Валюта бағамы
  • USD -

    475.1
  • EUR -

    517
  • RUB -

    5.47
ӘЗ НАУРЫЗҒА АЙРЫҚША ТАРТУ
19 наурыз 2019
ӘЗ НАУРЫЗҒА АЙРЫҚША ТАРТУ

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтпек. Мәселен, корпорация  құрамына кіретін «Qazaqstan», «Qazsport», «balapan», «Tamasha Tv», және аймақтық 14 филиал биыл Әз Наурызға ерекше тарту жасамақ. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Наурыз мерекесіне тарту» атты арнайы  баспасөз-конференциясында жан-жақты айтылды.    

Брифингке «Qazaqstan» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов,  «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин, «Tamasha Tv» телеарнасының директоры Есен Елеукен, «balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай және аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры  Ержанар Әшейхан қатысты. «Ұлыстың ұлы күні - Наурыз халқымыздың ежелден келе жатқан берекелі мерекесі. Бұл салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды ұлықтайтын, рухани мәдениетімізді асқақтататын ерекше мейрам. Ұлттық арна осы атаулы күнді  дәстүр бойынша ерекше атап өтуге тырысады. Сондықтан, алдын-ала бірнеше арнайы жобалар жоспарланады. Наурыздың 21-інен бастап, үш күн қатарынан адамзат тарихындағы жылқының рөлі мен Орталық Азия далаларындағы жылқының шығу тегі туралы баяндайтын халықаралық «Equus: Жылқы тарихы» атты деректі трилогияның тұсаукесері болмақ. Сондай-ақ, наурыздың  22-сі күні, Наурыз мерекесіне орай ұлттық арна Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан секілді бауырлас мемлекеттермен халықаралық телекөпір арқылы байланыс орнатып, әр елдегі мерекелік атмосферамен бөлісіп, сол елдердегі наурыз мерекесін  тойлау дәстүрі жайлы сюжеттер мен  арнайы сұхбаттар ұсынатын боламыз.   Сонымен қатар, мереке күндері «Күннен туған бала...», «Амал айшықтары» секілді деректі сипаттағы арнайы жобалар үш күн қатарынан эфирге шығады. Тағы бір ерекше айта кететін ақпарат – биыл біз «Наурыз-думан» атты арнайы жоба жоспарлап, эфирге әзірледік. Ұзақтығы 2,30 сағатқа созылатын жаңа жоба Наурыз мерекесіне орай көрермендерге арнаған үлкен тартуымыз. Мерекелік концертіміз бірнеше сюжет желісімен өріліп отырмақ. Қазақ өнерінің жарық жұлдыздары сол кеште өнер көрсетеді. Бұл өз жаңа-жылымызды ұлықтаудың бір көрінісі деп кесіп айта аламыз»,- деді «Qazaqstan» телеарнасының директоры Еркін Мұхамеджанов.

Ал, «Qazsport» телеарнасы мейрам күндері тікелей эфирде футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын, бірқатар қызықты бағдарламалар, деректі фильмдер мен спорт саңлақтарының сұхбаттарын көрсетеді. Павел Цыбулиннің айтуынша: «Көрермендеріміз 21 наурыз күні  ХХІХ қысқы Универсиада ойындарының қола жүлдегері Жанбота Алдабергеннің  «Qazsport» қонағы бағдарламасындағы сұхбатын, одан бөлек, бірнеше деректі фильмдер, атап айтқанда: аты аңызға айналған қазақ қақпашысы Құралбек Ордабаев жайында - «Қазақтың №1 қақпашасы»,  қазақ боксының дамуына үлкен үлес қосқан жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов  туралы - «Болмысы бөлек бапкер», ал,  22 наурызда талантты былғары қолғап шебері, 2005 жылғы әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов жайында «Дарабоз»,халықаралық «Атлант» фестивалінің жеңімпазы атанған «История маленькой русалки» деректі фильмдерін тамашалай  алады.  Ал, 23 наурыз күні «Абсент - Олимпийский чемпион из казахских степей!» атты деректі фильм көрсетіледі. Бұл фильмде қазақ жерінде дүниеге келген, аты аңызға айналған, асыл тұқымды ахалтеке – Абсенттің жетістіктері баяндалады. Алматы ипподромын әлемге паш етіп, даңқын асқақтатқан жылқыға Луговое жылқы зауытында ескерткіш орнатылды. Одан басқа, 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан құрамасының Шотландиямен кездесуі тікелей эфирде өтеді.  Айта кетейін, «QAZAQ PROMOTION» атты кәсіпқой бокс кешін де көрсететін боламыз. Футбол сүйер қауым үшін жағымды жаңалық: Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі тартысты әрі қызықты матчтар «Реал Мадрид»-«Аякс» және «ПСЖ» мен «Манчестер Юнайтед» арасындағы матчтарды қайталаймыз. Атырау қаласында өткен «M-1 Challenge 100» аралас жекпе-жек турнирін көрсетеміз. Ал, 24 наурызда кәсібқой рингте қазақтың атын шығарып жүрген саңлақтар – Жәнібек Әлімханұлы мен Садриддин Ахмедовтың жекпе-жектерінің қайталауларын ұсынамыз. Сонымен қатар,футболсүйер қауым «EURO 2020-ға» іріктеу кезеңіндегі Қазақстан құрамасы мен Ресей арасындағы матчты тікелей эфирде көретін болады,»-деді.

Ал «balapan» телеарнасының да балаларға базарлығы дайын.  Кішкентай көрермендердің назарына көктемгі телемаусымда барлығы 22 жоба ұсынылған. Оның  ішінде 6-ы ішкі өнім, ал 10-ы шетелдік үздік анимациялар мен деректі фильмдер топтамасы,  3 телехикая және 3  You Tube-қа арналған жобалар. «Биыл балалар арнасында тұңғыш рет таңғы бағдарлама жарыққа шықты. Ойын-сауық және ақпараттық бағыттағы «Таңжарық» хабарын кішкентай көрермендер сенбі және жексенбі күндері тамашалай алады.  Ал «Баламен сұхбат» бағдарламасында балалар елімізге белгілі, өмірі мен еңбек жолы ұрпаққа үлгі боларлық тұлғалармен әңгіме-дүкен түрінде сұхбат құрады.   «balapan» арнасы биыл 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай арнайы мерекелік жобалар да дайындады. Телеарнамен үнемі шығармашылық байланыста болып, белсенділік танытқан Елорда мектептері арасында «Наурыз-думан» атты ұлттық ойындар өткізілді.  Мұнда 8-9 жасар мектеп оқушылары «бұқа тартыс», «күй тартыс», «қазақша күрес», «жамбы ату», «асық ату» сияқты ұлттық ойындар бойынша сайысқа түсті. Бұл жобаның телевизиялық нұсқасы  мереке қарсаңында эфирден көрсетіледі.   Сондай-ақ, жоғарыда атап өткен ішкі өнім жобаларының да мерекелік шығарылымдары болады. Студиялар мерекеге сай ұлттық үлгіде безендіріледі. Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып барынша насихатталады. Ерекше атап өтерлігі, «Таңжарық» бағдарламасында еліміздегі «ең күшті бала» атанған, 6 жасар рекордшы Бекмансұр Тимурұлы жүргізушілермен асық атып сайысады. Ал аспаз балақайлар ұлттық тағам түрлерін дайындап, өз шеберліктерін ортаға салады.    «Bala Time» хабарының арнайы қонағы, Майра Ілиясова студиямызға келген кішкентай көрерменнің тұсауын кесіп, бағдарламада ұлттық дәстүрімізден үзінді көрсетіледі. «Баламен сұхбат» бағдарламасында белгілі этнограф Жамбыл Артықбаев балаларға халқымыздың ұмыт бола бастаған көне ойындарын үйретіп, салт-дәстүрден сыр шертеді. Сонымен қатар, демалыс күндері «Белльдің таңғжайып әлемі»  және «Сұлу мен құбыжық» атты толықметражды анимациялық фильмдер көрермен назарына  тұңғыш рет қазақ тілінде  ұсынылады»,-деді «balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай.  

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін аймақтық телеарналар да наурыз мерекесіне  орай бірқатар арнайы жобалар дайындағанын атап өтті.   Аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан бірнеше жобаларға тоқталып өтті: «2019 жылдың 22 наурызында Ұлыстың ұлы күнінде Корпорацияның аймақтық арналарында бір мезгілде көктемгі жаңа телевизиялық маусымы басталады. Аймақтық телеарналарды қосып алғанда, барлығы 61 жаңа бағдарлама эфирге жоспарланған болатын. 22 наурыз күні «ALTAI», «OŃTÚSTIK», «AQTÓBE», «MAŃǴYSTAÝ» арналары «QAZAQSTAN» ұлттық арнасына тікелей эфирде қосылып, аймақтағы Наурыз мерекесінің тойлану туралы қызықты мәліметтер мен сюжеттер береді.  Жалпы, Ұлыстың ұлы күніне байланысты аймақтық арналар 56 телевизиялық  жоба дайындап отыр. «SARYARQA» арнасы «Наурызым», «QOSTANAI» арнасы «Ауылға барам» атты екі 2 қысқа метражды фильм түсірді. Ал, «ATYRAÝ» телеарнасы «Нұр жауған Наурыз» атты Ресейдің Астрахань, Әзербайжанның Гянжа қалалары арасында  еларалық телекөпір өткізеді.

2018 жылдың 1 қыркүйегінен хабар тарата бастаған «Tamasha tv» арнасының директоры Есен Елеукен де бірнеше жаңалықтарымен бөлісті. Оның айтуынша: «Жаңа маусым аясында биыл көрермендерімізге 14 жоба тарту етпекпіз. Алғашқы 8 жоба наурыз айында шықса, қалған 6 жобаны сәуірге жоспарлап отырмыз. Олардың барлығы дерлік жаңадан шығып жатқан бағдарламар, әрине әзілге қатысты. Сондай-ақ, ойын-сауықтық бағдарламалар да бар. Ең басты үлкен жобаларымыздың бірі «Тамаша Club», әзілге қатысы бар жастардың әртүрлі образдағы қысқаша қойылымдардан құралған скетч-шоу. «Бір ғанибет» жобасын да ерекше атап өткім келеді, біздің белгілі аға-әпкелеріміз өздерінің басынан өткен әзілге толы қызықты оқиғаларымен  бөліседі. Сондай-ақ, жалпы қазақ сатирасына, қазақ әзіліне, қазақ қалжынына қатысты өмірден өткен жандарға арналған «Әзіл-Дастан» жобасы шығатын болады. Бұл жобаны танымал сатирик - Көпен Әмірбек жүргізеді. Ал, «Тауып көр» танымдық бағдарламасына  қарапайым адамдар қатысады. Олар өздеріне берілген 4-5 тапсырма арқылы кіммен сөйлесіп отырғанын тауып алуға тырысатын болады. Әзіл сүйер көрермендерге айта кетейін, «Тamasha tv» арнасын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Qazaqstan tv» мобильдік қосымшасы  арқылы көруге мүмкіндік туып отыр. Қазіргі таңда қосымшаны андройд нұсқаларында жүктеп алуға блады, жақында IOS-қа да қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар,бағдарламалардың бәрін tamashakz.tv сайты арқылы тікелей эфирде көруге болады. Ал, алдағы сәуір айларында еліміздің барлық кабельдік операторларына толық қосылады. Қазіргі кезде «Отау Тв» - дан шығып жатырмыз. Жақында  ID TV мен Алма Тв-ға  толық қосыламыз деген ойдамыз.»- деп аяқтады Есен Елеукен.

 

RELATED NEWS
МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ЕРУІ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫН  КҮРДЕЛЕНДІРЕДІ
09 сәуір 2019
МҰЗДЫҚТАРДЫҢ ЕРУІ — ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ СУ ПРОБЛЕМАСЫН КҮРДЕЛЕНДІРЕДІ

Соңғы кезде өзендерге ағатын құйылатын судың көлемі ұлғайды деп қуанатын адамдарды жиі көреміз. Алайда, мамандар бұған қайғарады. Себебі, мұздықтардың жылдам еруі салдарынан судың көлемі артуда. Орталық Азия аймағында Аралдың тартылуына қатысты, Әмудария мен Сырдарияның дұрыс, тиімді пайдаланбауы мен салада жаңа технологиялардың болмауынан тыс аймақта суға қатысты тағы бір проблема бар. Ол соңғы жылдары Тянь-Шянь мен Памир тауларындағы мұздықтардың жылдам ери бастауы. Оған климаттың жылынуы мен Аралдан ұшқан тұзды шаң-тозаң қатты әсер етуде.

Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы атқарушы директоры Болат Бекнияздың айтуынша, Сырдария мен Әмудария су келетін жағы біздің мұздықтар ғой. Оның көлемі азайып жатыр, кейбір жерде 50, кей жерде 40 % кеміген. Климаттың өзгеруіне байланысты негізгі судың көлемі азайып жатыр. Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясы Су проблемалары, гидроэнергетика және экология институтының аға ғылыми қызметкері Бахром Мамадалиев, Ұсақ мұздықтар жоғалуда. Бұл судың азаюына әкеледі, бүкіл елдердегі өзен суларының экологиялық ахуалы нашарлайды. Соңы су ресурстарының жетіспеушілігі мен тапшылығына ұласады. Яғни  тұтас елді-мекендер сусыз қалып, халық арасында ауру-сырқау артады деген сөз.

Орталық Азия елдері таяу жылдары үлкен проблемаға айналатын осы мәселелерді қазірден шешуі тиіс. Алайда бірауыздық танытқаннан гөрі бас-басына би болуға асық. Тағы бір үлкен проблема — судың басындағы елдер тіпті өзендерді басы бүтін өз меншігі ретінде көруге көшкен.  БҰҰ-ның кеме жүрмейтін халықаралық су арналарын пайдалану құқығы туралы конвенциясының (Нью-Йорк, 1997 ж.) 5-бабының 2-тармағында «Судың бойындағы мемлекеттер халықаралық ағын суды әділетті және парасатты түрде пайдалануға, игеруге және қорғауға қатысады. Мұндай қатысуға, осы Конвенцияда қаралған суды пайдалану құқығы сондай-ақ оны қорғау мен игеру мәселесінде ынтымақтасуға қатысты міндеттер де жатады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Түркия Республикасы Әлеуметтік инновация зерттеу орталығының үйлестірушісі, профессор  Жемал Зехир бұл мәселеге қатысты былай дейді:  «Трансшекаралық суларды халықаралық құқық су басындағы  елдердің басы бүтін өз меншігі ретінде қолдануына рұқсат бермейді. Бұл өте маңызды. Яғни Қазақстанға аққан Сырдария мен Әмударияны басқа мемлекеттер өз құқықтарын шектен асыра пайдаланып, басқара алмайды. Қазақстанның қажеттелігін ескеруі тиіс әрі келіссөз жасаулары керек. Аумағын басып өтетін үшін оларды қолдануларына хақтары бар, бірақ шектен асыра пайдалана алмайды». Тағы бір түркиялық ғалым Хасрет Чомак та, «1997 жылы шыққан БҰҰ-ның келісіміне сай, трансшекаралық және шекара маңы өзеннің басында отырған елдер су саясатына өзгеріс жасауда оны пайдаланатын өзге мемлекеттердің мүддесіне кесірі тию ықтималы жоғары болса, кем дегенде алты ай бұрын оларға хабар беріп, рұқсатын алуы тиіс. Судың бастауы бізден шығады, мен ойлағанымды істеймін, қалағанымша  қолданамын деген түсінік болмайды. Себебі халықаралық ұйымның құжаты осыны мұқият ескертеді» деді.

Расында да, табиғатта су мен жел адамдар сызған шекараларға мойынсұнбайды.  Бір елден екінші елге виза, паспорт алмастан емін-еркін өте береді. «Бұл су менікі» деуге ешбір мемлекеттің хақы жоқ. Әрине, қолдану құқына, қажеттіліктерін өтеу құқына ие. Алайда халықарлық құқық көршіңіздің де құқына зардап етпеңіз, қажет болғанда, оған да су бересіз дейді. Сондықтан біріге отырып келісу керек, мүмкіндік болса, ортақ су қоймаларын жасау керек. Энергия мәселесін де бірігіп шешу қажет.

Аралды Құтқару Халықаралық Қорының Қазақстандағы бөлімшесінің су ресуртары жөніндегі департаментінің басшысы Әмірхан Кеншімов, Екі конвенция бар. Біреуі 1992 жылы қол қойылған Хелсинки конвенциясы. Ол жақсы жұмыс істеп тұр. 45-тен астам ел мүше. Оның ішінде: біз де мүшеміз, Өзбекстан да мүше. Бірақ оны Қырғызстан мойындамай отыр, Тәжікстан мойындамай отыр. Содан кейін барып 1997 жылғы Нью-Йорк конвенциясы бар. Басында шарты болған 35 мемлекет мойындағаннан кейін күшіне енеді деп, былтыр күшіне енді. 35 мемлекет мойындады. Біз оған кірген жоқпыз, Өзбекстан оған кірген.

Мәселен, Қырғызстан «Қамбар Ата» су електр стансасын, Тәжікстан болса «Рогунды» салуға шетел инвесторларын іздеуде. Бірақ, мұндай жобаларға үшінші елдердің қаржы салуы қауіпті. Су мәселесін басқару үдересіне шетелдіктерді араластыру алаңдатпай қоймайды. Ертең ойынға айналдырып жүрмей ме? Сондықтан Орта Азия елдері су электр стансаларын бірігіп салуы керек. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі Чынгысбек Узакбаев, Бүгін инвесторлар керек деп жатамыз, бірақ шеттен келгендерден мен қорқамын. Ашық айтайын Қырғызстанда қазіргі кезде экономикалық аухал нашар. «Қамбар Ата-1» мен жоғары Нарын су электр стансаларын құруға Қытай екі алақанын ысқылап дайын отыр. Кел мен ақша берейін деп. Ал орыстар Ресей де  біздің ең жақын дос мемлекет. Олар да сұқтанып отыр. Ендігәрі Орта Азиядан шықпаймын деп Трамп та қатты айтып жатыр. Олар бұл аймақтан ешқашан шықпайды, өйткені олардың әрбірінің осы жерде өңірлік саясаты мен мүддесі бар.

Ал Түркиядағы «Hydropolitics association» халықаралық ұйымының президенті  Дурсун Йылдыздың көзқарасы: «Орта Азияда энергия мәселесін су проблемасымен қатар шешу қажет. Әйтпесе, тек судың жайын реттеу оңайға соқпайды. Себебі, Кеңес дәуірінде экономиканың су көп қолданылатын салалары дамытылды. Мысалы, Өзбекстанды суға аса мұқтаж тікелей егістікке тәуелді сала етті. Судың жоғары жағында орналасқан қырғыз бен тәжік энергиясы жоқ болған соң судан энергия алуға ұмтылса, керісінше суармалы алқабы көп төмендегі елдер суға мұқтаж болды».

Демек, судың басындағы елдердің де, соңындағы елдердің де мүддесі толық үйлесім табуы керек. Сонда ғана мәселе толық шешімін табады. Бұл үшін ортақ су банкін құру — тиімді жолдардың бірі. Қырғыз Республикасының Ауылшаруашылығы және мелиорация экс-министрі  Жумакадыр Акенеевтің пікірінше, Бірігіп су банкі түзілсе, ол банк Сауд Арабиясы сияқты қаржылы елдермен келіссөз жасап, сіздер су құбырын тартып  беріңіздер деу керек. Одан соң су құбыры арқылы өзімізден асқан суды оларға сатып, түскен ақшаны су мәселесін шешуге пайдалансақ болады. Аралды толтыруымыз керек, халқымыз жақсы су ішуі керек. Өйткені, денсаулығы жақсы адамның өмір сүруі ұзарады.

Су банкісін құру үшін әрбір елдің өзінің квотасы болады. Су энергетикалық ресуртарға кейбір жерлерде осы квоталарды алмастыру қажет. Құқықтық сұрақтарды реттеу жеке мәселесі тұрақты диалогты қажет етеді. Жылдың әр түрлі маусымында энергетикалық ресурстарды реттеу мен пайдалану тағы да осы мәселелер бойынша тұрақты жұмыс қажет етеді. Бұндай бастаманы 2003 жылы Қазақстанның тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Ол суды жеткізіп беруші елдер мен тұтынушы елдер арасында диалог бола алатын су-энергетикалық консорциумын құруды бастама етіп көтерді. Бірақ Орталық Азия мемлекеттері  ол кезде дайын болмады деп есептеймін. Өйткені су мен энергетика бірге жүрсе, әр мемлекет одан пайда табады. Сол үшін оның бәрі бір консорциумның қолында болу керек. Гидроэнергетика, су мәселесі бәрі бір басқармада болу керек. Сонда әр мемлекет өз пайдасын көреді.

Қазір трансшекаралық су бассейндерінде қазір мынадай өткір мәселелер тұр: су ресурстарының азаюы, балық қорының азаюы, суармалы жер өнімділігінің күрт түсуі, биоресурстардың жоғалуы, мұздықтардың деградацияға ұшырауы, сел қауіпінің артуы мен шөлдердің ұлғаюы сонымен қатар өзен сағасындағы ормандардың деградацияға ұшырауы. Сондықтан трансшекаралық өзендер мәселесін бес мемлекет біріге отырып жуық арада жедел шешуі тиіс.

Әлемдегі су проблемаларын шешкен елдерге қарасақ, олардың ерекшеліктері Орта Азия мемлекеттерінде де бар. Ол ұқсас мәдениет. Еуропаға қарасақ та, Америка мен Канада арасындағы байланысты алсақ та, бір-бірлеріне ұқсас, тілі бір адамдар. Түбі де бір, мәдениеті де. Бір отбасының мүшесі сияқты. Орта Азия аймағындағылар Кеңес Одағы кезінде де бірге өмір сүрді. Сондықтан тарихи-мәдени байланыстар терең, діні бір, адамдары бір-біріне өте жақын. Мәселенің шешілмеуіне ешбір негіз жоқ. Бірақ аймақ көшбасшыларына саяси ерік-жігер керек. Олар бастарын бәйгеге тігуі тиіс.  Себебі, көршінің қажеттілігін өтесең ғана, сенің де мәселең шешімін табады.

«Судың тілін білген ұтады, судың тілін білмеген құртады». Аймақта     гидроэнергетикалық саясат шатқаяқтап тұр. Суды дұрыс бөлісіп, басқара алмағандықтан көп дүниеден ұтылып отырмыз. Мәселен, су-энергетикалық саясатындағы әріптестікке немқұрайлылықтың салдарынан Орта Азия елдері жылына 1,7 миллиард АҚШ долларынан айырылады. Яғни бұл аймақ елдері жалпы ішкі өнімінің 3 пайызы. Орталық Азия су энергетикасының біртұтас саясатсыз проблеманы шеше алмайды. Бұл тек аталған елдердегі өзара әріптестік арқасында ғана қол жететін дүние. Қазіргі кезде бұл мәселе пісіп жетілді. Су мәселесін шешетін де кезең жетті.

Өзбекстан басшысы, Қырғызстан басшысы ауысты. Орталық Азия басшыларының бір-бірімен байланысы артып, біраз проблемалар шешілді. Енді аймақ басшылары зардабы ауыр болатын су проблемасын жедел бірігіп, ақылдаса отырып қолға алуы тиіс. Әйтпесе, көп дүниеден кеш қаламыз.

 

 

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ, журналист

КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ
05 ақпан 2019
КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БОЛМАЙДЫ

Н.Назарбаев: Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек.

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық Кеңеске өтініш білдіруіне қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдеменің мәтіні akorda.kz сайтында жарияланды.

Президенттің сөзінше, Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдаған 1995 жылдан бастап бүгінге дейін Конституциялық Кеңеске 220 өтініш жолданыпты. Соның  22-сін Президент жөнелтіпті.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» заңға сәйкес, Конституциялық Кеңес Конституцияға ресми түсіндірме беруге құқылы. Заңнамада олқылықтардың орын алуы – болып тұратын жағдай. Мысалы, Конституцияда Президентті алмастыру жолдары айқындалмаған, сондай-ақ оның өз еркімен отставкаға кету жағдайы қарастырылмаған. Мұндай нормалар әлем елдері конституцияларының бәрінде бар. Бұл аспектілердің өзектілігі зор екенін ескеріп, мен Конституциялық Кеңестен осы ережені түсіндіруді сұрадым»,-дейді Н.Назарбаев. Сонымен қатар бүгінде қоғамды сайлау мәселесі мен транзит жайы қызықтыратынан тоқталған ол: «Бірақ, бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңымызда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан, тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек»,-деді.

Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасы Президентінің ҚР Конституциялық Кеңесіне өтініш жолдағаны туралы Кеңестің сайтында ақпарат шыққан болатын. Онда «2019 жылғы 4 ақпанда Республиканың Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізілуде», -деп жазылған еді хабарламада.

 

 

Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды
16 тамыз 2022
Сепаратизм үшін Петропавлда ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды

Петропавлда елдің бүтіндігін бұзуды насихаттап, ұлтаралық алауыздық тудырған ерлі-зайыптылар 5 жылға сотталды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, Петропавл қалалық соты әлеуметтік желі арқылы ұлтаралық алауыздықты тудырған ерлі-зайыптыға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Күйеуі мен әйелі енді алдағы 5 жылды қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде өткізеді.

Былтыр желтоқсан айында Петропавл тұрғындары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаментінің және СҚО Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің көзіне түскен. Ерлі-зайыпты әлеуметтік желіде және YouTube арнасында Солтүстік Қазақстан облысын және Петропавлды Ресейдің құрамына беру қажеттігі жайында қайта-қайта жазып, айтып, осылайша елдің тұтастығын бұзуды насихаттады. Өңірдегі және жалпы елдегі түрлі ұлт өкілдері арасында, жалпы қоғамда ұлтараздық тудырды.

«Петропавл қалалық соты қылмыстық істі 20 мамыр күні қарады. Сепаратистік әрекеті бар қылмыстық іс бірнеше сот отырысында қаралды. Сотталушылардың кінәсі дәлелденді. Тиісті талдау жүргізілді. Істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеді. Осыған ұқсас қылмыстар 2018 жылы, 2019 жылы да қаралды. Онда да кінәлілер сотталды. Жалпы, ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы 2-бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін жаза қарастырылған. Жазаны өтеудің басқа баламасы жоқ. Сондай-ақ, экстремистік қылмыс болғандықтан, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайды», - дейді Петропавл қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин.

 

inform.kz

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.