Тікелей эфирлер және сот залына бұқаралық ақпарат құралдарына кіруге рұқсат беру резонанстық процеске деген қызығушылықты арттырды. Азаматтар шынайы сот процесі қалай өтуі керек, оған қалай дайындалу керек, сотта өзін қалай ұстау керек және т. б. сұрақтарға жауап тауып жатыр.
Әдетте прокурорлар қоғамдық назардан аулақ болуға тырысты. Прокурор Айжан Аймағанова осы түсінікті бұзды: ол өзінің ашықтығымен ,эмоцияға беріле сөз сөйлеуімен, материалды терең меңгерумен, өз ісінің дұрыстығына сенуімен есте қалды.
Сот залына БАҚ-тың кіруіне рұқсат беру азаматтарға сот процесін "монтажсыз" тікелей эфирде көруге және бағалауға мүмкіндік берді, сондай-ақ барлық тарап пен судьяны өз ісіне тыңғылықты дайындалуға мәжбүр етті. Бұл – Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құру шеңберінде жасаған құқық қорғау жүйесіндегі нақты өзгерістердің көрінісі.
Соттың ашықтығы біздің қоғамның ескі кеселдерін –отбасындағы зорлық-зомбылықты, мәселені психологиялық қысым және физикалық күш көрсетумен шешуге ұмтылысты айшықтап берді.
Осы процеске себеп болған Салтанат Нүкенованың өлімі дәстүрлі отбасылық құндылықтардың құлдырай бастағанын көрсетті. Бұл әсіресе, Мемлекет басшысы соңғы Ұлттық құрылтайда жастар арасында шынайы тәрбие-идеологиялық жұмысты күшейту қажеттігі туралы айтқан сөзін тағы да өзекті етіп отыр.
Тағайындалған жазаға келетін болсақ, 20 жылдан астам бас бостандығынан айыру – қатаң, бірақ әділ жаза. Прокурорлар жағдайды ауырлататын қосымша дәлелдер (бұрынғы соттылық, арақ ішкен мас күйінде қылмыс жасау) келтіре алды. Бұл жазаны одан да қатаңдатуға мүмкіндік
берді. Бұл іс жүзінде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасымен тең.
Сот процесі толығымен заңға сәйкес өтті. Мұны барлық азамат байқаған шығар. Сот залынан тікелей трансляциялар жүргізілді, БАҚ онлайн режимде процесті жариялап отырды және процеске қатысушылардан сұхбат алды. Сондықтан бұл үкім тек құқықтық тұрғыдан ғана емес, қоғамдық бақылау тұрғысынан да әділ. Оған қоса, үкімді жалғыз судья емес, алқа билер алқасы шығарды.
Бишімбаевтың сот процесі биліктің сот тармағы үшін үлгі болды. Судья мен мемлекеттік айыптаушы өз ісіне кәсіби және жауапты түрде қарады, қорғаушылар тарапына өз ұстанымын дәлелдеуге барлық мүмкіндіктер берілді. Барлық талқылаулар тікелей эфирде көрсетілді: процесуалды заң не ереже бұзушылықтар болмады. Сондықтан соңғы үкім оның қатаңдығына қарамастан тек заң аясында және дәлелденген айыпқа сай шығарылды деп есептеймін.
Рамазан Қалбаев, ардагер прокурор