Валюта бағамы
  • USD -

    523.5
  • EUR -

    613.5
  • RUB -

    6.71
Атом электр станциясының экономикалық артықшылықтары қандай?
Фото: shutterstock/vostock-photo 27 қыркүйек 2024
Атом электр станциясының экономикалық артықшылықтары қандай?

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы энергетикалық секторды әртараптандыру және қазба отын көздеріне тәуелділікті азайтуда айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Мұндай жобаны жүзеге асырудың экономикалық пайдасы энергетикалық жүйені тұрақтандыру, көмірқышқыл газының қалдықтарын азайту, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту және инфрақұрылымды дамыту сияқты бірқатар факторлармен байланысты.


АЭС Қазақстанға энергетикалық тәуелсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда көмір мен мұнайды негізгі экспорттаушы елміз. Бірақ бұл ел экономикасын әлемдік энергетикалық нарықта осал етеді. Атом электр станциялары жаһандық отын нарығында ішкі электр энергиясына қажеттілікті тәуелсіз етіп, тұрақты және ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздіктің көзіне айналуы мүмкін.


–2023 жылы Ресейден келетін энергия көлемі шамамен 2 миллиард киловатт-сағатты құрады. «Жасыл» энергия көздерін дамытып, оның үлесін Еуропа елдеріндегідей 40-50 пайызға жеткізсек, әңгіме басқаша болар еді. Қазір баламалы энергетикадан үлес 10 пайызға, ал судан 15 пайызға жетпейді. Бұлай жалғаса берсе, Қазақстан электр қуатын импорттаушы ел болып қала береді. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Импорттық энергияны тау-кен өнеркәсібінен, ауыл шаруашылығынан, ШОБ және басқа да салалардан түсетін кірістермен төлейміз. Жақсылап ойласақ, энергетикалық тәуелділік – саяси тәуелділіктің негізі, – дейді экономист-сарапшы Сапарбай Жобаев «Вечерний Астана» басылымына берген сұхбатында.


2023 жылдың соңғы алты айында Ресейдің Қазақстанға электр энергиясы экспортының көлемі мен құнының өсімі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 156% және 175% құрады, деп хабарлайды «Коммерсанть».
Қазақстанда атом электр станциясын салудың экономикалық артықшылығы – ұзақ мерзімді электр энергиясын өндірудің өзіндік құнын төмендету болып табылады. Атом электр станциясын салудың бастапқы шығындары көп болуы мүмкін, бірақ атом электр станцияларының пайдалануда шығындар салыстырмалы түрде төмен болады. Мұндай қондырғылар ұзақ қызмет етеді. Мысалы, 60 жылға дейін немесе одан да көп. Атом энергиясы дәстүрлі көмірсутекті энергия көздерімен салыстырғанда бәсекеге қабілетті.
Сарапшылардың пікірінше, АЭС Қазақстанға парниктік газдар шығарындыларын азайтып, климаттық саясат пен елдің халықаралық имиджіне оң әсер етеді. Жаһандық экологиялық стандарттарды нақыталп және көміртекті азырақ тұтынатын электр энергиясын өндіру технологияларға көшу Қазақстан үшін маңызды экономикалық артықшылық болуы мүмкін. Көміртекті реттеуде қаржылық шығындар болмай, халықаралық климаттық қорларға және жасыл технологияларға инвестицияларға қол жеткізуге мүмкіндік туады.
Қазақстан өзінің қомақты уран қорын ескере отырып, ұлттық ресурстарды пайдалануды кеңейте алады. Бұл экспорттық операциялардан түсетін кірісті ұлғайтып, елдің әлемдік энергетикалық нарықтағы орнын жақсартады. Атом электр станциясы көрші елдерге электр энергиясын экспорттаушы бола алады.
АЭС құрылысының маңызды аспектісі – жаңа жұмыс орындарын құру және онымен байланысты өндірістерді дамыту. Атом электр станциясын жобалауға, салуға және пайдалануға көптеген мамандар тартылады. Сол арқылы халықты жұмыспен қамтуға да АЭС септігін тигізеді. Білім беру және ғылыми инфрақұрылымды дамытуды ынталандыратын ғылым мен техника саласында жоғары білікті кадрларға сұраныс болады. Сонымен қатар, энергетикалық инфрақұрылымды жақсарту шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндіктер туғызып, экономикалық өсуді одан әрі арттырады.
Атом электр станцияларының құрылысы ұзақ мерзімді экономикалық өсуге, энергетикалық тәуелсіздікке және елдің халықаралық ұстанымын нығайтуға ықпал ететін Қазақстанға көптеген экономикалық және инвестициялық пайда әкелетін стратегиялық шешім.
Ядролық энергетика сенімді және тұрақты энергия көзі ретінде қарастырылады. Энергия тұтынудың өсуі және көмір, мұнай және газ сияқты дәстүрлі энергетикалық ресурстардың шектелуі жағдайында атом электр станцияларын салу еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кезек күттірмейтін қадамына айналуда.


– АЭС құрылысы қомақты қаржылық инвестицияларды қажет етіп, жиі шетелдік инвесторлар мен халықаралық ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылады. Қазақстан үшін АЭС құрылысы ұзақ мерзімді инвестиция тартудың маңызды құралына айналуы мүмкін. Жаңа станция құрылысының болжамды бюджеті қазірдің өзін де 11-15 миллиард долларды құрайды, - деп хабарлайды Inbusiness.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі «Қазақстан атом электр станциялары» АҚ президенті Тимур Жантикинге сөзіне сілтеме жасап.


Атом энергетикасы саласында тәжірибесі бар EDF (Франция), CNNC (Қытай) және Росатом сияқты халықаралық компаниялар Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытуда. Шетелдік серіктестердің болуы жобаны жүзеге асыруға ғана емес, технология мен білім трансфертіне де көмектеседі. «Аккую» атом электр станциясының құрылысы ел тарихындағы ең ірі ресурстық емес инвестицияға айналған Түркияның мықты тәжірибесі.


– Мемлекеттік қолдау және Дүниежүзілік банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты ірі қаржы институттарының қатысуы қаржылық тәуекелдерді азайтуға және инвесторлардың жобаға деген сенімін арттыруға көмектеседі. Бұл тұрақты экономикалық өсуге және озық технологияларға инвестиция салатын ел ретінде Қазақстанның халықаралық мәртебесін арттыруға алғышарттар жасайды, - деп жазады Inbusiness.kz.


Қатаң экологиялық стандарттар мен климаттың өзгеруіне көбірек назар аударылғандықтан, бүкіл әлем елдері парниктік газдар қалдықтарын азайтуға және таза энергия көздеріне көшуге ұмтылуда. Төмен көміртекті ядролық энергетика Қазақстанның СО2 шығарындыларын азайту және Париж келісімі бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау мақсаттарына қол жеткізуінде шешуші рөл атқарады. Бұл «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған инвестицияларды тартудың жаңа мүмкіндіктері.
Атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның әлемдік энергетикалық нарықтағы негізгі ел ретінде халықаралық позициясын нығайта алады. Уранның қомақты қорына ие және ядролық энергетиканы дамыта отырып, Қазақстан электр энергиясына деген өз қажеттілігін өтеп қана қоймай, ядролық технологиялар мен отынның ірі экспорттаушысына айнала алады. Бұл халықаралық ынтымақтастықтың жаңа перспективаларын ашып, елдің жаһандық энергетикалық саясаттағы ықпалын арттырады.


Шалқар Абылова, Маңғыстау облысы

RELATED NEWS
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай
08 сәуір 2024
Жел және су электр стансаларының экономикалық және экологиялық тиімділігі қандай

Бүгінде еліміздің аумағында жалпы қуаты 1 409 МВт болатын 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Олар еліміздің түрлі өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау және Жетісу облыстарында орналасқан. Жел электр станцияларының дәл осы облыстарда орналасуы аталған аймақтардағы желдің үлкен әлеуетінің болуымен байланысты екендігі сөзсіз.

Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің бас сарапшысы Нұржан Джаканов республика аумағында салынатын бір жел электр станциясының құны көптеген факторға байланысты екендігін айтады.

«ЖЭС құрылысының құны орналасатын жері, инфрақұрылымға қолжетімділік, топография және геология, логистика сынды көптеген факторға байланысты екендігі түсінікті. Дегенмен, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, қуаттылығы 1 МВт болатын стансаның құны орташа есеппен 1 миллион АҚШ долларын құрайды. 2023 жылдың қорытындысында еліміздегі барлық жел электр станциясы 3 824,99 млн кВт-сағ электр энергиясын өндірді. Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторы электр энергиясын өндірудің жыл сайынғы өсімін көрсетіп отыр. Жалпы, өткен жылдың қорытындысында жаңартылатын энергетиканың үлесіне елімізде өндірілген барлық электр энергиясының шамамен 6 пайызы тиесілі болғанын атап өтуге болады», - деді ол.

Министрлік бас сарапшысының дерегінше, 2018 жылдан бастап жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру үшін іріктеу аукциондық тетік бойынша өтеді. Соның арқасында ЖЭК жобаларын іріктеу процесі ашық әрі түсінікті бола түсті. Сондай-ақ соңғы тұтынушыларға тарифтердің әсерін барынша азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысында ЖЭК жобалары бойынша ең төменгі баға белгіленді. Яғни, 1 кВт/сағат үшін  10,38 теңгені құрады.

«2027 жылға дейін электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жасалған шарттарға сәйкес, еліміздің түрлі өңірінде қуаты 470 МВт болатын 12 жел электр станциясын іске қосу жоспарлаған. Бұдан басқа, өткен жылғы аукциондық сауда-саттық қорытындысы бойынша жалпы қуаты 410 МВт болатын тағы 7 ЖЭС жобасы іріктелді. Олардың ішінде қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жобалардың бірін Жетісу облысында, Жоңғар қақпасында салу көзделген. Қазіргі уақытта электр станциясы салынатын алаңында жел өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыстың басталуы 2025 жылға, ал 1-кезеңді іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Толық пайдалануға беру мерзімі - 2030 жыл», - деді Нұржан Джаканов.

Сонымен қатар ол еліміздің аумағында жұмыс істеп тұрған су электр станцияларына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 269,605 МВт болатын 39 шағын электр станциясы жұмыс істейді. Олар негізінен Алматы, Түркістан облыстарында және Жетісу облысында орналасқан. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған гидроэлектростанциялар 993,87 млн кВт/сағат өндірді», - деді бас сарапшы.

Оның айтуынша, 2023 жылдың қорытындысында қуаттылығы 257 МВт болатын 26 ГЭС іріктеліп алынды. Бұл станциялар 2028-2029 жылдары пайдалануға берілмек. Жалпы, елімізде гидроэлектростанциялар үшін шекті аукциондық баға 1 кВт/сағат үшін 41,23 теңгені құрайды.

«Жел және су электр станцияларының, жалпы жаңартылатын энергетика секторының бірқатар артықшылығы бар. Оның ішінде экологиялық және экономикалық та. Мәселен, ЖЭК негізіндегі электр станциялары парниктік газдар шығарындыларын немесе электр энергиясын өндірумен байланысты басқа ластаушы заттарды шығармайды. Бұл айтарлықтай экологиялық әсер береді. Сонымен қатар, құрылыс пен орнатудан кейін электр станцияларының операциялық шығындары төмен болады. Жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді. Мұнан бөлек, ор орналасқан аймақтарға инвестиция да тартады», - деді Нұржан Джаканов.

Фото: yandex.kz

Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
29 қыркүйек 2024
Кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз - Дамир Аспан
Францияда 56 АЭС бар. Бұл туралы блогер Дамир Аспан желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulys.
"Астанадағы Қызылорда облысы өнімдерінің жәрмеңкесі қызып тұр-ау. Сапалы өнімдері де, алар жұрт та, ақылдасатын дүние де көп екен. Мысалы, Сыр өңірінің соңғы жылдары электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалады. Аймақта тұрғын үйлер, әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандардың көптеп ашылуымен байланысты әрине. Бірақ, желідегі ток қуатының шамамен 20% төмендеуіне әкелгені де бар. Қолданыстағы жылу-электр орталықтарымен (тэц) салыстырғанда әлдеқайда артық болатын атом электр станциясы мәселені шеше алар еді. Бірақ, біраз жұрт айқын пікірді қабылдағысы келмейді ғой, мойындамай. АЭС-тен бас тартқан Германияны алға тартып жағадан алады)) Ок, жақсы делік, ал басқа елдер ше? Дәл қазір әлемнің 40 елінде 200-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Энергияны ураннан алатын АҚШ, Франция, Қытай, Швейцария, Бельгия ақымақ емес шығар? Франция демекші, "жеріміз байтақ, біздің елге 5 Франция сыяды" деп жайшылықта кеуде соғатындар да осы өздерің емес пе?! Тағы бір мысал, Өскемен, Теміртау қалаларында болдыңыздар ма осы? Үйреніскен халқы болмаса, сырттан келген адамға ауасымен тыныстаудың өзі қиын. Елімізде осындай 10-ға жуық қаланың ауасы лас екен, бұл жақтардағы зауыт-фабрикалардан шығып жатқан күкірт оксидінің концентрациясы өте жоғары. Соның кесірінен жергілікті жұрт түрлі ауруларға ұшырайды. Атырауда да осы жағдай байқалады. Жас аналар ше, келер ұрпаққа бұдан келер қауіп жоқ деп ойлайсыз ба? АЭС әлі салынбады, онда бұл мәселелер қайдан келіп жатыр, кеселдің көбі көмірден келіп жатқанын қашан түсініп, мойындаймыз? Бұл жағын қарастырдыңыздар ма? Қысқасы, референдумға барып дұрыс таңдау жасаңыз, ол 6 қазан күні, ал оған дейін күріш алуға жәрмеңкеге келіңіз", - дейді Дамир Аспан.
АЭС құрылысы:  Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде
27 желтоқсан 2024
АЭС құрылысы: Қытай тарапымен келіссөздер жүргізілуде

ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында  елімізде салынатын АЭС құрылысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulys.

Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Республикасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей президенті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүк­теледі.

Жуырда мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.