Валюта бағамы
  • USD -

    532.7
  • EUR -

    544.5
  • RUB -

    5.17
Қарағанды облысында рекордтық көлемде астық жиналды
Фото: Қарағанды обл әкімдігі 16 қазан 2024
Қарағанды облысында рекордтық көлемде астық жиналды

Қарағанды облысында биыл 1 млн 300 мың тонна астық жиналды, деп хабарлайды Ulys облыстық әкімдікке сілтеме жасап.

Өнімділіктік осыншама жоғары болуының негізгі факторларының бірі мемлекетті қолдау, ауыл шаруашылығы техникасын уақтылы дайындау, жоғары сапалы тұқымдарды пайдалану, агротехнологияларды сақтау және отынмен қамтамасыз ету болды. 

Қарағанды облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин жергілікті шаруа қожалықтарының жетістіктері туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте айтып берді.

– 9 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің өндірісі ұлғайды. Нақты көлем индексі 116,7 % құрады. Астық өнімі бойынша ең жоғары көрсеткішке Абай, Бұқар Жырау, Нұра және Осакаров аудандарының шаруашылықтары қол жеткізді, – деді ол. – Гектарына 15 центнерден өнім жиналды. Сонымен қатар, биыл картоп бойынша да өнім жоғары болды – 11,3 мың гектардан 299 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Бұл аймақтың ішкі қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етеді. Нұра, Шет және Осакаров аудандарының шаруашылықтары көш бастап тұр.

Сондай-ақ, өнімділігі 7 ц/га болатын 23,4 мың тонна майлы дақылдар жиналды.

Жергілікті қоймалар бүкіл егінді сақтауға дайын.

Брифингте өз жетістіктері туралы ауыл шаруашылығы басшылары айтып берді.

– Шаруашылығымыз құрылғалы алғаш рет біз 65 мың тоннадан астам дәнді дақылдар, мың тонна майлы дақылдар, 27 мың тонна картоп жинадық. Егер шаруашылығымыз тыңайған жерлерді игерген кезден бастап дәнді дақылдармен айналысып келе жатқан болса, картоп өсіруді тек 9-шы жыл инеріп келеміз. Бұл біздің барлық білімдері мен дағдыларын осы нәтижелерге қол жеткізуге жұмсаған фермерлеріміздің үлкен еңбегі. Республика көлемінде өте жақсы өнім алдық, үшінші класс астығымыз 40 %-дан асады, – дейді Нұра ауданының "Шахтерское" ЖШС директоры Георгий Прокоп.

Жергілікті фермерлердің айтуынша, жыл ерекше болды. Жауын-шашын мен дәнді дақылдардың аурулары егін өсіруге кедергі келтірді. Осыған қарамастан, ауыл тұрғындарының еңбегі мен мемлекеттің көмегі жақсы нәтижеге әкелді.

RELATED NEWS
Қазақ даласы жаңа Жібек жолының қантамырына айналып келеді
30 қыркүйек 2024
Қазақ даласы жаңа Жібек жолының қантамырына айналып келеді

2022 жылы елдің жалпы ішкі өніміндегі көлік-логистика саласының үлесі 6,1 пайыз болды. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 9 пайызға жеткізу керек деген меже қойылып отыр. Ашық теңізге шығатын мүмкіндігі жоқ Қазақстан үшін бұл оңай шаруа емес. Қазақ даласының салыстырмалы түрде жазықта жатқаны, Батыс Қытай-Батыс Еуропа сияқты ірі көлік дәлізінің болуы, Каспий арқылы санкция құрсауындағы Ресей аумағынан тыс өткелдер арқылы бірнеше елге шығуға болатыны дұрыс ұйымдастыра білсе, үлкен мүмкіндіктер ашады.

Жалпы тиісті инфрақұрылым болмайынша сыртқа тауар сату мүмкін емес, инвесторлар да ат-тонын ала қашатын болады. Шындығында, Қазақстан үшін жол мен көлік саласын дамыту - бүгінгідей күрделі кезеңде экономиканы дамытудың ең тиімді тетігі.

2023 жылы Қытайдан Ресейге және кері бағытта Қазақстан арқылы 3,8 млн тонна жүк тасымалданған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 35% көп. Ел Қытай мен Еуропа арасындағы Қазақстан аумағы арқылы өтетін алыс-беріс көлемі 18,7 млн тоннаға жеткен. Бұл 2022 жылдың көрсеткішінен 19% артық.

Сәйкесінше жүк транзитінен бюджетке түсетін табыс та артып келеді. 2023 жылдың алғашқы жартысында ғана транзиттік жүк айналымы 39% өсіп, 200 млрд теңгеден астам таза табыс кірген.

Президенттің халықаралық сапарларында, Үкімет мүшелерінің инвесторлармен келіссөздерінде мұнай-газ, металлургия саласымен бірге көлік-логистика бағытындағы жобалар туралы жиі айтылып жүр. Бұл Қазақстан экономикасын көлік-логистика есебінен әртараптандыруға ықпал ететін тенденция деуге болады.

Ресейдің санкция құрсауында қалуы Каспий көлінің транзиттік маңызын арттырды. Қазақстан да бұл тенденцияға лайықты ден қойып отыр. Үкімет елде теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Бұл кешенді жоспарда Ақтау және Құрық порттарының базасында ірі теңіз көлік-логистикалық кластерін құру көзделген. Оның сыртында Ақтау портынан контейнерлік хаб ашу жоспарланған. Транскаспий халықаралық көлік бағытын қазір бүкіл әлем «Орта дәліз» ретінде біледі.

Бұл маршрут арқылы 2022 жылы 1,7 млн тонна өтсе, 2023 жылы 2,76 млн тонна болған. Ал 2024 жылдың 7 айында 2,56 млн тонна жүк жөнелтілген. Осы қарқын сақталса, желтоқсан айына қарай 5 млн тонна жүк Орта дәлізбен өтуі мүмкін.

Құры портының жүк қабылдап, жөнелту қабілетін арттыру үшін мейлінше үлкен кемелердің тоқтағаны керек. Сол үшін порт  акваториясының табаны биыл қосымша 2 метрге тереңдетілді.

2030 жылы Орта дәлізбен өтетін жүк көлемін 10 млн тоннаға жеткізу көзделген. Қазіргі қарқынмен өлшеп қарасақ, бұл межеге 2030 жылдан ерте жетуге болатын түрі бар. Меженің қаншалықты ерте орындалатыны Ресейдің санкциялар құрсауынан қашан босайтынына да байланысты. Дегенмен кейбір сарапшылар Ресей санкциялардан арылған күннің өзінде орта дәліз аймақтық

Көктемнен бері елде 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатыр. Бұл кейінгі 33 жылда болмаған көрсеткіш. Осы 12 мың шақырым жолдың 8 мың шақырымы республикалық бағыныстағы, 4 мың шақырымы жергілікті бағыныстағы жолдар. Елдегі жолдардың жалпы ұзындығы 95 мың шақырым десек, биылдың өзінде 12,6 пайызы жаңартылып жатыр деген сөз.

2023 жылы еліміз шойын жол арқылы 50 млн тоннаға жуық тауар экспорттаған. Атап айтсақ, Қытайға – 12,7 млн тонна, Өзбекстанға 10 млн тонна, Ресейге 34,6 млн тонна жүк жөнелтілген. Биыл осы көрсеткішті 60 тоннадан асыру жоспарланып отыр.

Көлік министрі Марат Қарабаев жаз болса билет таппай сандалатын жолаушылардың мәселесін шешу үшін 140 жаңа вагон сатып алынатынын айтқан болатын. Теміржол саласында қолға алынған екі ірі жоба бар. Олар: «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал» маршруттарын іске қосу. Оның сыртында 1,4 мың шақырым теміржолды жөндеу көзделген.

Қазақстан жерінің Еуропа мен Қытай арасында қолайлы транзиттік аумақ болатынын халықаралық инвесторлар да жақсы түсініп отыр.  Оған елдің көлік және логистика саласына көптеген ірі халықаралық және ұлттық инвесторлардың ақша салып жатқанын мысал ретінде атауға болады.  

Кейінгі жылдары Қазақстанның көлік және логистика инфрақұрылымына 35 миллиард долларға жуық инвестиция тартылған. Еуропалық инвестициялық банк, Еуропа қайта құру және даму банкі сияқты ірі қаржы институттарымен жалпы сомасы 800 миллион еуро болатын меморандум жасалып, Еуропалық инвестициялық банк арқылы салаға  500 миллион еуро әкелінді.

Ал «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Сингапурдың PSA International  компаниясымен, әзербайжандық инвесторлармен бірге бірнеше ірі жобаны қолға алмақшы.

TransLogistica Kazakhstan медиа орталығының мәліметі бойынша, Еуропа мен Қытай арасында құрлық арқылы тасымалданатын тауардың  70%-ға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. Осының арқасында Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы ең ірі транзиттік хабқа айналды. Бұл жерде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы  жемісін беріп жатыр деуге болады.

Қазақстанның Қытай-Еуропа арасындағы теміржол тасымалында да жоғары үлес алып отыр. Екі ортада теміржолмен тасымалданатын жүктің 20-25%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтіп жатыр.

Тағы бір айта кететін жайт, Қытай бизнесі Ұлы Жібек жолын жандандыру деген стратегиялық идеядан шет қалған жоқ. Мұны әлеуметтік жауапкершілік деп айтуға да болады.

 

 

 

 

Кредит алу қиындайды – Сенат құжатты кері қайтарды
23 мамыр 2024
Кредит алу қиындайды – Сенат құжатты кері қайтарды

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды. Бұл туралы Ulys Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметінше, банк беретін қарыздар мен микрокредиттер беру кезінде талаптарды қатаңдату арқылы азаматтардың шамадан тыс кредит алуын төмендету ескерілген. Ол үшін Заңда кредиттер бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға кредит беруге тыйым салу қарастырылған, сондай-ақ жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу шарасы енгізіледі. Өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша мерзімі өткен соң 90 күннен кейін сыйақыны есептеуге тыйым салынады, ал мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңінде қарыз алушыға кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қарастырылған.

Сонымен қатар, «Тұтынушылық кредит» ұғымын заңнамалық енгізу ұсынылып, оның мөлшері уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісімен айқындалады. 45 күнге дейінгі және 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомадағы онлайн микрокредиттерді берудің ерекше шарттарының күшін жою, бұл ретте оларға уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалатын жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерін белгілеуді қолдану ұсынылды.

«Кредиторларды байыпты кредит саясатын жүргізуге және азаматтардың проблемалық берешегін реттеу бойынша шаралар қабылдауға ынталандыратын талаптар көзделген. Мәселен, 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмысты дербес жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге мораторий енгізіледі. Сондай-ақ қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін жағдайлар жасалуда. Осы мақсатта банктер мен микроқаржы ұйымдарына клиентті биометриялық сәйкестендірусіз электрондық қарыз беруге тыйым салынады», - делінген Сенат ақпаратында.

Жалпы, бұл құжат азаматтардың артық кредит алу деңгейін төмендетуге, алаяқтық тәсілмен қарыздар мен микрокредиттер ресімдеу тәуекелдерін және клиенттердің банктік шоттарынан ақшаның заңсыз алынуын қысқартуға ықпал етеді, сондай-ақ резидент емес банктерді отандық экономиканы кредиттеуге тартуға бағытталған. Мұнымен қоса, істердің жекелеген санаттары бойынша жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін оңайлатады.

Сонымен қатар Заңды екінші оқылымда талқылау барысында Бас комитеттің, басқа комитеттер мен Сенат Аппараты бөлімдерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс қабылдаған Заңға мынадай бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

- «электрондық банктік қарыз» ұғымы қолданыстағы заңнаманың тиісті нормаларында көзделгендіктен, жаңа ұғымды енгізу алып тасталады;

- запасқа жаңадан босатылған әскери қызметшіге жұмысқа орналасу және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін уақыт беру үшін Заңмен ұсынылатын мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне қарызды өтеу бойынша мерзімін кейінге қалдыруды 60 күнге ұзарту. Бұдан басқа, осы түзетуге байланысты ипотекалық шарттар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілі шарттары бойынша қосымша келісімдер жасасу бойынша жекелеген талаптарды қолданбау ұсынылды;

- заңды тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жүргізу мүмкін еместігіне байланысты жеке тұлғаларға ғана биометриялық сәйкестендірусіз электрондық банктік қарыз беруге тыйым салуды қолдану;

- банк және микроқаржы омбудсманын сайлау кезінде қосымша талаптар белгілеу;

- мемлекет қатысатын кредиттік бюролардың қызметін регламенттейтін нормаларды нақтылау, сондай-ақ коллекторлар кредиттік бюроға ұсынатын қосымша мәліметтерді көздеу;

- ломбардтармен шарт жасасу кезінде олардың қызметінің ерекшелігіне байланысты кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуға байланысты нормаларды сәйкес келтіру;

- Қазақстан экономикасына инвестициялауға қосымша мүмкіндік беру мақсатында синдикатталған қаржыландыруға қатысуға рұқсат етілген тұлғалар тізбесінің синдикатталған кредит беруге қатысушылар құрамын резидент емес банктер филиалдарымен және «Астана» халықаралық қаржы орталығының банктерімен толықтыру. Сонымен қатар, синдикатталған қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша талаптар нақтыланады;

- Заңның кейбір ережелерін қолданыстағы заңнаманың ережелерімен сәйкес келтіру;

- осы Заңды қолданысқа енгізуді көздейтін Заңның 2-бабын пысықтау.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, заң аясында жұбайының (зайыбының) келісімінсіз кредит беруге тыйым салу нормасы сақталды. Енді несие сомасы 1 мың АЕК-тен артық болса, оны алу үшін ерлі-зайыптылардың өзара келісімі керек болады.

 

Теңге және жасанды девальвация: Ұлттық банктің бұрынғы басшысы ҚР экономикасының құпиялары туралы айтты
11 желтоқсан 2024
Теңге және жасанды девальвация: Ұлттық банктің бұрынғы басшысы ҚР экономикасының құпиялары туралы айтты

Қазақстан Ұлттық Банкінің бұрынғы төрағасы Григорий Марченко "Киіз үй күмбезі" YouTube-арнасына берген ашық сұхбатында елге әсер еткен күрделі экономикалық шешімдер туралы естеліктерін бөлісті. Ол ең ірі девальвациялар, Ұлттық қордың құрылуы және Әзербайжан банкіне құйылған инвестицияларға қатысты жанжал туралы егжей-тегжейлі айтты. Толығырақ Orda.kz материалында.

Қазақстан тарихындағы ең ірі девальвация

Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Григорий Марченко ел тарихындағы ең елеулі девальвациялар туралы әңгімеледі. "Ұлттық Банк 2009 жылғы ақпанда жасаған девальвация, кейде айтылып жүргендей, 50 %  емес, 25% болды. Ең үлкен девальвация қашан болды? Ол 1994 жылғы ақпанда болды. Сол жолы бағам бір айда 11-ден 40 теңгеге дейін – үш жарым есе құлдырады. Бұл девальвацияның себебі Президент Назарбаевты өзара есеп айрысу дейтінге көндірген Сергей Терещенко Үкіметінің шешімімен байланысты. Оның мәні Ұлттық Банктің көп мөлшерде ақша басып шығаруында және оларды өзара қарыздарын өтеу үшін кәсіпорындарға беруінде болды. Президент Ұлттық Банктің визасын алмастан, Жарлыққа қол қойды. Өйткені  сол кезде маңызды лауазымда болған марқұм Дәулет Сембаев мұндай шешімге өте қарсы болды. Алайда әлі жөнді жұмыс істеп те үлгермеген Ұлттық Банктің тәуелсіздігі басып-жаншылып, Жарлық күшіне енді", деді Марченко. Оның айтуынша, мұның нәтижесі апатпен бірдей болды: бағам бір ай ішінде үш жарым есе құлады. Марченко Джорджтаун университетінде тағылымдамадан өтіп, Америка Құрама Штаттарынан Қазақстанға оралғанда инфляция 1994 жылғы маусымда 46,5 % болды – бұл бір жылда емес, бір айда!

"Міне, осындай да уақыт болды. Бір қызығы, Тұңғыш Президент мен оқыған естеліктерінде осы туралы ләм-мим демеді. Мүмкін, ол бұл оқиғаны ұмытып кеткен немесе маңызды емес деп санаған шығар, немесе оны ұмытуды жөн көрген шығар. Бірақ бұл ең сәтсіз макроэкономикалық шешім болған еді. Қазір бағам бір доллар үшін 500 теңгенің маңында. Егер 1994 жылғы «өзара есеп айырысу» болмағанда, қазір біз бағам 200 теңгеге жете ме – жетпей ме деп талқылап отыруымыз мүмкін еді. Бүгінгі экономикалық проблемалардың көпшілігі – бұдан 20-30 жыл бұрынғы оқиғалардың жаңғырығы", деп қосты ол.

Теңге бағамы және Ұлттық қорды құру

Сондай-ақ Марченко теңгенің қазіргі бағамы туралы өз пікірін ортаға салды: "499 бен 500-дің арасындағы айырмашылық – небәрі 0,2%. Әлемдік биржаларда ±1% шегіндегі мұндай ауытқулар техникалық және шамалы ауытқу болып саналады. Бірақ біз әрқашан дөңгелек санға үйірміз. Мысалы, кеңес заманында біз миллиард пұт астық жинауға барынша тырыстық. Пұт дегеніміз не? Бұл небәрі 16 кило. Мұны әлемде ешкім түсінбеді. Бірақ біз 20 миллион тонна астық жинай бастағанда миллиард пұтты бірден ұмыттық. Бұл өзі қызық болды. Бірақ бізде 500 теңге немесе миллиард болсын, дөңгелек цифрға ерекше мән беруге бейімділік бар. Шындығында, 499 бен 500-дің арасында ешқандай айырмашылық жоқ".

Оның айтуынша, көптеген адам валюта бағамын тек девальвациямен байланыстырады. Бұл, әрине, белгілі бір сәттерде дұрыс. Бірақ бағам күшейген кезде бұл – таңғаларлық жағдай. Бағамның инфляциямен байланысы көп адамға түсінікті болғанымен, жұрттың бәріне бірдей түсінікті емес. Ал бағам Ұлттық қорға тікелей байланысты екенін білетіндер шамалы. Қор болашақ ұрпақ үшін қаржы жинақтау құралы ретінде ойластырылған. Бірақ сол кездің өзінде-ақ өзгерістер басталды. Назарбаев қорды жұмсауға болады деген саяси шешім қабылдады. Сөйтіп жиналған қаражатты пайдалану оның президенттігі кезінде басталды. Бастапқыда Ұлттық қор активтерді сататын, ал валюта елге түсетін және Ұлттық Банк оны тікелей, нарықтан тыс сатып алатын схема қолданылды. Содан кейін бұл қаражат Қаржы министрлігі арқылы бюджетке аударылды.

"Кейінірек, мен және менің әріптестерім кеткеннен кейін, қордағы валютаны нарық арқылы сату туралы шешім қабылданды. Нарықта жылына қосымша бес-алты миллиард доллар пайда болған кезде бұл валюта ұсынысын арттырады және теңге бағамын қолдайды", деп атап өтті ол. Сондай-ақ Марченко егер Ұлттық қордың қаражаты болмаса, онда теңге бағамы бұдан бірнеше жыл бұрын бір доллар үшін 500 теңгеге жетер еді деді. Ол экономиканы нығайту, импортты шектеу және өз өндірісімізді дамыту үшін бағам бір доллар үшін 1200-1500 теңге болуға тиіс дегенге саятын пікірге де назар аударды.

2014 жылғы жасанды девальвация

2014-2015 жылдары Ұлттық Банктің төрағалары Қайрат Келімбетов пен Данияр Ақышев болған кезде үш девальвация болды, деп атап өтті Марченко. Содан кейін бағам бір доллар үшін 150-ден 380 теңгеге дейін, яғни екі жарым есе өсті. Оның айтуынша, бұл сол кезеңде жіберілген бірқатар макроэкономикалық қателіктің салдары болды. "2014 жылдың ақпан айының басында ірі экспорттаушылардың қысымымен қажетсіз девальвация жасалды. Лоббистер девальвация барлық мәселені шешеді және жағдайды жақсартады деп сендірді, бірақ іс жүзінде олай болмады. Бұдан "Қазақмыс", "Қазмырыш" және Mittal Steel сияқты экспорттаушылар ұтты. Өйткені олар сол долларға көп теңге ала бастады. Алайда бұл осы шешімді қолдаған ат төбеліндей компанияларға ғана тиімді болды", деп түсіндірді Марченко.

Ол сондай-ақ 2013 жылы Премьер-министр Серік Ахметов девальвация туралы ұсынысты қамтыған Mittal Steel-ді қолдау іс-қимыл жоспарын әзірлеп, бекітуге ұсынғанын еске салды. Сол кезде Ұлттық Банк Президентті бұл қадамнан бас тартуға көндіре алды. "Алайда мен 2013 жылдың қазан айында қызметтен кеткеннен кейін девальвация болды". Бұған дейін Қазақстан девальвацияны әрдайым ресейлік девальвацияның өтемақысы ретінде жүргізген. Мысалы, 2009 жылы Ресей 50% - ға девальвация жүргізді, ал Қазақстан 25% - бен шектелді. Бұл экономикаға елеулі залал келтірмеуге мүмкіндік берді. Импорт, оның ішінде машиналар мен жабдықтарды әкелу ұлттық өндірісті дамыту үшін маңызды болып қала береді.

"Өкінішке қарай, 2014 жылы ең нашар сценарий іске асырылды. Ақпан айында алдын алу девальвациясы жасалды, бірақ бұлай жасалмауы керек еді. Ал желтоқсан айында Ресей өз валютасын 50% - дан астам құнсыздандырды. Нәтижесінде Қазақстан өтемақылық девальвация жүргізбеді, бұл елеулі теңгерімсіздіктер туғызды. Бұл ретте екі айда теңге бағамын қолдауға 23 миллиард доллар жұмсалып, шын мәнінде ақша текке күйіп кетті», деп атап өтті спикер. Осыдан кейін мерзімінен бұрын Президент сайлауы жарияланды. Іле сайлаудан кейін девальвация болады, өйткені экономика соған мұқтаж деген сөз тарады. Алайда сайлаудан кейін девальвация қажет емес деп мәлімделді. Сөйтіп Ресей девальвация жүргізгенге дейін сегіз ай бойы Қазақстан мұны жасаған жоқ. Бұл қазақстандық тауарлардың долларлық баламада ресейлік тауарларға қарағанда екі есе қымбаттауына әкелді, ал бұл бәсекеге қабілеттілікке елеулі соққы берді.

"Ресейде, Челябинск, Саратов сияқты көптеген шекаралас қалада печенье, макарон және басқа да қазақша атаулары бар өнімдер шығарыла бастады. Нәтижесінде біздің нарық, әсіресе орта бизнес айтарлықтай шығынға ұшырады",  деді Марченко. Оның айтуынша, алғашқы девальвация Келімбетовтің тұсында, 2015 жылдың тамызында жүргізіле бастаған. Алайда Ұлттық Банктің төрағасы ауысқаннан кейін бағам тұрақтанбай, құлдырауын одан әрі жалғастырды. "Қорытындысында, кешіріңіз, біз сол кезде екі жарым рет девальвация жасадық – бұл 2014-2015 жылдары болды. Ал бұдан не өнді? Өндіріс күрт өсті ме? Әрине, жоқ. Бұл эксперимент бірнеше рет жүргізілді. Мысалы, 1994 жылы девальвация үш жарым рет болды", деді ол. Марченко мұндай жолды қайталауға шақырушылар экономиканың нақты секторында ешқашан жұмыс істемеген адамдар екенін атап айтты.

Әзербайжан банкіне қатысты жанжал

Григорий Марченко Ұлттық қордан Әзербайжан банкіне ақша аудару оқиғасы туралы түсініктеме берді. Бұл кейінірек сыбайлас жемқорлық жанжалының арқауы болған. 

"Әзербайжан банкіне Ұлттық қорымыздан аударылған ақшаға байланысты сыбайлас жемқорлық жанжалы туындағаны жадымда. Банк төрағасы Ұлыбританияға, Лондонға қашып кеткен сияқты. Оның әйелі онда көп қаражат жұмсаған, соның ішінде қымбат мейрамханаларға барып, ақша шашқан. Бірақ, менің білуімше, ол қамауға алынған. Қазір ол түрмеде отыр", деді Марченко. Ол бұл мәмілеге өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді. "Сол кезде Ұлттық Банктің өкілі Қайрат Келімбетов болды. Ол мәміле мен қызметтен кеткеннен кейін бір жылдан кейін жасалды. Бұған қоса, аталған мәміле о бастан дұрыс емес және Ұлттық Банктің барлық ішкі рәсіміне қайшы еді. Мысалы, біз 10% - дан асатын нақты эмиссияға қатыса алмадық. Егер банк, айталық, 500 миллион доллар шығарса, біз ең көп дегенде 50 миллион доллар сатып ала алатын едік. Ал аталған мәміле барлық ережені бұза отырып жасалды", деп түсіндірді ол.

Кейін ақшаға сатылған блогерлер мен журналистер кінәні маған аударуға тырысты, деп атап өтті Ұлттық Банктің бұрынғы басшысы. Бірақ оның 2013 жылдан бері Ұлттық Банкке ешқандай қатысы жоқ. Сондай-ақ ол өзінің Әзербайжан Президенті Әлиевтің досы және курстасы болғандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды. 

"Жоқ, олай емес. Сіздерге анығын айтайын. Әлиев – менің курстасым да, жеке досым да емес. Біздің жолымыз өте қысқа мерзімге ғана түйісті. Мен провинциядан келген қарапайым студент едім. Ал оның әкесі Саяси Бюроның мүшелігіне кандидат еді. Ол тіпті күзетшісімен бірге жүретін. Оның үстіне, ол басқа ғимаратта орналасқан Халықаралық қатынастар факультетінде оқыды, мен Халықаралық экономикалық қатынастар факультетінде оқыдым. Біздің курста Әзербайжаннан келген жігіт болды. Мен онымен дос болдым, әлі де доспын.  Ол Әлиевпен тығыз байланыс жасады. Мүмкін Әлиев мені сондықтан ұмытпаған шығар. Бірақ менің онымен қандай да бір жақын байланысым  немесе оған шығатын жолым бар деп айтуға болмайды. Бұл шындыққа жатпайды".

 

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.