Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген деректерге сүйенсек, 2011-2022 жылдар аралығында жоғары және техникалық-кәсіптік білімі бар 367 мың еңбекке жарамды қазақстандық шетелге қоныс аударған.
Ел демографиясындағы күйзеліс әсіресе 2019-2021 жылдар аралығында қатты байқалды. Ал елге көшіп келушілердің ішінде жоғары білімі бар адамдардың үлесі азая түскен. Кейінгі 10 жылда елге келетін жоғары білімді адамдардың саны екі еседен астам қысқарып, 2020 жылы 1,9 мың адамға түскен.
Дегенмен, бұл тенденция елдегі еңбекке жарамды адамдардың санына соншалық кері әсер етіп отыр деуге келмейді. Еліміз әлі де болса, ең жас, көбеюге бейім халқы бар мемлекеттің бірі болып саналады.
1991-2021 жылдар аралығында Өзбекстан, Қытай, Түрікменстан, Моңғолия мемлекеттерінен 379 мың отбасы немесе 1 млн 101 мың қандас келіп, азаматтық алған. Кейінгі үш жылда қандастардың келуі де бәсеңдегенге ұқсайды. 2016 жылы 33,7 мың қандас, 2019 жылы 17,7 мың қазақ, 2021 жылы 14 мыңнан астам қандас, 2024 жылы 12 325 адам оралған.
Соңғы халық санағы халық саны 19 млн адамнан асқанын көрсетті. Сарапшылар қазақстандықтардың қазіргі жас құрамы экономика үшін өте қолайлы деп бағалайды. Еңбекке жарамды деп саналатын 15-62 жас аралығындағылардың үлесі – 57,7%.
Біздегі демографиялық дамуды Непал, Конго, Бангладеш сияқты елдердегі өсіммен салыстыруға келмейді. Халық санын арттырып қана қоймай, демографиялық үдерістерді ұтымды әрі қауіпсіз басқару да оңай шаруа емес екенін қазіргі геосаяси жағдайлар көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекет демографиялық өсімнің барлық сатысын цифрландырып, денсаулық сақтау, білім беру салаларымен үндестікте дамытуға бағытталған саясат ұстанады.