Валюта бағамы
  • USD -

    528.9
  • EUR -

    611.5
  • RUB -

    6.55
 Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы құрылыс нысандарын аралады
Фото: әкімдік 08 қазан 2025
Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы құрылыс нысандарын аралады

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында Талдықорған қаласындағы бірнеше құрылыс нысандарын аралады. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасын тексеріп, қала әкімі мен мердігер ұйымдарға бірқатар тапсырмалар берді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Ең алдымен облыс әкімі 2006 жылы орнатылған қазақтың үш тұлғасы – Ескелді би, Балпық би және Қаблиса жырауға арналған «Үш ата» монументін және оның айналасын абаттандыру жұмысын тексерді. Жөндеу жұмыстарының сапасына көңілі толмаған облыс басшысы мердігер ұйым «Qyran qurylysshy» ЖШС жұмысына сын жасады. Атап айтқанда, плитка төсеу, тротуар мен баспалдақ салу кезінде кемшіліктер анықталды. Мердігер компания директорының орынбасары Аслан Бекенов барлық ескертулер уақытында түзетіліп, нысан белгіленген мерзімде тапсырылатынын айтты.

Келесі нысан – «Жетісу» шағын ауданы. Мұнда көпқабатты үйлердің аулаларын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Балалар алаңдарының құрылғылары орнатылып, асфальт төселіп жатыр. Жалпы биыл Талдықорғанда 59 аула абаттандырылады, оның ішінде 11 – «Жетісу» шағын ауданында, 18 –«Жұлдыз» шағын ауданында. Сонымен қатар, 39 шатыры жөнделіп, 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылады, ал болашақта «Ғарышкер» мен «Мүшелтой» шағын аудандарында да осындай жөндеу жұмыстары жүргізілмек. 

Еске салсақ, облыс әкімінің тапсырмасымен өткен жылдан бері ескі көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары қолға алынған болатын. Алғашқы болып «Ұлан» шағын ауданындағы үйлердің ауласында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар тарапынан оң бағасын алды. Қазіргі кезде бұл шағын аудандағы үйлердің қасбеттерін, шатырлары мен витраж жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Мұнан соң облыс әкімі «Құлагер» шағын ауданындағы жаңа саябаққа барды. Қала күніне орай пайдалануға берілген саябақ қазірдің өзінде тұрғындарының сүйікті орнына айналған. Облыс әкімі бұл нысандағы құрылыс пен абаттандыру жұмыстарын жоғары бағалады. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен көгалдандыру жоспарлануда.

Қала әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, «Құлагер» шағын ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 500 пәтерге арналған үйлер салынып, сондай-ақ инвестор есебінен мектеп пен балабақша салу жоспарлануда.

Өңір басшысы тұрғын үй құрылысына да назар аударды. Жаңа салынған үйлерді қарап шыққан соң, Бейбіт Исабаев мердігер ұйым өкілдеріне сапаға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. 

«Жастар-3» шағын ауданында бір мезгілде ондаған коттедж салынып жатыр. Бұл үйлер бірнеше ұйымдармен салынып, кейін мемлекет тарапынан тұрғын үй кезегінде тұрғандарға сатып алынады. Егер былтыр 56 үй сатып алынған болса, биыл тағы 220 үй алу жоспарлануда, ал жалпы бұл ауданда 780-нен астам коттедж бой көтермек. Сонымен қатар бұл шағын аудан да кезең-кезеңімен абаттандырылып, әлеуметтік нысандар салынбақ, қазіргі уақытта жол төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Жақында салынған коттедждердің бірін аралап шыққан Бейбіт Исабаев жоспарлау мен құрылыс сапасының жоғары деңгейде екеніне көз жеткізді.

Сонымен қатар, облыс әкімі ұзындығы 2,3 км болатын Қабанбай батыр көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі уақытта жұмыс Рүстембеков көшесінің қиылысында жүргізілуде. Айта кетейік, бұл учаскеде 30-ға жуық жұмысшы мен 13 техника тартылған, нысан қазан айының соңына дейін аяқталмақ.

RELATED NEWS
Жетісуда  майлы зығыр өсіріле бастады
28 сәуір 2025
Жетісуда майлы зығыр өсіріле бастады

Жетісу облысы Сарқан қаласының маңындағы шаруа қожалықтарының бірінде майлы зығыр өсіріле бастады. Егіс науқанының барысымен жұмыс сапары аясында ауданға барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев танысты, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Ғалым» шаруа қожалығында биыл100 га майлы зығыр егілді. Дәнді жүгері, соя, арпа, бидай өсіруге бейімделген бұл шаруашылық осы дақылды биыл алғаш рет сеуіп отыр.

- Зығырдың агротехникасын, тұқым нарығын зерттей отырып, біз «орташа Лирина» сортын отырғыздық. Бұл өте өнімді, құрамында майы көп сорт. Әр гектарынан 20-25 ц аламыз, ал майдың мөлшері кемінде 50% болады деп күтіп отырмыз. Аймақ аумағында майлы дақылдарды қайта өңдейтін бірнеше кәсіпорын бар екенін ескерсек, шикізатты өткізуде қиындық туындамайды деп ойлаймыз. Алдын ала келісімдер жасасып та қойдық. Сонымен қатар зығыр дәнді дақылдардың ауыспалы егісіне де пайдалы, - деп атап өтті ШҚ басшысы Ғалым Рахметқалиев.

Ауданның Алмалы ауылындағы «Жұмағали» шаруа қожалығының егістіктерінде де көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Шаруашылықта егістік те, мал өсіру де қолға алынған. Мұнда 537 бас ірі қара, 600 бас ұсақ мал және 630 жылқы өсіріліп отыр.

- Биыл біз жаздық арпа, күнбағыс және бірінші рет қант қызылшасын септік. Әзірге қызылшаны 38 гектардан бастап отырмыз. Келесі жылы ұлғайту жоспарымызда бар, өйткені бұл табысты дақыл, әрі осы дақылды өсірушілерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. «Конвиза Смарт» жоғары өнімді тұқымын сеуіп жатырмыз. Шаруашылығымызда қажетті ауыл шаруашылығы техникасы бар, дегенмен өткен жылы ауданда сервистік-дайындау орталығына арнап сатып алынған заманауи техника бізге үлкен көмек болды, осы техникалардың қызметтерін пайдаланып отырмыз. Мысалы, пневматикалық сепкіштің артықшылығы сол, автопилоты болғандықтан оның жылдамдығы жақсы, онымен күндіз де, түнде де жұмыс істей аласыз. Осы техниканың көмегімен бір күнде 30 га жер егуге болады, - дейді ШҚ басшысы Егемен Жұмағали.

Осы орайда Бейбіт Исабаев Жетісу облысында өндірілетін ауыл шаруашылығы шикізатының 65%-ы өңірде қайта өңделетінін, соның ішінде қант өндірісіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.  

- Мысалы, өткен жылы облыстың 5 ауданында 8 жаңа сервистік-дайындау орталығы құрылды, соның арқасында 30 шаруа қожалығы қант қызылшасын өндіруге қажетті жалпы сомасы 2,5 млрд.теңгеге 62 бірлік техника сатып алуға мүмкіндік алды. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін, өнімділікті арттыру үшін озық технологияларды меңгеру керек. Бұған заманауи ауыл шаруашылығы техникасы да үлкен ықпал етеді, - деді облыс әкімі.

Өткен жылы Сарқан ауданында 3 жаңа сервистік-дайындау орталығы құрылды, оларға 4 сепкіш, 3 қызылша комбайны және 3 пәлек жинайтын машинасы сатып алынды. Қазір ауданда 6 СДО жұмыс істейді, онда 30-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар. Ауданда қант қызылшасын өсірудің агротехнологиясы дамығанын ескерсек, өткен жылы тәтті түбір алаңы 2 есеге ұлғайтылды, ал биыл тағы 900 гектарға артады. Осылайша, Сарқан ауданында бұл дақылдың алқабы 3,8 мың гектар болмақ.

Жалпы осы жылы облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 45 млрд.теңге бөлінді, оның 27 млрд. теңгесі немесе 59% – субсидия.

Қазақстанның ең ұзын лағманы: Алматыда жаңа рекорд орнатылды
01 мамыр 2025
Қазақстанның ең ұзын лағманы: Алматыда жаңа рекорд орнатылды

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Алматының Жетісу ауданында бірегей іс-шара өтті.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, «Айнабұлақ» шағын ауданындағы № 4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ел тарихындағы ең ұзын — 1704 метр болатын лағман дайындалды және бұл факт Қазақстанның Рекордтар кітабында ресми тіркелді. Жалпы 19 келі ұннан қамыр иленіп, 50-ден астам аспаз тағамды екі сағаттың ішінде дайындаған.

— Аспаздардың алдында қамырды жыртып алмай дайындау міндеті тұрды. Қиындықтарға қарамастан біздің аспаздар оны өте жақсы дайындады, — деді Жетісу ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Омарова.

 

Талдықорғанда ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді
13 мамыр 2025
Талдықорғанда ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді

Бүгін Талдықорған қаласында Халықаралық мейірбике күні аталып өтті. Бұл күнді мейірбике ісі қызметінің негізін қалаушылардың бірі Флоренс Найтингейлдің туған күнін атап өту үшін 1974 жылы Халықаралық мейірбике ісі кеңесі таңдады.

Салтанатты жиында Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Садыков Асқар Маратұлы құттықтау сөзінде денсаулық сақтау жүйесіндегі мейірбикелердің рөлін атап өтті. Олардың ұзақ жылдар бойы жинаған баға жетпес еңбегі мен тәжірибесі науқастарды түрлі дерттен сауықтыруға қызмет етіп келеді.

- Сіздерді 12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін сіздер осы ұлы істің лайықты ізбасарысыздар. Сіздер күнделікті кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін және әрбір пациентке шынайы қамқорлықты көрсетесіздер.

Сіздердің жұмыстарыңыз тек терең білімді ғана емес, сонымен бірге шыдамдылықты, мейірімділік пен жанашырлықты қажет етеді. Сіздерге шыдамдылық пен адалдық таныта білгендеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын! - деді басқарма басшысы.

Салтанатты жиында Көксу аудандық орталық ауруханасының онколог кабинетінің мейірбикесі Лайла Балабекова «Еңбек ардагері» төсбелгімен және Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас мейірбикесі Жанна Кариева «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Кәсіби мереке қарсаңында «Өз кәсібінің үздігі» төрт номинациясы бойынша жеңімпаздар марапаталды.

"Стационардың үздік медбикесі" номинациясын Ақсу орталық аудандық ауруханасының хирургиялық бөлімшесінің медбикесі Раушан Казиева, "Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік медбикесі"  номинациясын Ескелді аудандық орталық ауруханасының мейірбикесі Арай Ахметова,  "Үздік фельдшер" номинациясын Бескөл дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Азамат Құрамысов және "Үздік акушер" номинацияын  Алакол аудандық Ақтүбек дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Мадина Низабекова  жеңіп алды.

Сонымен қатар мейірбикелер кәсіби мерекеге орай Денсаулық сақтау министрінің Құрмет граммотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Жетісу облысындағы медициналық ұйымдарда алты мыңнан астам мейірбике жұмыс істейді.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.