Валюта бағамы
  • USD -

    514.3
  • EUR -

    587
  • RUB -

    6.23
ҚАНДАСТАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫ
19 қаңтар 2019
ҚАНДАСТАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫ

«Отандастар» Қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Астанада қоғамдық талқы өтті. «Шетелден келген қандастарымыздың бүгінгі жағдайы» тақырыбындағы шараға елге оралған қандастар, журналистер, кәсіпкерлер және қоғам белсенділері қатысты.

«Отандастар» Қорының Вице-президенті Мәди Манатбекұлының жетекшілігімен өткен жиын барысында Атажұртқа оралған қандастарымыздың мәселелері талқыланып, оларды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды. Жиынды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Мұхит Ізбанов ашып берді.

МҰХИТ ИЗБАНОВ – ДҚҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ: «Отандастарымызға көші-қон заңын, олардың құқық-міндеттерін түсіндіру жұмыстарына баса назар аудару керек. Білместіктен сергелдеңге салынып жүрген қандастарымыз көп. Әрине, өткен жылғы құрылтайдан бері біршама өзгерістер орын алды. Оралман статусын алу үшін енді отандастарымыз бұрынғыдай мың сан құжат жинап әуре болмайды. Біршама жеңілдетілді, бес-ақ құжатпен шектелетін болды. Құрылтайда оралмандардың шетелдегі зейнетақы өтілдері есептелмеу мәселесі де көтерілген еді. Жақында оның да шешімі табылды, 27 желтоқсанда Елбасы жарлыққа қол қойып, енді есептелетін болды. Десе де, әлі күнге назарымызды талап ететін мәселелер көп. Өз ойым, шетелден елге оралған қазақтардың өмірін жеңілдету үшін бөлек мекеме болуы керек деп есептеймін».

Ал «Зерделі» зияткерлік орталығының негізін қалаушы Ырысбек Мәуіт елге оралған жеткіншектерге арналған интернат негізіндегі бейімделу орталықтарын көптеп құру қажет деп санайды. Себебі, балалар қазақ тілі мен қолданыстағы кирилл жазуын меңгеруі, жаңа ортаға үйлесуі, бейімделуі барысында қатты қиналады. Қазіргі уақытта «Зерделі» зияткерлік орталығына «шетелден қоныс аударған азаматтарды бейімдеу орталығы» статусын алуға ниетті екен. Себебі, күні бүгінге дейін орталық шетелден келген 2000-нан астам оқушыны мектептер мен жоғары оқу орындарына дайындаған.

ЫРЫСБЕК МӘУІТ – «ЗЕРДЕЛІ» ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: «Қазір біздің орталықта Қытайдан келген 200-ден астам бала оқиды. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен және математикадан қосымша дайындақтарға қатысады. Тағы бір мәселе бар. Ол қандастарымыздың балалары кәмелет жасқа дейін міндетті түрде ата-анасымен бірге келуі керек деген заңға қатысты. Әйтпесе, балалар визасының мерзімін ұзарта алмайды, сәйкесінше Қазақстанда ұзақ тұра алмайды. Бірақ, көп балалардың ата-анасымен бірге келуге мүмкіндігі жоқ. Шетелде тұратын ата-ана да мұнда баласын әкелуге ниетті болғанымен, оны қалдырып кететін жері жоқ. Осы ретте, шетелдік балаларға арналған интернат-мектептер ашу керек деп есептеймін. Мемлекет тарапынан осыған рұқсат беріліп, балаларға жауапкершілік алыну керек. Сонда бір жағы оқыту, бір жағы бейімдеу процесі орын алады. Бір отбасын көшіруге кететін ақшаға он баланы әкеліп оқытқан артық деуге негіз бар. Нәтижесінде, келген қандастарымыздың арасынан Қазақстан үшін құнды, мықты мамандар шығады».

Журналист Ернат Қашқыновтың айтуынша, Атажұртына келген жеткіншектердің елде білім алуына жастары азайып жатқан ауылды жерлер қызығушылық танытады.   

ЕРНАТ ҚАШҚЫНОВ – ЖУРНАЛИСТ, АУДАРМАШЫ: «Шетелдегі қазаққа Отан керек. Ал өз еліміздегі қазаққа қазақ керек. Осы екеуін ұштастыруға болады деп ойлаймын. Мен өзім Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының тумасымын. Сол жақта үш селолық округтың әкімі жақында менімен хабарласты. Біз бардық. Нарманбет, Жәмші және Қаратал деген ауылдар екен. Осы ауылдарда балалар саны азайып кеткен тоғыз, он бір жылдық мектептер бар. Жергілікті биліктің мүддесі – сол мектептерді жаптырмау. Оларға бала керек, қазақ таппай отыр. Ауылға көшіп келген адамдарға тұратын дайын үйлер бар. Тағы бір айта кетерлігі, аталған ауылдардың жері мал шаруашылығына арналған шұрайлы келген. Сәйкесінше, кәсіп те жүргізуге болады. Осы мәселені республикалық деңгейде зерттеу керек. Себебі, қазаққа сұранып тұрған жерлер көп».

Атажұртқа күні кеше оралған Қуаныш Ілияс өзге елдегі қандастардың әдеби, мәдени, тарихи еңбектерін сақтап қалу мәселесіне тоқталды. Ақын қандастарымыздың рухани мұрасының электрондық нұсқасын жасақтауды ұсынды.

ҚУАНЫШ ІЛИЯС – АҚЫН: «Менің Қытайдан көшіп келгеніме екі-ақ ай болды. Отбасымның көшкеніне жарты жыл. Көші-қон мәселесіне қатысты айтар болсақ, біз тек адамды ғана әкеле аламыз. Мал қалып қойса, мал сатып ала аламыз. Жер қалса,  жерді де алуға, өндіруге болады. Бірақ, сол жерге сіңіп кеткен терімізді, ол жерге жаратқан мәдениетімізді, көркем өнерімізді, таңбалы тастан басталатын тарихымызды, біз, өкінішке қарай, әкеле алмаймыз. Біздің сөреде тұрған қаншама тарихи, мәдени, әдеби кітаптарымыз келмеске кетті. Тарихи отаннан кеткенімізге үш ғасыр толған қазақтармыз. Біздің көз жасымыздан, сағынышымыздан туған, сол жердегі бүкіл қазаққа азық болатұғын үлкен әдебиет, мәдениет қоры, шежіре қалыптасты. Осы нәрсенің барлығы саясат құрбаны болды деп қарап отыруға тиісті емеспіз деп есептеймін. Үлкен қордың электронды нұсқасын жасау сияқты жұмыстарды ұйымдастырсақ та, құндылықты қалай да құтқарып қалу керек».

Жиын барысында айтылған ұтымды пікірлер мен ұсыныстар «Отандастар» Қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының біріккен қызметінде ескерілетіні айтылды.

RELATED NEWS
ЕКІ АПТАДА ЕКІ АЛТЫН
17 қаңтар 2019
ЕКІ АПТАДА ЕКІ АЛТЫН

Шетелдегі қандастар арасында қара үзіп жүрген талай талант бар. Солардың бірі Моңғолия елінде тұратын жас палуан — Серік Бердімұратұлы. Қазақстандағы жарыстарға жиі қатысып, жарқырап көрініп келе жатқан спортшыны мұқым қазақ жақсы таниды. Енді міне, KAZNEWS.MN сайтының жазуынша, бүгін Улаанбаатар қаласында самбодан ересектер арасында өткен Моңғолия біріншілігінде өз салмағында чемпион атанған.

Өткен апта ғана дзюдо күресінен Сэлэнгэ аймағының Сүхбаатар қаласында ерлер мен әйелдер арасындағы өткен Моңғолия  чемпионатында 100 келі салмақта белдескен Серік Бердімұратұлы қарсылас шыдатпай алтын медаль алған болатын. Серік Бердімұратұлы жартылай финалда 2017, 2018 жылғы ел чемпионы Г.Алтанабаганадан басым түсіп, финалдық кездесуде қарсыласы Д.Цэрэннямды аяқтан іліп шалу əдісі бойынша вазари ұпайымен жеңген еді. Ал бүгін міне, самбодан Моңғолия чемпионы атанды. Естеріңізге сала кетсек, Серік Бердімұратұлы самбодан ересектер арасында үшінші рет ел чемпионы атанып отыр. Ол, бұған дейін 2014, 2017 жылдары чемпион болған еді. Ал дзюдо күресі бойынша Серік Бердімұратұлы 100 келі салмақ бойынша ел біріншілігінің 2017 жылы қола жүлдесіне ие болған болатын. Осылайша, ол Баян-Өлгий спорт тарихында алғаш рет дзюдодан ересектер арасында Ел чемпионы атанды. Екі аптада екі салмақ бойынша Моңғолия чемпионы атанған қазақ баласына әзірше тең келер қарсылас жоқ.

 

ЕЛОРДАДА 20 ЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ БАС ҚОСАДЫ
26 қараша 2019
ЕЛОРДАДА 20 ЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ БАС ҚОСАДЫ

28-қараша күні «Отандастар қоры» және «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» шет елдердегі қазақ диаспорасының тарихи Отанымен мәдени-гуманитарлық және іскерлік ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін жағдай жасау мақсатындағы мемлекеттік тапсырма аясында отандастардың қатысуымен «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты Халықаралық дөнгелек үстел өткізеді.

Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары  Б. Сапарбаев мен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Д. Абаев қатысады. Ең басысы — халықаралық шараға 20 елдегі қазақ диаспораларынан 150 делегат келеді. «Отандастар Қоры» КЕАҚ Президенті Н. Әбіқаев Қордың іске қосқан және жүзеге асырған жобалары,  олардың нәтижелері, отандастармен жұмыстың 2020 жылға арналған жоспары жайлы сөз сөйлейді. Сонымен қатар, шет елдердегі қазақ қауымдастықтарының жетекшілері де өз ұйымдары жайлы айтады. Шара аясында дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Қор өкілдері қызметтерінің негізгі бағыттары, оның ішінде шет елдердегі қандастармен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланысты кеңейту әрі нығайтуды көздеген «Отандастар» қорының негізгі жобаларының бірі «Қазақ үйі» Қазақ мәдени-іскерлік үйінің құрамына кіретін іскерлік үйлері мен мәдени орталықтарының  әлем бойынша желісін құру жоспары талқыланады. Бірлескен жұмыстың нақты ұсыныстары әзірленеді. Қатысушыларға Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен өңірлерде бизнесті дамыту үшін жасалған жағдайлар жайында ақпарат беріледі.  «Атамекен» іскерлік үйінің панельдік сессиясында Іскерлік үйінің мақсаты мен міндеті, отандастарды консультациялық қолдау орталығының жұмысы жайлы айтылады. Шет елдерде өткізілген бизнес форумдар қорытындыланады. Түркия, Швеция, Еуропа елдерінен келген қандас кәсіпкерлер сөз сөйлейді. «ҚазАгро», «Бәйтерек» холдингтері мен «ҚазақИнвест» ҰАҚ өз тараптарынан қандас кәсіпкерлерді қолдау мүмкіндіктерімен бөліседі. Шет елдердегі қазақтілді БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтетін панельдік сессияда шет елдердегі қазақтілді БАҚ пен журналистердің өзара ынтымақтастық мәселесі талқыланады. «Абай» мәдени орталығының панельдік сессиясында мәдени орталықтың  мақсаты мен міндеті, шет елдерде қазақ мәдениеті мен өнерін дамыту, білім беру жобаларын іске асыру, елімізде туристік кластерді дамыту және еліміздің туристік тартымдылығын арттыру, барлық елде қазақ әдебиеті орталығының желісін құру мәселелері талқыланады. «Отандастар» Қорының жобасы – «Әлемдегі танымал қазақтар туралы» кітабы мен «Мұзбалақ» анимациалық фильмі таныстырылады. «Жас Қазақ» жастар клубының панельдік сессиясында шет елдердегі қазақ жастарын тарихи Отанын айналасына шоғырландыру және оларға жан-жақты қолдау көрсету,  диаспоралық және жастар саясаты саласындағы өзара әрекеттестік және серіктестік аясын кеңейту, жас белсенділерді таныстыру, достығын нығайту,  олардың бойында тарихи Отанына деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру, Қазақстан Республикасының барлық жастар ұйымдарының іс-шараларына диаспора өкілдерін қатыстыру, өзара біріккен жұмыс жоспарын құрып, бірлесе жұмыс істеу мәселесі талқыланады. «Қазақ елі» жастар клубы жұмысының жоспары бекітіледі. 

 

«АТАМЕКЕН» ШЕТ ЕЛДЕРДЕ ТҰРАТЫН ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ
24 қараша 2019
«АТАМЕКЕН» ШЕТ ЕЛДЕРДЕ ТҰРАТЫН ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАРДЫ ҚОЛДАЙДЫ

«Атамекен» ҰКП және «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Қордың баспасөз қызметінің хабаралуынша, келісімге «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаев пен палатаның Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов қол қойды.

Атап өтейік, «Отандастар» қоры - шет елдерде тұратын этникалық қазақтар мен отандастарды қолдау жұмысы бойынша мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен нақты бағыттарды айқындап, серіктестік танытып қызмет етіп келе жатқан ұйым.

Меморандум «Атамекен» ҰКП мен Қордың көптеген бағытта тығыз байланыста жұмыс атқаруы үшін құқықтық негіз бекітті. Мәселен, құрылымында call-орталық пен өңірлік қоғамдық қабылдауы бар ұйымның отандастарды ақпараттық қолдау орталығына «Атамекенде» жинақталған кәсіпкерлік туралы білім банкін пайдалану, бизнесті құру және дамыту, палата жүзеге асыратын бағдарламалар бойынша оқу, инвесторлар мен стартаптарды іздеу мүмкіндігі туды.

Сонымен қатар ынтымақтастық аясында «Менің Атамекенім» және бизнес саласындағы шетелдік қазақтардың ұйымдарын әлем бойынша бір желіге біріктіретін «Атамекен» Іскерлік үйі» жобасын іске асыру мәселелері де қамтылды. Этникалық қазақтардың тарихи отанына жаппай көшуін ынталандыруды қарастыратын «Темір қазық» бағдарламасына дербес басымдық берілді.

«Отандастар» қоры мен «Атамекен» ҰКП бірлескен жұмысының алдағы бағыттары «ОТАНДАСТАР. БОЛАШАҚҚА БАҒДАР» халықаралық дөңгелек үстел аясында өтетін «Атамекен» Іскерлік үйінің» панельдік сессиясында кезінде нақтыланады.  Аталған шара биыл 28 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтеді, жиынға 20 елдегі қазақ диаспорасынан 150 делегат қатысады.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.