Валюта бағамы
  • USD -

    523.5
  • EUR -

    613.5
  • RUB -

    6.71
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ДҮНИЕ САЛДЫ
10 қаңтар 2020
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ДҮНИЕ САЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбаевтың дүние салуына байланысты отбасына көңіл айтты.

 

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін салушылардың бірі, көрнекті ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбаевтың дүние салуына байланысты оның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Өмірзақ Айтбайұлы Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына өлшеусіз үлес қосты. Ол қазақ терминологиясының дамуына, тіл білімі мамандарының жаңа буынын қалыптастыруға зор еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз және ірі ғалым еді. Қазақ зиялыларының арасында өзіндік орны бар қадірлі Өмірзақ Айтбайұлының ғылыми мұрасы ел болашағы мен ұлт игілігіне қызмет ете береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.

«Қазақпарат» агенттігінің мәліметінше,  Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылында дүниеге келген. 1959 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ол тұста Киров атындағы ҚМИ) филология факультетін бітірген. 1971 жылы «М.Горький фразеологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. 1959-1962 жылдары Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің əдеби қызметкері, 1962-1974 жылдары Қазақ ССР ҒА Тіл Білімі институтына кіші ғылыми қызметкері, 1974-1981 жылдары аға ғылыми қызметкер, 1981-1989 жылдары «Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еткен. 1973 жылдан «Ғылыми терминологиялық орталықтың» директоры болып қызмет етсе, 1989 жылдан Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, кейін президенті болған. Ғалымның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары: қазақ терминологиясының практикалық мəселелері. «Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген тұста Өмірзақ Айтбайұлының басшылығымен бірнеше ұжымдық кітаптар (Қазақ терминологиясының мəселелері. «Ғылым», Алматы, 1981; Термин жəне олардың аудармалары. «Ғылым», Алматы, 1990, 12 б.т.) баспадан жарық көрді. Академик Өмірзақ Айтбайұлы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, ғалым хатшысы ретінде де (1981–1991 жж.) 550-ден астам ғылыми еңбектің, 21 кітап пен монографиялардың авторы. «Қазақ терминологиясының жасалу көздері» (1981-1984) жəне «Қазақ əдеби терминологиялық лексикасының дамуы» (1985-1991), «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-əдістемелік жəне практикалық мəселелері» (1997-1999), «Терминологиялық сөздіктер, əдістемелік құралдар жасау» ғылыми-методикалық жоба (2008-2013) деген күрделі ғылыми тақырыптарға жетекшілік жасады. Оның сондай-ақ, сазгерлігін танытатын бірнеше, атап айтқанда, белгілі «Жар сəлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім» тағы да көптеген əні жұртшылыққа мəлім.

«Түркістан» халықаралық газетіне берген соңғы сұхбатының бірінде марқұм Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ терминология мәселесіне қатысты былай депті:

– Жалпы терминология кім көрінген араласа беретін нәрсе емес. Оған абайлап бару керек. Әркім өз саласын біліп, өз шаруасымен айналысқаны дұрыс қой. Термин мәселесі қызықтыра ма, мамандардан сұрасын. Оған бүкіл өмірін арнаған адамдар бар, сондықтан солардың пікіріне жүгініп, ойласқан артық емес. Терминдердің сәтті жасалғандарына тиіспеу керек. Мәселен «сынып» сөзін баяғыда Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған. Кеңестік кезеңде Ахаңның жасаған терминдерінің біразын саясат үшін қолданыстан алып тастағанымен, қайтадан орнын тауып жатыр. Термин мәселесіне асығыстық жараспайды, бәрі бірден қалыптасып, дамып кетпейді. Халықаралық терминдерді аудару, оның тәжірибеде қолданылуы жайында білгісі келген кісі болса, ғалымдарымыздың еңбектеріне көз жүгіртсін. Керек нәрсесінің бәрін табады. Халықаралық терминдерді өзгертпей қабылдау керек, еліміздегі үш тілде білім беру бағытына сәйкес ағылшын тілін үйренгенде халықаралық терминдердің пайдасы зор дейтіндер, алдымен, қазақ тілін дамытуды ойласын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ең алдымен қазақ тілін дамыту керек» деді емес пе, еліміздің тіл саясаты үшін дұрыс сөз ол. Жаратылыстану ғылымдарының бәрін ағылшынша оқытамыз деген сөз – абсурд. Математика, физика, химия пәндерін мектепте қазақша оқып өстік қой, олардың бәрінде қазақша қалыптасқан терминдер бар. Академик Қаныш Сәтбаевтан бастап, небір мықты ғалымдардың бәрі жаратылыстану пәндерін қазақша оқыған. Солар кімнен кем? Қазақ мектебінде балаға көптеген пәндерді ағылшынша оқыту – қазақ тілін құртумен бірдей. Егер балаға қазақ тілінде білім берілмесе, оның кімге қажеті бар? Ал білім береміз бе, терминдердің қазақшалануының маңызын білу керек.


 

Фото: turkystan.kz


 

 

RELATED NEWS
Disney өзі ақшасына аударған қазақша мультфильм қаралым бойынша рекорд орнатты
14 маусым 2024
Disney өзі ақшасына аударған қазақша мультфильм қаралым бойынша рекорд орнатты

"Ойжұмбақ 2" мультфильмінің қазақша нұсқасы бір күнде 10 млн теңгеден астам касса жинап, қаралым жағынан рекорд орнатты, деп хабарлайды Ulys.

"Меломан" компаниясының мәліметінше, бұл "Аватар: Су жолы" фильмінің қазақша нұсқасының бірінші аптадағы табысынан үш есе көп.

"Ойжұмбақ 2" – Disney компаниясы өзі ақша бөліп, қазақшаға аударған алғашқы картина.

Мультфильм 13 маусымнан бастап кинотеатрларда көрсетіле бастады.

Қазақ тілін білмейтіндер Қазақстан азаматы бола алмайды
14 қазан 2024
Қазақ тілін білмейтіндер Қазақстан азаматы бола алмайды

Енді қазақ тілін білмейтін адамдар Қазақстанның азаматы бола алмайды. Бұл туралы жаңа бұйрықта айтылған, деп хабарлайды Ulys.

Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен азаматтық алу немесе Қазақстан азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тілді бастапқы деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын білуге қойылатын талаптар бекітілді.

Құжатқа сәйкес азаматтық алу немесе қалпына келтіру барысында мемлекеттік тілді білу деңгейі кем дегенде 36 балл, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша кемінде 9 балл, және Қазақстан тарихы бойынша кем дегенде 15 балл жинау қажет.

DISNEY туындылары қазақ тілінде көрсетіледі
10 мамыр 2024
DISNEY туындылары қазақ тілінде көрсетіледі

Қазақстан кинотеатрларында DISNEY компаниясының үш бірдей туындысы: Disney және Pixar студияларының «ОЙЖҰМБАҚ 2» анимациялық фильмі, Disney компаниясының «МОАНА 2» шытырман оқиғасы мен «МУФАСА: АРЫСТАН ПАТША» көркем фильмі қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл сүйінші жаңалықты Халықаралық «ҚАЗАҚ ТІЛІ» қоғамы til.kz ресми сайтында жариялады.

Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы, сүйікті фильмдердегі өзімізге жақсы таныс кейіпкерлердің бізбен бірге бір тілде сөйлеуі – өте маңызды қадам. Осы тұрғыда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыты Disney компаниясының ұстанымен үндес келеді. «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қорын арттыруға басымдық береді. Әлемдік анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағытындағы контенттің қазақ тіліне аудару бастамасын қолдайды. Бұл жолы “Қазақ тілі” қоғамы Disney командасымен бірлесе аталған фильмдерді қазақстандық көрермендерге кеңінен насихаттау және таратуға атсалысады.

«Фильмдерді әртүрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясындағы контент әзірлеу жұмысының ажырамас бөлігі әрі бұрыннан қалыптасқан үрдісі. Сол себепті Disney Character Voices International ұжымы әр фильмнің түрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Осы нұсқалардың әрқайсысындағы кейіпкерлердің бірегей бейнесін сақтай отырып, оны көрермендерге «жақын» әрі түсінікті етіп аударатын, дубляждайтын дарынды шығармашылық кеңесшілер мен техникалық мамандар тобы жұмылдырылады, – дейді  Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы Disney компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.

«Қазақстандық көрермен мемлекеттік тілде көрсетілетін Disney премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Көліктер 3», «Коконың құпиясы» және «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толықпақ. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдерді тамашалаудан ләззат алары cөзсіз», – деп пікір білдірді Қазақстан аумағындағы Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко.

14 маусымнан бастап кинотеатрларда Disney мен Pixar командасы түсірген танымал анимациялық туындының көптен күткен жалғасы – «Ойжұмбақ 2» көрсетіледі. Мұнда көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады. Кейіпкердің санасында күтпеген жерден пайда болған жаңа эмоцияларға орын босату үшін Бас бөлімінде күрделі жөндеу жұмыстары басталады...

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.