Қазіргі қазақ жастары өте білімді әрі белсенді. Елімізде жастардың көпшілігі қоғамдық жұмыстарға білек сыбана атсалысып, Қазақстанның дамуына зор үлес қосып жүр. Осы бағытта «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымы туралы ерекше айтуға болады. Ulys тілшісіне аталған қоғамдық ұйымның төрағасы Тимур Жұмырбаев арнайы сұхбат беріп, «Ассамблея жастарының» бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы көпшілік біле бермейтін ақпараттармен бөлісті.
«Ассамблея жастары» қоғамдық ұйымның қазіргі жұмыстары қалай жүріп жатыр? Негізгі бағыттары қандай?
Біздің мақсатымыз – қазақстандық жастарды дамыту және қолдау. Осы саладағы бастамаларды қолдаудың тиімді тетіктерін құру. Жобаларды іске асыру кезінде біз қоятын міндет – барлық бастамалардың қазақстандық жастар үшін барынша пайдалы болуы. Біздің қызметіміздің өте маңызды бағыты әлеуметтік қолдау және жас көшбасшылардың өзін-өзі дұрыс дамыта алуына жол ашу. Қазір ауыл жастарымен, әсіресе шағын этностар тұратын жерлерінде ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз. Атап айтқанда Ұйғыр, Панфилов, Қордай, Сайрам және Мақтаарал аудандарында үлкен жұмыстар жүргізудеміз. Бұл Қазақстанның оңтүстігіндегі өңірлер. Мұнда сапалы кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, жұмысқа орналасу мәселелері шешілуі өте маңызды. Жалпы «Жастар Ассамблеясы» ұйымы қызметінің орбитасында мүмкіндігінше көп жастардың болуы маңызды. Біз осы өңірлердің жастары үшін интеграциялық алаң бола отырып, олардың заманға сай бәсекеге қабілетті білім алуына, құзыреттілікті және кәсіби ортада сұранысты ілгерілететін жобаларын іске асыруына мүмкіндік ашамыз. Наурыз айында Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы біздің қоғамның негізі болуы тиіс құндылықтарды нақты атап өтті. Жиында Президент «Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз» деген болатын. Бұл сөздер бізге, жастарға арналған. Себебі Қазақстанның болашағы жастар. Жастар білімді, озық ойлы болса қоғам алға жылжып дамитын болады.
Біз жастарға Қазақстанда өз білімдерін, таланттары мен мүмкіндіктерін ашуға тең мүмкіндіктер бар екенін көрсететудеміз деп ойлаймын. Біз Алматы облысындағы Ұйғыр ауданына, Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданына барып, жастармен кездестік. Ақпараттық топтар мен ЖОО өкілдерімен және жұмыс берушілермен консультациялар, мотивациялық кездесулер ұйымдастыру арқылы жастарды әлеуметтенуін, жас азаматтарды қолдау шараларын, білім беру бағдарламалары мен жұмысқа орналастыру жобаларын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдың өзінде осы бағыт бойынша 500-ден астам іс-шара өткізілді.
Осындай өңірлермен жұмыс істеудің тағы бір қызықты форматы – «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысымен келісімшарт жасау. Қазақтың көрнекті тарихи қайраткерлері, батырларының мысалдары біз оқушылар арасында патриотизм мен батылдық туралы түсінік қалыптастырамыз, әскери қызметпен таныстырамыз. Біз әріптестерімізбен бірге өңірлерге шығып, мектептерде әскери-патриоттық ұйым құру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жастарды біріктіріп, ел үшін қызмет етуге тәрбиелейді. Жұмыс осы идеология бойынша қалыптасып жатыр. Оған қоса, алдыңғы жылдары Қостанай облысындағы өрт кезінде біздің ұйым алғашқылардың бірі болып оқиға орнына барды. ҚХА 60 млн теңге көлемінде өрттен зардап шеккендерге жинап берді.
Бұдан бөлек «Ассамблея жастары» ұйымы жұмысының тағы бір бағыты - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Бүгінгі таңда этнос-жастары арасында қазақ тілін меңгеруі мен оны күнделікті қолданыс құралына айналдыру ерекше мәнге ие. Этнос жастары арасында қазақша сөйлеп, оны көпшілікке насихаттап жүрген мыңдаған адам бар. Осы мен айтып отырған бағыт аясында «Үйде сөйле», «Қазақша tea-talks» жобалары іске асырылды. Достық үйлерінің базасында тіл үйрету клубы ашылды, сондай-ақ тіл еріктілерінің бағыты белсенді дамып келеді. Өткен жылы біз алғаш рет «Ел бірлігі» республикалық пікірсайыс турнирін өткіздік. Жобаның ерекшелігі барлық командалар полиэтникалық болды, ал турнир толығымен мемлекеттік тілде өтті. Пікірталас белсенді жастарға қазақстандықтарды толғандыратын маңызды тақырыптарды талқылауға мүмкіндік берді.
Біз креативті индустрияны дамытуға үлкен күш-жігер жұмсаудамыз. Мемлекет басшысы дәл осы сала экономиканың перспективті секторы болуға тиіс екенін атап өтті. Бүгінгі таңда осы саладағы ұлт бірлігін нығайтуға бағытталған жобаларды құратын және біріктіретін шығармашылық хаб құрылды. Биыл шығармашылық жобалардың авторларымен қызықты кездесулер өткізіліп, оларды іске асыру жоспарлары белгіленді. Ұлттық дельфий комитетімен бірлесіп түрлі этностардың жас таланттары үшін «Жастар жалыны» FOLK&ART PERFORMANCE алаңын құрдық. Осы жоба аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарға қаржылай қолдау көрсетті. Бұл жас музыканттар мен орындаушыларға халықаралық конкурстарға қатысу үшін жол шығындарын өтеуге мүмкіндік берді.
Бұл жоба жыл сайын болады және оның мазмұныны өзгергенмен негізгі бағаты өзгеріссіз қала береді. «Ассамблея жастары» халықаралық ұйымдармен де тиімді жұмыстар жүргізуде. Біз ЮНЕСКО-мен ынтымақтастық жөніндегі жұмыстарды бастадық, оның басты мақсаттарының бірі мәдениетаралық диалогты дамыту болып табылады. Келешекте біз «Ассамблея жастары» халықаралық ұйымның бір бөлігі болуына, сондай-ақ қазақстандық жастардың халықараралық ұйымдар арқылы білім алу, ғылыми және әлеуметтік жобаларға, осы ірі және беделді ұйымдарға мүше болуына жол ашуға күш жұмсайтын боламыз. Біз халықтар арасындағы тарихи және мәдени жақындықты ескере отырып, Орталық Азия елдерінің жастар ұйымдарымен тығыз өзара іс-қимыл жасаймыз. Осы жылы наурыз айында Үндістанның бірнеше қаласында, атап айтқанда Дели, Агра, Ахмедабадта өткен «Үндістан – Орталық Азия» жастар форумына қатысып қайттық. Осындай алаңдар арқылы біз жастарымыздың мүмкіндіктерін кеңейтуге, тәжірибе алуға, ұйымдар арасында үздік әлеуметтік-гуманитарлық, білім беру тәжірибелерімен алмасуға бағытталған жаңа жобаларды талқылаймыз және жасаймыз. Айта берсең атқарып жатқан жұмыстар өте көп. Жалпы негізгілері осы деп айта алам.
Қазіргі кезде ұйымдағы жастар саны қанша? Жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын, әлеуетін арттыру үшін ұйым қандай атап өтетін шаралар жасауда?
Бүгінгі таңда «Жастар ассамблеясы» ұйымының қатарында 9 мыңнан астам астам адам бар. Бұл нағыз патриоттар деп айта алам. Олар өздерінің күнделікті қоғамдық жұмыстары арқылы ұлт бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосып жүр. Оның үстіне «Ассамблея жастары» жас көшбасшылардың өсуіне және лайықты кадрлар даярлауға жақсы алаң бола алады. Мәселен, қазір көптеген этномәдени бірлестіктерді жас төрағалар басқарды. Бұл Акбаржон Исмаилов, Юрий Шин, Зайнуддин Махусеев, Евгений Болгерт, Нарин Микаелян және басқалар. Әрине бұл меритократия принципін қоғамдық құрылымдарда дамытуға мүмкіндік беретін өте жақсы үрдіс. Біздің ұйымның белсенді азаматтары мемлекеттік қызмет құрылымында жоғары лауазымдар атқарып отыр, кейбірі депутат болып сайланды. Бұл қуантарлық жайт деп білем.
Сонымен қатар біздің жастар бизнесте, ғылымда, мәдениетте, спортта және басқа да салаларда табысты жетістіктер көрсетуде. Құқықтық және қаржылық сауаттылықты дамыту жөніндегі жұмысқа келетін болсақ, бұл да біздің жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Біз ауылда, колледж және жоғары оқу орындарында, тіпті мектептердегі оқушылар арасында түрлі ақпараттық іс-шаралар өткіземіз. Шындығын айту керек, жастар арасында кредит алған азаматтар өте көп. Бұл көбінесе қаржылық сауаттылықтың төмендігіне байланысты. Бұл құбылыс жастарымыздың дамуын тежейді, сондықтан біз жастар ортасында мұндай құбылыстардың алдын алуға, жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға көп күш салудамыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысында жастардың рөлі қандай?
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымындағы жастардың рөлі, бүкіл елдегі сияқты өте маңызды болып қала береді. Жастар – елдің болашағы. Бізден кейін болатын ұрпақтар үшін елдегі бірлік пен келісімді сақтау біздің міндетіміз. Бүгінде Ассамблея аясында жастар жобаларын жүзеге асыруға көп көңіл бөлінеді. ҚХА құрамында республикалық деңгейде де, өңірлерде де жастар квотасы енгізілді. Мәселен, қазір Ассамблея жастары су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде еріктілер топтарын ұйымдастыру бойынша аса маңызды міндеттерді атқаруда. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы су тасқыны жағдайына алғашқылардың бірі болып жағдайға ден қойып республикалық штаб ашты. Барлық Достық үйлерінде гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылды. «Жүректен жүрекке» арнайы акциясы басталды. Аталған акция аясында бүгінгі таңда 110 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Әр өңірде гуманитарлық көмек жүктері су басқан облыстарға жіберіледі. Мен өзім Қарағанды облысына бардым, онда біз сол жерде гуманитарлық көмекті бөлумен айналыстық. Одан басқа да өңірлерде болып, барынша жан-жақты көмек қолын создық. Қазақстандықтар осындай сәттерде өз бірлігінің күшін көрсетті. Кез келген қиыншылықты еңсеруге мүмкіндік беретін әрекет - бірлік. Бірлік бар жерде тірлік бар. «Ассамблея жастары» еліміздің батыс өңірлерінің зардап шеккен тұрғындарына да көмек көрсетуде аса белсенді болды. Біздің жастар эвакуациялау пункттерінде күн-түн демей жұмыстар жасады. Ақтөбе облысының ҚХА еріктілері алғашқылардың бірі болып қызметке кірісті. Осындай жұмыс Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және басқа да облыстарда ауқымды жағдайда жүргізілді. «Ассамблея жастары» ұйымының еректілерін, өңірлік өкілдіктері басшыларының еңбегін жай ғана бағалау қиын. Олардың толарсақтан саз кешіп, күн-түн демей табиғат апаты болған аумақта жүруі, халыққа барынша көмек қолын созған еңбектерін ештемемен өлшей алмаймын. Жалпы мен біздің командаға ризамын.
ҚХА-ның республикалық жастар сессиясы жыл сайын өткізіледі. Осыған қатысты жаңашыл идеялар бар ма?
Жастар сессиясының форматын Мемлекет басшысы ұсынды. Алғаш рет жастар мәселелеріне арналған алаң Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясы аясында өтті. Дәстүр бойынша жастар сессиясында жастар қоғамдастығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланады. Біз қазақстандық жастарға не қажет екенін анықтауға тырысамыз. Әрине талқылаудың маңыздысы жас қазақстандықтарды патриотизм және адамгершілік бағытында тәрбиелеу мәселелері болып қала береді. Бұл бағыттағы іс-шаралардың жастарға қызықты әрі қолжетімді болуы маңызды, сондықтан сессия алаңында біз жастар қауымдастығымен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін талқылаймыз. Биыл жастар трегі өтеді және Жастар бастамаларын дамытудың өз тұжырымдамаларын ұсынатын мықты спикерлер тартылмақ. Дәстүр бойынша ҚХА сессиясы этносаралық қатынастар жүйесіндегі маңызды оқиға болып табылады. Бұл алаңда мемлекеттік дамудың маңызды мәселелері көтеріледі. Сондықтан біз панельдік сессияларда және сараптамалық пікірталастарда талқыланатын бастамаларды әрқашан ерекше күтеміз.
Сіз басқарып отырған ұйымға кімдер мүше бола алады?
«Жастардың алған білімін істе жүзеге асыруға мүмкіндік көп. «Ассамблея жастарына» кез келген жас тіркеле алады. Өңірлердегі Достық үйлеріне барып, ұйымның құрамына кіре алады. Қазір біз облыстармен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біздің қатарымызға қосылып жатқан жастар саны өте көп. Өңірлерге сапарларды жиі ұйымдастырып, қоғамдық жұмыстардың маңыздылығы мен тиімділігін насихаттаймыз. Себебі бос уақытында жастар қоғамдық өмірге белсенді араласса, олардың дұрыс жолда қозғалуы заңды болады. Қазіргі жастарға өздерінің мәселелерін өздері көтеріп, оны шешуге мүмкіндік беру керек. Оларға қоғамдық-саяси мінберлерден сөз беру керек. Оларға статистика емес, қоғамның бір белді мүшесі ретінде қарап, олардың пікірін ескеріп, тұлға ретінде қарау керек. Жастарға осы қажет. Өңірлік деңгейде жастарға сапалы, жоғары сапалы білімге қолжетімділік қажет. Бұл проблема қазір шешіліп жатыр. Шетелдік университеттердің филиалдары ашылып жатыр. Мысалы, біз жақында СҚО-да болдық. Онда Аризона универсиетінің филиалы жұмыс істеп жатыр. Егер бұрын мұндай бастама мүмкін емес сияқты болса, қазір бұл қолжетімді. Бұл өңірлік университет аясында ашылған филиал. Осы сияқиты өзге университетерде ашылады деп ойлаймын. Мұнда жастар ең сапалы білімге ие бола алады.
Сұхбатыңызға рахмет!