Валюта бағамы
  • USD -

    518.3
  • EUR -

    586.5
  • RUB -

    6.23
Олжас Бектенов: Бүгінгі күннің басты міндеті – инвесторлардың мәселелерін жедел шешу
Фото: ҚР Үкіметі 20 ақпан 2025
Олжас Бектенов: Бүгінгі күннің басты міндеті – инвесторлардың мәселелерін жедел шешу

Премьер-Министр Мемлекет басшысының еліміздің экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын қарау жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Басты мақсат – ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға кедергі келтіретін жүйелі мәселелерді шешу, сондай-ақ инвестициялық саясаттың тиімділігін арттыру, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және капитал тарту жұмыстарын жандандыру үшін ықтимал шараларды қарастыру.

Сыртқы істер министрлігі, Kazakh Invest компаниясы басшылығының жұмыс қарқыны және инвестициялық қызмет динамикасына әсер еткен факторларды талдау бойынша ақпараты тыңдалды. 2024 жылы Қазақстанда 1,85 трлн теңгеге 230 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Инвестициялық штабтың жұмысы бір жыл ішінде жалпы құны $50 млрд-тан асатын жобалар бойынша инвесторлардың 115 проблемалық мәселесін жоюға мүмкіндік берді.

Қазақстанның неғұрлым жоғары қайта өңдеу және экспорттық мүмкіндіктер үшін әлеуеті бар бәсекелестік артықшылығы басым тауашаларға инвесторларды мақсатты тарту тәсілі енгізілуде. Ынтымақтастық пен белсенді инвестициялау кезеңіне өтудің нақты перспективалары бойынша келіссөздер жүргізу үшін сала көшбасшысы – үздік 10 компания анықталды. Осылайша, жұмыс экономиканың қажеттіліктерін, өңірлердің бәсекелестік артықшылықтарын және басқа факторларды ескере отырып, «инвестицияларға тапсырыс беру» қағидаты арқылы қайта құрылады.

Мысалы, Қытайдың ірі агроөнеркәсіптік компанияларымен нәтижелі жұмыс жүргізілді. Fufeng Group жақын арада Жамбыл облысында $350 млн-ға жүгеріні терең өңдеу арқылы натрий глутаматын өндіретін зауыт құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Dalian Hesheng Holding Group биыл жазда Ақмола облысында бидайды терең өңдеу кешені шеңберінде $650 млн-ға құрылыс-монтаждау жұмыстарына кіріседі. Барлық компаниялармен жобаларды «жайластыру» бойынша белсенді жұмыс жалғасуда, яғни инфрақұрылымға қол жеткізу және әкімшілік мәселелерді жедел шешуді қосқанда, қолайлы жағдайлар жасау.

Бұдан басқа, агроөнеркәсіптік кешенді, энергетиканы, өнеркәсіпті, құрылыс материалдарын өндіруді және басқаларын қоса алғанда, экономиканың негізгі салаларын қамтитын $12 млрд инвестициялардың жалпы көлемі бар 20 стратегиялық жоба айқындалды. Ұсынылған жобалардың ішінен биыл 14 жоба бойынша инвестициялар туралы келісімдер жасасу қарастырылуда, 13 жоба бойынша – құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы, тағы 16 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді бастау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ жұмыс сапарлары, кездесулер мен басқа да іс-шаралар аясында жүзеге асыру туралы уағдаластықтар жасалған жобаларға назар аударылды. Премьер-министр іске асыру мерзімдері шегерілген инвестициялық жобаларға егжей-тегжейлі тоқталды. Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл облыстары мен Астана, Шымкент қалаларының әкімдері және денсаулық сақтау, сауда министрлері баяндама жасады.

«Бүгінде әкімдіктер тарапынан инвестиция тарту бойынша қабылданып жатқан шаралары өңірлердің әлеуетін ашып көрсетпейді, экономикалық әлеует жеткілікті пайдаланылмай отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті өзін-өзі басқару вертикалының барлық деңгейінде, оның ішінде аудан әкімдері деңгейінде де жүргізілуі тиіс», — деп тапсырды Премьер-Министр.

Өңір әкімдіктері, Министрліктер жұмысының жоспарлы көрсеткіштерін енгізу бойынша тәсілдер мақұлданды.

Жобаларды іске асыруды мониторингілеу мен бақылауды күшейтудің пәрменді тетігі бүгінде 1159 жоба туралы деректер бар жаңа Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа болады. Деректер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе толтырылып, жергілікті жерлерде әкімдіктер тексереді.

Сонымен қатар кеңес барысында мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігіне әсер ететін және шара қолдануды талап ететін бірқатар түйткілді мәселе атап өтілді. Олардың қатарында инфрақұрылымның тапшылығы мен жедел қамтамасыз етілмеуі, күрделі әкімшілік рәсімдер мен рұқсат берудегі кідірістер, жер телімдерін берудің ұзақ мерзімдері бар. Аталған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

«Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестиция тарту басы артық бюрократиядан арылып, жедел ведомствоаралық үйлестіруді талап ететін аса маңызды жұмыс екенін айтты. Мемлекеттік органдар, әсіресе әкімдіктер жобаның іске асырылу барысын «тікелей» бақылауы керек. Әкімдер мен министрлер инвестиция тартумен күнделікті айналысып, бүгінгі күннің басты міндеті – инвесторлардың мәселелерін жедел шешуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

 

RELATED NEWS
ҚҚС көтеру: Үкімет Мәжіліске 20 ақпанға дейін ұсыныс енгізеді
06 ақпан 2025
ҚҚС көтеру: Үкімет Мәжіліске 20 ақпанға дейін ұсыныс енгізеді

Бүгін Сенат қабырғасында вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығын көбейту туралы ұсынысты Мәжіліске 20 ақпанға дейін енгізетінін айтты, деп хабарлайды Ulys

Жобаны 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізуіміз керек. Қазір Мәжілісте Салық кодексіне толықтырулар енгізу туралы заң жобасы жатыр. Соған қосымша ретінде біздің түзетулер енеді, - деп мәлім етті ол.

Азық-түлік дүкендері қосылған құн салғынан босатылмақ
09 сәуір 2025
Азық-түлік дүкендері қосылған құн салғынан босатылмақ

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қандай қызметтер мен тауарлар қосылған құн салығынан босатылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulys.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология қосылған құн салығын төлеуден босатылады.

«Әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет қосылған құн салығынан босатылған дәрі-дәрмектің әлеуметтік тізімін айқындайды. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Қосылған құн салығының мөлшерлемесі 10% болады. Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады. Ал банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Олардың қымбаттауына жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп қазіргі бағалардың дұрыстығына талдау жүргізеді», - деді Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар, арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген тізім емес, тыйым салынған тізім енгізіледі. Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі.

Жұманғарин ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бәрі өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Яғни, 70% жеңілдік қалады. Ал өңдеу өнеркәсібіне корпоративтік табыс салығының 20% мөлшерлемесі бойынша салық салынады.

Президент жастар мемлекетке масыл болмау керек деді
28 қаңтар 2025
Президент жастар мемлекетке масыл болмау керек деді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жалпы отырысында әлеуметтік көмекті нақты иесіне жеткізу жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес», - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президенттің айтуынша, Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр.

«Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет. Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек», - деді Тоқаев.

Президент былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке (19 млн. шаршы метр) қол жеткізілгенін айтты.  

«Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн», - деді ол.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.