пікірі бойынша: «Бастық синдромы – мемлекеттік аппараттағы басшылық лауазымды атқарушы мемлекеттік қызметшілердің қол астында жұмыс істейтін әріптестеріне және (немесе) мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарындағы біржақты-өктем көзқарас».

Мемлекеттік қызметтегі «бастық синдромымен» күресу мақсатында 2013 жылы мемлекеттік қызметте жүргізілген реформаға сәйкес «Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде» «бастық» сөзі алынып, оның орнына «басшы» сөзі алмастырылды. Автор осы реформаның жағымды әсер беретіндігіне сене отырып төмендегідей ұсыныс береді:

  • Мемлекеттік қызметтегі басшы лауазымындағы мемлекеттік қызметшілерге өркениетті басқару мәдениетін қалыптастыру мақсатында жеке жауапкершілігін арттыру;
  • Мемлекеттік қызметшілерді ұжымда және халықпен қарым-қатынастың  мәдениетін қалыптастыру мақсатында жеке курстар ұйымдастыру.

 

 

Пердехан ШӘМШИЕВ, сарапшы

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.