Валюта бағамы
  • USD -

    521.9
  • EUR -

    612.5
  • RUB -

    6.61
Биыл 10 энергия блогы, 55 қазандық және 45 турбинаны жөнделеді
10 мамыр 2024
Биыл 10 энергия блогы, 55 қазандық және 45 турбинаны жөнделеді

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындысы мен келесі жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың, сондай-ақ инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары бірқатар облыстың әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Энергетика министрлігінің берген ақпаратына сәйкес, 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезең кәсіпорындарда ірі апаттарға жол берілмей, тұрақты режимде өтті. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, барлық энергия көздері негізгі және резервтік отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілді.

Осы жылдың 4 айында өндірілген электр энергиясының көлемі өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 4%-ға артты. Сонымен қатар электр стансаларында бірқатар жөндеу жұмыстары 2023 жылдан бері аяқталмай қалған.

Биыл электр стансаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 1 энергоблокта, 1 қазандықта және 4 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 2 энергия блогында, 12 қазандықта және 2 турбинада әр түрлі кезеңдерде жөндеу жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ жалпы ұзындығы 20,9 мың км болатын электр беру желілерін және 423 жоғары вольтты қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сәйкес, жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 13 мың км құрайды, олардың орташа тозуы – 53%, шамамен 7 мың км ауыстыру қажет. Ең көп тозған желілер Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында. Үкімет алдында 2030 жылға қарай тозған жылу желілерін 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Биыл жылумен жабдықтау желілерінің 221 шақырымын жөндеу жоспарланып отыр.

Бұған қоса, жылу желілерінің тозу деңгейі өте жоғары, «қызыл аймаққа» жатқызылатын 12 қала белгіленген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған қалалардағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 73%-ды құрайды. Алдағы жылыту маусымын үздіксіз өткізу мақсатында аталған 12 қалаға 47,2 км жөндеу жоспарланған. 

Премьер-Министр Олжас Бектенов ірі апаттардың болмауына қарамастан, жылу көздеріндегі технологиялық бұзушылықтардың жиілеп кеткеніне назар аударды. Осыған байланысты Үкімет басшысы министрлер кабинетінің алдына бірқатар міндет қойды.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы алдымен апатты жағдайда тұрған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Энергетика министрлігі әр объект бойынша маған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды. Қыс бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногорскідегі және МАЭК пен «Топар» ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет. Жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кететін болса, онда меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге қатысты да шаралар қабылданатын болады», — деді Олжас Бектенов.

Жылу көздерін сапалы әрі уақытылы жөндеу үшін Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Премьер-Министр Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды, сондай-ақ Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінді. Қалған өтінімдер бойынша жұмыс жақын арада аяқталады.

Сонымен қатар энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қосымша өзгертулер енгізілді. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде биылдың өзінде қолданыстағы стансаларды жөндеу мен жаңғыртуға шамамен 327 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. 

«Қаржы бірінші кезекте әбден тозығы жеткен объектілер мен желілерді жөндеуге жұмсалуға тиіс. Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері мен әкімдіктерге қуат көздеріндегі, жылу және электр желілеріндегі жағдайға мұқият талдау жүргізіп, қосымша жөндеу жұмыстарының көлемін айқындауды тапсырамын. Нәтижесі туралы баяндаңыздар. Бұл ретте, республикалық, жергілікті бюджеттерден және инвестициялық бағдарламалар аясында қаржыландырудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету қажет. Қазір негізінен республикалық бюджет қаражаты жұмсалуда», — деп тапсырма берді Үкімет басшысы. 

Әкімдерге Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, монополистермен жұмыс жүргізіп, қаржыландыру бойынша ең оңтайлы тетіктерді ұсыну тапсырылды.

Премьер-Министр Үкіметтің жергілікті жерлердегі жұмыстарды бақылауды күшейткеніне назар аударды.

«Жөндеу жұмыстарында қауіптер бар. Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8-қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек. Сонымен қатар біздің елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде «Энергияны үнемдеу туралы» заң бар және барлық талаптар бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Мен өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет», — деді Олжас Бектенов.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді:

Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері мен өңір әкімдіктеріне жылыту маусымына дайындық бойынша барлық іс-шаралар жоспарын 15-мамырға дейін бекіту қажет. Орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде 15-қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15-қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жаңа жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету керек.

Өнеркәсіп, Энергетика министрліктері мен өңір әкімдіктеріне барлық жылу көздерін отынмен уақытылы қамтамасыз ету қажет. Коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын жаз кезінде жинақтап алу жұмысын жандандыру керек.

Сондай-ақ әлеуметтік блок министрліктеріне мамандар тапшылығы бар жылу және электр энергетикасы саласын кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды. Ол үшін Еңбек, Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері осы саладағы еңбек нарығының ағымдағы жағдайына толық талдау жүргізіп, қажет болса тиісті мамандықтарға гранттардың санын көбейту керек.

«Оқу орындары жоғары білікті инженерлерді, энергетиктерді, гидротехниктерді, энергоаудиторларды, электриктерді және басқа да мамандарды даярлап шығаруы тиіс. Бұған қоса, аға буын кадрлардың білімі мен тәлім-тәжірибесін жастарға беру мәселесін қамтамасыз ету керек. Еліміздің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйелердің тұрақты жұмысы осыған байланысты», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

RELATED NEWS
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
29 қыркүйек 2024
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
Францияда 56 АЭС бар. Бұл туралы блогер Дамир Аспан желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulys.
"Астанадағы Қызылорда облысы өнімдерінің жәрмеңкесі қызып тұр-ау. Сапалы өнімдері де, алар жұрт та, ақылдасатын дүние де көп екен. Мысалы, Сыр өңірінің соңғы жылдары электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалады. Аймақта тұрғын үйлер, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың көптеп ашылуымен байланысты әрине. Бірақ, желідегі ток қуатының шамамен 20% төмендеуіне әкелгені де бар. Қолданыстағы жылу-электр орталықтарымен (тэц) салыстырғанда әлдеқайда артық болатын атом электр станциясы мәселені шеше алар еді. Бірақ, біраз жұрт айқын пікірді қабылдағысы келмейді ғой, мойындамай. АЭС-тен бас тартқан Германияны алға тартып жағадан алады)) Ок, жақсы делік, ал басқа елдер ше? Дәл қазір әлемнің 40 елінде 200-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Энергияны ураннан алатын АҚШ, Франция, Қытай, Швейцария, Бельгия ақымақ емес шығар? Франция демекші, "жеріміз байтақ, біздің елге 5 Франция сыяды" деп жайшылықта кеуде соғатындар да осы өздерің емес пе?! Тағы бір мысал, Өскемен, Теміртау қалаларында болдыңыздар ма осы? Үйреніскен халқы болмаса, сырттан келген адамға ауасымен тыныстаудың өзі қиын. Елімізде осындай 10-ға жуық қаланың ауасы лас екен, бұл жақтардағы зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның кесірінен жергілікті жұрт түрлі ауруларға ұшырайды. Атырауда да осы жағдай байқалады. Жас аналар ше, келер ұрпаққа бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайсыз ба? АЭС әлі салынбады, онда бұл мәселелер қайдан келіп жатыр, кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз? Бұл жағын қарастырдыңыздар ма? Қысқасы, референдумға барып дұрыс таңдау жасаңыз, ол 6 қазан күні, ал оған дейін күріш алуға жәрмеңкеге келіңіз", - дейді Дамир Аспан.
АЭС құрылысы:  Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде
27 желтоқсан 2024
АЭС құрылысы: Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде

ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында  елімізде салынатын АЭС құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulys.

Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүк­теледі.

Жуырда мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.