Валюта бағамы
  • USD -

    520.5
  • EUR -

    610.5
  • RUB -

    6.57
Қазақстан инвесторларға қандай қызықты жобалар ұсынып отыр
Фото: gov.kz 23 қыркүйек 2024
Қазақстан инвесторларға қандай қызықты жобалар ұсынып отыр

Қазақстанға тартылған инвестицияның көбі минералды шикізат пен металл өндіруге бағытталатыны жасырын емес. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 9,2 пайыз ғана. Қазақстанның инвестиция тарту агенттігі болып есептелетін Kazakh Invest ұлттық компаниясы жариялап отыратын инвестициялық ұсыныстардың тізіміне көз жүгірткенбіз. Назарымызға халықтың дәл қазіргі қажеттілігімен үндесетін бірнеше жоба ілікті.

 Тіс имплантын жасайтын зауыт

Жылына 30 мың тіс имплантын шығаруды көздейтін жобаға 2,2 млн доллар инвестиция керек екені айтылған.

Жобаның бастамашысы –   Qazaq Implant LLP компаниясы. 2023 жылы нақты осы жоба үшін құрылған. Қазіргі таңда қызметкерлері имплант пен стоматологиялық жабдықтар алып сатумен ғана айналысып отыр.

Өндіріске қажетті құрал-жабдықты жапониялық TSUGAMI компаниясы жеткізуге мүдделі. Ал имплант жасауға қажетті титан шыбықты Германияның Zapp Precision Metals GmbH компаниясы, қырнап, жону, тазарту материалдарын АҚШ-тың Himed компаниясы жеткізуге дайын.

Өндіріс жолға қойылып жатса, импланттың 44 пайызын Қазақстанның ішкі нарығына өткізу жоспарланған. Қалған 56 пайызын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдеріне экспорттауға болады.

2022 жылы әлем бойынша 4,7 миллиард доллардың тіс импланты сатылған. 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,5 миллиард долларға жетеді деген болжамдар бар. Ал Қазақстанда 2022 жылы 370 млн доллардың стоматологиялық қызметі көрсетілген. Оның 38 пайызы бірге Астана және Алматы қалаларына тиесілі.

Диализаторлар зауыты

Жылына 1 млн дана диализатор шығаратын зауыт салу үшін  6,1 млн доллар инвестиция салу қажет.  Өнім түгел Қазақстан ішінде сатылады. Зауыт құрылысына деп Ақтөбе облысында ауданы 4 гектар жер телімі жалға берілген.

Жобаны 2018 жылдан бері Қазақстанға сырттан диализатор жеткізумен айналысып келе жатқан  «Global Service Company XXI» ЖШС іске асыруға ниетті.

Қазақстанда гемодиализ еміне жүгінушілердің саны жыл сайын артып келеді.  2019 жылдың басына гемодиализ еміне алатын науқастардың саны 7 370 адамға жеткен. Жоба іске аса бастаған жағдайда «СҚ-Фармация» ЖШС 10 жылдық келісімшарт жасауға дайын.  

Тұрмыстық техника зауыты

Газ плитасы, тоңазытқыш, кондиционер,  электр пеш сияқты күнделікті тұрмысқа қажет техника шығаратын зауытты Тараз қаласында салу жоспарланған. Ол үшін 7,2 млн доллар инвестиция керек.  Кәсіпорын кемінде 300 адамға жұмыс береді.

Тартылған инвестицияның 1,2 млн доллары құрылыс-монтаж жұмыстарына, 3,6 млн доллары жабдық сатып алуға, 2,4 млн доллары бастапқы айналымға жұмсалады. 

Еліміз тұрмыстық техниканың бәрін шетелден импорттап отырғанын ескерсек, бағасы мен сапасы үйлесетін отандық өнім пайда болса, сұраныс болатыны анық.

 Ал Жамбыл облысы арқылы өтетін жолдардың Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан нарығына дейін апара алатынын ескерсек, экспорттық әлеуеті де зор деуге болады.  

Байынкөл су электр стансасы

«Алатау Гидро Каскад» ЖШС әзірлеген жоба сағатына 128 кВт электр энергиясын өндіретін СЭС салуға арналған. Бұл станса өндірген қуатты литий концентратын өндіруге жұмсау көзделіп отыр. Қажетті инвестицияның көлемі – 60,6 млн доллар.

Станса Алматы облысының Райымбек ауданындағы Байынкөл өзенінің бойында салынады.  Әкімдік құрылысқа деп 171,5 гектар жер телімін бөлген.

Жоба іске асқан жағдайда өндірге электр қуатын «Алатау Литиум» ЖШС сатып алуға келісім хат беріп отыр.

Түрген шаңғы курорты

Кешеннің 70 бөлмеден тұратын қонақүйі болады. Бұдан бөлек «Alpine Coster Rides» аттракциондары қызмет көрсетеді. Қажетті инвестиця көлемі – 98,1 млн доллар. Алматы қаласынан 70 шақырым керден 310 гектар телім бөлінген. Шатқалға салынатын шаңғы жолақтарының жалпы ұзындығы 37,5 шақырым болады деп көрсетілген. Бұл жолдарда күніне 5 мың адам сейіл құра алады. Туристерді биікке жеткізетін 3 аспалы жол болады.

Жүн өңдеу зауыты

20 млн доллар инвестицияны қажет ететін бұл жоба жылына 10 мың тонна жуылмаған жүнді өңдеп, одан 2,2 тонна кашемир, 2,5 тонна жүнжіп алуға арналған. 

Тартылған инвестицияның бір бөлігі жуылмаған жүнді тазартып, түбіт алатын өндірістік желі орнатуға жұмсалады. Қалған ақша қой шаруашылығын құруға бағытталады. Осылайша кәсіпорынға қажет шикізатты өз фермасындағы қойдан алу көзделген.

Жоба бастамашысы – Шығыс Қазақстан облысындағы «Бельсан и К» ЖШС.

2020 жылы елімізде 40,2 мың тонна жүн өндірілген дейтін дерек бар. Оның 97,7%-ы қой жүні. Бірақ осынша жүннің неше пайызы өңделіп жатқаны туралы нақты мәлімет жоқ. Мұндай зауыттың салынуы жүн нарығына жан бітіріп, өзгелердің де өңдеуге инвестиция салуына ықпал етеді деген болжам бар. Өйткені жобаның алғашқы кезеңінде қажетті шикізатты совет заманындағыдай әзірлеу пунктері (заготконтор – ред.) арқылы жинау көзделген. Зауыт өндіретін кашемир Еуропа мен қытайда, Түркияда сұранысқа ие.

3D принтер өндірісі

Қазір өнеркәсіп саласында 3D принтер белсенді қолданылады. Бұл кәсіпорынның өндірістік тиімділігін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік беретін технология деуге де болады. Осындай 3D принтерді Қазақстанның өзінде шығару ұсынылып отыр. Жобаға қажетті инвестицияның көлемі – 524 мың доллар. Жылына 280 принтер шығаруға арналған жоба Ұлттық ғарыш орталығының базасында іске асырылады.

2022 жылы индустриялық 3D принтер нарығы 17,38 млрд доллар болған. Бұл көрсеткіш 2029 жылға дейін жыл сайын 19% пайызбен өседі деген болжам бар.

Жалпы мамандардың пікірінше,  инвестициялау туралы шешім қабылдау процесі айтарлықтай ұзақ және салаға, донор елге байланысты өзгеріп отырады, компаниялардың корпоративтік рәсімдері көп әсер етеді. Егер тікелей шетелдік инвестициялар статистикасы туралы айтар болсақ, онда Қазақстан Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2020 жылдың бірінші тоқсанында ТШИ жалпы ағынының көлемі $3,5 млрд-тан асты, бұл ретте басым бөлігін дәстүрлі түрде тау-кен өндірісі өнеркәсібі тартты — 65%. Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 9%-ы өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі, 5%-дан астамы Көлік және қоймалау саласына тиесілі.

Бүгінгі таңда елімізде шетелдік инвесторлардың қатысуымен экономиканың шикізаттық емес салаларында: АӨК, ТМК, машина жасау және құрамдас бөліктер өндірісі, мұнай-газ химиясы және химия өнеркәсібі, ЖЭК, көлік және логистика және басқа да салаларда түрлі инвестициялық жобалар жүргізілуде.

Елімізде инвестициялар тату бойынша тиісті комиссия жұмыс жасайды. Инвестициялық штаб өңдеуші салада кемінде 15 ірі жобаны іске асыру мәселелерін қарады, олар жаңа өсу нүктелеріне айналуы және елдің өнеркәсіптік негізін қалыптастыруы тиіс. Болашақта мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ШОБ-ты тарта отырып, олардың айналасында аралас салалар мен өндірістердің тұтас экожүйесін құру жоспарланып отыр. Қысқа мерзімде Кеңестің қарауында болатын жобалардың соңғы тізбесін жасау тапсырылды. Тізбе бекітілгеннен кейін олардың әрқайсысы бойынша тиісті іс-шаралар жоспарларын қалыптастыру отыру қажеттілі маңызды.

RELATED NEWS
Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет - Тоқаев
31 қазан 2024
Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет - Тоқаев

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысын өткізді, деп хаабарлайды Ақорда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Кеңестің инвестициялық климатты жақсартуға қатысты мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңына айналғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) мәліметіне сүйене отырып, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылғанын айтты.

– Біз 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз деген өршіл мақсат қойдық. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Биыл мамыр айында ұлттық экономиканы ырықтандыруға негіз қалаған Жарлыққа қол қойдым. Біз елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің минералды-шикізат қоры мол екенін жеткізді. Сондай-ақ геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды игеру саласындағы үдерістердің тиімділігі мен ашықтығын арттыру шаралары жөнінде мәлімет берді. Президенттің айтуынша, Қазақстан соңғы алты жылда геологиялық барлауға 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан.

Қазір еліміздегі 1,6 миллион шаршы шақырымға жуық аумаққа геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға болады.

– Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады.  Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр. Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика секторындағы жағдайды айта келе, ел дамуында халықаралық мұнай компаниялары маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.

– Шетелдік инвесторлар елімізге капитал құйып, озық технологиялары мен жоғары білікті мамандарын әкелді. Олардың инвестициясы отандық энергетика саласының дамуына оң ықпал етті: кейінгі 30 жылда мұнай өндірісі үш есе артты. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Қазақстан мұнай өндіру қарқыны жоғары мемлекеттердің үздік бестігіне кірді. Болашақта біз бұл межені жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірінше, мұнай химиясы өнеркәсібін өркендету Қазақстан экономикасын әртараптандыруға зор үлес қосады.

– 2022 жылы өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін Орталық Азиядағы ең ірі зауытты іске қостық. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын ішкі сұраныстың шамамен 60 пайызын өтеп отыр әрі өз өнімін Еуропа, Түркия және Қытай нарықтарына экспорттайды. Биыл қыркүйек айында жылына 1,2 миллион тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы басталды. Бұдан бөлек, мұнай химиясы саласында жалпы құны 14 миллиард доллардан асатын бірқатар жоба пысықталып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы «таза энергетика» секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесіне айрықша тоқталды.  Атап айтқанда, Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру үшін Total, Svevind, ACWA Power және Masdar сияқты әлемдік компаниялармен нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұдан бөлек,  Қазақстан атом энергетикасын дамыту ісінде мол әлеуетке ие.

– Біз уран өндірісі бойынша әлемдегі ірі елдердің санатына кіреміз. Өздеріңізге мәлім, жақында өткен жалпыұлттық референдумда азаматтарымыз Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын қолдады. Бұл бастаманы энергетикалық қауіпсіздігімізге салған ұзақмерзімді инвестиция деуге болады. Қазіргі кезде осы жобаны жүзеге асыру үшін халықаралық консорциум құру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, –  деді Президент.

Инвесторлардың назар аударуына лайық саланың бірі – агроөнеркәсіп секторы.

– Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту Орталық Азия аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық басымдық саналады. Елімізде ауыл шаруашылығына жарамды 200 миллион гектардан астам жер бар, бұл ретте әлемде алтыншы орындамыз. Кейінгі алты жылда саладағы экспорт көлемі екі есе ұлғайып, бес миллиард доллардан асты. Біз агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық секторға айналдыруды көздейміз. Осы орайда, шетелдік инвесторлардың үлесі бар құны бес миллиард доллардан асатын 100-ден астам жоба қолға алынады, – деді Мемлекет басшысы.

Көлік және логистика секторында Қазақстан Еуразиядағы негізгі тасымал торабы ретінде өз позициясын нығайтуға ниетті. Елімізде он бір мың шақырым ескі темір жолды жөндеу және бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарланған. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудың маңызы зор. Сондықтан жаңа жүк терминалдарын салу мен кеме өндірісін жолға қою арқылы Орта дәліз инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуға баса назар аударылады.

Президент өз сөзінде инвесторлар құқығын қорғау және реттеушілік саясатты дамыту мәселелеріне ерекше мән берді.

Мемлекет басшысы сот және құқық жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңғыртулар қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Үкімет пен инвесторлардың өзара қарым-қатынасын цифрландыру аясы кеңейіп келеді. Жыл соңына дейін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа толық жұмыс істегенде, жобалардың жүзеге асырылу барысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік туады.  

Жаңа Салық кодексі машиналар, құрал-жабдықтар және бағдарламалық жасақтамалар сатып алуға жұмсалған шығындарды шегеретін салық преференцияларын бекіту арқылы инвестициялық кезеңді жандандырады.

Еліміз қаржы секторындағы ынтымақтастық аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының  қызметіне ерекше мән береді. АХҚО – әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының озық тәжірибесін меңгерген Орталық Азия өңіріндегі бірегей мекеме.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға, жаңа бастамалар мен нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты жалғастырудың маңызына назар аударды.

Сонымен қатар жиында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, CNPC вице-президенті Чжан Даовэй, Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов, Alstom компаниясының Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті Эндрю Делеони, «Лукойл» ЖАҚ бас атқарушы директоры Вадим Воробьев сөз сөйледі.

Автомобиль саласына құйылған инвестиция бір жылда 3,5 есеге өскен
13 тамыз 2024
Автомобиль саласына құйылған инвестиция бір жылда 3,5 есеге өскен

2027 жылға қарай автомобиль өнеркәсібін 50%-ға дейін оқшаулау жоспарланған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.

 Қазақстандық автомобиль өнеркәсібі – инновацияларды енгізуді және жаңа шешімдерді әзірлеуді қажет ететін технологиялық сала. Дамудың стратегиялық бағыты елдің экономикалық өсуіне және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндіктер ашады. Бұл жалпы Қазақстанның технологиялық прогресіне, оның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Отандық автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамыту мақсатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2024 жылдан бастап заңнамалық талаптарды қатайтып, өндірушілерді автомобиль құрастырудың күрделі деңгейіне көшуді міндеттейді.

Отандық автомобиль өнеркәсібі барлық кәсіпорындардың шанақ пен кабинаны дәнекерлеу және бояу бойынша технологиялық операцияларды қолдана отырып, ірі түйінді құрастырудан шағын түйінді құрастыруға кезең-кезеңімен көшуге бағытталған шарттармен қамтамасыз етілген. Осылайша, 2027 жылға қарай шағын түйін әдісі бойынша автомобиль өндірісінің үлесін жалпы көлемнің 50%-на дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарлануда.

Мәселен, алдағы екі жылда үш ірі автомобиль өндірісі жобасын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл «KIA Qazaqstan», «Astana Motors  Manufacturing Kazakhstan» және «Orbis Kazakhstan». Жоспарланған өнім көлемі 240 мың дана құрайды.

Сондай-ақ, 2025 жылдың соңына дейін өндірілген өнімнің өзіндік құнын төмендетуге әсер ететін құрамдас бөліктерді өндіру бойынша 10 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жаңа жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 760 млрд теңгеден астам.

Қазақстанда утиль алымы енгізілгеннен бері «General Motors», «KIA», «Hyundai», «JAC», «Skoda», «Yutong», «Chery», «GWM», «Changan» және т.б. сияқты шетелдік компаниялар нарыққа тартылғанын ескерген жөн. 

Салаға 2018-2022 жылдар аралығында 56,9 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Ал 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 35,8 млрд теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп.

Осының барлығы жасалған инвестициялық шарттардың арқасында, оның бір бөлігі утиль төлемі және бастапқы тіркеу үшін алым болып табылады.

 

 

 

Қазақстанға жарты жылда 5,7 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған
12 қыркүйек 2024
Қазақстанға жарты жылда 5,7 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанада өткен шетелдік журналистерге арналған брифинг барысында Қазақстанға тартылған инвестиция туралы айтты, деп хабарлайды Ulys.

«1993 жылдан Қазақстан жалпы сомасы 441 млрд АҚШ долларын құрайтын тікелей шетелдік инвестиция тартты. 2005 жылдан бері еліміздің 10 ірі инвестордың қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Бельгия, Оңтүстік Корея және Жапония кіреді», - деді министрдің орынбасары. 

Ол 2023 жылы Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция жалпы ағыны 23,4 млрд долларға жеткенін, ал 2024 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 5,7 млрд долларды құрағанын атап өтті.

«Осы аптада Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан эмитентінің ұлттық және шетел валютасындағы ұзақ мерзімді рейтингтерін Baa1 деңгейіне дейін көтерді. Бұл  Moody’s тарапынан Қазақстанға берілген ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады», -  деп толықтырды Роман Василенко. 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.