Валюта бағамы
  • USD -

    505.9
  • EUR -

    525
  • RUB -

    5.51
ҚАЗАҚ РАДИОСЫ BBC РАДИОСЫ СЕКІЛДІ ҰЛТТЫҚ БРЭНД БОЛУҒА ӘБДЕН ЛАЙЫҚ
22 мамыр 2019
ҚАЗАҚ РАДИОСЫ BBC РАДИОСЫ СЕКІЛДІ ҰЛТТЫҚ БРЭНД БОЛУҒА ӘБДЕН ЛАЙЫҚ

 


 

ULYS: Құрманбек Жұмағалиұлы, «Қазақ радиолары» ЖШС-не келген күннен бастап контент пен техникалық жағын қатар дамытуға айрықша көңіл  бөле бастадыңыз. Әсіресе, ақпараттық қауіпсіздікті мықтап қолға алыпсыздар. Еліміздің шекаралық аймақтарындағы радио таратқыштар саны артқан екен. Радионың стратегиялық бағытында осы мәселеге баса назар аударған секілдісіздер?

Қ.ЖҰМАҒАЛИ: Иә, дұрыс айтасыз. Үнжариямыздың таралу ауқымын кеңейтуге қолдан келген мүмкіндікті қарастырып жатырмыз. Әлі күнге дейін елдегі және шетелдегі ақпаратты көршілес мемлекеттердің ақпарат көздерінен алып отырған елді-мекендер бар. Сол себепті, шалғайдағы, қиырдағы тыңдармандарымызға «Қазақ радиоларының» үнін мүмкіндігінше жеткізуді қолға алдық. Мәселен, осыдан біраз бұрын Батыс Қазақастан Облысы Сырым ауданының орталығына қондырғы орнатылса, жақында оған тағы үш аудан қосылды. Бұған дейін республика бойынша «Қазақ радиоларының» 234 радиотаратқышы бар еді. Қазір олардың қатары 307-ге жетті. Уақыт өте келе, бұрынғы құрылғылар тозады, оларды ауыстыру жағын да қолға алып, 118 радиоқабылдағышты жаңарту жоспарланып отыр. Оның ішінде, СҚО Тайынша ауданы, ШҚО Зырян ауданы, Риддер қаласы, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, Алматы облысының Текелі қаласындағы таратқыштарды жаңалауды бастамақпыз.

 

ULYS: 1 мамыр бірлік күніне орай елордамыздағы «Нұрлы жол» вокзалында концерт бердіңіздер. Өткенде вокзал ішінде «Қазақ радиолары» сайрап тұрғанын естідім...

Қ.ЖҰМАҒАЛИ: «Қазақ радиолары» қосулы болсын!» деген мотивациялық ұранмен серіктестік құрамындағы төрт радио әр шаңырақта ғана тыңдалмай, әр мекемеге де жетсін деген – басты мақсатымыз. Радиоларымыз «Тұлпар-Тальго» пойыздарына, «Алау» мұзайдынына, «Қазақстан» ОКЗ-ға қосылғанынан хабардар боларсыздар. Елордамыздағы «Нұрлы жол» вокзалынан да хабар тарата бастадық. Соған орай, 1 мамыр күні мерекелік шара өткіздік. Мейрам күндері сапарға шыққан жолаушылар мерекелік көңіл-күйді сезіне алмай, алаңға бара алмай, концерт көре алмай қалады. Сапарға шыққан азаматтардың да бір сәт көңілдеріне медеу болып, ән-күйден шашу шашып, қоғам өміріне етене араласқымыз келді. Сапарлатып бара жатқандармен ойындар ойналды. «Қазақстан темір жолы» жолаушылар тасымалдаушы компаниясы да қолдау білдіріп, жеңімпаздарға сый–сияпаттар таратты.

ULYS: Әлеуметтік желіде де өте белсендісіз. Бір қызығы, жеке парақшаларыңызды жеке бас үшін емес, радионың тыныс-тіршілігімен таныстыру үшін қолданады екенсіз. Қазақ радиосы әлемдік радиолар желісі «Radio Garden» арқылы да тыңдалады деген сүйінші хабарыңызды оқып қалдым. Радио тыңдайтын өзіміздің отандық мобильді қосымшаларымыздан қандай артықшылығы бар?

Қ.ЖҰМАҒАЛИ: Оныңыз рас, әр радионың сайтынан және «Qazaqstan RTRK» мобильді қосымшасынан, әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы серіктестікке кіретін барлық төрт радионы онлайн тыңдауға болады. Әлемдік радиолар саябағы «Radio Garden» Қазақ радиосын қатарына қосты. Енді дүниенің кез келген бұрышынан ұлттың үнжариясын тыңдауға мүмкіндік бар. Шетелдіктер әлемнің әр елінде, оның ішінде Қазақстанда қандай радио бар екендігінен бейхабар болуы бек мүмкін. Танымал медиа алпауыттар болмаса, өзге халықтар радиоларының аттарын білмейтіні екі бастан аян. Ал «Radio Garden-ді» кез-келген шетелдік азамат біледі, бір ғана мобильді қосымша арқылы әлем радиоларын тізімнен қарап, тыңдай алады. Бұл – дүниенің әр бұрышындағы қандас бауырларымыз үшін таптырмас мүмкіндік.

ULYS: Радионың негізгі күші дыбыс арқылы таралатын болған соң, арнайы отырып тыңдайтын күй талғамайды. Десе де, радионың осы бір құлақпен тыңдау функциясын YouTube-тағы арналарыңыз арқылы көзбен де көру жағын қолға алыпсыздар.  Бұл радио-телеарна болудың емеуріні ме?

Қ.ЖҰМАҒАЛИ: Иә, YouTube желісінен радиохабарлар таратуды бастағанымызға да  жарты жылдан асты. Бұл қадам – телеарналармен бәсеке болу мақсатынан туған дүние емес. Қалай болғанда да радио  - ең шапшаң әрі жедел хабар таратушы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Жеделдік, дауыстың күшімен әсер ету тұрғысынан радиоға ешбір ақпарат құралы жетпейді. Десе де, заман талабына қарай, техниканың қуатымен радионың да мүмкіндігін байытуға болатындығына көзіміз жетіп, радиохабарларды бір уақытта бейненұсқасымен қоса ұсынуды жөн деп таптық. Ол үшін әр радионың студиясына үш ракурстан камералар орнаттық. Көпшілік тікелей эфирді тыңдап қана қоймай, сол мезетте көре де алады. «Қазақ радиоларының» YouTube-тағы парақшасында жазбалар сақталады. Көріп үлгермесеңіз, кейін бағдарламаларды сол жерден тамашалауға болады. Қазір аптасына Қазақ радиосы YouTube арқылы 360 минут, «Шалқар» радиосы 270 минут, «Астана» радиосы 250 минут хабар таратады.

ULYS:  Қазақ радиолары елордамыздан бөлек, күніне бірнеше сағат Алматыдан да тікелей толқында хабарлар таратады. Видеокамералар ол жақтағы студияларға да орнатылған ба?

Қ.ЖҰМАҒАЛИ: Алматыдағы «Қазақ радиоларының» студиялары қайта өңдеуден өтті. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар мен құрылғылар ауыстырылды. Қазір ол жақтағы студия мен Нұр-Сұлтандағы студияның хабар тарату мүмкіндіктері бірдей. Осы жылдың  көктеміне дейін Алматыдағы Қазақ радиосы мен «Шалқар» бір студиядан шыққан, енді екеуі екі бөлек студиядан күн сайын таңғы және кешкі уақыттарда тікелей толқынға шығады. Видеокамераны Алматы студиясына да орнатпақ ниеттеміз. Олар іске қосылғанда, жақсы жаңалығымызбен әлеуметтік желідегі жеке парақшам арқылы бөлісемін. Күтіңіздер.

ULYS: Елбасы үнемі айтып келе жатқан «Ұлттық код» мәселесі ақпараттық саладағы алып күш ретінде, ең алдымен, Қазақ радиоларының негізгі бағыт-бағдары, ұлт алдындағы парызы іспетті?!

Қ.ЖҰМАҒАЛИ: Ұлттық рух, ұлттық мәселе тек Қазақ радиоларының міндеті десек, қателесерміз. Қазақ елінің кез келген ақпараттық күші ұлттың жоғын жоқтап, барын жарқыратып көрсетсе керек-ті. Әйткенмен, әр БАҚ-ның белгіленген форматы бары рас. Біздің төрт радио төрт түрлі бағытта тыңдарманға ақпарат таратады: Қазақ радиосы – саяси-қоғамдық, әлеуметтік-мәдени, «Шалқар» - ұлттық-рухани, «Астана» - жастар мен елорда тынысы, «Classic» - классикалық музыка өнері. «Ұлттық код» тақырыбын орынды қозғадыңыз. Елбасының өзі айтқандай: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады, - дей келе, - жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай»,- деген жоқ па? Сондықтан, ұлттың болмысын, сипатын ұмытпай, тамырынан ажырамай, бойындағы өрлік пен ерлік сынды игі қасиеттерімізді, бабалардың сан ғасырлық жиған-терген мұрасы арқылы жеткен қағидасын, тәрбиесін ұрпақ санасына сіңіруді – басты мақсат-мұратымыз деп білеміз. Жүзжылдық тарихы бар Қазақ радиосы мен жарты ғасырдан артық ғұмыры бар «Шалқар» радиосы ертегісіз, ұлттың классикалық музыкасы – ән, күй, жыр, әдебиетінсіз сөйлемек емес. Радионың ұлт алдындағы борышын Ғабит Мүсіреповтің сөзімен жеткізер болсам: «Әдебиеті мен өнері ұлы болмаған жерде – ұлт та ұлы бола алмайды». Алтай мен Атыраудың арасын ен жайлаған Ұлы Тұран даласының ұлттық коды, болмысы – қос радиомыздан айқын көрініп тұрса, оны тыңдап өскен ел, тамырынан ажырамасы анық.

ULYS: Осы бағытта жақында ғана қалың тыңдарманға «Дала фольклорының антологиясы» атты ерекше жобамен сүйіншіледіңіздер. Осы уақытқа дейін көпшілік назарына радио арқылы ұсынылғанымен, диск түрінде қолдануға  ерік берілмеген алтын сандық - «Алтын қор» кілтін ашуларыңыздың сыры неде?

Қ.ЖҰМАҒАЛИ: Жөн айттыңыз. Қазақ радиолары Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын негізге ала отырып бұл аудиожинақты жарыққа шығарды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен шыққан антология 7 бөлім, 14 күйтабақтан тұрады. Ертегілер, батырлар жыры, аңыз-әфсаналар, ән-күй, шешендік сөздер топтастырылды. Расында да,  осы уақытқа дейін «Алтын қор» алтын сандық сынды жалпы жұртқа ашылмаған, ұсынылмаған. Сол алтын сандықтың ішіндегі жауһарларымызды халыққа ұсынып отырмыз. Себебі, қанша ғасыр, қанша жыл бұрынғы ауыз әдебиеті мен музыкалық мұра халық үшін туған, халық игілігі үшін берілуі міндетті деп білдік.

ULYS: Антологияның арнайы сайты мен мобильді қосымшасы да әзірленіп жатқанын да естідік...

Қ.ЖҰМАҒАЛИ: Сайт «altynqor.kz» деп аталады. Қазір техникалық жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы шығармашылық топ құрылды. Елге ұсынған соң «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп», елеп-екшеп барып беру керек. Ол уақытты талап етеді. Дегенмен, аудиожинақтың сайты болғанымен, ол тек осы жинақтағы шығармалармен ғана шектелмейтінін айтқым келеді. Сайт ашылған соң, антологияға енбеген туындылар кезең-кезеңімен толықтырылады. Оған «Тұлғалар», «Оқиғалар», «Керек-дерек» сынды жаңа бөлімдер енеді. Сайттан бөлек жинақтың мобильді қосымшасы да әзірленеді. Көпшілік оны жүктеу арқылы да тыңдай алады.

ULYS: «Қазақ радиолары» ақпараттық ортада ғана емес, дүйім ел арасында қазаққа ғана тән домбыра, қымыз, қазақ күресі, киіз үй сынды ұлттық брэндке тұрарлық орда. Радионың қоғамдағы имиджін арттыру мақсатында қандай жобалар жасалып жатыр?

Қ.ЖҰМАҒАЛИ: Англияның ғана емес, әлемдік медиа алпауыт саналатын BBC – ағылшындардың ұлттық брэнді. Қоғамның кез-келген мәселесіне еркін араласып, қатыса алатындай қауқары бар. «Қазақ радиоларының» да біздің қоғамның түрлі түйткілін шешуге, насихаттауға, атсалысуға татырлық салмағы бар. BBC радиолары секілді ұлттық брэнд болуға толық құқы да, мәртебесі де лайық. Оны арнайы жобалар арқылы танытсақ, радионың тыңдалу масштабы да кеңейер еді. Осы мақсатта, бірнеше әлеуметтік, қоғамдық, мәдени, рухани жобаларды қолға алдық. Мысалға, «Мың алғыс» қайырымдылық концерті. 1 наурыз Алғыс айту күнін арқау еткен ізгілік шарасы арқылы, қаншама бүлдіршіннің дертіне шипа, көңіліне медеу болуға шамамыз келгенше, қолұшын созып жатырмыз. 4 отбасы пәтерлі болды. Тағы бір тағылымды жоба - «100 кітап», әлемдік шығармалар қазақ тіліне аударылып жатқанын білесіздер. «Қазақ радиолары» олардың аудионұсқасын жасауды қолға алды. Нұрлан Өнербаев, Қымбат Досжан, Зейін Әліпбек сынды аға-әпкелеріміз кітаптарды оқып жатыр. Шетелдік медиакомпаниялармен серіктестік байланыс және бар. Түркияның TRT-радиосымен серіктестік байланыстамыз. Ол жақта «Түркістаннан тарту» хабары шықса, бізде «Анадолы тынысы» бағдарламасы жүреді. Енді Qatar Media (Катар), «The Voice of Vietnam» (Вьетнам) радиоларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Вьетнамдық радиомен келісімшарт жасасу процесі соңына таяды. Мамырда Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде халықаралық конференция өтеді. Шара аясында радио ардагері Әнуарбек Байжанбаев атындағы шеберлік аудиториясы ашылады. Одан бөлек жаз мезгілінде Қазақ радиосының автокеруенін, «Шалқардан шашу», «Астана» радиосына 20 жыл», «Classic» радиосы концерттерін ұйымдастырмақ ниеттеміз.

ULYS: Істеріңіз берекелі болсын! Қазақ тірі болуы үшін, «Қазақ радиолары» ірі болсын! Әңгімеңізге рақмет!

Қ.ЖҰМАҒАЛИ: Сіздерге де көп рақмет, табыс тілеймін!

 

ULYS  ANYQTAMA

 

 

Құрманбек ЖҰМАҒАЛИ

«Қазақстан» РТРК АҚ» «Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры 


Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған

«Қазақстан» РТРК» АҚ-да бағдарламалардың редактор – жүргізушісі, Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының продюсері

«Хабар» агенттігі» АҚ қорытынды жаңалықтар жүргізушісі;

Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы, Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі

«Қазақстан» РТРК» АҚ Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры, Аймақтық дамыту дирекциясының директоры;

«Алматы» телеарнасы Бас директорының бірінші орынбасары

Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы.

 

RELATED NEWS
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді
18 қыркүйек 2024
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді

 Euronews-ке эксклюзивті сұхбат берген Димаш Құдайберген классикалық музыка, қазақтың халық күйі мен заманауи әуен астасып жатқан бірегей шығармашылығы жайлы айтып берді. Kazinform аталған сұхбаттың бейресми аудармасын жариялады.

Қазақ музыканты Димаш Құдайберген жай ғана әнші, ән авторы әрі мультиинструменталист қана емес, ол миссиясы бар адам. Ол жанрда баламасы жоқ виртуоз вокалымен және музыкасымен әлемдік аудиторияға Қазақстанның бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жеткізуге ниетті. Әлемдік турнеден кейін Отанына оралған Димаш Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойының жабылуын екі күндік концертімен айшықтай түсті.

Димаш Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатында мансап жолына, музыка стилінің дамуына және ойынның (Дүниежүзілік көшпенділер ойыны) Қазақстан мұрасын паш етуде бірегей алаң болғанына қатысты ойымен бөлісті.

– Сіз классикалық білім алдыңыз әрі «Астана-Операдан» орын да ұсынылды. Бірақ классикалық элементтерді дәстүрлі қазақ және поп-музыкамен үйлестіре отырып, заманауи музыкант мансабын таңдадыңыз. Осынау бірегей қоспаны қалай жасай алдыңыз?

– Астанадағы опера директоры мені өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырғаны есімде. Бірақ барынша әртүрлі музыкалық жанрда өнер көрсеткенді қалайтынымды білетінмін. Енді мен опера айтқым келсе, оны концерттерімде де айта аламын. Менде сондай еркіндік бар. Мен «Астана-Операға» үлкен құрметпен қараймын. Бірнеше ай бұрын ғана ұстазым Пласидо Доминго мені Еуропада өзімен бірге өнер көрсетуге шақырған кезде арманым орындалды. Ол маған: «бұл арияға дайындалу үшін екі күнің ғана бар», - деді. Мен бас тарта алмадым.

5 жасымда, үйімізде Пласидо Доминго мен Паваротти өнері таспаланған видеокассета болатын. Сол концерттер менің әнші болуға деген құштарлығымды оятты. Домингоға оның арқасында әнші болғанымды айттым. Оған ұқсағым келді. Вокальдық тұрғыда олар мықты.

– Ата-анаңыз 5 жасыңызда керемет дауысыңыз бар екенін түсінді. Ал өзіңіз кәсіби әнші болғыңыз келетіндігін қай уақытта түсіндіңіз?

– Бес жасымда әжем аяғының ауыратына қарамастан мені күн сайын музыка мектебіне апаратын. Жетістікке жетіп, танымал болып, ақша таба бастасам да мұның бәрі отбасымның – ата-анамның, ата-әжемнің және достарымның арқасында екенін есімнен шығармаймын. Олардың қолдауынан асқан дүние жоқ. Менің жетістігіме өзімнен гөрі әжем лайық.

– Қазақстан өмірінде мәдениет пен музыка неліктен соншалықты маңызды?

– Дәстүрлі музыкамызға жете үңілген, зер салған адамдар біздің бүкіл тарихымызды танып-біле алады. Атам төрт-бес жасымда ұлттық аспабымыз – домбыраны шертуді үйретті. Егер сіз өзіңізді нағыз қазақпен деп есептесеңіз, онда алдымен домбыра шертуді үйренуіңіз керек. Қазір әлемді біздің мәдениетімізбен таныстыратын уақыт келді. Қазақстан – жас ел, егемендігіне небәрі – 33 жыл. Бұл – мұрамызды әлемдік аудиториямен бөлісудің бірегей уақыты.

– Әндеріңізді қалай сипаттар едіңіз?

– Бұрынырақ оны неоклассикалық деп атайтынмын, бірақ қазір мен барлық жанрды біріктіруге тырысамын. Әлі де болса неоклассикалық әншімін. Алайда, басқа стильдерді зерттегенді ұнатамын — поп, рок, кейде тіпті рэп. Бұл мен үшін аса маңызды емес. Мен бәрін сынап көргім келеді.

– Сіз қазақ мұрасын әрдайым мақтан тұтасыз әрі еліңізді музыкалық бейнебаяндарыңызда декорация ретінде жиі қолданасыз. Бұл сіз үшін неліктен маңызды?

– Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Менің миссиям – әлемді еліміздің мәдениетімен, әнімен, дәстүрлі музыкасымен таныстыру. Бүкіл әлемде, Нью-Йоркте, Еуропа мен Азияда 20-30 мың адам аудиторияның алдында өнер көрсеттім және бұл менің нағыз тыңдармандарымның арқасында ғана мүмкін болды.

– Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Бұл оқиға неліктен соншалықты маңызды?

– Осыдан 6 ай бұрын Үкімет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырды. Бірден келістім. Өйткені бұл ойынның еліміз бен мәдениетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Бұл – біздің салт-дәстүрімізді ғана емес, сонымен қатар спорттағы, ат спорты ойындарындағы таланттарымызды көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Аздап қобалжу болса да жеке концертімнің өткеніне өте қуаныштымын. Басқа елде өнер көрсету оңайырақ, бірақ Қазақстанда кеш өткізген бір бөлек. Емтихан тапсырғанмен тең.  Өйткені елімізде өткен концертте менің вокалдан сабақ берген ұстаздарым мен білікті музыка майталмандары қатысады. 

– Егер сіз өткен шаққа оралар болсаңыз, 5 жастағы Димашқа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

– Көбірек жаттығу керек. Мен 25 жыл білім алдым, қазір 30 жасымда да PhD дәрежесін алу үшін оқуымды жалғастырып жатырмын. Егер спортта чемпион болғыңыз келсе, онда тынбай жаттығуыңыз қажет. Музыкада да солай – үздік болу үшін көп жұмыс істеу, еңбектену, жаттығу керек. 

БІЗ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ БА, ӘЛДЕ ӨМІР БІЗДІ СҮРІП ЖАТЫР МА?!
10 қыркүйек 2019
БІЗ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ БА, ӘЛДЕ ӨМІР БІЗДІ СҮРІП ЖАТЫР МА?!

Көне Грек заманында Диоген деген атақты ойшыл өмір сүріпті. Ол қолына майшам жағып алып, шаңқай түсте көше аралап кетеді екен. Оны көрген таныстары:

- Әй, Диоген, шаммен күн жарықта не іздеп жүрсің?- деп сұрайды. Диоген:

- Адам іздеп жүрмін, - депті. Олар:

- Тұрмыз ғой міне, қанша адам керек? – дегенге.

- Ал сен адамсың ба?- деген екен.

 

Диоген бұл ісін былай түсіндіреді:

 Ит туғанда ит болып туады, өскенде ит болып өседі. Яғни, мысық я жылқыға айналмайды. Мысық та туғанда мысық болып туады, өскенде де мысық болады. Яғни, ит не басқа жануарға айналмайды. Мұндай заңдылық Құдай жаратқан мақұлық атаулының барлығына тән. Тек, бір ғана жаратылысына емес, ол – адам. Яғни, адам туғанда адам болып туады, өскенде қандай болатыны өскен ортасына байланысты. Мысалға: адамды туғанда маймылрдардың арасына жіберсе, өскенде тура маймылдарша өмір сүреді. Егер, ақсүйек адамдардың ортасына жіберсе ақсүйек болып өседі. Сол себепті де надандыққа батқан қоғамнан адам деген атқа лайық адамды табу өте қиын, тіпті майшам жағып іздесең де таппайсың. Қоғамдық тәртіпті түбегейлі өзгертпейінше, қанша адам туса да олардың адам деген атқа лайық болуы екіталай, - деген екен.

 

  Енді, Диогеннің шамын осы заманға әкелсек, Диоген іздегендей адам табу оңай болмасы анық. Неге десеңіздер, қоғамда адамдар тарапынан болып жатқан азғындықты айтпасақ та өздеріңіз жақсы білесіздер.  Мәселе осы азғындықты шама келгенше тоқтатып, жаңа туған адамдарды адам етіп тәрбиелеуде болып тұр. Әйтпесе, жаманды жамандап, айыпты болып қалған үкімет қызметкерлерін түрлі шоуларда келеке-мазақ қылып отыра беру түк пайда бермейді. Керісінше, екінші бір проблемаға соқтыратын қаупі бар.

 

 Енді, біз қандай қоғамбыз, қандай қоғам болуымыз керек?  Қоғамды қалай түзейміз? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

 

 Әдетте, адам көшеге шығарда түр-әлпетін ретке келтіру үшін айнаға қарайды. Сөйтеді де, артық-кем жерін түзеп, үсті лас болса оны жуып, тазалап, реттеліп шығады.

 

 Осы секілді қоғам да айнаға қарағандай өзінің тұрмыс-тіршілігіне сырттан қарап, артық-кем жерін түзеп отыру керек. Әйтпесе, Диоген айтпақшы, адамды шаммен іздеп таба алмаспыз. Бірақ, ол үшін қоғамда «психоаналитик» деген мамандар көп болуы керек. Олар қоғамның не ішіп, не жеп, не оқып, нені көріп, нені тыңдап жүргенін бақылап, сараптама жасайды. Жасаған сараптамаларын түрлі жолдармен халыққа таратып, жұрттың қай бағытта кетіп бара жатқанын аңғартып отырады. Осылайша психоаналитиктер адамды кемелдікке жеткеретін жол тауып, ғылым мен халықтың тығыз байланыста болуына септігін тигізеді. Ал, бізде өкінішке қарай, ғылым бір жақта, халық бір жақта жүр. Ғалымдар ғылымның жоқтығынан надандыққа батқан халықты «тобырлар» деуден жалығар емес, ал, халық болса, оқымыстыларды «оқу оқып милары ашып қалған, оқу өтіп кеткен» деген секілді сөздер айтып, мүсіркей қарайды. Яғни, ғылым мен халық арасында байланыс жоқ. Енді, осы жерде екі жақтың басын қосатын тағы бір мамандық шығады. Оларды «медиатор» дейді. Яғни, «екі ортадағы тасымалдаушы» деген мағына береді. Біздің елде медиаторлар жоқтың қасы. Бар болса да тек бір тарапты. Яғни, діннің медиаторы «менің айтқаным дұрыс» десе, бизнес, психолог-коучтар «менікі дұрыс» деп жүр. Оларды медиатор деуге аузың бармайды. Себебі, арнайы бас қатырып, оқу оқып, ғылыми оқу орындарынан білім алмаған, өз бетінше оқып алған дилетанттар. Осы дилетанттардың айтып жүргендерін теріске шығарып,  дұрыс-бұрысын сауатты талдап бере алатын психоаналитиктер жоқ десек те болады. Осының себебінен қоғамнан ориджинал адамды табу өте қиын және алдау, арбау, ұрлық-зорлық деген қылмыстар бір секундқа да тоқтамай, қоғамда қылмыскерлер қаптайды.

 Қоғамды түзететіндер осы психоаналитиктер мен медиаторлар.

 

 Енді, біз қандай қоғамбыз?

 Ғылымда мынандай екі термин бар. Ассимилейшн және социализейшн.

  Ассимилейшн  (assimilation)  дегеніміз – қоғамның түрлі себептерге байланысты ыдырап, қоғам болмай, жоқ болып кетуін айтамыз.

  Социализейшн (socialization)  дегеніміз – адамдардың бір идеяға, құндылықтарға, қоғамдық қағидаларға бірігіп, етене араласуын айтамыз.

 

Бізде, қазіргі таңда социализейшнге қарағанда ассимилейшн белең алып келе жатыр.  Оған көп себептердің бірі – «нарықтық ориентейшн». Яғни, қоғамның көзқарасы нарықтағы көзқарастай болып кеткен.

  Енді, әңгіме осы бағытта өрбімек.

 

 Нарықтық ориентейшнды түсіну үшін алдымен нарықтың жүйесін түсініп алсақ оңай болады.

 

 Саудагер нарыққа барарда алдымен оның жағдайын біліп алады. Яғни, әрбір нәрсені  сата бермейді. Нарықта қандай заттар жақсы өтеді, соны ғана сатады. Сатып алушылар да нарықтың ығына жығылып, жұрт көбіне қандай зат алып жатқанына қарайды да ала береді. Яғни, заманауи тілмен айтқанда тренд, модаға жүгінеді. Ал, бұл тренд, мода дегендерді монополистер басқарып отырады.

 

 Негізінде нарықтағы жүйе басқаша болуы керек еді. Тренд, мода деген ұғым жоқ, нарықты монополист басқармайды. Сатушы тренд, модаға сүйенбей, «негізі, адамға керегі осы» деп адамгершілік принциптерге сүйеніп, тауар сатады.

 

 Адамдардың да қоғамда өзін ұстауы, жүріс-тұрысы, ойы осы нарықтағыдай болып кеткен. Олар өзін танумен айналысудың орнына сатумен айналысады. Яғни, бақытқа, жетістікке жету үшін үш түрлі іс-әрекет жасайды.

 Бірінші – өзін тауар етіп ұстайды.

 Екіншісі – сатушы ретінде.

 Үшінші – менеджер ретінде.

 

 Бірінші, өзін тауар етіп көрсеткен адам өтімді болу үшін заманауи талаптарға сай киім үлгісін киеді, талапқа сай адамның қырларын, іс-әрекетін ұстанады. Нарықта ар-ұят, жұмсақ мінез, ілтипат деген адамның киелі қырлары тренд болмаса, онда одан бас тартуға мәжбүр. Ондай кезде адам өз өмірі мен бақыты үшін емес, қаншалықты өтімді бола алатынына басы қатады. Жан-дүниесіне үңіліп, өзіне тән адами қырларын шыңдаудың орнына нарықтағы өтімді қырларды игеруге әлек болады. Бұл істің барлығы дерлік жетістікке жетудің амалы. Телеарна, газет, журналдағы бизнесмендер оңай әрі жылдам жетістікке жету үшін, қандай киім киюін, өзін қалай ұстау керектігін, қас-қабақтарын сенімді етіп көрсетуін үйретеді. Мысалға, жас бойжеткен кинодағы жетістікке жеткен жұлдыздың шаш үлгісіне, киген киіміне, қас-қабағы мен бет-әлпетінің бояуына дейін меңгеріп алады және сол жетістікке жеткізеді деп ойлайды. Ал, ол жетістіктің артында қаншалықты  бақытты өмір бар екені ойландырмайды. Мұндай кезде адам өзінің қаншалықты бағалы екенін өзгелердің пікірмен өлшеп, соларға тәуелді болады. Егер ол жетістікке жеткен адам болса – бағалы, жетпесе – құнсыз. Сол себепті бұл жолда сәтсіздік құрдымға түскенмен бірдей ауыр тиеді. Мұндай адамдар қоғамда көбейген сайын сол қоғамның ойын, деңгейі қандай екенін оңай білуге болады. Бәрі бір-бірінің іштей не ойлап тұрғанын, нені қалап тұрғанын біліп тұрады. Себебі, барлығы бір арқанға жармасып тұр.

 

  Екіншіден, саудагер ретінде тауарды сататын жер іздеу керек болады. Ол кезде тоздырмаған табалдырық қалмайды. Газет-журналдар, интернет желісі жер-әлемді шарлап кетеді.

 

 Үшіншіден, менеджерлік қызмет атқарады. Сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, таққан қымбат сағаты, сапалы киім үлгісі, мінген көлігі, осының барлығы адамды өткен ғасырлардағы ориджинал менеджердей етіп көрсетеді. Сатып алушы жұрт та осындай үлгідегі көрініске үйреніп қалады. Енді астыңда көлігің, қымбат сағатың болмаса сені адам екен демейді.

  Бұл нарықтық ориентейшн қоғамның барлық саласын меңдеп алса бітті дей беріңіз. Салт-дәстүр, дін, кәсіп, музыка, сурет өнері, кино, БАҚ, отбасын құру, тіпті бала тәрбиесі де осы көзқараспен жүріп-тұратын болса, онда бірінші орынға әр адамның бақытты болуы емес, нарықтағы жетістікке жеткен, беделді азаматтардың істеген ісі мен айтқан мәнсіз сөздеріне сай болуы маңызды болады.

 Әлбетте, бізде мұндай көзқарасқа берілмейтін азаматтар да бар, дегенмен саусақпен санарлық. Олар көшкен сеңмен ілесіп көшпейді. Нарықтың талаптары оларға заң емес. Өздерінің ішіне үңіліп, адамгершілік принципті негізге алып жүріп-тұрады. Мысалға, көп журналистердің арасында рейтингті көтеріп, жетістікке жетудің жолы біреудің ажырасқаны я болмаса ашынасымен ұсталып қалғаны секілді пайдасы жоқ «ақиқатты» жариялау болса, ал, бұлардың ойы жеңіл жетістікке жетуде емес, қоғамдағы тасада болып жатқан негізгі әрі маңызды жайттарды жариялап, жұрттың көзін ашу.

  

 Ағартушылық саласында да дәл осы секілді. Кейбір азаматтардың мақсаты үкіметтік стипендия, тендер, атақ-даңқ болатын болса, ал, нарықтың талабына берілмеген азаматтарды мадақ, медаль, стипендия қызықтырмайды. Олардың мақсаты қоғамға ең маңызды, негізгі құндылықтарды насихаттап, елдің сауатын ашу, экзистенциялық проблемаларын шешу.

 

Бұл жерде айтқымыз келгені, елді бөлу емес, керісінше, пайдалы іспен айналысып жүрген азаматтардың әрекетіне көз жеткізіп қою ғана. Жастар соларға еліктеп жолын қуса, онда Диоген іздеген адамды өз арамыздан тәрбиелеп шығаруымыз ғажап емес. 

 

Әлбетте, нарықтық ориентейшнмен де өмір сүре берсе болады. Ол әркімнің өз еркі. Бірақ, оның ақыры төмендегідей болуы әбден мүмкін: 

Логотерапевт В.Франклға күйзелісте жүрген бір бойжеткен келіп, мұңын шағыпты. Ол нарықтық көзқарасқа ұрынғаны сонша, тіпті, ақыр-аяғында «мен өмір сүріп жатырмын ба, әлде өмір мені сүріп жатыр ма» деген екен.

 

Құрметті әлеумет! Біздің қоғам болмай ыдырап бара жатқанымызға бірден-бір себеп осы «нарықтық ориентейшн». Осыны біліп, одан аулақ жүретін болсақ, болашақ жарқын болатынына сенім мол!

 

 

 

Амангелді МЕЙРАМБЕКҰЛЫ, психолог

 

САЛТАНАТ СМАҒҰЛОВА: МОТИВИРОВАННАЯ ДУРАЛАР МЕН МОТИВИРОВАННЫЙ ДУРАКТАР КӨБЕЙДІ...
08 қаңтар 2020
САЛТАНАТ СМАҒҰЛОВА: МОТИВИРОВАННАЯ ДУРАЛАР МЕН МОТИВИРОВАННЫЙ ДУРАКТАР КӨБЕЙДІ...

Құдайға жер бетіндегі барлық адамдар ғасырлар бойы сеніп келеді, мен де сенемін. Құдайға деген асыл сенімін айта беру, құндылықтарды араға салу манипуляциясы. Намаз оқығанда да құбылаға қарап, адам өздігінен оқиды ғой. Логикаға салып ойланып көрейік.

Психосоматиканы (эмоцияның адам ағзасына тигізер әсері) оқып, меңгеру арқылы, әділетті Құдай әркімді өзіне жазалатып қойғанын ұғып таң қалдым.
Тәндегі ауру-сіздің қандай адам екеніңіздің индикаторы. Адамды ауру ететін үш ақ нәрсе:
1.
Өзін кінәлі сезіну.
2. Қызғаныш.
3. Өкпе, реніш.
Осыны білген соң ауырдым деудің өзі ұят.

Абай атамыз:
"Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес... " дейді.
Сондықтан, мен Алланы аз айтамын, аса мәртебелі сезімімді саудаға салуға жүрегім дауаламайды.

Қазіргі мотиваторлардың ғылыми ақпаратты дұрыс түсіндірмеу себебінен "Мотивированная дура мен мотивированный дурак" тар көбейді.

Адам өз күші, ақыл-ойы жететін нәрсеге жауапкершілік алғаны абзал. Деніңіз сау болып тұрып, дәрі ішсеңіз ол ішкі органның қызметінің бұзылуына әсер етпей ме? Дәл сол сияқты, орнымен қолданылмаған аффирмация, визуализация, мотивация да кері әсерін тигізеді.

Түрлі тренингтерге барып жүрген адамдардың жанарында сынық сәуле бары байқалады, өзіне сенімсіз бала сияқты, жалтақ-жалтақ етеді, әлдене десең ашуға булығып, бет жыртысуға дейін барады. Тренингте түрлі деңгейдегі адамдар отырады, ақыл-ойы әртүрлі, берілетін ақпарат сарапталмайды, аудиторияға бейімделмейді. Сәйкесінше әркім әртүрлі қабылдайды.

Интеллект деңгейі жоғары, дәл сол сәтте жеке бас проблемасы жоқ адамдар қажетін алады. Ал ақыл-ойы кемдеу немесе сол сәтте жеке бас проблемасы бар адамдар сол лекторға, мотиваторға сенеді! «Ана кісі айтты ғой, өзгеге емес өзіңе жұмыс жаса», - деп дауласады тағы.

Соңында өз деңгейіне, жағдайына шақ келмейтін аффирмация, визуализация жасап, қуыршақ құсап қалады. Тағы кім не деп айтар екен деп, айналаға қарап, алақ-жұлақ етіп жүргені.

Абай атамыз:
"Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап" деді емес па?!

 

Салтанат Смағұлова, психолог

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.