Валюта бағамы
  • USD -

    515.1
  • EUR -

    546
  • RUB -

    5.23
 Лудомания емделе ме – психологтар не дейді?
Фото: Pixabay 29 қыркүйек 2024
Лудомания емделе ме – психологтар не дейді?

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП КҮШЕЙДІ

«Қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасымен Парламент тиісті заңдарға өзгерістер енгізіп ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы талаптарды заңмен күшейтті.

Заңға сәйкес халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Мәселен құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Бұдан бөлек жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылды

Сонымен қатар тиісті заң нормалары бойынша мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайтын болды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді.

Ойын бизнесіне жол ашатын букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Ендігі кезекте қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға рұқсаты. лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Жаңа талаппен тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында лудоманиямен күресу үшін жүйелі жұмыс жасап, кешенді жоспар құруды, сондай-ақ тиісті заңды тезірек қабылдауды тапсырған еді. Мәжіліс бұған дейін осыған қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарастырған болатын. Қабылданған кешенді жоспардың іс-шаралары заң жобасының негізгі ережелерімен толық үндеседі», — дейді Мемлекеттік кеңесші.

Қоғам дертімен күресті әрбір қазақстандық жүргізуі керек. Әйтпесе осы кеселге оның ертең баласы немесе туыстары, жақындары, достары, көршілері шалдығуы мүмкін. Осында азаматтық ұстанымдарды ұстанатындардың бірі белсенді Нұржан Жақыпов. Ол «Нашақор» және «Вне игры» жобаларын жүзеге асыратын «Хақ-Назар» қоғамдық қорының төрағасы. Ол осы қозғалыс арқылы жолдан адасқандарға көмек қолын созып жүрген белсенді.

«Вне игры» жобасы аясында біз лудоманияға қатысты зерттеу жүргіземіз. Көптеген оқу орындарында профилактикалық іс-шаралар өткізіп, лекция оқимыз. Құмар ойындарға тәуелді адамдардың туған-туысқандарына көмектесіп, лудоманиядан қай жерде, қалай емделуге болатынын түсіндіреміз.  Жаңа заң бойынша Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғаларға бәс тігуге тыйым салу – өте жақсы шешім болды. Өйткені адам бұл тізілімінде бола тұр құмар ойындарға қатысатын болса, бұл нағыз лудоманияның көрінісі. Айтылған заң лудомандардың отбасын қорғауға көмектеседі. Себебі мұндай адамдар өз отбасы мүшелерінің атынан жиі қарыз алады. Сондай-ақ букмекерлік кеңселерге спорт саласынан бөлек жерде жарнама жасауға шектеу қойылды. Бұл да дұрыс шешім, өйткені жарнама – жаңа адамдарды құмар ойын бастауға және лудоманиядан емделіп жүрген адамның ойынға қайта оралуына итермелейді»- дейді Нұржан Жақыпов.

  ЛУДОМАНИЯ ЕМДЕЛЕ МЕ?

азіргі кезде жиі көтерілетін сұрақтардың бірі барлық дүние-мүлкін салып, өзін ғана емес өзгелерді шаршатып жіберетін ойынқұмарлық емделе ме деген сұра. Жалпы статистика қарағанда әлемде ересектер арасында құмар ойындарға тәуелділіктің таралуы 0,12 пайыздан 5,8 пайызға дейін жетеді. 

«Біз лодомания бойынша 24 зерттеуге шолу жасадық. Бұл 2022 жылғы мета-талдау және онда тиісті нәтижелер жинақталған. Мәселен, әлемде ересектер арасында лудоманияның таралуы 0,12 пайыздан 5,8 пайызға дейін. Сонымен қатар, ересек адамдардың шамамен 12,5% тұрақты түрде ойнайды. Осы математикалық модельдеу арқылы бұл халықаралық зерттеу нәтижесін еліміздегі жағдайға көшірсек, мынадай көрініс шығады: Қазақстанда аталған проблеманың таралуы 442 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Оның ішінде проблеманы мойындайтындар - 36 мыңға жуық адам», - дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Дәулет Байпейісов. 

 Жалпы психологтар луоманияның жазылатын дерт екенін бәірақ онымен күрес немесе емделу кешенді әрі тұрақты жүргізілуі керек деген пікірді алға тартады.

Психолог Серікгүл Сәлидің айтуынша, луомандарды емдеу курсы шамамен 8 айдан тұрады.

«Лудомания ауруы бұл жалмауыз ауру, бәрін жалмайды. Лудоман мен енді ауырмаймын дегенімен, ауру оны жеңеді. Біздің алдымыздан айына 100 лудоман өтсе, соның 98, 99-ы өзіне қол салу туралы ойлаған. Лудомания белгілері бар адамдардың тек 8,3% ғана құмар ойындарға тәуелділікпен байланысты проблемалары бар екенін мойындайды. Көпшілігі өзінің ойынқұмар екенін сезінбейді», - дейді психолог.

 Ал тағы бір психолог Бекзат Маратұлы лудомандарды емдеу – аса қиын процесс екенін алға таратады. Оның пікірінше лодоманияны емдеу курсы шамамен 6 айға созылады.

«Ойынқұмарлық ешқандай дәрі-дәрмек емделмейді. 24 сағат бойы негізінен психотерапиялық жұмыстар жүргізіледі, 10%-ы ғана турдотерапиялық жұмыстарға арналады. Орындайтын тапсырмалар «12 қадам» бағдарламасының базалық тапсырмалары десек болады», – дейді психолог. Құмар ойынға салынған адамның өзімен ғана емес, отбасымен бірге жұмыс жүргізіледі. Ойынқұмарлықтан емделу уақыты шамамен 6 айды алады. Мұнан кейін олар бірнеше ай бойы мамандардың бақылауында болады. «Тәуелділік – бір ғана адамның мәселесі емес, отбасының мәселесі. Тәуелді адамның өзін ғана емес, оның ата-анасын да емдейміз. Себебі, емделіп шыққан адамның сол жолға қайта салынуына 70% ата-анасымен қарым-қатынасы әсер етеді. Біз емделушінің ата-анасымен де психотерапиялық жұмыстар жүргіземіз. Алайда, осы жұмыстардың нәтижелі болуы 99% емделушінің ынтасына, ерік-жігеріне байланысты. Емделушінің өз қалауы, ерік-жігері болмаса, құмар ойынына тәуелділік ешқашан емделмейді», – дейді психолог.

 Тағы бір психолог Олег Матвеев лудоманияның нашақорлықтан да аса қауіпті екенін алға таратады. Оның пікірінше ойынқұмар адамды жүріс-тұрысынан, сыртқы келбетінен басқалардан айыра алмайсың. Нашақор мен маскүнемді бірден көресің ғой. Мысалы, лудоман смартфонды өзімен бірге дәретханаға алып кіріп, бір минуттың ішінде млн теңгені ұтысқа тігіп, түк болмағандай шығуы мүмкін. Ол үшін ешқайда бармайды да, смартфонда оған қажеттің бәрі бар.

«Лудомания өзектілігі жағынан қазір бірінші орынға шықты деп айтар едім. Мәселен маскүнемдік бойынша Заң жүзінде қандай да бір шектеулер бар. Атап айтар болсақ, дүкендерде 21 жасқа дейін арақ-шараптарды, темекіні сатпайды. Есірткіні пайдалануға мүлде тыйым салынған. Ал, ойынқұмарлық керісінше қазір дамып, насихатталып, кең тарап жатыр. Әр қаладан көшеде букмекерлік кеңселердің жарнамасы бар баннерлерді жиі көруге болады. Яғни, олар заңды түрде өздерін жарнамалап жатыр. Фильм көріп отырсаң да олардың жарнамасы жиі шығып, ұтыс тігуге шақырады. Бәрі насихаттап жатыр. Спортшылардың формасында да, қоғамдық көліктерде де бадырайған жарнама. Ал жастар бізде еліктегіш. Олар психологиялық тұрғыда өте әлжуаз,  ыңғайға тез көнгіш, тез иланады», - дейді Олег Матвеев. 

  ОТБАСЫНДАҒЫ ЖАНЖАЛДЫҢ НЕГІЗІ СЕБЕБІ - ЛУДОМАНИЯ

Лудомания қанша отбасын ойрандап жатыр. Ажырасқан әр 10 отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан шыққан.  Мұны Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев айтады.

«Елімізде қазір 350 мыңнан астам адам құмар ойынның „инесіне“ отырған. 2019 жылмен салыстырғанда, былтыр құмар ойындарға бәс тігу елімізде 40 есеге көбейген. Букмекер кеңселердің бір жылдық қаржы айналымы 1 трлн теңге болған. Лудомания дертіне шалдыққан 174 мың жас қазақстандық 36 млрд теңгеге бәс тіккен. Қазір құмар ойынның шырмауына түскендер шетінен қылмыскер болып жатыр. Былтыр 157 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құнныққандардың мойнында. Суицид жасаған 3676 отандасымыздың әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген дерек келді. Бұл лудомания бір адамның тағдырын емес, тұтас отбасыларды бүлдіреді. Елімізде ажырасқан әр 10 отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан шыққан. Ал біз осымен қалай күресіп жатырмыз? Елімізде қоғамдық көліктің сыртын, тұрғын үйлердің қасбетін түгелдей құмар ойындардың жарнамасына бердік», — деді Нартай Сәрсенғалиев.

Жалпы лудомания-бұл адамның құмар ойындарға және компьютерлік ойындарға патологиялық тартымдылығымен сипатталатын тәуелділіктің өте кең таралған түрі. Бұл дегеніміз, құмар ойыншы қоршаған факторларға және өмірде болып жатқан оқиғаларға қарамастан геймплейге үнемі қатысуы. Осы дертпен қоғам болып күрес жүргізу қажет.

RELATED NEWS
Лудомандардың табиғатын түсіне алып жүрміз бе
04 қыркүйек 2024
Лудомандардың табиғатын түсіне алып жүрміз бе

Сенімсіз статистика

 Қазақстанда құмар ойын мен бәс тігуге тәуелді адамдардың санын ешбір орган дөп басып айта алмай келеді. Былтыр осы мәселеге арналған заң жобаларын талқылаған кезде Мәжіліс депутаттары 350 мың адамның лудоманияға ұшырағаны екені туралы дерек келтірген болатын. Ал Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған статистика бойынша, құмар ойынға арбалғандардың саны 36 мыңнан аспайды. Екі деректің айырмашылығы 10 есе. Былтырғы мәлімет бойынша, тек 9 адамға ғана ресми «лудомания» диагнозы қойылған.

Деректердің бұлайша құбылуы елде жауапты мамандар мен органдар  аталмыш дерттің табиғатын әлі толық түсініп болмағанын көрсетеді.

Құмар ойын мен бәс тігу, ұтыс жариялау біздің елде табысты бизнес болып есептеледі. Ал қоғамнан сұраныс болмаса, бизнестің табысты болуы тіптен мүмкін емес. Құмар ойын бизнесі табысты деп кесіп айтуымызға Ұлттық бюро статистикасының былтырғы ресми мәліметі негіз бола алады.

2023 жылы букмекерлік кеңселер мен казинолар 368,7 млрд теңгенің қызметін көрсеткен.  Кейінгі бес жылда көрсетілген қызметтің жалпы сомасы 1 трлн теңгеге жеткен. Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылы мемлекет ғылымды дамытуға жалпы ішкі өнімінің 0,14 пайызын жұмсаған. Мұны теңгеге шақсақ, 172,6 млрд теңге болады.

 Заң пәрмені

 Мұндай ауқымдағы бизнесті заңмен қатаң реттемесе, салдары сұмдық болуы мүмкін екенін Президент те талай айтқан.

Ұлттық құрылтай мүшелері де бұл мәселені қайта-қайта көтеріп, Парламенттің арнайы заң актілерін қабылдауына ықпал етті. Сол нормалардың ең маңызды дегендері мыналар:
- Лицензиялау процедуралары қатаңдатылды. Нақтырақ айтсақ, құмар ойындарын ұйымдастыратын ұйымдардың лицензия алуы қиындады. Арнайы лицензия алу үшін олар қаржылық тұрғыдан тұрақтылықты кәсіпорын екенін дәлелдеп, тапқан табысы мен төлеген салығы, жұмыс тәртібі туралы жүйелі есеп беруге міндеттелді.
- Жарнамасы шектелді. Яғни, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын көлік сыртына жапсыруға, масс-медиада жарнамалауға, кино мен бейнероликтерге кіріктіруге,  анықтамалық қызмет арқылы насихаттауға тыйым салынды. Ұтыс жарнамасын осы іске маманданған, ресми жұмыс істейтін кәсіпорын ғимаратына ғана ілуге рұқсат беріліп отыр. Сондай-ақ, спорт саласына маманданған БАҚ арқылы, спортшылардың жарысқа киетін киімі арқылы жарнамалауға рұқсат бар.
- Құмар ойынға тәуелділіктен емдеу мен алдын алуға арналған орталықтарды дамытуға мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемі арттырылды.
- Онлайн ойындар заңмен реттелді.  Шетелдік онлайн-казино мен букмекерлік кеңселерге тыйым салынды.
- Ойын бизнесінің кәсіпорындары ойыншыларды қолдап, ақпараттық-кеңес беруге міндеттелді.
Наурыз айының ортасында  қазақстандықтарға құмар ойын мен бәстен өзін -өзі шектеудің онлайн қызметі пилоттық режимде іске қосылған болатын. Айналдырған бір аптаның ішінде 10 мың адам осы қызметті пайдаланып, өзін шектеу туралы шешім қабылдаған.
       Қазақстандағы лудомандардың ортақ бет-бейнесі де әлі беймәлім. Бұған бір жағынан аталмыш жаман әдеттің жаппай таралуы кедергі болып отыр. Ойын бизнесі ұсынатын қызметтің әр түрін еңкейген қарттан мектеп қабырғасындағы оқушыға дейін пайдаланып жүр.  Психологтар 14-18 жас арасындағы өспірімдердің құмар ойынға айналасындағы достарының әсерінен, гаджеттерде самсап тұратын жарнамалардың кесірінен душар болатынын айтады. Дегенмен баланың бұл ойындарға құмарлығы өмірдегі, отбасындағы басқа қиындықтар кезінде үдейтін көрінеді.

Лудомания жас талғамайды

 Ал 18-30 жас арасындағы адамдардың ортасында спорт жарыстары кезінде бәс тігу сәнге айналған. Бұл санаттағы жастар «артылған ақшасын» онлайн казиноға салуға құмар келеді. Бұл жастағы азаматтардың көбі отбасын құрмаған немесе жас отбасы иесі болғандықтан мойындағы жауапкершілікті сезінбей, аз уақыттың ішінде көп пайда табуға әуес келеді.

30 бен 50 жас арасындағылар отбасы мен жұмыстағы күйзелістерден бір сәт арылу үшін ұтысқа салынып жатады. Бұлардың арасында тұрмысы жолға қойылған, тұрақты табысы бар адамдар да жиі кездеседі. Мұны психологтар «комфорт аясының кері салдары» деп түсіндіреді. 

50-ден жоғары жастағылардың арасында зейнет жасындағылардың да лудоманияға ұшырау фактілері тіркеле бастаған. Мамандар оның себебін жалғыздықтан көреді. Қазақ қоғамы кейінгі 20 жылда жаппай қалаға көшкенін ескерсек, отбасындағы ата мен әже институтының қала жағдайына сай  бейімделуі қарттарды жалғыздыққа душар еткені жасырын емес.

 Ойын құмарлық – қымбат дерт

 Ойын бизнесі табысты екенін айттық. Ал лудоманиядан емдеу қызметі қаншалықты табысты? Бұл туралы ресми статистика жүргізілмейді. Бізге тек қандай ресми клиникалар бар екені белгілі.

 Олар:

- Астана қаласындағы республикалық психикалық денсаулық орталығы;

- Алматы қаласындағы психикалық денсаулық орталығы;

- Шымкент қаласындағы психикалық денсаулық орталығы;

- Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Тараз, Өскемен қалаларындағы тәуелділіктен арылту орталықтары.

Бұл орталықтарда лудоманиядан емдеудің бірнеше тәсілі қолданылады. Нақтырақ айтсақ, психотерапия, дәрі-дәрмекпен емдеу, топтық терапия, отбасы терапиясы.

Мемлекеттік орталықтар негізінен дертке душар адамдарды тегін емдейді. Бірақ ондай орталыққа бір жатып шыққан адам ресми есепке алынады дейтін үрей келешегіне, мансабына алаңдаған адамдардың өздігінен емделуіне кедергі.

Ал жеке меншік клиникалардың қызметі әжептәуір қымбат. Жеке психикалық-терапиялық  орталықтар мен оңалту мекемелерінің жарнамасына зер салсаңыз, емделу шығындары  50 мың теңге мен 200 мың теңгенің арасында  болатыны айтылады. Өйткені ем нәтижелі болу үшін 3 айдан 6 айға дейін клиникада қамап емдеу тәсілі жиі қолданылады. Өзінің лудоманияға шалдыққанын іштей мойындай білген адамдар түрлі сауалнамаларда әсіресе бәс тігуден, онлайн казино ойындарынан, покер мен рулетканың тәуелділігінен зардап шекенін айтқан.


              

Үштаған философиясы - озық әрі табысты елге айналудың басты кілті
19 наурыз 2024
Үштаған философиясы - озық әрі табысты елге айналудың басты кілті

Қазақстанда 400 мыңға жуық азамат лудоманияға шалдыққан. Тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткішті Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келтірді.

«Лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіріп, онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып бара жатқанына қынжылады.

«Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық құрылтай құрамына енген Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәлиевтің айтуынша,   келелі кеңестің атқаратын және атқара беретін миссиясы қоғамдық сананың жаңа мәдени-идеологиялық стандарттарын қалыптастыру болып табылады. Өйткені біз экономиканы алдыға тартып, өмірімізді, тұрмыс-тіршілігімізді, материалдық жағдайымызды жақсартқанымызбен, қоғамдық санадағы өзгерістердің орын алмауы, мәдени стандарттарымыздың тоқырауға ұшырап жатуы көптеген проблемаларды туындатып отыр.

«Алқалы жиында Президент осы күні 400 мың қазақстандық лудоманияға,  яғни құмар ойынға шалдыққанын атап өтті. Бұл тұтас бір облыстың немесе алып шаһардың халқы. Мәселен, Ұлытау облысында 178 000 тұрғын бар, Солтүстік Қазақстан облысында 420 000 адам тұрады. Бұл аз көрсеткіш емес. Түп-тамырына үңілсек, қоғамда бір күнде байып кету деген түсінік қалыптасқан. Әп-сәтте байып кетемін деу - қате ой. Кезінде заңсыз жекешелендіру процесі жүрді. Мұны кезінде академик Салық Зиманов та көп айтты. Бізде жекешелендіру төрт кезең бойынша жүрді. Алғашқы екі кезеңінде халық өз еншісінен қағылды, қыруар байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Қазақстан олигархат елге айналды. Әлеуметтік теңсіздік өте терең бел алып, сызат пайда болды.  Өйткені 167 адам ғана 75% байлықты иеленді, бұл бар қаржы санаулы адамның уысында болды деген сөз. Мұны қоғамдағы әділетсіздіктің ең сорақы түріне жатқызамыз. Сондықтан қазір адал еңбекті дәріптеу идеясы жиі айтылып жатыр. Маңдай термен тапқанды заң арқылы қорғай алатын қоғамды орнатуға тиіспіз. Ол үшін қоғамдағы мәселелерді ортаға салып, жағымсыз салдарларды жоюымыз керек. Лудомания, бұл қоғамдағы бір жарақаттың пісіп жарылған сырты ғана, оның өзегін жарып, уызын, тамырын, соқтасын алу үшін біз ұзақ мерзімді осындай мәдениетімізді қалыптастыру, жаңа стандарттарды белгілеу, құндылықтарды анықтау және сол бағытқа қоғамды жұмылдыру жұмысымен айналысуымыз керек. Президент жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керектігін көтерді. Расында, адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады»,- деді Қазыбек Дәуітәлиев.

«Адал еңбек» демекші, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент «Адал азамат» ұғымын қайта жаңғыртып, өлшемін дөп басып сипаттап берген еді. Кешегі Сарайшықтағы келелі кеңесте де «адал» сөзіне қатысты үштаған философиясын алға тартты.  

«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм сынды мәселерді көтерді.

«Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтар үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы Қазыбек Дәуітәлиев те Президенттің бұл сөзін құптайды. Заңгердің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың негізгі атқаратын міндеті мен қызметі – жаңа қоғамға лайықты идеологияны қалыптастыру.

 «Қазір қоғамда көп әйел алушылықты контентке айналдырып, арзан күлкі, әзіл-сықаққа ұластырып,  интернеттен, әлеуметтік желіден таралымдар беріліп жатқан жәйі бар. Бұл қоғамдағы мәдениет пен тәрбиенің кемшіндігінен.  Қазір елде отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылық  көбейіп кетті. Мұның себебін біз әйел мен балаға адам ретінде дұрыс қарай алмауымыздан деп ойлаймын. Мұны адам проблемасы деп басты орынға қоюымыз керек.  Әйелге, балаға әлсіз, қорғансыз зат ретінде қарайтын жабайы кері түсініктен арылып,  тұлға ретінде  қарауымыз керек. Зорлық-зомбылық – қоғам дерті. Оның түбі тым тереңде жатыр. Бастысы – мәдениет мәселесі. Президенттің айтып отырғаны осы. «Ел боламыз десек, мәдениетті түзейік» демекші,  бұл проблемалардың тек қана салдары, ал түптеп келгенде тәрбие, білім, мәдениет мәселелері жатыр»,- деді Қазыбек Дәуітәлиев.

Ғалымның сөзінше,  Ұлттық Құрылтай Қазақстанды біртұтас ұлтқа айналдыруды көздейді. Алқалы жиынның ел азаматтарына беретін артықшылығы көп. Бастысы – қоғамда орын алған түрлі мәселені  талқылау, оның себептерін іздеу, болдырмаудың жағдайларын жасау.

«Меніңше, Ұлттық құрылтай – өте жақсы платформа. Қоғамдағы қордаланған мәселелерді саяси партиялардың, өзге де номенклатуралардың сүзгісінен өткізбей бірден ортаға салып, талқылап, соны іріктеп, жіктеп, жинақтап, бір тұжырым шығаратын алаң. Сондай мүмкіндік жасалды, болды айтатын ойларымызды айтуға да, жеткізуге де жақсы жол, мүмкіндік берілді, соның арқасында жақсы тұжырымдар қолға алынып жатыр»,- деді заңгер.

Президент қазір ресурстарға, инвестицияға, көлік логистикасы мен коммуникацияға қызу талас жүріп, жаһандық бәсеке күшейе түскені туралы баса айтты.   

«Бізге әлемдегі оқиғалар және олардың ұлттық мүддемізге тигізетін әсері туралы кешенді талдау қажет. Бұл – құзырлы мекемелердің, ғалымдар мен саясаттанушылардың міндеті. Еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта береді. Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азия аймағындағы ықпалдастық үдерістер әрдайым біздің басты назарымызда болады. Қазақстан түркі елдерінің ынтымақтастығын дамытуға өз үлесін қосады»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саясаттанушы Жомарт Сімтіковтің сөзінше, бұл мәселелер тәуелсіз мемлекетіміздің алдында тұрған  ең ірі және еліміздің болашақ стратегиясына әсер ететін дүние болғандықтан, оған ерекше қарау керекпіз.

«Қазір инвестиция, көлік логистикасы, коммуникацияларға байланысты территориямыз Орталық Азиядағы ірі мемлекеттердің арасында жатқандықтан, көрші мемлекеттермен де, Батыс пен Шығыстың арасын жалғайтын ел ретінде де біз  осы мәселеде өз ерекшелігіміз бен  мүддемізді қорғауды бірінші кезекке қою керекпіз. Құрылтайда Президент еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта беретінін жеткізді. Бұл ұстаным Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға септігін тигізеді.  Сондай-ақ Мемлекет басшысы Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азия аймағындағы ықпалдастық үдерістер әрдайым біздің басты назарымызда болатынын айтты. Ол үшін Орта Азияда, Еуропа мен Азияның арасындағы көпір ретінде біз бұл мәселеде өзіміздің экномикалық және әлеуметтік жағдайымызды нығайту жөнінде үлкен жұмыстар жасауға тиіспіз»,-деді Жомарт Сімтіков.

Саясаттанушының пайымдауынша, Қазақстан Түркі елдерінің ынтымастығын дамытуға өз үлесін қосатындығын тек қана сөз жүзінде емес, іс жүзінде де дәлелдеп жүргендігін байқауға болады.

«Қазір түркі тілдес мемлекеттермен, көршілес елдермен біздің қарым- қатынасымыз өте жақсы дамып отыр және әрі қарай дами береді деп те ойлаймын. Сол себепті елімізді болып жатқан ішкі және сыртқы саясатқа қатысты мемлекеттік деңгейдегі әрбір шешімдердің бәрі іргелі жалпыұлттық мүдделерді негізге алу керектігі айтылды,  шешімдерді қабылдар алдында оның мәні мен салдары туралы дәлелді әрі ғылыми талдау жасалуы тиіс екені тілге тиек етілді. Халықаралық саммиттердің құжаттар арқылы талапқа сай нақты міндеттерін жүктейтін шешімдер құрғақ сөз ретінде қалып қоймай, дер кезінде орындалу қажеттігін баса айтты. Сондықтан ішкі-сыртқы саясатта ешқашан қателікке бой ұрындырмай, даму стратегиялық бағытында жұмыс жасағанымыз жөн деп ойлаймын»,-деді саяси ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Сімтіков.

          Сәтбаев Университеті Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы  Ерік Меркібаев бұл Құрылтай бұрынғыдан өзгерек әсер қалдырды дейді.

«Мен бұл жолғы құрылтайдан мүлдем басқа дүниені аңғардым. Өзім де ата мен әженің қолында өскен бала болғандықтан, атаның әкеге, әкенің балаға айтқан ақылы сияқты қабылдадым. Президетіміз мемлекетімізді бір алып адамға теңепті. Ол дегеніміз әрбір адам өзіне осы айтқандарды толық қабылдап, әрекет етсе біз бірігіп тұтас салауатты-сауатты мемлекетке айналамыз. Шынымен ғой, әрбір адам тың тарихымызды ұлағаттаса, ру мен елге бөлінбесе, тілімізді құрметтесе, балаларымызды нашақорлық, лудомания, вандализм сияқты жаман әдеттерден аулақ ұстаса бір адамның дұрыс өмір сүргені! Енді кітап оқуды парасаттылыққа ұмтылудың алғашқы қадамы деп білемін. Осы әдетті мың адам, миллион адам, толық Қазақстан дағдыға айналдырса, бізге сырттан келетін жау да, іштен ірітетін дау да болмас еді. Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін!»,-деді Ерік Меркібаев.

Автор: Жанна Жомарт

Қазақстанда насыбай сатушылар жауапқа тартылмақ
19 наурыз 2024
Қазақстанда насыбай сатушылар жауапқа тартылмақ

Қазақстанда насыбай сатушылар Қылмыстық кодекс аясында жауапқа тартылады. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің алдын алу қызметі басқармасының бастығы Руслан Қаржаспековтың айтуынша, заң жобасы Сенатта қаралып жатыр. Бұл туралы Kazinform хабарлады.

Спикердің айтуынша, қазір насыбай сату бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексте жауапкершілік қарастырылған (196-бап – «Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау») және 25 АЕК көлемінде айыппұл көзделген. Бұл шамамен 92 300 теңге.

«Қазір Сенатта Денсаулық сақтау министрлігі бастамашылық еткен заң жобасы жатыр, оның шеңберінде насыбай мен вейптерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді және ол әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік ретінде есептелетін болады», - деді Руслан Қаржаспеков агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Еске сала кетсек, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынса да, әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатқанын сынаған еді.

Руслан Қаржаспеков мұның себебін шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораториймен түсіндірді. Сондықтан құқық қорғау органдары сату нүктелерін өздігінен тексере алмаған. Дегенмен полиция насыбайдың заңсыз сатылуы туралы азаматтардың өздері хабарлаған жағдайларды қолданған.

Оның айтуынша, 2023 жылы Қазақстанда насыбай сатудың 190-ға жуық фактісі және қоғамдық орындарда заңсыз пайдаланудың 18 мың жағдайы тіркелген.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.