Валюта бағамы
  • USD -

    496.5
  • EUR -

    525
  • RUB -

    5.03
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 100 есе өскен
gov.kz 01 шілде 2024
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 100 есе өскен

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстандағы сапары қарсаңында СИНЬХУА агенттігіне берген сұхбатында екі елдің арасындағы сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізу әбден орындауға болатын меже екенін айтты. Бұл туралы Ulys Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

«Қытай Халық Республикасы сауда мен инвестиция саласында Қазақстанның жетекші серіктесі ретіндегі орнын сақтап отыр. 30 жылдан асатын қарым-қатынастың арқасында қос елдің арасындағы сауда айналымы 100 есе өсіп, 2023 жылы 41 млрд долларға жетті. Бұл тарихи рекорд болып есептеледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қытай Қазақстандағы ірі инвесторлардың алғашқы төрттігіне енді. 2023 жылы бұл ел 2 млрд долларға жуық тікелей инвестиция салған. Бұл 2022 жылдың көрсеткішінен 16,4 пайыз көп. Жалпы Қазақстан экономикасындағы Қытай инвестициясының жиынтық көлемі 25 млрд доллардан асты», - деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде Қазақстанда 4 700-дей қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. 

«Бұдан бөлек қаржы секторындағы бірлескен қызметіміздің аясын кеңейтпекшіміз. Ол үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Бүгінде бұл орталықта 78 елден 2 800-ге жуық шетелдік компания тіркелген. Оның оннан бір бөлігі Қытайдан», - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай тарабының «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын тұтастай қолдайтынын айтты. 

«Біз алдымызға Қытаймен арадағы көпқырлы қарым-қатынасты ары қарай тереңдету бағытында өршіл жоспарлар қойып отырмыз. Оған қажетті алғышарттар мен жағдайдың бәрін жасап жатырмыз. Өзара ықпалдастықтың қазіргі жоғары қарқынын ескерсек, арадағы сауда айналымын 100 млрд долларға жеткізу толықтай қол жеткізуге болатын меже», - деді Мемлекет басшысы.

RELATED NEWS
Қазақстанға ең көп мигрант Қытайдан келеді
27 мамыр 2024
Қазақстанға ең көп мигрант Қытайдан келеді

Қазақстан аумағында 13 733 шетел азаматы еңбек етеді. Бұл туралы Еңбек министрлігі хабарлады.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 564 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімше басшылары үшін 2 599 рұқсат (екінші санат).

Тартылған шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады — тиісінше олар 5 592 және 549 адам.

Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 639 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 790 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 762 жұмыс беруші бар.

Онда 455,5 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл — қызметкерлердің жалпы санының 99 пайызы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында — 4 222 адам (30,7%), ауыл, орман және балық шаруашылығы — 1 686 адам (12,2%), әкімшілік және көмекші қызметтер — 1 652 (12%), тау — кен өнеркәсібі және карьер қазу — 1 276 адам (9,2%), өңдеу өнеркәсібі — 1 300 адам (9,4%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет — 806 адам (5,8%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай — 4 059 адам (29,6%), Өзбекстан — 1 815 адам (13,2%), Үндістан — 1 192 адам (8,6%), Түркия — 1 068 адам (7,7%).

Естеріңізге сала кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі.

2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың мөлшерінде белгіленді.

 

27 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР БОЛАТЫН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ-ҚЫТАЙЛЫҚ 55 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ
16 мамыр 2019
27 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР БОЛАТЫН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ-ҚЫТАЙЛЫҚ 55 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Жалпы сомасы $27 миллиард доллар болатын  55 қазақстандық-қытайлық жоба іске асырылады. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі хабаралды. ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мен ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің Орынбасары Х. Чжэн бірлескен жобалардың іске асырылу барысын қарастырды.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Қытайдың Коммунистік партиясының Орталық комитетінің Саяси бюросының Тұрақты комитетінің мүшесі, Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесінің Премьерінің Орынбасары Хань Чжэнмен келіссөздер жүргізді.

Кездесуде екіжақты экономикалық қарыс-қатынастарды дамытудың, шекара маңы ынтымақтастығын, оның ішінде «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын дамыту арқылы да тереңдетудің өзекті мәселелері талқыланды.

«Нұрлы Жол» экономикалық саясатын және «Белдеу және жол» стратегиясын қосарлау аясындағы индустриялық-инновациялық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді. Барлығы жалпы сомасы $27 млрд-қа 55 қазақстандық-қытайлық жоба іске асырылатын болады. 2015 жылдан 2018 жыл аралығында $3,8 млрд сомасына 12 жоба пайдалануға берілді, биыл $310 млн-ға 5 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішінде күн электр станцияларының, ГЭС, заманауи ет комбинаты кешенінің құрылысы бар. $5,5 млрд сомасына 11 жоба жүзеге асырылу үстінде. $18,1 млрд теңге сомасына қалған жобалар бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, жобаларды іске асыру 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі ілгерлету үшін тараптар бүгін Алматы қаласында екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес құрылымдарының 400-ден астам өкілдерінің, оның ішінде Сычуань және Шэньси қытай провинцияларының, Гуанси-Чжуан, Шыңжаң-Ұйғыр автономды аудандарының басшыларының қатысуымен өтіп жатқан ІІ ҚР – ҚХР аймақаралық ынтымақтастық форумының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, А. Мамин қытай делегациясының алдағы XII Астана экономикалық форумына қатысуы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор қарқын беретінін айтты.

Келіссөздер барысында ҚР Үкіметінің басшысы көлік-логистикалық компетенциялар мен транзиттік дәліздерді, энергетиканы, өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы өзара іс-қимылды күшейтудің, әсіресе, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтудың қажеттігін атап өтті.

«Қытай – Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі, — деді А. Мамин. 2018 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы тауар айналымы 11,1%-ға ұлғайып, $11,7 млрд көрсеткішіне жетті. Биылғы екі айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық көлемі $2 млрд құрады, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 12,1%-ға жоғары. — Біз осындай оң қарқынның сақталуына мүдделіміз». 

 

Фото: primeminister.kz

Қытай судан қақпай ма?
04 қаңтар 2019
Қытай судан қақпай ма?

Cу проблемасы бүгінде әлеуметтік деңгейден әлемдік саясаттың маңызды факторына айналды. Статистикаға сүйенсек, жер бетінде 263 халықаралық өзен бар: 71-і – Еуропада, 53 – Азияда, 39 – Солтүстік, Орталық Америкада, 60 – Африка құрлығы және басқа аймақта. Олардың 155-і екі, қалғаны үш немесе одан да көп шекарадан өтеді. Мысалы, Еуропадағы – Дунай  (10 мемлекет), Африкадағы – Нигер (9 мемлекет), Оңтүстік-Шығыс Азиядағы – Меконг (6 мемлекет). Халықаралық өзендер бассейнінде жер халқының 40 %-дан астамы өмір сүруде. Сондықтан трансшекаралық өзендердің суын пайдалану мен сапасын қорғау мемлекет экономикасы, шаруашылығы, халықтың денсаулығымен тығыз байланысты.

Халықаралық құқыққа сәйкес, бірнеше мемлекет территориясынан өтетін сулар және олардың арасындағы жасанды су ағымдары трансшекаралық өзендерге жатады. Трансшекаралық сулардың мәртебесі Трансшекаралық контекстідегі қоршаған ортаға әсерін бағалау туралы Конвенция, Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенция, Халықаралық су ағындарын пайдалану құқығы туралы Конвенцияларға сәйкес анықталады. Бұл – халықаралық өзендер суының рационалды жұмсалуын реттейтін іргелі құжаттар. Кез-келген мемлекет дүниежүзілік немесе аймақтық қауымдастықтың белді мүшесі ретінде су мәселесін осы талаптарға сәйкес шешуі тиіс.    

Трансшекаралық өзен қиып өтетін елдер саны көбейген сайын, судың сапасы төмендейтіні рас. Өйткені, суды тұтынушылар саны артып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс дамып келеді. XXI ғасырдың ортасына қарай халықаралық конфликтілер мұнай емес, су үшін болады деген болжам бар. Су ресурстарын реттеудің маңыздылығына орай, әлемде трансшекаралық өзендерді пайдаланудың құқықтық тәжірибесі қалыптасқан. Соңғы 50 жылда трансшекаралық өзендер мен көлдерді пайдалану бойынша 1228 бастама көтеріліп, 150 келісімшарт бекітілді. Яғни, күрделі мәселені шешудің жаңа жолдары қарастырылып, су ресурстары халықаралық байланыстың тетігіне айналды.

 

Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендер

 

Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендер суын пайдалану мен қорғау үрдісін 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1 – кезең (1992-2002 жж.). Бұл кезең проблеманың алғаш көтерілуі және ықпалдастық қадамдарымен ерекшеленеді. Қазақстан-Қытай арасында ресми дипломатиялық байланыс орнаған соң, трансшекаралық өзендер мәртебесі тек 1996 жылы мемлекетаралық құқық деңгейінде қарастырыла бастады. 1999 жылы Қазасқтан Президенті Қытай Төрағасына Іле мен Ертістің су қорларын дұрыс қолданбау экологияға зардабын тигізіп жатқанын мәлімдеген хат жолдап, ахуалды реттеу үшін бірлескен шара қабылдап, екіжақты келіссөз бастауды ұсынды.

Қ. Тоқаевтың «Беласу» кітабында: «Н. Назарбаев Цзян Цзэминге Қара Ертіс пен Іле суларын пайдалану туралы ұсынысын еске салды. Қытай басшысы бұл тақырыпқа өзінің даяр екендігін аңғартып, үнемі біздің алаңдаушылығымызды сейілткісі келгендей: «Біз достық пен ынтымақтастық рухындағы іскерлік консультацияларға әзірміз. Қытай Қазақстанға залал келтіретін ешнәрсе де істемейді!» деп қайталаумен болды» - дейді.

Қарым-қатынастың 10 жылдығы қарсаңында, 2001 жылы 12 қыркүйекте трансшекаралық өзен бойынша маңызды құжат қабылданды. Ол – ҚХР Үкіметі мен ҚР Үкіметі арасындағы Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. Осы ресми құжат негізінде Трансшекаралық өзендерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай Бірлескен комиссиясы құрылды. Бұл трансшекаралық талқылаудың алғашқы сатысындағы үлкен жетістік болады.

2 – кезең (2003-2013 жж). Аталған кезеңде трансшекаралық өзендер тақырыбы ақпарат құралдарында белсенді талқыланып, қос мемлекет нақты іс-қимылдарды қолға алды. 2002 жылы Қытай Коммунистік партиясының хатшылығына Ху Цзиньтао келген соң, құрылған Комиссияның отырыстары басталды. Қосымша сарапшылық топтар іске қосылды. 2003-2015 жылдары Қазақстан-Қытай Бірлескен комиссиясының 13 отырысы өткізілді. 2009 жылы Комиссияның 6-отырысында Ху Цзиньтао Қазақстанға іссапармен келіп, трансшекаралық өзендер суын бөлісу мен қорғау бірыңғай техникалық ауқымнан жалпымемлекеттік деңгейге көтерілді.

3 – кезең (2013 жылдан қазіргі уақытқа дейін). 2013 жылы 6-8 қыркүйекте Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға ресми сапарында қоғам алаңдаушылығын ескере отырып, өзара түсіністік негізінде трансшекаралық суды пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізетінін айтты. Туындаған мәселелердің барлығын Комиссия аясында шешіп отыратындығы, трансшекаралық өзендердің достық пен ынтымақтастық өзендеріне айналатынына сенім білдірді.

Қазіргі уақытта өзеннің өзекті сұрақтары Комиссияның отырыстарында бүге-шүгесіне дейін қаралып, Суды бөлісу жөніндегі келісім жобасы пысықталуда. Ширек ғасырға созылған трансшекаралық өзендер жайын талқылаудан аңғаратынымыз, Қазақстан басшылығының үздіксіз талабы, отандық дипломатия мен ғалымдардың қажырлы еңбегінің арқасында мәселе алға жылжыды. Бұл – даулы шекараларды бөлісуден кейінгі еліміздің тағы бір жеңісті қадамы, екіжақты ынтымақтастықтың жемісі.   

 

Қытайлық көзқарас

 

Жалпы, Қазақстан мен Қытайдың территориясынан 23 трансшекаралық өзен өтеді. Қос мемлекет те су тапшылығына ұшыраған, сондықтан трансшекаралық өзенді тиімді пайдалануды көздейді. Оған әр тараптың объективті себептері де бар. Қытайдың шығысы мен оңтүстігінде үлкен өзендер ағып жатқанымен, батыс аймағында су тапшы. Екіншіден, судың ластану деңгейі өте жоғары. Дегенмен, бірнеше мемлекеттен өтетін ірі өзендердің бастауы Қытай территориясында жатыр. Қытай осы артықшылықты тиімді пайдаланады:

  • 1998 жылы ҚХР ШҰАА басшылығы «Қара Ертіс - Қарамай» каналының құрылысын бастап, Ертіс аңғарынан 450 миллион м3 су алып отыратынын және бұл көрсеткішті 1,5 миллиард м3 жеткізетінін хабарлады. Оның үстіне 2017 жылы «Petro China Xinjiang Oil Field» мұнай компаниясы Жоңғар ойпатындағы Маху аймағында 1 млрд. тонна мұнай қорын анықтаған. Бұл әлемдегі мұнай қорларымен салыстырғанда ірі көрсеткіш.
  • 2007 жылы Іледен Балқашқа құйылатын су қоры жылына 12 млрд. м3 болса, қытайлықтар оны 10 млрд м3 дейін қысқартуды жоспарлаған еді. Сонымен қоса, Іле өзені аңғарында 13 су қоймасы мен 59 гидроэнергетикалық құрылғыны іске асыруда. Қытай гидроэнергетикалық өндірісі 2011 ж. 1060 Гвт болса, 2020 ж. қарай 1500 Гвт-қа арттырып, көмір мен табиғи газ импортын төмендету көзделген.
  • «Батысты игеру» саясаты басталған соң, ішкі миграция есебінен Шыңжаң халқының саны артты. 2008 жылдың соңында көрсеткіш 21,3 млн.-ға жетті. Кейбір дерекке сәйкес, ШҰАА халқы 2030 жылға қарай – 33,5-40,6 млн.-ға барады. Яғни, Қара Ертіс пен Іленің суы Шыңжаңдағы халық тұрмысына кеңінен қолданылады.

Мұндай қадамдар өзендердің төменгі ағысындағы қазақстандық қоғамды алаңдатпай қойған жоқ. Ертістің суы тартылған жағдайда Зайсан көліне залалы тиіп, каналдар, Бұқтырма, Шүлбі су қоймалары деградацияға ұшырап, Балқаш көлі Аралдың күйін кешу ықтималдығы БАҚ-та жиі көтерілді. Себебі, Қазақстан да Еуразия құрлығындағы су тапшылығын кешіп отырған мемлекет. Республиканың жер бетіндегі су қорының 40 %-ы көршілес мемлекеттерден келіп құяды. Қазақстан су ресурстары жағынан көрші мемлекеттерге тәуелді.

 

 

Қазақстан ұстанымы

Бүгінде Қазақстан-Қытай арасындағы (Ертіс пен Іле), Қазақстан-Ресей (Жайық, Ертіс, Есіл, Тобыл, Қиғаш, Қараөзен және Сарыөзен), Қазақстан-Қырғызстан (Шу мен Талас), Қазақстан-Өзбекстан-Қырғызстан-Тәжікстан-Түркіменстан (Амудария мен Сырдария) өзендері тиісті келісімдерге сәйкес реттеледі. Соңғысы бойынша Орталық Азиялық үйлестіру комиссиясы да жұмыс істейді. Бұл көпжақты ынтымақтастың жемісі деп есептейміз.

2017 жылы 23 наурызда Н. Назарбаев Өзбекстан Президентімен кездесуінде: «Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстары ортақ игілігіміз және бауырлас елдердің суды пайдалануына түсіністікпен қарауымыз қажет. Біз осы жұмысқа дайынбыз және ол ағыстың төменгі бөлігіндегі елдерге нұқсан келтірмеуі керек. Суды орынды қолданумен ондаған миллион халықтың тағдыры, аймақтағы тұрақтылық пен келісім, елдер арасындағы достық пен сенім тығыз байланысты» - деді. Қазақстан Президентінің бұл сөзі еліміздің шекара бойындағы барлық өзендерге қатысты ұстанымын білдірендей. Қазақстан трансшекаралық су ресурстары мәселесін халықаралық норма талаптарына сәйкес конструктивті диалог арқылы шешуді көздейді.   

2013 жылы Қазақстан үкіметі салаға жауапты министрлік атауын «ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрлігі» деп ауыстырып, еліміздің су ресурстары қатаң қадағалауға алынды. Алайда бір жыл өткен соң,  министрлік тарап кетті. Қазір су мәселесімен АШМ жанындағы трансшекаралық өзендер департаменті айналысады. Соңғы бес жылдағы Су ресурстары комитетінің жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен министрліктің жауапты қызметкерлері бірнеше мәрте жемқорлық фактісімен құрықталды. Мамандардың сапасы тұтас мемлекеттің позициясын қорғауға, имиджін қалыптастыруға кедергі келтіреді.

Қытай – Трансшекаралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенция және Халықаралық су ағындарын пайдаланудың кеме жүзбейтін түрлерінің құқығы туралы конвенцияларына қосылудан бас тартқан мемлекет. Сондай-ақ, Қытай аймақтық ұстанымдарына сәйкес, келіссөздерді екіжақты форматтан шығармай келеді. Қазақстан Үкіметі мен сарапшы-ғалымдары трансшекаралық өзендер мәселесінің шешілу практикасын мұқият зерделеп, екіжақты келіссөздерде өз ұстанымын нақты дәлелдей білуі қажет.

 

Қоғам не дейді?

Соңғы жылдары белсенді айтылмағанымен, аталған тақырып ақпарат құралдарында жиі көтерілді. Шолу жасай отырып, отандық БАҚ-та Ертіс пен Іленің бөгелуі, оның елімізге әкелетін салдары жиі көтерілетінін байқаймыз. Қоғам қозғайтын сұрақ мынадай:

  • Зайсан мен Балқаш көлдеріндегі су балансының бұзылуы;
  • шеттен келетін өзен суындағы зиянды қалдықтың көбеюі;
  • климаттың тұрақсыздануы;
  • аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы;
  • жағалаудағы елді-мекеннің сусыз қалуы;
  • ауылшаруашылық түсімінің азаюы.

Алайда ҚХР ресми билігі мұндай алаңдаушылықты жоққа шығарып, көрші мемлекеттердің мүддесі ескерілетінін айтып келеді. Қытай СІМ Ван И ақпарат өкілдеріне: «Мен Қазақстан мен Қытайдың сенімді әріптес екендігін тағы да бір мәрте атап өткім келеді және Қытай трансшекаралық өзендер бойынша Қазақстан мүддесіне зиян келетін еш қадамға бармайды» - деп мәлім еткен болатын. Басты себептің бірі – өзен суын пайдалану туралы ақпараттың жабықтығы. Алдағы уақытта ақпарат құралдары мен халық тарапынан сенімсіздік туып, трансшекаралық өзендерді рационалды пайдалану мақсатында:

  1. Трансшекаралық өзендер суын пайдалану мен қорғау мәселесін ШЫҰ, АӨСШК деңгейінде талқылау;
  2. Цифрлық Жібек жолы аясында халықаралық суларды экологиялық бақылау мен мониторингілеу бойынша жедел ақпарат алмасу;
  3. Ертіс, Іле өзендерінің ресурстарын пайдалану мен қорғау бойынша сапалық, сандық көрсеткіштерді ашық жариялау, комиссия жұмыстарын хабарлап отыру қажет.

 

 

Қорыта сөйлегенде

Мемлекеттік шекараны шегендеу, трансшекаралық өзенді бірлесіп пайдалану ұзақ және көптеген кедергілермен орындалса да, қазақстандық дипломатияның үлкен жетістігі. Өйткені, Индия, Жапония, Оңтүстік Шығыс Азия елдері Қытаймен шекаралық және трансшекаралық сулар проблемасында бір шешімге келе алмай отыр. Қазақстан-Қытай ширек ғасырлық трансшекаралық талқылауында Қытай тарапы уақытты тиімді пайдаланғаны белгілі. Әрине, өзеннің жоғары ағысындағы мемлекет ретінде Қытай артықшылықтарға ие, бірақ ол төменгі ағыстағы елдің құқығына нұқсан келтірмеуі тиіс. Бұл ретте БҰҰ конвенциялары мен екіжақты келісімдер басшылыққа алынады. Қорғас өзені жағасындағы Халықаралық ынтымақтастық орталығы рухында екіжақты сауда байланысы ары қарай дамуы қажет.

Жібек жолының экономикалық белдеуі Қытайда басталып, Қазақстан арқылы Еуропаға беттейді. Экономикалық белдеуді бірлесіп құруда Қазақстан мен Қытайдың ортақ қызығушылықтары мен мүмкіндіктері көп. Сондықтан қос мемлекет трансшекаралық өзендерді айналып өте алмайды. Экономиканың кілті болған су ресурстары – «Экономикалық белдеудің» күретамыры. Қазақстан мен Қытайды жеңінен жалғап жатқан Ертіс пен Іле достық пен ынтымақтастықтың өзені болуы керек деп есептейміз.

 

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ, шығыстанушы

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.