Валюта бағамы
  • USD -

    484.5
  • EUR -

    535.5
  • RUB -

    5.15
ӘЛЕМНІҢ РУХАНИ ЭЛИТАСЫ ҚАЗАҚСТАНДА БАС ҚОСАДЫ   
11 қыркүйек 2022
ӘЛЕМНІҢ РУХАНИ ЭЛИТАСЫ ҚАЗАҚСТАНДА БАС ҚОСАДЫ   

Ұлы дала бойы ежелден сан өркениет пен мәдениет тоғысып, үндестік тапқан байырқалы байтақ. Батыс пен Шығыс, Еуропа мен Азияның мәдениеттері бір-бірімен танысып, табысып үлкен синтездер жүрген мекен.  Сондықтан да Еуразия кеңістігін ен жайлаған түркіден түлеген Қазақ жұрты әлемдік өркениетке де үлкен олжа салып, мол мұра қалдырды.

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Қазақстан мемлекеті жас болса да тарихи жадыны жаңғыртып, Ұлы даланың ұлық дәстүрін жалғап, әлемдік өркениет өкілдерінің басын қосып, рухани дипломатияның жаңа мектебін қалыптастырды.

Қазақстан егемендігін алған жылдары тұрақсыздық жайлайтын елдердің біріне айналу қауіпі басым болды. Сондықтан  тұрақтылық,  ұлтаралық татулық пен рухани келісім ғана дамудың даңғылына бастайтынын жақсы түсінді. Бейбітшілік пен толеранттылықты бағдар еткен еліміз 2000-шы жылдардың басынан бастап нақты қауіп-қатерлерді есепке ала отырып жаһандық ынтымақтастық пен диологты ары қарай дамытуға һәм әлемдік қауіпсіздік мәселесіне елеулі үлес қосып келеді. 

Астанада биыл осымен жетінші рет өткелі отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі жиырма жылдай уақыттың арасында руһаниятпен қатар, адамзат баласын алаңдатқан мәселелер де талқыланатын дәстүрлі әрі маңызды диалог алаңына айналды.

Қазіргі кезде әлем бұрын-сонды болмаған күрделі һәм шиеленіс күн сайын ушыққан ахуал үстінде тұр. Халықаралық қауымдастық геостратегиялық тартыс, соғыс, лаңкестік, басқыншылық, қырғи-қабақ қақтығыс  сынды өзге де түрлі проблемалармен бетпе-бет келуде. Оның үстіне соңғы жылдардағы пандемия тұтас адамзат баласының тіршілігіне зардабын тигізіп қана қоймай, барлық елдің экомикасына да салқынын тигізді.

Алпауыт елдердің империялық пиғылдары да асқынып, көптеген елдер арасындағы алауыздық шарықтау шегіне жетті. Сондықтан Қазақстанда өтетін биылғы құрылтайдың маңыз зор болмақ. Әлемдік қауымдастық та ерекше мән беріп, белгілі бір деңгейде үміт артып отыр.

Өйткені, ежелден діннің, руһани көшбасшылардың әлем саясатында ерекше рөлге ие екенін жақсы білеміз. Сондықтан дәл қазіргі әлемдік геостратегияның сәулеті қатты шытынаған уақытта мұндай платформалар аудай қажет.

Бас қалада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің алдыңғыларына қарағанда ауқымы кең, деңгейі биік, сондай-ақ қатысушылары да көп болмақ.

Әлемдегі аса ірі халықаралық іс-шараға елудей елден әлемдік, дәстүрлі және ұлттық діндер өкілдерінің жүзден астам делегациясы қатысу жоспарланған. 

Форум жұмысына әдеттегідей, түрлі әлемдік діни бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, белгілі саясаттанушылар мен әлемдік діндердің рухани көшбасшылары келеді. Биыл тарихта алғаш рет Рим Папасы Франциск келмек. Мәртебелі меймандар тізімінде БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш, ИЫҰ, ICESCO, Өркениеттер Альянсы және өзге де халықаралық беделді ұйымдардың жетекшілері бар. 

Өзекті мәселелер көтерілетін маңызды диалог алаңыннан төрткүл дүниеге ақпарат тарату үшін әлем елдерінен 560-тан астам журналист аккредитациядан өтуге өтініш берген. Олардың 150-ден астамы CNN, BBC, Al Jazeera, Bloomberg сынды өзге де халықаралық ақпарат агенттіктерінің өкілдері.  

Осыдан-ақ алқалы жиынның белгілі бір деңгейде әлемнің күн тәртібінде болатынын шамалауға болады. Сарапшылар да әлемдегі ахуалдың сәл де болса тұрақтануына руһани көшбасшылардың үндеуі өз үлесін қосады деп болжайды. Қоғамдық, рухани және экономикалық тұрғыдан да мәні зор форумда жаһандық руханият проблемалары, лаңкестік, экстремизммен күрес,  адамзат руһаниятын дамыту, дұрыс құндылықтарды өрістету сынды өзге де өзекті тақырыптар талқыға түседі. 

 Съез барысында Рим Папасы Франциск бастаған әлемдік руһаният қауымдастығы Ресей мен Украинаны бейбітшілікке шақыруы мүмкін.  Өйткені, Қазақстанның астанасы бітімгерлік пен бейбітшіліктің орталығына айналып келеді. Оған осында өткен Сирияда тұрақтылық орнатуға белгілі бір деңгейде ықпалын тигізген «Астана процессі» келіссөзін айтуға болады. Аралары атып түсірілген ұшақ дауынан кейін ушыққан Ресей мен Түркияны татуластырған Қазақстанның бітімгерлігі де жоғары бағаланады. 

Сондықтан әлемдік саясатта өз орны бар Қазақстанның бас қаласында жиын соңында қабылданатын қорытынды қарарда төрткүл дүниенің рухани элитасы ауызбірлік таныта отырып, қазіргі кезде адамзатқа ең қауіпті проблемаларды шешуге қатысты ортақ уәжге келеді.

 

  Ержан Қалымбайұлы, халықаралық журналист

RELATED NEWS
Нұрлан иман: Дінге, ұлтқа қызмет ету тек мешіт салумен шектелмейді
01 сәуір 2024
Нұрлан иман: Дінге, ұлтқа қызмет ету тек мешіт салумен шектелмейді

Таяуда Атырауда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты тақырыппен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткен болатын. Осы құрылтайға арнайы қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық екендігін жан-жақты айта келе елдегі дін мәселесіне, мешіт мәселесіне де айрықша тоқталған болатын. 
«Елге жанашыр іскер азаматтар бізде де аз емес. Мұндай азаматтар қоғамға қажетті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүр. Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға демеушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді. Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда жаңа мектеп, жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық», - деген еді Президент.
Астанадағы «Алланың гүлі» аталып кеткен Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имам Нұрлан имам Байжігітұлы да Президенттің мешіт салуға қатысты пікірін құп көретіндігін айтады.
«Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда дінге қатысты өте дұрыс мәселелер көтеріп, мешіт салу ісіне қатысты айрықша тоқталып өтті. Яғни, дінге қызмет ету, ұлтқа қызмет ету тек мешіт салумен ғана шектелмейді. Жол салу, балабақша салу, мектеп салу да ұлтқа қызмет саналады. Мешіт салынған кезде нормативтік-құқықтық актілерінің бәрі реттелуі тиіс және де елімізде орынды жүргізіліп келеді», - деді Нұрлан имам. 
Есте болса, сол құрылтайда Мемлекет басшысы ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылатындығын айта келе Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігерге назар аудартқан еді.
«Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын», - деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Нұрлан имам дәл осы мәселеге де айрықша тоқталып өтті. 
«Иә, ислам Қожа Ахмет Ясауи сынды тарихи тұлғалардың қабірінде жапқыш болады. Жалпы, жапқыш тек тарихи тұлғаларға ғана емес, кез келген адамның жаназасында жабылады. Онда «Бәріміз жаратқаннан келгенбіз», «Бәріміз Аллаға қайтамыз» деген сияқты ескертпе, аңдатпа дұғалар жазылады. Мұндай жапқыштар бар дүние. Меніңше, бұл жапқышты қымбат тастармен әспеттеп, ерекше дайындаса, өте құнды әрі дұрыс болады. Барлық адамға, әсіресе, мұсылман елдерінен келетін тұлғаларға түсінікті болуы үшін ол кісінің өмірін, еңбектерін араби нұсқада жазып қойған жөн. Ертеректе бабаларымызда каллиграфия өнері жақсы дамыған. Соны қайта жандандыруымыз қажет», - деді Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы.
Сонымен қатар ол Марал ишан, Ырғызбай би, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек батырлар сынды есімі елімізге танымал адамдардың қабірінде де жапқыш болуы тиістігін баса айтты. 
«Елімізде тыйым салынған «Ата жолы» сынды ұйымдар қабір басына мата жауып кете береді. Қабір басы ақтыққа толып қалады. Шаманизм элементін жасамамауымыз керек. Жалпы, Президентіміздің айтқан сөзінің астарында мұсылман екенімізді көрсететін үлкен даналық жатыр. Сондықтан толықтай қолдаймын», - деді ол.

«Қазақ елі – түрлі конфессиялар мен әр алуан мәдениеттердің тоғысқан мекені»
10 қыркүйек 2024
«Қазақ елі – түрлі конфессиялар мен әр алуан мәдениеттердің тоғысқан мекені»

ХХІ ғасырдың алғашқы ширегі халықаралық қатынастар жүйесіне орасан салмақ түсіріп, сын – қатерлер ала келген кезең ретінде тарихқа енгелі тұр. Өкінішке қарай, жаһандық қауіпсіздік жүйесінің оларға уақтылы әрі тиісті жауап қата алмауынан, түрлі деңгейдегі шиеленістер мен қақтығыстар одан әрі ушығып, қарулану үдерісі қайта күшейіп барады. 

Түрлі сипаттағы антогонизмнің артып, кикілжіңдер масштабының кеңеюіне әдетте себеп көп. Алайда, олардың үлкен бөлігінің бастауында діни, іс жүзінде өркениеттік айырмашылықтар тұр.

Осы ретте, белгілік америкалық әлеуметтанушы әрі саясаттанушы ғалым – Сэмюэл Хантингтон «Бұл жаңа әлемде неғұрлым масштабты, маңызды әрі қауіпті қақтығыстар әлеуметтік таптардың, кедейлер мен байлардың арасында емес, түрлі мәдени сәйкестіліктегі халықтар арасында орын алады», - деген болатын.

Қазақстанның бастамасымен 2003 жылы қыркүйекте өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі – сол дінаралық және ұлтаралық диалогты қалыптастыруда маңызды іс атқарып отырған халықаралық форумдардың бірі.

Съезді негіздеудегі мақсат -  халықаралық қауымдастықта қалыптасқан  күрделі ахуал жағдайында халықтарды қоғамдық келісім, діни төзімділік пен бейбітшілік, адамгершілік құндылықтары идеялары төңірегіне біріктіру болды.  

Сол мақсатта 2003-2023 жылдар аралығында Съездің 7 отырысы өтті.  Бірінші Съезге Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстың 13 елінен, 17 діни конфессияның өкілдері қатысса, 2022 жылы қазанда өткен соңғы VII Съезге 50 мемлекеттен барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің, діни бірлестіктердің, халықаралық ұйымдар өкілдерінен (ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм, зороастризм, жайнизм) құралған 100-ден астам делегация  қатысқаны белгілі. Бұл жыл өткен сайын Съездің абыройы мен маңызы артып, әлемдік сұранысқа ие болғандығын көрсетеді.

Жалпы, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өзара пікір алмасуын, диалогқа келуін қарастырғанда, тақырыптың идеясы - ұлтаралық және дінаралық татулықты ту қылып ұстанған еліміздегі мемлекеттік саясаттың моделіне негізделгенін айту қажет.

Жиынның халықаралық аренадағы 20 жылдық тарихына көз жүгіртер болсақ, ондаған маңызды құжаттарға қол қойылғанын, конфессиялардың өзара түсіністік пен сенімге негізделген достық ынтымақтастығына тиісті серпін берілгенін,  сонымен қатар, бастысы әлемдік дінаралық диалогтың жүйелі дамуына үлкен үлес қосқанымызды айта қажет. Ең маңыздысы – осы жылдары Съез халықаралы алаңша ретінде өзінің өзектілігі мен қажеттілігін көрсетті.

Дей тұрғанмен, кез – келген халықаралық ұйымның жұмысында өткенге есеп берумен қатар, қалыптасқан ахуалды негізге ала отырып келешекке жоспар құру мен жұмыс тәсілдерін қайта қарастыру оның қызметі үшін стратегиялық маңызды.

Осыған ерекше мән берген Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге рухани басшылардың да сүбелі үлес қоса алатынына назар аударып, Съез жұмысына жаңа бағыт беруді тапсырғаны белгілі. Атап айтқанда, өзінің 2022 жылы қазанда өткен VII Съез отырысында Президент «2023-2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін дамыту Тұжырымдамасын» әзірлеуге тапсырма берді. Өз сөзінде Президент «Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды. Бұл Тұжырымдама форумымызды одан әрі нығайту және ықпал ету үшін нақты қадамдар мен кезеңдерді қамтуы керек. Біздің міндетіміз – өркениеттер арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ету және ілгерілету, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту», – деп, болашақтағы нақты іс-шараларға назар аударуға шақырды.

Нәтижесінде, жиынның келешек бағдары мен жұмыс тәсілдері айқындалған Тұжырымдама қолға алынды.

Араға жыл сала, Съез Хатшылығының басшысы,  ҚР Сенатының Төрағасы - Мәулен Әшімбаев 2023 жылы 11 қазанда Съез Хатшылығының ХХІ отырысында сөйлеген сөзінде халықаралық алаңша ретінде оның өткені мен даму жоспарына қатысты «Тұжырымдама жобасындағы басты жаңалық – біздің Съездің миссиясын кеңейту...Алдағы жылдары Съез дінаралық диалогты дамытуға және нығайтуға бағытталған күш-жігерді жалғастырады. Сонымен қатар біз рухани дипломатияда үлкен әлеуетті көріп отырмыз» - деп, кезекті рет жиынның еліміздің ішкі дамуымен үндес, етене құрамдас екенін білдірген болатын.  

Тұжырымдама Съез хатшылығының жұмыс органы болып саналатын «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» КЕАҚ тарапынан жан-жақты мұқият қарастырылған құжат ретінде әзірленіп, 2023 жылы қазанда Астанада өткен Хатшылықтың кезекті XXI-ші отырысында бекітілді. Съездің даму Тұжырымдамасы -  адамзат болмысының мызғымас қағидаттары ретінде өзара сыйластықты, бейбітшілік пен келісімді, діндер, ұлттар мен ұлыстар арасындағы диалог пен өзара ынтымақтастықты дамытуға, келіспеушіліктер мен қақтығыстарды келісім мен ымыраға келу негізінде шешу мәдениетін ілгерілетуге оң ықпал етері анық.

Жалпы алғанда Съез жұмысының бірінші онжылдығында көпжақты дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайтуды әлемде мейлінше ілгерілетуге пәрмен берілген болса, келесі онжылдықтағы жұмыс бағыты мен атқарар шаралар Тұжырымдамада көрініс тапқан.

Оған сәйкес, Съез қызметі 2023-2033 жылдары келесі үш бағытта өрбімек:

1.    Өзекті жаһандық трендтер мен сын-қатерлерді ескере отырып, дінаралық форумдарды дайындау және өткізу;

2.    Съездердің декларацияларын жүйелі іске асыру негізінде қазіргі әлемнің жаһандық проблемаларын шешуге жәрдемдесу.

3.    Рухани дипломатияны дамыту, Съездің халықаралық институттармен және алаңдармен, халықаралық қатынастардың басқа да субъектілерімен серіктестікті нығайту.

Осылайша рухани көшбасшылардың жиыны халықаралық қоғамдастықта өз қанатын кеңге жая түспек. Әр үш жылда шақырылатын Съез жұмысы келешекте де ашық пікірталас пен сындарлы диалогқа негізделген жалпы демократиялық құндылықтарды сақтау шеңберіндегі дамуын жалғастырмақ. Дей тұрғанмен, жиын жұмысына едәуір серпін берер кейбір қосымша тармақтардың қосылғандығын атап өту керек. Мәселен, алдағы уақытта әр форумның қорытындысы бойынша түзілетін «Жол картасын» тың үрдіс ретінде қабылдау қажет. Сөз болған құжат әрбір Съездің декларацияларын ілгерілету мен іске асырудың жаңа тетігі ретінде қабылданып, рухани басшылардың форумда ұсынған пікірлері мен тезистерін  тікелей жүзеге асыруға ықпал етеді. Бұл жаңашылдықтың келешекте форум жұмысына іргелі өзгерістер әкелеріне сенім жоғары.

Тұжырымдамадағы мән беретін тақырыптардың бірегейі – басымдықты жастарға беру. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Жастардың оқу – тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді», - деген.  Съез бағдарламасында Жас діни лидерлер форумын, сондай-ақ жас рухани қайраткерлер мен зайырлы жастардың қатысуымен басқа да іс-шаралар кешенін өткізу жоспарланып отыр. Жас көшбасшыларды Съез қызметіне тарту жолға қойылған өркениетаралық және конфессияаралық диалог дәстүрлерін келешекте де сақтаудың кепілі деп білемін. Сонымен қатар, аталмыш қадам арқылы Съезге қатысушылар жастарды экстремистік идеологиялардың ықпалынан, радикализмнің таралуынан қорғап қалуды маңызды міндет санайды. Съез құрылымы қазіргі жас  ұрпақты толғандыратын мәселелерді шешу мақсатында жастардың халықаралық диалогы мен ынтымақтастығын дамытуға ықпал ететін болады. Сол мүдде жолында Съез дінаралық және мәдениетаралық өзара түсіністікті ілгерілету үшін діни және зайырлы жастар ұйымдарымен, соның ішінде AIESEC, SIFE, Жастар түсіністігі үшін, Халықаралық жастар палатасы, Еуропалық құқық студенттері қауымдастығымен (ELSA) және басқа да ұйымдармен ынтымақтаспақ.

Аталған іс-шаралар арнайы қабылданған «Жол картасы» құжатына сәйкес жүргізіліп, сол мақсатта онлайн/офлайн форматындағы халықаралық кездесулер, дөңгелек үстелдер, дәрістер, көрмелер, семинарлар, сонымен бірге өңірлік дінаралық конференциялар өткізу жоспарланған.

Абыз жазушымыз Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», - дегеніндей, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметін БАҚ арқылы әлемдік медиа орталықтарына шығару мақсатында халықаралық рухани білім онлайн-орталығы құрылып, ағымдағы жылы Н.Назарбаев орталығы ресми сайтының базасында Съездер мен Хатшылық материалдарының, қатысушылардың, халықаралық ұйымдар өкілдерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен сарапшылардың баяндамалары мен еңбектерінің, діни мәтіндердің электрондық кітапханасын құру қолға алынып, өз жұмысын жүргізіп жатқанын айта кету қажет. Өз кезегінде  аталған электронды кітапхана дінді, дінаралық диалогты және мәдениетаралық ынтымақтастықты зерттеу үшін маңызды ақпарат көзінің міндетін атқармақ.

Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақ елі – түрлі конфессиялар мен әр алуан мәдениеттердің тоғысқан мекені. Мемлекетіміз осыған дейін халықаралық сахнада толеранттылықты, дінаралық қарым-қатынасты нығайтқан ел ретінде кеңінен танылды. Мұның өзі мемлекеттік мүддені, сонымен қатар, аймақтағы геосаяси ахуалды ескере отырып, көп жылдар бойы атқарылған жүйелі әрі мақсатты еңбектің арқасы екендігі айқын.

Ағылшынның әйгілі тарихшысы әрі мәдениеттанушысы Кристофер Доусон «...ұлы діндер – ұлы өркениеттердің негізі», - деген екен. Ендеше, мемлекетімізде қолға алынған, ұтымды өткізіліп келе жатқан - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өз басым бүгінгі күні шартарапта тұтанған түрлі сипаттағы қақтығыстардың алдын алудың дұрыс жолы, адамзаттың дініне, ұлтына қарамастан өзара үйлесімділікте өмір сүруінің негізі деп білемін. Ал «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған Тұжырымдамасы» сол келелі жиынның жұмысына тың серпін береріне сенімдімін. 

 

Серік Егізбаев, «Ауыл» партиясының, ҚР Парламенті мәжілісінің  Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы

2019 ЖЫЛҒЫ ОРАЗА ЖӘНЕ НАМАЗ КЕСТЕСІ
28 сәуір 2019
2019 ЖЫЛҒЫ ОРАЗА ЖӘНЕ НАМАЗ КЕСТЕСІ

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының сайтында биылға арналған Қазақстан елдімекендерінің Рамазан айындағы ораза және намаз кестесі жарияланды. Төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері – 300 теңге болып бекітілді. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.

Қазақстанның өзге елдімекендері бойынша Рамазан кестесін білгіңіз келсе төмендегі сілтемені басып, жүктеп ала аласыз.

www.muftyat.kz

Біз туралы
ulys.kz — ақпараттық, сараптамалық және танымдық бағыттағы материалдарды береді.
 
Мультимедиялық жоба заман талабына сай жасалған. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы
контентпен қамтамасыз етуге үлес қосуға бағытталған. Мұндағы сараптамалық, танымдық
мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық
қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық
өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ
оқырмандарына жеткізіледі. Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді.