Валюта бағамы
  • USD -

    493.5
  • EUR -

    584.5
  • RUB -

    6.47
Президент Жолдауы: Ұлттық қордың ақшасы қай елдердің құнды қағаздарына салынған
www.akorda.kz 02 қыркүйек 2024
Президент Жолдауы: Ұлттық қордың ақшасы қай елдердің құнды қағаздарына салынған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолағы Жолдауында ұлттық қордың ақшасы шетелдік қаржы институттарға қызмет етпеу керектігін айтты.  Сарапшылар Жолдаудың осы тұсын түрліше тәпсірлеп жатыр.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан шыққан бойда БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Мемлекет басшысы «Ұлттық қор шетелдің қаржы институттарына қызмет етпеу керек» деген сөзі арқылы  сыртқы қарыздар мәселесін меңзеді дегенді айтты.


«Бұл жерде сыртқы қарызды Ұлттық қордың есебінен жауып жатырмыз деген түсінік қалыптаспау керек. Сыртқы қарыздарға қызмет көрсету шығындары туралы айтылып отыр деп ойлаймын. Шынымен де Ұлттық қор қаражатының ондай мақсаттарға жұмсалып жатқаны туралы фактілер бар», - деді депутат. 


Ал Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков әңгіме Ұлттық қор ақшасына сатып алынған құнды қағаздар турасында болып отыр деп есептейді.
«Бүгінгі таңда Ұлттық қор қаражатының бір бөлігі шетелдік компаниялардың құнды қағаздарына, акциялар мен облигацияларға, деривативтерге салынған. Оның пайызы төмен. Яғни,  Ұлттық қор ақшасына қай компанияның акциясын сатып алсақ, соларды байытып отырмыз деуге болады. Президент шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек дегенде осыны меңзесе керек», - дейді экономист.
Сарапшының дерегін Ұлттық банктің ресми мәліметтері де растап тұр деуге болады. Жалпы Ұлттық қорда сақтаулы тұр делінетін қаржының 10 млрд АҚШ долларынан астам бөлігі тұрақтандыру портфельдеріне салынған. Активтің бұл түрін жоспарда жоқ шығындар пайда болған кезде тез шешіп алып,  республика бюджеті арқылы экономикаға бағыттауға арналған. Аталған қаражат уақыт сынынан толық өткен, сенімді құнды қағаздарға ғана салынады. Бірақ, Қайырбек Арыстанбеков айтқандай, сыйақы пайызы төмен болуы мүмкін. Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі бұл жерде құнды қағаздың инвестициялық табысынан гөрі сенімділігіне басымдық беріп отыр деуге келеді. 
Бұл активті қажет кезінде жылдам шешіп алуға болатынын 2019 жылғы коронавирус пандемиясы көрсеткен болатын. Індет кезеңіндегі дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 6 трлн теңге бөлінген еді.

Ұлттық қорға тиесілі ақшаның тағы бір бөлігі жинақтаушы портфельде сақтаулы. Оның өзі екі арнаға бағытталған. Нақты айтсақ, дамыған және дамушы елдердің бағалы қағаздарына, корпоративтік облигацияларына, дамыған елдерде тіркелген компаниялардың акциялары мен алтын портфеліне салынған.
Ұлттық банк биыл наурыз айында жариялаған мәліметке сенсек, Ұлттық қордың жинақтаушы портфелінің 29%-і дамыған мемлекеттердегі облигацияларда, 21%-і дамушы елдердің облигацияларында, 30%-і дамыған елдердегі компаниялардың акцияларында, 10%-і корпоративтік облигацияларда, 5%-і балама құралдарда жатыр.
Дамыған елдердегі облигациялар туралы айтсақ, Ұлттық қор ақшасының 62,5%-і АҚШ-тың, 12,5%-ы Еуроодақтың, 10%-ы Ұлыбританияның, 5%-ы Жапонияның, 5%-ы Аустралияның, 5%-ы Канаданың мемлекеттік бағалы қағаздарында шоғырланған.
Ал Ұлттық қор қаржысы инвестицияланған дамушы елдердің қатарында Латын Америкасының, Шығыс Еуропаның, Азия мен Африканың алдыңғы қатарлы мемлектетері бар.
Ұлттық қор ақшасы салынған корпоративтік облигациялар негізінен банк секторы, ауыл шаруашылығы, энергетика және телекоммуникация саласын қамтиды.
Сондай-ақ Ұлттық қор ел ішінде сақталатын алтын құймалар мен сыртта сақтаулы тұрған алтын құймаларда жатыр.

RELATED NEWS
38 параллель немесе қос Корея
08 желтоқсан 2019
38 параллель немесе қос Корея

Оңтүстік Корея мен Солтүстік Кореяның әскери текетіреспен өмір сүргеніне алпыс жылдай уақыт өтіпті. Тарихтың талай жылында екі елдің билік басындағы басшылар мен саяси топтар, түрлі партиялар, социалистік пен капиталистік принциптерден тұрған екі қоғам бір-біріне қырғи-қабақтық танытып келді. Бір президент кетіп, екінші президент келсе де, өзінен бұрын билік тізгінін ұстаған саясаткердің текетірес саясатын өзгеріссіз жалғастырып отыру мемлекеттік саяси бағыттың ең басты бағытына айналып отырды.

Міне, сондықтан болар, корей түбегі тек саяси ғана емес, әскери текетірестің үлкен алаңына айналды. Бір ұлт екіге бөлінді, бір ел екіге жарылды, солай екі режимнің мақсат-мүддесі және келісуімен – солтүстік пен оңтүстік деген географиялық атау алып, сол атаудың негізінде Оңтүстік пен Солтүстік Корея деп бөліп қарастырылып, 38 параллель деген әйгілі сызық ойлап табылды. Сол сызық жай ғана емес, корей ұлтының қасіретіне үңілетін сызық болып танылды. Ол сызық бұзылмайтын да, талқандалмайтын да сызық болып әлі келе жатыр...

         Екі елдің үздіксіз әскери текетіресі осы сызықтың екі жағында жатқан ағайынды екі елдің арасында ұзақ жыл бойы жалғасып келді. Екі сызықтың арғы және бергі жағында мекен еткен қос Корея, әйгілі «Корей соғысынан» кейін ара-кідік бір-біріне айбар шегіп, сұс көрсетіп, саяси және идеологиялық үгіт-насихаттарын жалғастыра берді. Апта мен ай құрғатпай әскери қақтығыстар болып тұрды. Біз білмейтін небір қақтығыс пен текетірестер, үшінші дүниежүзілік соғысқа айналып кете жаздаған оқиғалар осы корей түбегінде жиі-жиі пайда болып, дамыл таппады. Тангун деген бір атадан тарайтын корейлер осылай бір-біріне қару кезеніп, жауығып, өмір бақи өштесіп өтеміз деп ойлап па еді? Әрине, жоқ...

 Бүгін, қос Корея қандай жағдайда? Саммитер жиілегенмен, қарым-қатынасы толық қалыпқа келмеді,  екі елдің арасында жүз пайыз тұрмақ, бес пайыз сенім толықтай орнаған жоқ. Сонау бір жылдары әлемде «қырғи-қабақ соғыс» жылдарының салқыны бұл елді де шалғаны бар. Соның көрнісі осы екі елдің арасында әлі де жалғасын тауып келе жатыр. «Қырғи-қабақ соғысы» бітті деп біреулер айтады. Иә, біткен шығар, бірақ корей түбегінде оның соңғы күндері әлі де жалғасын тауып жатыр десек қателесе қоймаспыз. Өйткені, екі ел «әне-міне бірігеміз, бейбітшіліктің астында күн кешкен туысқан елміз» деп бір-біріне сенімді түрде айта алмайды. Үміт бар, бірақ күдік анағұрлым басымдау. Себебі бейбіт келісім-шартқа ресми түрде қол қойған жоқ. Бірігу процесі жүзеге аспай, тоқтап тұр. Осы сөздеріміздің дәлелі ретінде мына бір көріністі талдап қарасақ.

2018 жылдың 27 сәуір күні қос Корея басшылары бас қосып, бейбітшілік туралы сөз қозғап, алғаш рет Солтүстік Кореяның басшысы Оңтүстік Кореяның жеріне аяқ басты. Сол сәтте екі елдің арасындағы кейбір көріністер қырағы мамандардың назарынан тыс қалған емес. Соның бірі екі елдің қорғаныс министрлерінің екі елдің мемлекет басшыларына берген сәлемдесулері. Осы сәлемдесулерден әскери текетірестің қаншалықты қатты, ұзақ және ешбір елде кездеспейтіндей деңгейде өткенін көре аласыз.

Оңтүстік Кореяның баспасөздері жабыла жазған бір маңызды көрініс осы. Ол екі елдің әскери саласындағы ұзақ текетірестердің кесірінен қатып қалған қасаң ой-көзқарас пен салқындықты, әскери талап пен ұстанымды аңғаруға болады.

Сәуір айының 27-ші күні «Панмунчжомда» өткен саммитте Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чже Ин Солтүстік Кореяның қорғаныс саласының жетекшілеріне жақындап, қолын беріп, амандасты. Сол сәтте оған Солтүстік Кореяның әскери шендегі жоғарғы лауазымды адамы бас киімінің шекесіне қолын тақап, жылы  амандасып, сөйлесті. Міне, әскери сана мен мәдениет. Бүкіл әлем білетін әскери сәлем беру. Алайда Оңтүстік Кореяның қорғаныс министріне жақындаған Солтүстік Кореяның көсемі Ким Чен Ынға Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі әскери қалыппен сәлем бермеді. Яғни, бас киімінің шекесіне қолын қойып, сәлем беріп амандаспады. Ол жәй ғана қолып беріп амандаса салды. Осы бір көрніс – көп жағдайды баяндайды. Оңтүстік Кореяның халықаралық қарым-қатынас саласының адамдарының пікірінше, «Солтүстік Корея әлі де бізге жау, әлі де бізден достығы жараспай отырған ел» деп қарастырады. Сондай түсінік Оңтүстік Кореяның әскери саласында да қалыптасқан. Сондықтан оның басшысына «әскери тәртіппен сәлем беру» - бұл Оңтүстік Корея әскери саласының әлсіздік байқатуы деп қарастырылуы мүмкін. Сондықтан әлі де текетірес бітпегендіктен әскери сала адамдары – құр жылы сөз бен жымиысқа, қол алысқа – оңай берілуге болмайды дейді бірқатар корейлік сарапшылар. Бір жағынан корейлік қырсықтықтың бір тамыры бадырайып шығып, көрініп қалғандай. Не десе де сол бұрынғы ескі екі режиімнің қаққан сынасы тереңдеу қағылғанға ұқсай ма, алына қоюы екі талай екенін байқатқандай...

         Жалпы халықаралық деңгейде әскери саланың кез-келген адамы өзге елдің басшына әскери үлгіде сәлем беруі үлкен этика және құрмет. Бұл бұлжытпай орындалатын қағида. Оңтүстіктің Кореялық қорғаныс саласының басшысының бұл әрекетін біреулер сөгуде, енді біреулері салқындықтың әлі де аздап бар екенін атап өтуде. Дегенмен, қоғамда «сәлем бере салса, кемшілік болмас еді» деген пікірлер жиі айтылып жатты. Осы әрекетті бір корей баспасөзі сөксе, басқа бір корей баспасөзі жақтап шықты. Енді біреулері мақтап шықты. Ішінде дұрыс дегені де болды, бұрыс дегені де болды. Қай маман қалай деп атаса да әскери текетірес жалғасып тұрған азиялық екі елдің қорғаныс саласында кейбір-кезде осындай әрекеттердің көзге көрініп тұруы – корей мәселесінің тым тамырланып, тым тереңдеп кеткенін байқатады. Екі елдің арасында бейбіт келісімге ресми қол қойылмай әскерилері бір-бірімен жылы амандаспасы анық.    

Жалпы, тарихқа үңілсек, Солтүстік Кореяға барған Оңтүстік Кореяның алғашқы екі президенті Ким Дэ Чжун мен Но Му Хенға да әскери шенді адамдар сәлем берген. Алғашқысы 2000 жылы, ал екіншісі 2007 жылы мемлекеттік сапармен барды. Сол кезде де Оңтүстік Кореяның әскери жоғарғы шенді адамдары Солтүстік Кореяның көсеміне әдеттегідей әскери тәртіппен сәлем бермеді. Міне, осындай тарихи дәлел мен дәйектер екі ел арасындағы әскери текетірестің тамыры тым терең тартып кеткенін аңғартады.

Келесі бір қызықты көрініс — Американың президенті Дональд Трампқа қатысты. Сингапур саммитінде ол Солтүстік Кореяның әскери сала адамдарына әскерилерше сәлем берді. Сол суреті Американың басты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, үлкен қызығушылық тудырды. Трамптың бұл әрекетін келеке қылып күлген және сынаған саясаткерлер баршылық. Олардың ішкі ойлары бесенеден белгілі. Бірі саяси сауатсыздық деп қараса, бірі әскери сауатсыздық деп қарауы мүмкін. Бірақ тентек Трамп не жасаса да назардан тыс қалмайды. Әлемдегі ұлы дерважаның лидері осылай әскери саланың мәдениетін сақтап жатқанда, Оңтүстік Кореяның Қорғаныс министрі басшысының әлгі іс-әрекеті әскери салқындықтың кетпегендігін одан әрі айқындай түсе ме? Дональд Трамптың ісі тектілік пе әлде таяздық па, оны қалай пайымдауға болады? Кім білсін, бір жағынан оның бұл әрекеті Солтүстік Кореяның әскери адамдарына көрсеткен құрметі болса, екінші жағынан Солтүстік Кореялықтарға өзінің қандай қарулы президент екенін әзілдеп болсын байқатуы шығар. Қалай болса да Трамптың тосын әрекеті – Солтүстік Кореяның әскерилеріне текетіресуді ұстану емес, тіл табысуды ұстану керектігін аңғартқандай көрінді. Одан басқа Қытай елінің лидері де сәлемін аяп қалмады. Сондықтан, саммитердегі әскерилердің жиі бой көрсетуі әлемдік саясаттағы әскери текетірестің қаншалықты орын алғанынан бүкіл әлемге көрсетіп келеді. Ядролық қару мәселесі әскери текетірестің ең басты ядросы. Сондықтан осы бір мәселе халықаралық деңгейде шешімін таппай, текетірестер татулыққа бастамайды.

Қос Кореяның қорғаныс саласы әлі де бір-бірімен қоян-қолтық араласа қоймады. Ақпарат алмасу мен әскери тәжірибе алмасу мүлдем жоқ. Америка мен Оңтүстік Корея әскери жаттығу жүргізе бастаса Солтүстік тарапы Сеулді сынап, жиі ескерту жасап, халықаралық ұйымдарға да наразылықтарын айтып, ресми мәлімдемелер жасап келді. 2018 жылы ондай сәттер мен құлақ түргізетін оқиғалар сәл аздау болды. Оған Америка мен Солтүстік Кореяның қарым-қатынасының қалыпты арнаға түсуі мен Сеул мен Пхеньянның тіл табыса бастауы себеп болды. 2019  жылы Ким Чен Ынның Сеулге сапарынан кейін әскери салада қандай өзгерістер болады? Екі елдің арасындағы темір торлар мен миналы алқаптар толық тазарып, бейбіт келісімге қол жеткізуге байланысты жұмыстар жүзеге аса ма, сондай ниеттерін дәлелдей ме, жоқ па оны уақыт көрсетеді. Сонда ғана біз әскери салада үлкен өзгерістер басталды және бұл екі елдің бірігуіне қатысты алғы шарттар деп атай аламыз.

Дастан АҚАШ - Шығыстанушы-корейтанушы, мемлекеттік және жергілікті басқару саласы мен халырақаралық қарым-қатынас маманы

 

Мақала «ULYS» диджитал журналының 2019 жылдың қаңтар айындағы санында жарияланған.

 
Наурыз - түркі халықтарының ортақ мерекесі
22 наурыз 2020
Наурыз - түркі халықтарының ортақ мерекесі

Наурыз – түркі халықтары кең көлемде атап өтетін мейрам. Әдетте мейрамдардың діни сенімге, ұлтқа ортақ құндылықтарға байланысты пайда болатыны немесе дәстүрден, табиғат пен адамдар арасындағы байланыстан бастау алатыны белгілі. 

Наурыз мейрамы басында диқаншылықпен айналысатын иран тілдес Орта Азия халықтарының күн жаз мезгіліне аусқанда егіс өсіру науқаны басталғанын мерекелеу дәстүрінен шыққан. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан - тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы ойындармен аяқталатын.

Наурызды Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан,Түркіменстан, Әзербайжан республикалары және Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан автономиялық республикасы Наурыз мерекесін «ұлттық мейрам» ретінде жариялаған. 1991 жылы Түркияда да бұл күн түркі әлеміне ортақ күн ретінде жарияланды. Алайда Түркияда бұл күн – жұмыс күні.

Айта кететін жайт, Қазақстанда 2001 жылы наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланса, ал 2009 жылдан бастап үш күн қатарынан тойланып келді.

Ғалымдардың айтуынша, наурыздың түркі халықтарындағы атаулары көп. Түркі әлемінде ғұндар заманынан бізге келіп жеткен, табиғат пен ұлттық оянуды бір мағына ретінде ұсынатын наурыз (жаңа күн) мерекесі мына атаулармен аталғаны белгілі, мәселен невруз, наурыз, новруз, сұлтан-и невруз, сұлтан-и наурыз, наорус, новроз, наврыс, невруз норус, ұлыстың ұлы күні, ұлы күн, Ергенекон, бозкурт, чаган бабу марта, жаңа күн, жаңа жыл, март докузу, мереке, мейрам, нартукан, нартаван, Алтай көдүргені, көктем мерекесі, меврис және т.б.  

Меккеде қажылық кезінде аптап ыстықтан 500-ден аса адам көз жұмды
19 маусым 2024
Меккеде қажылық кезінде аптап ыстықтан 500-ден аса адам көз жұмды

Сауд Арабиясындағы Меккеге қажылық сапары кезінде аптап ыстықтан жүзден аса адам көз жұмды, деп хабарлады DW .  

Көз жұмғандардың нақты саны белгісіз, бірақ AFP агенттігінің хабарлауынша, тек қажылық кезінде кем дегенде 550 адам мерт болған.

Оның ішінде 323-і Мысырдан келген. 

Tunis Afrique Presse ақпарат агенттігінің хабарлауынша, құрбандар арасында Тунистің 35 азаматы бар. 

Иорданияның Сыртқы істер министрлігі қажылыққа Иорданиядан барғандарды жерлеуге 41 рұқсат берілгенін хабарлады.

Иранның ИРНА ақпарат агенттігі 11 ирандықтың қаза тапқанын, тағы 24-і ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. 

Сондай-ақ үш Сенегал азаматы мен 144 Индонезия азаматының қайтыс болғаны айтылды. 

Бұл адамдардың көпшілігі қатты аптап ыстықтан қайтыс болды, деп хабарлады туыстары әлеуметтік желіде.