29-30 сәуірде Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының Аға лауазымды тұлғалары комитетінің кезекті 43-ші отырысы өтеді, деп хабарлайды Ulys.
«Кездесуде 2023 жылғы 3 қарашада Астанада өткен ұйымның 10-шы саммиті барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы, осы жазда Әзербайжанда жоспарланып отырған ұйымның бейресми саммиті және 2024 жылғы қазанда Қырғызстанда жоспарланып отырған ұйымның кезекті 11-ші саммиті бойынша дайындық жұмыстары, сондай-ақ ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша өзекті мәселелері қарастырылады», — деді Айбек Смадияров министрліктің апталық брифингінде.
Сондай-ақ, 30 сәуірде Баку қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры кеңесінің 1-ші отырысы өтеді. Кеңес құрамына Қорға мүше елдердің мәдениет министрлері кіреді.
Қазақстан делегациясын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап баратын болады.