Валюта бағамы
  • USD -

    527.3
  • EUR -

    607
  • RUB -

    6.51
КЕРЧЬТЕГІ КЕРІС
21 желтоқсан 2018
КЕРЧЬТЕГІ КЕРІС

Керчь бұғазы – Керчь, Тамань түбектері аралығындағы бұғаз. Қара және Азов теңіздерін жалғастырады. Ұзындығы 41 км, ені 4-15 км. Батыс жағасында ірі Керчь порты орналасқан. Осы порт пен Кавказ арасында кеме және тауар жүк паромдары қатынайды.

Тарихқа жүгінетін болсақ, кезінде ХVIII-XIX ғасырларда Осман империясы мен Ресей империясы арасында болған стратегиялық территорияларға байланысты соғыстар халықаралық қатынастар тарихшылары екі жақты қатынастарды реттеуге байланысты ұстанымдары  «Шығыс мәселесі» деген атпен танымал болатын. Сол кезеңдерде, Ресей империясы өзінің ыждаhаттық ұстанымын білдіре отырып, Қара теңіз арқылы Жерорта теңізіне шығу жолы ретіндегі пунктін сол Керчь бұғазын жаулап алу арқылы әскери-стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырған болатын.

Қақтығыстың өзіне келетін болсақ, осы жылдың қараша айының соңында Ресейдің шекаралық қызметкерлері Керчь бұғазы маңында Украинаның әскери кемелеріне оқ жаудырған. Атыс кезінде украиналық 6 сарбаз жараланып, кеменің қозғалтқышы істен шыққан. Украина теңіз әскери қызметі аталған ұрыста кемелерді Ресей әскерилері күшпен басып алғандығын айтуда.

2018 жылдың 25-қарашасы күні украиналық үш әскери кеме Одессадан Мариупольге қарай бағыт алған. Алайда Керчь бұғазын басып өтуге рұқсат бермеген Ресей әскерилері, бірден оқ жаудырған. Басын даудан ала қашқан Ресей Федерациясы аталған кемелердің өтуі үшін арнайы рұқсат қағазы болмағандығын алға тартты. Бірақ, бірнеше рет өтініш жібергенін ескерткен украиналықтар, мұны қитұрқы әрекет болуы әбден мүмкін деген шешімге келіп отыр.

Ал Қазақстан Украина мен Ресей арасындағы дауды дипломатиялық жолмен шешуге кеңес берді. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Нью-Йоркте шұғыл жиналып, Керчь бұғазында болған оқиғаны талқылады. Сол отырысқа қатысқан біздің делегаттар Қазақстанның да ұстанымын жеткізді. «Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі ретінде ашық диалогқа және халықаралық шиеленістің алдын алу үшін пікірталас өткізуге дайын екендігін білдірген болатын. Біздің делегация Украинаның да, Ресейдің де ұсынысын қолдайды. Себебі екі ел де Қазақстан үшін стратегиялық маңызды аймақтық акторлар. Тарихымыз ортақ. Сондықтан тараптарды оқ атуды тоқтатуға шақырамыз», – деді Қазақстанның БҰҰ жанындағы Қауіпсіздік кеңесі тұрақты өкілінің орынбасары Қанат Тұмыш.

Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері төтенше отырысқа Украинаның өтінішімен жиналды. Негізі, Ресей «мемлекеттік шекараның бұзылуына қатысты» кеңес өткізуді сұраған. Бірақ қатысушылар бұл ұсынысты қолдамады. Ресей шекарашылары Қара теңізде Украина әскери-теңіз күштерінің «Бердянск», «Никополь» және «Яны Капу» кемелерін тұтқындаған болатын. Кремль украиналық кемелер Ресейдің теңіздегі территориясын заңсыз кесіп өтті деп отыр.

Азов теңізіндегі төтенше жағдайға байланысты Петр Порошенко соғыс жағдайын жариялады. Ол 26 желтоқсанға дейін жалғасады. Ал ұсталған украиналық теңізшілерді Ресейдің қауіпсіздік қызметі тергеуде.

Владимир Путин болса, бұл жағдайды Украинада көктемде болатын президент сайлауы алдында Петр Порошенконың әдейі ұйымдастырған шуы деп бағалап отыр.

Атап өтетін жайт, Ресей президентінің БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарына контент-сараптама жасайтын болсақ, Владимир Путин орын алған қақтығыста Қара Теңізде болған оқиға деп сипаттайтындығын байқаймыз. Яғни, Ресей Федерациясы президенті жағдайды жалпылама түрде сипаттап, Ресейдің Қара Теңізде стратегиялық маңызға ие аймақтық беделді актор екендігін көрсеткісі келіп және басқа да аймақтық державаларға маңызды сабақ болсын деген іс-әрекетпен жариялап отырғандығын байқау аса қиын емес.

Осы ретте, «Қазақстан дипломатиясы қандай сабақ алу керек?» – деген заңды сұрақ туындайды. Тәуелсіздіктің нышаны мен шекараның мызғымастығы аталып өткен Қазақстан Республикасының көпвекторлы сыртқы саясаты өзінің жемісін беріп келеді. Бұл Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы аясында іске асырылып келеді. Осы тұжырымдамаға сәйкес, халықаралық қатынастарда жаңадан пайда болған сын-қатерлерге төтеп беру мақсатында, еліміздің шекаралық қызметін одан әрі бекітуге байланысты іс-шаралар өткізуін және қоғамды назарда ұстауды қажет етеді.

 

Сәкен МҰҚАНҰЛЫ, халықаралық қатынастар PhD докторы

Тақырып авторы: Әлімжан САБЫРЖАНҰЛЫ

RELATED NEWS
Қазақстан БРИКС құрамына кіреді - ресейлік БАҚ
24 желтоқсан 2024
Қазақстан БРИКС құрамына кіреді - ресейлік БАҚ

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ресми түрде БРИКС-ке серіктес мемлекет мәртебесін алады деді. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.

Агенттіктің ақпаратына қарағанда, Қазақстанмен қатар тағы сегіз мемлекет БРИКС серіктесі болуға шақыруды қабылдады, оның ішінде Беларусь, Индонезия, Өзбекстан және Куба бар.

 

«Саммиттің маңызды нәтижелерінің бірі (Қазан қаласында) БРИКС серіктес елдерінің санатын белгілеу және 13 мемлекеттің тізімі туралы келісім болды. Бұл мемлекеттерге тиісті шақырулар жіберілді. Бүгінге дейін БРИКС серіктес-мемлекеті болуға дайындығы туралы мәлімдемелер Беларусь, Боливия, Индонезия, Қазақстан, Куба, Малайзия, Таиланд, Уганда және Өзбекстаннан келді», - деді Ушаков журналистерге.

Айта кетсек, өткен қазан айында Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли қазақстандық БАҚ-тың біріне берген сұхбатында Қазақстан таяу арада БРИКС ұйымына мүше болуға өтініш бермейді, себебі ұйымға қосылу мәселесін қарау көп сатыдан тұратын процесс деген сыңайда пікір берген болатын.

Татарстанда Абайға ескерткіш-бюсті ашылды
24 қазан 2024
Татарстанда Абайға ескерткіш-бюсті ашылды

Татарстан астанасында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шара Қазақстан Президентінің 2024 жылғы 22-24 қазан аралығында өтіп жатқан БРИКС мемлекет басшыларының XVI Саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына жұмыс сапары аясында өткізілді.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Татарстан Республикасының Мәдениет министрі Ирада Аюпова, Қазандағы ҚР Бас консулы Ерлан Ысқақов, сондай-ақ Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин, сондай-ақ қала тұрғындары мен қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілдері қатысты. 

Абай
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазанда ескерткіштің ашылуын халықтар арасындағы достықтың, өзара түсіністік пен рухани туыстықтың үлгісі екенін айтты.

«Бүгінгі іс-шараның БРИКС мемлекеттері ынтымақтастығы саммиті аясында өтіп жатқанының өзі іс-шараға ерекше сипат беріп тұр. Бұл екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтып, тереңдете түсері сөзсіз. Абай – өз ұлтының рухани байлығын бойына сіңіре отырып, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілген тұлға. Біздің халықтар арасындағы өзара мәдени құндылығымыз артып, достығымыз нығая берсін», – деді Аида Балаева.

Ұлы ойшылдың ескерткіші Қазан қаласында Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысында орнатылды. Бюст авторы – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Нұрбол Қалиев. 

Абай
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Қазақстанның Ресеймен достық қатынасын дамыту аясында Татарстанға, біздің мәдениетімізге шынайы қызығушылық танытып жатқаны қуантады. 2018 жылы Қазақстан тарапынан Қазан қаласына қонақжайлық белгісі – «Тайқазан» мүсіні сыйға берілді. Бүгін Абайдың ескерткіші де дәл осы жерде, осы алаңда орнатылуы кездейсоқ емес. Ресейде ұлы қазақ ақынына деген құрмет ерекше. Еліміздің астанасында Абайдың ескерткіші орнатылған. Сондай-ақ Ресейдің бірқатар қалаларында Абай Құнанбайұлының атымен аталған көшелер бар. Бүгінгі іс-шара – қазақ пен татар халықтарының рухани бірлігіне негізделген ұзақ жылдар бойғы жемісті іскерлік пен мәдени байланыстардың нәтижесі деп білеміз», – деді Татарстан Республикасының Мәдениет министрі Ирада Аюпова.

Салтанатты іс-шара қазақ ақынының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен қорытындыланды.

​​​​​​​Қазақстан мен Ресей президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
27 қараша 2024
​​​​​​​Қазақстан мен Ресей президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді

«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Қарсы алу рәсімінен соң президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Қазақстанға сапармен келуге шақыруын қабыл алғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.

– Бұл стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа берік негізделген мемлекетаралық қарым-қатынасымыздағы өте маңызды оқиға екені сөзсіз. Сіздің қазақстандық ақпарат құралдарында жарияланған бүгінгі мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Ал менің мақалам Ресей баспасөзінде жарияланды. Біз болашаққа бағытталған екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі көшелі ойларымызды жан-жақты жеткіздік. Өз мақаламда Қазақстан осындай күрделі кезеңде Ресейдің сенімді стратегиялық серіктесі әрі одақтасы екенін және алдағы уақытта да бұл бағыттан айнымайтынын атап өттім, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресей екіжақты серіктестіктің оң қарқынын сақтап қана қоймай, оны еселей түскен.

– Сіздің бүгінгі сапарыңыздың күн тәртібі өте ауқымды. Сапар қарсаңында Үкімет мүшелері кездесіп, біз талқылайтын барлық мәселені пысықтады. Бүгін өте маңызды құжаттарды қабылдаймыз. Бұл 20 келісімнен тұратын құжаттар біздің тату көршілік және серіктестік рухындағы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.

Ресей Президенті Владимир Путин қазақ жерінде көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Біз достас елдерміз. Қарқынды дамып келе жатқан іскерлік қарым-қатынасты да қолдаймыз. Ұдайы байланыстамыз. Өзіңізді жыл соңында Санкт-Петербургте өтетін ТМД аясындағы бейресми кездесуде күтемін. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шараға шақырамын. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, – деді Владимир Путин.

Ресей Президенті екіжақты байланыстардың қарқынын жоғары бағалап, мемлекеттік сапарының мәні мен маңызына тоқталды.

– Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданады. Олардың қатарында Бірлескен мәлімдеме және түрлі саладағы ықпалдастығымызға қатысты құжаттар бар. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесінің бірі болып қала береді. Сауда айналымы өсті, былтыр оның көлемі 28,5 миллиард долларды құрады. Қазақстан экономикасына құйылған инвестиция 13 миллиард долларға жетті. Әрине, біз азаматтық қоғам, білім, ғылым және мәдениет бағытында дамып келе жатқан гуманитарлық байланыстарымызды бағалаймыз. Бұл тұрғыда Ресейде білім алатын шетелдік студенттердің басым бөлігін қазақстандық жастар құрайтынын айтсақ жеткілікті. Аймақаралық ынтымақтастық та табысты өрбіп келеді. Бүгін Уфада кезекті іс-шара өтіп жатыр. Сізге Ресей-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға ерекше назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамын. Біз Қазақстан Президентінің осынау маңызды жұмыстарға әрдайым ықылас қойып отыратынын жақсы сезінеміз. Қазақстанды адал досымыз және жақын одақтасымыз деп танимыз, – деді Ресей Президенті.

Келіссөз барысында мемлекеттер басшылары өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия ресурстарының тасымалы, машина жасау, көлік-логистика, қаржы, экология, су саясаты, білім беру, ғылым және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты дамыту перспективасын талқылады.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.