Валюта бағамы
  • USD -

    481.9
  • EUR -

    535.5
  • RUB -

    5.27
Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті
21 қаңтар 2022
Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін айтты. Президенттің пайымдауынша, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні бар.

– Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін.

– Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша  теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес-қауымдастықты осыдан сабақ алып, Жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті жаңа экономикалық  саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Президенттің сөйлеген сөзінде мынадай маңызды қағидаттар айтылды:

–  әділ бәсекелестік;

–  қабылданатын шешімдердің ашықтығы;

–  мемлекеттік саясаттың болжамдылығы;

–  бизнестің салықтық тазалығы;

–  кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге, капитал, тәжірибе, басқарушылар тобы мен нарықты дәл пайымдау сияқты ресурстарды экономиканы қайта құруға жұмсауға шақырды.

–Бүгінгі сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін тағы да қайталап айтамын. Бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді. Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту. Өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті арттыру бағытындағы игі істерге жауап ретінде мемлекет жеке меншікті қорғау бойынша кепілдікті арттыруға, тұрақтылық пен мемлекеттік реттеудің болжамдылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті әкімшілік ресурстардың араласуынан, жемқорлық пен фаворитизмнен қорғауға дайын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Жаңа экономикалық бағытының негізін қалайтын басты қағидаттарға жан-жақты тоқталды.

Оның пікірінше, бірінші – жеке меншікке қол сұқпау. Бұл мәселеде ашық әрі әділ сот кепіл болуы тиіс.

– Сот жүйесін жаңғырту – маңызды мәселе. Біз тиісті шараларды, соның ішінде заңнамалық тұрғыдағы шараларды қабылдадық. Соттарға құқықтың әртүрлі салаларынан, оның ішінде корпоративтік сектордан жаңа мамандар тартылуда. Осының негізінде Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі жаңа сот алқасы құрылды. Сот ісіне мықты корпоративтік заңгерлер мен адвокаттардың тартылуы, әсіресе, өңірлерде инвесторлар мен бизнесмендердің мүдделерін сапалы қорғауын мейлінше қамтамасыз етеді. Жоғарғы Сот кеңесін және Жоғарғы Соттан судьялар корпусын жаңарту жұмысын белсенді жүргізуді сұраймын, – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа экономикалық бағыттың екінші бөлігі – инвестициялық климат. Президент мемлекеттің барлық инвестициялық міндеттемелерді мінсіз орындайтынын тағы да мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға шақырды.

– Егер, Сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – Сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атаған үшінші қағидат – шынайы бәсеке.

– Мұнда, ең алдымен, қолдан жасалған монополияларға талдау жасау қажет. Операторлардың, әсіресе, жеке операторлардың қызметі мүлдем тоқтатылады. Естеріңізде болса, бұрын «өтеп алушы» деген термин болатын. Жеке компаниялар тиісті төлем арқылы мемлекеттің бірқатар экономикалық функцияларын орындауды сатып алатын. Бұл жақсылыққа апармады. Үкіметке мұндай қызметке заңды түрде тыйым салуды тапсырамын. Барлық орындар бәсекеге ашық болуы тиіс. Нарықтарда қолдан жасалған көптеген делдалдық тізбектерді жою қажет. Бұл қордаланып қалған мәселені ешкімнің шешуге құлқы жоқ. Экономиканы деолигополизация бойынша қатаң саясат қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Одан бөлек ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіру қажеттігі туралы айтылды.

- Ірі компаниялардың салық төлеуі – күрделі мәселе. Қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер бар. Премьер-Министрге осы мәселені түбегейлі шешуді және қазынаны тиесілі қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент.  

Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді салық саясаты туралы айта келіп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 млрд доллар (14,6 трлн теңге) болғанын және бұл ІЖӨ-нің 20 пайызы екенін атап өтті.

— Аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу үшін бұл жеткіліксіз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі 40-50 пайызға дейін жетеді. Тіпті, біздің жақын көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мәселен, Украинада — 31%,  Ресейде — 35,4%,  Қырғызстанда — 31%. Соңғы 10 жылда елдің ІЖӨ-дегі салықтың үлесі 9,9 пайыздан, 7,3 пайызға дейін төмендеп кеткен. Міне, сол себепті Ұлттық қордан бөлінетін трансфер де тым көбейіп кеткен. 2019 жылдан 2021 жылға дейін 12 трлн теңге,  яғни 30 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған, — деді Мемлекет басшысы. 

Осы жағдай аса маңызды шешімдер қабылдауды талап етіп отыр.

– Бізге жаңа салық саясаты қажет. Ол астыртын қитұрқы әрекеттерге жол бермейтін, бизнеске де, Үкіметке де ашық, түсінікті саясат болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев атаған тағы бір маңызды мәселе – сатып алуларды реформалау.

– Мемлекеттік сатып алулар – өте үлкен экономикалық ресурс. Оны дұрыс пайдалану керек. Бізде бұл үлкен проблема. Сатып алуларды бәсекесіз жолмен алып жүргендердің үлесі әлі де басым. «Самұрық-Қазына» қорының компанияларындағы сатып алуларды ерекше назарға алу керек. Сатып алулар саласындағы сыбайластық, жасырын өткізу және бағаны жоғары қою мәселелерімен шұғыл түрде айналысу керек. Бір ай уақыт беремін. Егер шешімі табылмаса, өте қатаң шаралар қолданылады. Менің «Платон менің досым, бірақ, ақиқат қымбат» деген қағиданы берік ұстанатыныма көздеріңіз жеткен болар, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жүктеген алтыншы міндет – мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету.

– Квазимемлекеттік секторды реформалау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау керек. Бүгінгі таңда бұл 6,5 мың ұйым деген сөз. Кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің араласуына негіз болатын жағдайларды азайту мәселесін қайта қарау керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың перспективасына баса мән берді.

– Қазір Қор – өте үлкен құрылым. Жабықтық, «саяси маңызы бар адамдарды» тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары  – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселелер. Күні бүгінге дейін мұнайхимия саласын қалыптастыра алмадық. Кеңес дәуірінде салынған зауыттарды қайта жөндеумен келеміз. Директорлар Кеңесі рөлі мен тәуелсіз директорлардың қатысуы көп жағдайда ештеңе шешпейді. Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін. Бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен сөйлестім. Егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, Қор да бірге кетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа экономикалық саясаттың жетінші элементі – әкімшілік кедергілерді азайту.

– Былтыр прокуратура органдары кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан астам шағымын қарады. Бәрі де қылмыстық қудалау органдарындағы лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттерімен және шешімдерімен келіспеу туралы шағымдар. Оның 1 мыңнан астамы қанағаттандырылды. Кәсіпкерлер (негізінен) полиция қызметкерлеріне, Экономикалық тергеу қызметіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне шағымданған, – деді Мемлекет басшысы.

Бас прокуратураға осындай заң бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, кінәлі адамдардың іс-әрекеттеріне принципті түрде баға беру тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы диалог билік пен бизнес арасындағы консенсусты қамтамасыз етуге тиіс.

– Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатырмыз. Біздің кездесуіміз бизнестің үнін билік еститінің, салалық және құрылымдық саясатта барлық конструктивті ұсыныстардың ескерілетінінің белгісі, – деді Президент.

            

RELATED NEWS
МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ЕРУІ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫН  КҮРДЕЛЕНДІРЕДІ
09 сәуір 2019
МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ЕРУІ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫН КҮРДЕЛЕНДІРЕДІ

Соңғы кезде өзендерге ағатын құйылатын судың көлемі ұлғайды деп қуанатын адамдарды жиі көреміз. Алайда, мамандар бұған қайғарады. Себебі, мұздықтардың жылдам еруі салдарынан судың көлемі артуда. Орталық Азия аймағында Аралдың тартылуына қатысты, Әмудария мен Сырдарияның дұрыс, тиімді пайдаланбауы мен салада жаңа технологиялардың болмауынан тыс аймақта суға қатысты тағы бір проблема бар. Ол соңғы жылдары Тянь-Шянь мен Памир тауларындағы мұздықтардың жылдам ери бастауы. Оған климаттың жылынуы мен Аралдан ұшқан тұзды шаң-тозаң қатты әсер етуде.

Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы атқарушы директоры Болат Бекнияздың айтуынша, Сырдария мен Әмудария су келетін жағы біздің мұздықтар ғой. Оның көлемі азайып жатыр, кейбір жерде 50, кей жерде 40 % кеміген. Климаттың өзгеруіне байланысты негізгі судың көлемі азайып жатыр. Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясы Су проблемалары, гидроэнергетика және экология институтының аға ғылыми қызметкері Бахром Мамадалиев, Ұсақ мұздықтар жоғалуда. Бұл судың азаюына әкеледі, бүкіл елдердегі өзен суларының экологиялық ахуалы нашарлайды. Соңы су ресурстарының жетіспеушілігі мен тапшылығына ұласады. Яғни  тұтас елді-мекендер сусыз қалып, халық арасында ауру-сырқау артады деген сөз.

Орталық Азия елдері таяу жылдары үлкен проблемаға айналатын осы мәселелерді қазірден шешуі тиіс. Алайда бірауыздық танытқаннан гөрі бас-басына би болуға асық. Тағы бір үлкен проблема — судың басындағы елдер тіпті өзендерді басы бүтін өз меншігі ретінде көруге көшкен.  БҰҰ-ның кеме жүрмейтін халықаралық су арналарын пайдалану құқығы туралы конвенциясының (Нью-Йорк, 1997 ж.) 5-бабының 2-тармағында «Судың бойындағы мемлекеттер халықаралық ағын суды әділетті және парасатты түрде пайдалануға, игеруге және қорғауға қатысады. Мұндай қатысуға, осы Конвенцияда қаралған суды пайдалану құқығы сондай-ақ оны қорғау мен игеру мәселесінде ынтымақтасуға қатысты міндеттер де жатады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Түркия Республикасы Әлеуметтік инновация зерттеу орталығының үйлестірушісі, профессор  Жемал Зехир бұл мәселеге қатысты былай дейді:  «Трансшекаралық суларды халықаралық құқық су басындағы  елдердің басы бүтін өз меншігі ретінде қолдануына рұқсат бермейді. Бұл өте маңызды. Яғни Қазақстанға аққан Сырдария мен Әмударияны басқа мемлекеттер өз құқықтарын шектен асыра пайдаланып, басқара алмайды. Қазақстанның қажеттелігін ескеруі тиіс әрі келіссөз жасаулары керек. Аумағын басып өтетін үшін оларды қолдануларына хақтары бар, бірақ шектен асыра пайдалана алмайды». Тағы бір түркиялық ғалым Хасрет Чомак та, «1997 жылы шыққан БҰҰ-ның келісіміне сай, трансшекаралық және шекара маңы өзеннің басында отырған елдер су саясатына өзгеріс жасауда оны пайдаланатын өзге мемлекеттердің мүддесіне кесірі тию ықтималы жоғары болса, кем дегенде алты ай бұрын оларға хабар беріп, рұқсатын алуы тиіс. Судың бастауы бізден шығады, мен ойлағанымды істеймін, қалағанымша  қолданамын деген түсінік болмайды. Себебі халықаралық ұйымның құжаты осыны мұқият ескертеді» деді.

Расында да, табиғатта су мен жел адамдар сызған шекараларға мойынсұнбайды.  Бір елден екінші елге виза, паспорт алмастан емін-еркін өте береді. «Бұл су менікі» деуге ешбір мемлекеттің хақы жоқ. Әрине, қолдану құқына, қажеттіліктерін өтеу құқына ие. Алайда халықарлық құқық көршіңіздің де құқына зардап етпеңіз, қажет болғанда, оған да су бересіз дейді. Сондықтан біріге отырып келісу керек, мүмкіндік болса, ортақ су қоймаларын жасау керек. Энергия мәселесін де бірігіп шешу қажет.

Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы бөлімшесінің су ресуртары жөніндегі департаментінің басшысы Әмірхан Кеншімов, Екі конвенция бар. Біреуі 1992 жылы қол қойылған Хелсинки конвенциясы. Ол жақсы жұмыс істеп тұр. 45-тен астам ел мүше. Оның ішінде: біз де мүшеміз, Өзбекстан да мүше. Бірақ оны Қырғызстан мойындамай отыр, Тәжікстан мойындамай отыр. Содан кейін барып 1997 жылғы Нью-Йорк конвенциясы бар. Басында шарты болған 35 мемлекет мойындағаннан кейін күшіне енеді деп, былтыр күшіне енді. 35 мемлекет мойындады. Біз оған кірген жоқпыз, Өзбекстан оған кірген.

Мәселен, Қырғызстан «Қамбар Ата» су електр стансасын, Тәжікстан болса «Рогунды» салуға шетел инвесторларын іздеуде. Бірақ, мұндай жобаларға үшінші елдердің қаржы салуы қауіпті. Су мәселесін басқару үдересіне шетелдіктерді араластыру алаңдатпай қоймайды. Ертең ойынға айналдырып жүрмей ме? Сондықтан Орта Азия елдері су электр стансаларын бірігіп салуы керек. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі Чынгысбек Узакбаев, Бүгін инвесторлар керек деп жатамыз, бірақ шеттен келгендерден мен қорқамын. Ашық айтайын Қырғызстанда қазіргі кезде экономикалық аухал нашар. «Қамбар Ата-1» мен жоғары Нарын су электр стансаларын құруға Қытай екі алақанын ысқылап дайын отыр. Кел мен ақша берейін деп. Ал орыстар Ресей де  біздің ең жақын дос мемлекет. Олар да сұқтанып отыр. Ендігәрі Орта Азиядан шықпаймын деп Трамп та қатты айтып жатыр. Олар бұл аймақтан ешқашан шықпайды, өйткені олардың әрбірінің осы жерде өңірлік саясаты мен мүддесі бар.

Ал Түркиядағы «Hydropolitics association» халықаралық ұйымының президенті  Дурсун Йылдыздың көзқарасы: «Орта Азияда энергия мәселесін су проблемасымен қатар шешу қажет. Әйтпесе, тек судың жайын реттеу оңайға соқпайды. Себебі, Кеңес дәуірінде экономиканың су көп қолданылатын салалары дамытылды. Мысалы, Өзбекстанды суға аса мұқтаж тікелей егістікке тәуелді сала етті. Судың жоғары жағында орналасқан қырғыз бен тәжік энергиясы жоқ болған соң судан энергия алуға ұмтылса, керісінше суармалы алқабы көп төмендегі елдер суға мұқтаж болды».

Демек, судың басындағы елдердің де, соңындағы елдердің де мүддесі толық үйлесім табуы керек. Сонда ғана мәселе толық шешімін табады. Бұл үшін ортақ су банкін құру — тиімді жолдардың бірі. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі  Жумакадыр Акенеевтің пікірінше, Бірігіп су банкі түзілсе, ол банк Сауд Арабиясы сияқты қаржылы елдермен келіссөз жасап, сіздер су құбырын тартып  беріңіздер деу керек. Одан соң су құбыры арқылы өзімізден асқан суды оларға сатып, түскен ақшаны су мәселесін шешуге пайдалансақ болады. Аралды толтыруымыз керек, халқымыз жақсы су ішуі керек. Өйткені, денсаулығы жақсы адамның өмір сүруі ұзарады.

Су банкісін құру үшін әрбір елдің өзінің квотасы болады. Су энергетикалық ресуртарға кейбір жерлерде осы квоталарды алмастыру қажет. Құқықтық сұрақтарды реттеу жеке мәселесі тұрақты диалогты қажет етеді. Жылдың әр түрлі маусымында энергетикалық ресурстарды реттеу мен пайдалану тағы да осы мәселелер бойынша тұрақты жұмыс қажет етеді. Бұндай бастаманы 2003 жылы Қазақстанның тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Ол суды жеткізіп беруші елдер мен тұтынушы елдер арасында диалог бола алатын су-энергетикалық консорциумын құруды бастама етіп көтерді. Бірақ Орталық Азия мемлекеттері  ол кезде дайын болмады деп есептеймін. Өйткені су мен энергетика бірге жүрсе, әр мемлекет одан пайда табады. Сол үшін оның бәрі бір консорциумның қолында болу керек. Гидроэнергетика, су мәселесі бәрі бір басқармада болу керек. Сонда әр мемлекет өз пайдасын көреді.

Қазір трансшекаралық су бассейндерінде қазір мынадай өткір мәселелер тұр: су ресурстарының азаюы, балық қорының азаюы, суармалы жер өнімділігінің күрт түсуі, биоресурстардың жоғалуы, мұздықтардың деградацияға ұшырауы, сел қауіпінің артуы мен шөлдердің ұлғаюы сонымен қатар өзен сағасындағы ормандардың деградацияға ұшырауы. Сондықтан трансшекаралық өзендер мәселесін бес мемлекет біріге отырып жуық арада жедел шешуі тиіс.

Әлемдегі су проблемаларын шешкен елдерге қарасақ, олардың ерекшеліктері Орта Азия мемлекеттерінде де бар. Ол ұқсас мәдениет. Еуропаға қарасақ та, Америка мен Канада арасындағы байланысты алсақ та, бір-бірлеріне ұқсас, тілі бір адамдар. Түбі де бір, мәдениеті де. Бір отбасының мүшесі сияқты. Орта Азия аймағындағылар Кеңес Одағы кезінде де бірге өмір сүрді. Сондықтан тарихи-мәдени байланыстар терең, діні бір, адамдары бір-біріне өте жақын. Мәселенің шешілмеуіне ешбір негіз жоқ. Бірақ аймақ көшбасшыларына саяси ерік-жігер керек. Олар бастарын бәйгеге тігуі тиіс.  Себебі, көршінің қажеттілігін өтесең ғана, сенің де мәселең шешімін табады.

«Судың тілін білген ұтады, судың тілін білмеген құртады». Аймақта     гидроэнергетикалық саясат шатқаяқтап тұр. Суды дұрыс бөлісіп, басқара алмағандықтан көп дүниеден ұтылып отырмыз. Мәселен, су-энергетикалық саясатындағы әріптестікке немқұрайлылықтың салдарынан Орта Азия елдері жылына 1,7 миллиард АҚШ долларынан айырылады. Яғни бұл аймақ елдері жалпы ішкі өнімінің 3 пайызы. Орталық Азия су энергетикасының біртұтас саясатсыз проблеманы шеше алмайды. Бұл тек аталған елдердегі өзара әріптестік арқасында ғана қол жететін дүние. Қазіргі кезде бұл мәселе пісіп жетілді. Су мәселесін шешетін де кезең жетті.

Өзбекстан басшысы, Қырғызстан басшысы ауысты. Орталық Азия басшыларының бір-бірімен байланысы артып, біраз проблемалар шешілді. Енді аймақ басшылары зардабы ауыр болатын су проблемасын жедел бірігіп, ақылдаса отырып қолға алуы тиіс. Әйтпесе, көп дүниеден кеш қаламыз.

 

 

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ, журналист

КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ
05 ақпан 2019
КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ

Н.Назарбаев: Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек.

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық Кеңеске өтініш білдіруіне қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдеменің мәтіні akorda.kz сайтында жарияланды.

Президенттің сөзінше, Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдаған 1995 жылдан бастап бүгінге дейін Конституциялық Кеңеске 220 өтініш жолданыпты. Соның  22-сін Президент жөнелтіпті.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» заңға сәйкес, Конституциялық Кеңес Конституцияға ресми түсіндірме беруге құқылы. Заңнамада олқылықтардың орын алуы – болып тұратын жағдай. Мысалы, Конституцияда Президентті алмастыру жолдары айқындалмаған, сондай-ақ оның өз еркімен отставкаға кету жағдайы қарастырылмаған. Мұндай нормалар әлем елдері конституцияларының бәрінде бар. Бұл аспектілердің өзектілігі зор екенін ескеріп, мен Конституциялық Кеңестен осы ережені түсіндіруді сұрадым»,-дейді Н.Назарбаев. Сонымен қатар бүгінде қоғамды сайлау мәселесі мен транзит жайы қызықтыратынан тоқталған ол: «Бірақ, бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңымызда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек»,-деді.

Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасы Президентінің ҚР Конституциялық Кеңесіне өтініш жолдағаны туралы Кеңестің сайтында ақпарат шыққан болатын. Онда «2019 жылғы 4 ақпанда Республиканың Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізілуде», -деп жазылған еді хабарламада.

 

 

Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды
16 тамыз 2022
Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды

Петропавлда елдің бүтіндігін бұзуды насихаттап, ұлтаралық алауыздық тудырған ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Петропавл қалалық соты әлеуметтік желі арқылы ұлтаралық алауыздықты тудырған ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Күйеуі мен әйелі енді алдағы 5 жылды қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өткізеді.

Былтыр желтоқсан айында Петропавл тұрғындары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаментінің және СҚО Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің көзіне түскен. Ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде және YouTube арнасында Солтүстік Қазақстан облысын және Петропавлды Ресейдің құрамына беру қажеттігі жайында қайта-қайта жазып, айтып, осылайша елдің тұтастығын бұзуды насихаттады. Өңірдегі және жалпы елдегі түрлі ұлт өкілдері арасында, жалпы қоғамда ұлтараздық тудырды.

«Петропавл қалалық соты қылмыстық істі 20 мамыр күні қарады. Сепаратистік әрекеті бар қылмыстық іс бірнеше сот отырысында қаралды. Сотталушылардың кінәсі дәлелденді. Тиісті талдау жүргізілді. Істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеді. Осыған ұқсас қылмыстар 2018 жылы, 2019 жылы да қаралды. Онда да кінәлілер сотталды. Жалпы, ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылған. Жазаны өтеудің басқа баламасы жоқ. Сондай-ақ, экстремистік қылмыс болғандықтан, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды», - дейді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.

 

inform.kz

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.