Валюта бағамы
  • USD -

    539.1
  • EUR -

    630
  • RUB -

    6.77
«Кітап оқитын ұлт» жобасына 189 мыңнан астам адам тіркелді
08 қазан 2025
«Кітап оқитын ұлт» жобасына 189 мыңнан астам адам тіркелді

 

Қыркүйек айында Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында бастау алған «Кітап оқитын ұлт» жобасының алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы – елімізде тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама. Негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау, сыни ойлауды дамыту және кітапты білім, шабыт және зияткерлік өсудің негізгі көзі ретінде нығайту.

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың III отырысында айтылған тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылады және Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына шығаруды көздейді.

Бір ай көлемінде 3 аймақтан 189 221 адам қатысуға өтінім берді.

Қарағанды облысы бойынша 67 438 қатысушы тіркелсе, Қостанай облысы бойынша 55 281 азамат өтінім берген. Ал Шымкент қаласынан 66 502 өтінім келіп түсті.

Оның ішінде 6-10 сынып аралығындағы 87 157  оқушы, 14 049 педагог, 2388 жергілікті деңгейдегі мемлекеттік қызметші, сонымен қатар 36 553 отбасы, 29 085 колледж және жоғарғы оқу орны студенті қатысуда.

Байқау қатысушылары «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметкер» негізгі алты санат бойынша сайысқа түспек.

Жобаның екінші кезеңінде тіркелген әр қатысушы, бекітілген тізімдегі 15 кітапты оқуы кажет. Әр бағыт үшін сарапшылар мен тиісті саланың өкілдері дайындаған тізім қатысушылардың жасы мен қызығушылықтарына бейімделген, шығармаларды таңдауда патриотизм, жауапкершілік, білімге құштарлық, сыни ойлау сияқты құндылықтарды дамытуға баса назар аударылды.

Бұл тізімдерге «Қазақстан әдебиетінің 100 танымал кітабы» жалпыұлттық дауыс беру арқылы іріктелген шығармалар, әлемдік әдебиеттің үздік туындылары және ұлттық мәдени мұрамызды насихаттайтын шығармалар, сондай-ақ әлемдік деңгейде мойындалған бестселлерлер енді.

Әр бағыт бойынша ережелер мен оқуға ұсынылатын кітаптар тізімі www.reading-nation.kz сайтында жарияланған.

Жоба қатысушысы, Қостанай облысы №31 мектебінің 10 сынып оқушысы Рагимова Анель:

- «Кітап оқу – менің өмірімнің ажырамас бөлігі. Айына кем дегенде екі-үш кітап оқымасам, өзімді толық сезінбеймін. «Кітап оқитын ұлт» жобасы сияқты бастама біз сияқты кітапқұмар жастарға үлкен мүмкіндік сыйлайды. Алдағы кезеңде байқаудың жеңімпазы атану үшін бар күш-жігерімді саламын және бұл жобаның оқу мәдениетін дамытуға қосар үлесі зор деп есептеймін»

Жоба авторы Бақытжан Тұрлыбеков:

-   «Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдау арқылы азаматтар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру және оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатындағы бұл ауқымды жоба еліміз үшін өте маңызды. Біз әртүрлі санаттағы азаматтармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенде олардан тек оң пікірлер естідік. Жобаға қатысуға ниет білдірушілер саны өте көп, ал жүлде қоры да тартымды. Ең бастысы, бұл жоба арқылы елімізде кітап оқитын қауымның саны артып, оқу мәдениеті жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз»

Жобаны «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры «Аманат» партиясының және Қарағанды, Қостанай облыс және Шымкент қаласы әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асыруда. Бас демеуші — Alageum Electric компаниясы.

Байқаудың қорытындысын 2026 жылдың сәуір айында жариялау жоспарланып отыр.

RELATED NEWS
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді
18 қыркүйек 2024
«Үздік болу үшін көп жұмыс істеу керек» - Димаш Euronews-ке сұхбат берді

 Euronews-ке эксклюзивті сұхбат берген Димаш Құдайберген классикалық музыка, қазақтың халық күйі мен заманауи әуен астасып жатқан бірегей шығармашылығы жайлы айтып берді. Kazinform аталған сұхбаттың бейресми аудармасын жариялады.

Қазақ музыканты Димаш Құдайберген жай ғана әнші, ән авторы әрі мультиинструменталист қана емес, ол миссиясы бар адам. Ол жанрда баламасы жоқ виртуоз вокалымен және музыкасымен әлемдік аудиторияға Қазақстанның бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жеткізуге ниетті. Әлемдік турнеден кейін Отанына оралған Димаш Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойының жабылуын екі күндік концертімен айшықтай түсті.

Димаш Euronews-ке берген эксклюзивті сұхбатында мансап жолына, музыка стилінің дамуына және ойынның (Дүниежүзілік көшпенділер ойыны) Қазақстан мұрасын паш етуде бірегей алаң болғанына қатысты ойымен бөлісті.

– Сіз классикалық білім алдыңыз әрі «Астана-Операдан» орын да ұсынылды. Бірақ классикалық элементтерді дәстүрлі қазақ және поп-музыкамен үйлестіре отырып, заманауи музыкант мансабын таңдадыңыз. Осынау бірегей қоспаны қалай жасай алдыңыз?

– Астанадағы опера директоры мені өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырғаны есімде. Бірақ барынша әртүрлі музыкалық жанрда өнер көрсеткенді қалайтынымды білетінмін. Енді мен опера айтқым келсе, оны концерттерімде де айта аламын. Менде сондай еркіндік бар. Мен «Астана-Операға» үлкен құрметпен қараймын. Бірнеше ай бұрын ғана ұстазым Пласидо Доминго мені Еуропада өзімен бірге өнер көрсетуге шақырған кезде арманым орындалды. Ол маған: «бұл арияға дайындалу үшін екі күнің ғана бар», - деді. Мен бас тарта алмадым.

5 жасымда, үйімізде Пласидо Доминго мен Паваротти өнері таспаланған видеокассета болатын. Сол концерттер менің әнші болуға деген құштарлығымды оятты. Домингоға оның арқасында әнші болғанымды айттым. Оған ұқсағым келді. Вокальдық тұрғыда олар мықты.

– Ата-анаңыз 5 жасыңызда керемет дауысыңыз бар екенін түсінді. Ал өзіңіз кәсіби әнші болғыңыз келетіндігін қай уақытта түсіндіңіз?

– Бес жасымда әжем аяғының ауыратына қарамастан мені күн сайын музыка мектебіне апаратын. Жетістікке жетіп, танымал болып, ақша таба бастасам да мұның бәрі отбасымның – ата-анамның, ата-әжемнің және достарымның арқасында екенін есімнен шығармаймын. Олардың қолдауынан асқан дүние жоқ. Менің жетістігіме өзімнен гөрі әжем лайық.

– Қазақстан өмірінде мәдениет пен музыка неліктен соншалықты маңызды?

– Дәстүрлі музыкамызға жете үңілген, зер салған адамдар біздің бүкіл тарихымызды танып-біле алады. Атам төрт-бес жасымда ұлттық аспабымыз – домбыраны шертуді үйретті. Егер сіз өзіңізді нағыз қазақпен деп есептесеңіз, онда алдымен домбыра шертуді үйренуіңіз керек. Қазір әлемді біздің мәдениетімізбен таныстыратын уақыт келді. Қазақстан – жас ел, егемендігіне небәрі – 33 жыл. Бұл – мұрамызды әлемдік аудиториямен бөлісудің бірегей уақыты.

– Әндеріңізді қалай сипаттар едіңіз?

– Бұрынырақ оны неоклассикалық деп атайтынмын, бірақ қазір мен барлық жанрды біріктіруге тырысамын. Әлі де болса неоклассикалық әншімін. Алайда, басқа стильдерді зерттегенді ұнатамын — поп, рок, кейде тіпті рэп. Бұл мен үшін аса маңызды емес. Мен бәрін сынап көргім келеді.

– Сіз қазақ мұрасын әрдайым мақтан тұтасыз әрі еліңізді музыкалық бейнебаяндарыңызда декорация ретінде жиі қолданасыз. Бұл сіз үшін неліктен маңызды?

– Қазақ болып туғаныма мақтанамын. Менің миссиям – әлемді еліміздің мәдениетімен, әнімен, дәстүрлі музыкасымен таныстыру. Бүкіл әлемде, Нью-Йоркте, Еуропа мен Азияда 20-30 мың адам аудиторияның алдында өнер көрсеттім және бұл менің нағыз тыңдармандарымның арқасында ғана мүмкін болды.

– Сіз Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеке шығармашылық кешіңізді өткіздіңіз. Бұл оқиға неліктен соншалықты маңызды?

– Осыдан 6 ай бұрын Үкімет Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетуге шақырды. Бірден келістім. Өйткені бұл ойынның еліміз бен мәдениетіміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Бұл – біздің салт-дәстүрімізді ғана емес, сонымен қатар спорттағы, ат спорты ойындарындағы таланттарымызды көрсетудің тамаша мүмкіндігі. Аздап қобалжу болса да жеке концертімнің өткеніне өте қуаныштымын. Басқа елде өнер көрсету оңайырақ, бірақ Қазақстанда кеш өткізген бір бөлек. Емтихан тапсырғанмен тең.  Өйткені елімізде өткен концертте менің вокалдан сабақ берген ұстаздарым мен білікті музыка майталмандары қатысады. 

– Егер сіз өткен шаққа оралар болсаңыз, 5 жастағы Димашқа қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 

– Көбірек жаттығу керек. Мен 25 жыл білім алдым, қазір 30 жасымда да PhD дәрежесін алу үшін оқуымды жалғастырып жатырмын. Егер спортта чемпион болғыңыз келсе, онда тынбай жаттығуыңыз қажет. Музыкада да солай – үздік болу үшін көп жұмыс істеу, еңбектену, жаттығу керек. 

НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ
01 сәуір 2025
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ: ҰЛТ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ

Биыл қазақ музыкасының жарық жұлдызы, ұлы композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды. Бұл мерейтой – қазақ мәдениеті үшін айрықша маңызға ие оқиға. Қазақ музыкасының абызы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің қазақ руханиятына қосқан сүбелі үлесі зор.

Өмір жолы мен шығармашылық бастауы
Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. Домбыра тартуды әкесінен үйренген ол, кейіннен Ахмет Жұбановтың назарына ілігіп, музыка әлеміне қадам басты. Ахмет Жұбанов жас Нұрғисаны музыка мектебінде, кейіннен консерваторияда білім алуға бағыттады.

Соғыс жылдары
Жас Нұрғиса 1943 жылы өз еркімен майданға аттанып, Курск шайқасынан Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысқан. Соғыстағы ерлігі үшін "Ерлігі үшін", "Берлинді алғаны үшін" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдарымен марапатталған.

Музыкалық мұра

Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ музыкасының алтын қорына енген. Ол 500-ден астам музыкалық туындының авторы, олардың ішінде:

«Аққу» күйі – нәзіктік пен тазалықтың символы;
«Көш керуені» – халықтың көшпелі өмірін бейнелейтін шығарма;
«Саржайлау» – туған жерге деген сағынышты жеткізетін ән.
Сонымен қатар, композитор «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» фильмдеріне музыка жазып, қазақ киносының дамуына үлес қосты.

«Отырар сазы» оркестрі 

1981 жылы Нұрғиса Тілендиевтің бастамасымен құрылған "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрі қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттауда үлкен рөл атқарды. Оркестрдің репертуарында халық күйлерімен қатар, композитордың өз шығармалары да орындалды.

Жеке өмірі 

Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендікелінімен бірге өмір сүріп, отбасылық өмірінде де өнегелі тұлға болған. Олардың махаббаты мен сыйластығы көптеген шығармаларына шабыт берген.

Мұрасы және еске алу

Нұрғиса Тілендиевтің есімі қазақ музыкасының символына айналды. Оның құрметіне Алматы қаласында мемориалды музей ашылып, шығармашылық мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.

Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді
08 сәуір 2025
Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келеді

Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес өзінің Up All Night әлемдік турнесі аясында осы жазда Қазақстанның астанасында өнер көрсетеді. Бұл туралы турдың ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Ulys.

Әлемдік жұлдыз Қазақстанда алғаш рет концерт береді, ол 1 тамызда елордалық «Астана Арена» спорт кешенінің сахнасында өтеді.

"Осы жазда бірнеше таңдаулы шоуда өнер көрсетемін. Сахнаға қайта оралып, бәріңізбен жүздесуді асыға күтемін. Тым көп уақыт өтті. Бұл керемет жаз болады", - деп жазды әнші 7 сәуірде.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.