Валюта бағамы
  • USD -

    475.1
  • EUR -

    517
  • RUB -

    5.47
Қазақстан Германияның 50 жетекші сыртқы сауда серіктестерінің қатарына енді
16 мамыр 2024
Қазақстан Германияның 50 жетекші сыртқы сауда серіктестерінің қатарына енді

«Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың, Германия экономикасының Шығыс комитеті басқармасының төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзердің қатысуымен Берлин Еуразиялық клубының 40-шы мерейтойлық отырысы өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ шараға мемлекеттік және жеке сектор өкілдері, CLAAS, CT AGRO GmbH, Knauf International GmbH, Atlas International GmbH секілді Германияның жетекші компанияларының басшылары қатысты. 

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары өзінің алғы сөзінде Германияның еліміздің Еуропалық одақтағы ең маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Соңғы жылдары Қазақстан Германияның 50 жетекші сыртқы сауда серіктестерінің қатарына енді, осылайша бірден 10 позицияға көтерілді.

«Республикамыздағы инвестициялар қауіпсіздігі мен жоғары саяси тұрақтылықты мойындаудың маңызды белгісі – Германия Федералды үкіметінің Қазақстанды ынтымақтастық орнату үшін инвестициялық кепілдіктер берудің жеңілдікті тәртібі қолданылатын 34 мемлекеттің тізіміне қосуы болды», — деді Р. Скляр.

Өз кезегінде Катрина Клаас-Мюльхойзер Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі екенін баса айтты. Ол неміс делегациясының Қазақстанға агроөнеркәсіп кешені, тау-кен металлургиясы, энергетика, көлік және логистика салаларында нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруды уағдаласу мақсатымен келгенін ерекше атап өтті.

«Германия шетелде серіктестерді белсенді іздеуде, осы орайда Қазақстан ынтымақтастықты кеңейтудің басым бағыты болып саналады. Біз қосылған құны жоғары өнім шығарғымыз келеді және Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік жобаларды дамытуға үлес қосуды жоспарлап отырмыз», — деді Германия экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы.

Кездесу барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры, Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Михаэль Хармс, Орталық Азиядағы неміс экономикасы Сыртқы сауда, ілгерілету және қаржы департаментінің басшысы Ховсеп Восканян, Германия Федеративтік Республикасының Экономика және климатты қорғау федералды министрлігінің басшысы Герлинд Хекман және т. б. қатысты.

Сонымен қатар Р. Скляр құрамына 15 неміс компаниясының басшылары кіретін неміс экономикалық делегациясының өкілдерімен кездесу өткізді. Тараптар пікір алмасып, ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін анықтап, экономиканың түрлі салаларындағы әріптестікті тереңдетудің ықтимал жолдарын талқылады.

RELATED NEWS
Кредит алу қиындайды – Сенат құжатты кері қайтарды
23 мамыр 2024
Кредит алу қиындайды – Сенат құжатты кері қайтарды

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. Бұл туралы Ulys Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, банк беретін қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс кредит алуын төмендету ескерілген. Ол үшін Заңда кредиттер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кредит беруге тыйым салу қарастырылған, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу шарасы енгізіледі. Өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімі өткен соң 90 күннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салынады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде қарыз алушыға кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қарастырылған.

Сонымен қатар, «Тұтынушылық кредит» ұғымын заңнамалық енгізу ұсынылып, оның мөлшері уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісімен айқындалады. 45 күнге дейінгі және 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомадағы онлайн микрокредиттерді берудің ерекше шарттарының күшін жою, бұл ретте оларға уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалатын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін белгілеуді қолдану ұсынылды.

«Кредиторларды байыпты кредит саясатын жүргізуге және азаматтардың проблемалық берешегін реттеу бойынша шаралар қабылдауға ынталандыратын талаптар көзделген. Мәселен, 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмысты дербес жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге мораторий енгізіледі. Сондай-ақ қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін жағдайлар жасалуда. Осы мақсатта банктер мен микроқаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электрондық қарыз беруге тыйым салынады», - делінген Сенат ақпаратында.

Жалпы, бұл құжат азаматтардың артық кредит алу деңгейін төмендетуге, алаяқтық тәсілмен қарыздар мен микрокредиттер ресімдеу тәуекелдерін және клиенттердің банктік шоттарынан ақшаның заңсыз алынуын қысқартуға ықпал етеді, сондай-ақ резидент емес банктерді отандық экономиканы кредиттеуге тартуға бағытталған. Мұнымен қоса, істердің жекелеген санаттары бойынша жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін оңайлатады.

Сонымен қатар Заңды екінші оқылымда талқылау барысында Бас комитеттің, басқа комитеттер мен Сенат Аппараты бөлімдерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

- «электрондық банктік қарыз» ұғымы қолданыстағы заңнаманың тиісті нормаларында көзделгендіктен, жаңа ұғымды енгізу алып тасталады;

- запасқа жаңадан босатылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасу және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін уақыт беру үшін Заңмен ұсынылатын мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне қарызды өтеу бойынша мерзімін кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту. Бұдан басқа, осы түзетуге байланысты ипотекалық шарттар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша қосымша келісімдер жасасу бойынша жекелеген талаптарды қолданбау ұсынылды;

- заңды тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жүргізу мүмкін еместігіне байланысты жеке тұлғаларға ғана биометриялық сәйкестендірусіз электрондық банктік қарыз беруге тыйым салуды қолдану;

- банк және микроқаржы омбудсманын сайлау кезінде қосымша талаптар белгілеу;

- мемлекет қатысатын кредиттік бюролардың қызметін регламенттейтін нормаларды нақтылау, сондай-ақ коллекторлар кредиттік бюроға ұсынатын қосымша мәліметтерді көздеу;

- ломбардтармен шарт жасасу кезінде олардың қызметінің ерекшелігіне байланысты кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуға байланысты нормаларды сәйкес келтіру;

- Қазақстан экономикасына инвестициялауға қосымша мүмкіндік беру мақсатында синдикатталған қаржыландыруға қатысуға рұқсат етілген тұлғалар тізбесінің синдикатталған кредит беруге қатысушылар құрамын резидент емес банктер филиалдарымен және «Астана» халықаралық қаржы орталығының банктерімен толықтыру. Сонымен қатар, синдикатталған қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша талаптар нақтыланады;

- Заңның кейбір ережелерін қолданыстағы заңнаманың ережелерімен сәйкес келтіру;

- осы Заңды қолданысқа енгізуді көздейтін Заңның 2-бабын пысықтау.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, заң аясында жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу нормасы сақталды. Енді несие сомасы 1 мың АЕК-тен артық болса, оны алу үшін ерлі-зайыптылардың өзара келісімі керек болады.

 

Ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған
21 маусым 2024
Ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған

Қазақстандағы долларды ресейліктердің жаппай сатып алып жатыр. Бұған Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді, деп хабарлайды Ulys.

Айта кетейік, «Мәскеу биржасына» салынған санкциядан кейін ресейліктер Қазақстаннан жаппай доллар сатып ала бастаған еді. Тимур Сүлейменов мұның біз үшін еш қорқынышты емес екенін және қандай да бір шектеулердің енгізілмейтінін айтты. 

«Жоқ, қазіргі таңда шектеудің ешқандай қажеті жоқ. Өйткені біз көріп отырған құбылыс тек 1-2 процент көлемінде. Меніңше 1-2 процент үшін шектеу жасаудың ешқандай қажеті жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы теңгенің әлсіреуі қазақстандық экспорттаушыларға қолайлы деп есептейтінін жеткізді.

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, қазіргі таңда 1 рубльдің бағамы 5,2 теңге болып тұр. Сондықтан иә, теңгеміз аздап әлсіреді. Бұл деген - біздің экспорттаушыларымыз үшін өте бір тиімді құбылыс. Өйткені олардың тауарлары ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттірек болады», - деді Ұлттық банк басшысы.

 

Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін 9,6 трлн теңге инвестиция тартылмақ
24 маусым 2024
Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін 9,6 трлн теңге инвестиция тартылмақ
 

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикадағы өсімді қамтамасыз ету үшін 9,6 трлн теңге инвестициялау жоспарланып отырғанын айтты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл сомаға бюджетте қарастырылған бюджеттік инвестициялар және бюджеттен тыс инвестиция көздері кіреді.

«Негізгі бөлігін 7 трлн теңге көлеміндегі бюджеттен тыс инвестиция көздері алады. Біріншіден, бұл біздің ұлттық холдингтеріміздің қаражаты. «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтеректің» барлық еркін өтімділігі осы өсу бағдарламасына бағытталған. Екінші көзі — ішкі және сыртқы капитал нарығы. Біз қазір ішкі ресурстарды белсенді түрде тартып жатырмыз. Бұл екінші деңгейдегі банктер мен басқа да институционалдық ішкі инвесторлардың қаражаты», - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Халықаралық қаржы ұйымдарымен де маңызды жұмыс жүргізіліп жатыр. Жобаларға ұзақ жеңілдікті қаржыландыру көздері тартылып жатыр. Сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторлардың жеке инвестициялары маңызды рөл атқарады.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.